• Басты
  • Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара ынтымақтастық

Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара ынтымақтастық

24 Маусым, 2021 16:53

Кеше елордада Қазақстан Республикасындағы Үндістанның төтенше және өкілетті елшісі Шубдаршини Трипати БАҚ өкілдерімен бейресми кездесу өтті. Жиын барысында ол Үндістан мен Қазақстан арасындағы сауда байланысы, қорғаныс, туризм, гуманитарлық көмек, сонымен қоса білім саласындағы ынтымақтастық пен серіктестік туралы айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында. 

Шубдаршини Трипати Үндістан 1992 жылдың ақпанында Қазақстанмен дипломатиялық қатынас орнатып, Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі екенін атап өтті. Айта кетейік, Үндістан елшілігі Алматыда 1992 жылы мамырда, ал Қазақстанның Делидегі елшілігі 1993 жылы ашылған еді.

«2009 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға Республика күніне арналған салтанатты іс-шараның құрметті қонағы ретінде сапары кезінде біздің елдеріміз екіжақты қарым-қатынасын нығайтып, оларды стратегиялық серіктестікке айналдырды», - деді елші.

Сонымен қоса, ол Үндістан мен Қазақстан АӨЫСШК, ШЫҰ және БҰҰ ұйымдары аясында, сонымен біргебасқа да көпжақты форум шеңберінде тығыз байланыста екенін атап өтті. Үндістан Қазақстанның Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары Кеңесі (АӨЫСШК) жөніндегі бастамасын үнемі қолдайтынын, бұл процеске белсенді қатысатынын да тілге тиек етті.

photo5380018465131312220.jpg

Бұдан бөлек, елші Шубдаршини Трипати Қазақстан - Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін де баса айтып өтті. Оның мәліметінше, 2019 жылғы мәліметтерге сәйкес, Үндістан мен Қазақстан арасындағы екіжақты тауар айналымының жалпы көлемі 1,86 миллиард долларды құраған.

«Үнді Сауда Палаталары Федерациясы мен Қазақстанның Сыртқы Сауда Палатасы екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бірлескен Іскерлік кеңес құрды және біз екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі арттыру үшін зор мүмкіндік бар деп санаймыз», - деді ол.

Сонымен бірге, елші Үндістан мен Қазақстан арасында мәдени байланыс бар екенін де атап өтті. Мұның бәрі Қазақстандағы йога, үнді фильмдерінің, ұлттық би мен музыканың танымал болуынан көрініс тауып отыр.

«Нұр-Сұлтандағы Свами Вивекананда мәдени орталығында әртүрлі мәдени шаралар өтеді, атап айтқанда, йога, би және музыка сабақтары, үнді фестивальдары. Сондай-ақ, Үндістан мәдени қатынастар жөніндегі үнділік кеңесі арқылы Қазақстан студенттеріне түрлі пәндер бойынша да гранттар бөледі. Сондай-аұ, туристік маусымда үндістердің көп бөлігі Алматыға келеді, өз кезегінде көптеген қазақстандық Үндістанға барады. Мен барша қазақстандық азаматты біздің елге келіп, Үндістан еліне саяхаттауға шақырғым келеді», - деді елші.

Бұдан бөлек, елші Шубдаршини Трипати стратегиялық серіктес ретінде Үндістан Қазақстанда үздіксіз білім беруді, сонымен бірге Үндістанның Сыртқы істер министрлігі қаржыландыратын Үндістанның техникалық-экономикалық ынтымақтастығы (ITEC) бағдарламасы арқылы әр түрлі салаларда үздіксіз білім беру арқылы қолдау шараларын ұсынатынын да еске салып өтті.

photo5380018465131312224.jpg

«1992 жылдан бастап 1100-ден астам маман ITEC оқыту курстарын аяқтаған. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша Хайдарабадтағы EFLU ағылшын және шет тілдер университетінде 2018 жылы 25 маусымнан бастап 3 тамызға дейін 25 қазақстандық мұғалімге арналған ағылшын тілі ұстаздарына арналған алты апталық арнайы курс ұйымдастырылды. Сұраныстың жоғарылығына байланысты осындай бағдарлама 2019 жылы қайта ұйымдастырылды», - деді Шубдаршини Трипати.

Премьер-министр Моди 2015 жылы 7 шілдеде Еуразия ұлттық университетінің ғимаратында Үндістан-Қазақстан ақпараттық-коммуникациялық технология оқыту орталығын ашқан еді. Елшінің мәліметінше, сол уақыттан бастап 1500-ге жуық қазақстандық студент, оның ішінде 800 сертификат иегері осы орталықта білім алған.

«Біз Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанынан консорциум құрдық, ол ғалымдарға, академиктерге және IT мамандарына супер-компьютерді пайдалану бойынша жол картасын әзірлеу, сонымен қатар Орталық негізінде телемедицина хабының құруға мүмкіндік береді», - деді ол.

Бұдан басқа, елші Шубдаршини Трипати қос ел қорғаныс саласында да тығыз байланыста екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, аталмыш сала Қазақстан мен Үндістанның стратегиялық серіктестігнің тағы бір маңызды құрамдас бөлігі.

«2015 жылдың шілдесінде қол қойылған қорғаныс және әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде жүзеге асырылады. Біздің екіжақты қорғаныс ынтымақтастығымыз қазіргі уақытта әскери-техникалық ынтымақтастықты, әскери білім мен оқытуды қамтиды. Сонымен бірге, бірлескен жаттығулар, екіжақты іс-сапарлар, бірлескен спорттық-сауықтыру шаралары және жастармен алмасу бағдарламасы негізінде де іс-шаралар іске асып жатыр», - деді елші.

photo5380018465131312222.jpg

Сонымен қоса, қорғаныс саласындағы екіжақты ынтымақтастық соңғы жылдары едәуір кеңейгенін еске салды. Қазақстан өзінің офицерлерін Үндістанда оқытуға, сондай-ақ әскери-техникалық және әскери ынтымақтастықты кеңейтуге үлкен қызығушылық білдіргенін де атап өтті.

«Жақында, осы жылдың сәуір айында бізде Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев Үндістанға іс-сапармен келді. Үндістанда Қазақстан қорғаныс күштерінің жеке құрамы, біздің KAZIND бірлескен әскери жаттығулары және көптеген жоғары деңгейдегі делегациялардың қатысып, тәжірибе алмасуы біздің берік қарым-қатынасымыздың дәлелі. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта қазақстандық бітімгершілік контингент БҰҰ мандатына сәйкес Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері аясында Үндістан батальонының құрамына орналастырылған. Қазақстан, Үндістан тарихындағы бұл тарихи оқиға және тіпті БҰҰ-ның бітімгершілік қызметі біздің тығыз ынтымақтастығымыздың тағы бір жарқын мысалы», - деді ол.

Бұдан бөлек, қос ел гуманитарлық салада да стратегиялық серіктес екенін, бір-біріне әрдайым көмектесуге дайын екенін тілге тиек етті.

«2019 жылғы Арыс қару-жарақ қоймасындағы жарылыстан кейін Үндістан Қазақстанға қалпына келтіру жұмыстарына көмектесіп, одан әрі шығындарды азайту үшін бомбаларды жою костюмдерін берді. Қазіргі COVID-19 пандемиясы басталған кезде Үндістан үкіметі гидроксихлорохин таблеткаларын COVID-19-ға қарсы күресте гуманитарлық көмек ретінде жіберді. Сол сияқты, биыл біздегі дағдарыс кезінде Қазақстан Үндістандағы пандемиямен күресу үшін медициналық жабдықтар жіберді. Бұл үшін біз Қазақстан халқына алғысымызды білдіреміз», - деді ол.

Сонымен бірге, екіжақты байланысты одан әрі нығайтуға тырысатынын тілге тиек етті.

Айта кетейік, Үндістан елшісі дипломатиялық еңбек жолын 1991 жылы бастап, әр жылдары Франция, Малайзия, Германия елдерінде қызмет еткен. Осыған дейін ол Иорданияда елші болған. Қазақстан - елші ретінде келіп отырған екінші ел.


Барлық жаңалықтар