• Басты
  • Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: Коронавирус жұқтырғандар саны артуда
28 Қыркүйек, 2020 17:05

Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: Коронавирус жұқтырғандар саны артуда

Бүгінде Джон Хопкинс университетінің мәліметi бойынша әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 33,1 миллионнан асты. Кей елдерде ауырғандар саны артып, карантин шаралары қайта енгізіліп жатыр. Ал елімізде жағдай әзірге тұрақты, десек те карантин шаралары әлі сақталып отыр. Осы орайда әлемдегі және Қазақстандағы эпиедмиологиялық жағдайға шолу жасап көрдік. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: Коронавирус жұқтырғандар саны артуда

Джон Хопкинс университетінің дерегінше, аурулар саны ең көп алғашқы бес елдің қатарында АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Колумбия бар.

Ұлыбритания

Ұлыбритания Covax деп аталатын жаңа халықаралық бастама үшін 500 миллион фунт стерлинг (637 миллион доллар) қаржы бөлмек. Оның мақсаты - тиімді вакцинаның әлемнің барлық еліне, оның ішінде кедей топтарға қол жетімділігін қамтамасыз ету.

Өткен сенбіде Лондонның орталығындағы Трафальгар алаңында билік енгізген шектеу шараларына қарсы тағы бір демонстрация өтті. Қазіргі уақытта инфекция жұқтырғандардың көбеюіне байланысты ел тұрғындарының төрттен бір бөлігі қайтадан карантинде отыруға мәжбүр. Бұл жолы Ұлыбритания астанасын да айналып кетпейтіні анық дейді сарапшылар. Полиция наразылық білдірушілерді әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды. Осыдан бір апта бұрын Лондонның орталығында өткен осындай демонстрация кезінде кейбір ереуілшілер полициямен төбелесіп, ондаған адам қамауға алынған боатын.

Демонстранттар оларға пластикалық су құйылған бөтелкелерді лақтырғаннан кейін полиция дубинка қолданды. Кем дегенде үш демонстрант пен төрт полиция қызметкері жарақат алып, 10 адам ұсталды.

Англияда қазіргі таңда арнайы ереже енгізілген, оған сәйкес азаматтар жеке іс-шараларға үлкен құрамда жиналуға тыйым салынған.

Алайда, сенбіден бастап елдің кей аймақтарына қатаң шектеулер енгізілген, атап айтқанда, Лидс, Виган, Стокпорт және Блэкпул қалаларында тұрғындарға үйде не бақшада жиналуға тыйым салынған. Ал Манчестер университетінде жатақханада тұратын жүздеген студент ондағы бірнеше рет жұқтыру жағдайлары анықталғаннан кейін екі апталық өзін-өзі оқшаулауға мәжбүр болып отыр.

Испания

Испания үкіметі Мадридтің жергілікті басшылығын коронавируспен күрес шараларын күшейтуге шақырды. Осы орайда Мадрид басшлығы көп адам жиналуға шектеу қойғанымен, толықтай локдаун енгізуге асығар емес.

АҚШ

АҚШ-тың Мэриленд штатында губернатордың пандемияға байланысты іс-шараларға тыйым салу туралы қаулысына қарамастан, 42 жастағы ер адам пати өткізгені үшін бір жылға бас бостандығынан айырылды.

Шон Маршалл Майерс аталған жарлықтың екі тармағын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, дереу түрмеге қамалды. Майерс 22 наурызда үйінде көп адамды жинауға тыйым салынғанына қарамастан, 50-ге жуық азаматты шақырып, кеш ұйымдастырған. Полиция оның үйіне келгенде, ол алдымен полициямен дауласып, бірақ кейін қонақтарын үйіне жіберуге келіскен. Сонымен қоса бес күннен кейін полиция тағы Майерстің үйіне келді, өйткені ол жерде тағы да көп адам жиналғаны туралы хабарланған. Ол тағы да қонақтар шақыруға құқығым бар деп полициямен дауласқан. Сонымен қатар ол қонақтарын полицияға мән бермеуге шақырды. Бұдан соң полиция оны ұстауға мәжібүр болған.

Ресей

Ресейде маусымның ортасынан бастап алғаш рет коронавирус жұқтырғандар саны 8 мыңнан асты. Бір аптадан астам уақыт бұрын күнделікті өсім 5 мыңға жетпейтін. Мәскеуде де жаңа күзгі рекорд орнатылды. Дүйсенбіде Ресей астанaсында 65-тен асқан тұрғындар мен созылмалы аурулары бар адамдар үшін карантин шаралары жеңілдетілді.

Бүгінде Ресейде 16 маусымнан бері алғаш рет коронавирус инфекцияның 8 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталып отыр. Бір тәулік ішінде жедел штаб 8 135 жаңа жағдай тіркелгенін жария етті. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 268 жағдайға көп. Жұқтырғандардың жалпы саны 1 159 573-ке жеткен. Ресейде жұқтырғандар санының артуы 16-шы күн қатарынан жалғасуда.

19 қыркүйекте жаңа оқиғалардың саны шілдеден бастап алғаш рет 6 мыңнан асты, ал 25 қыркүйекте 7 мыңнан асып түскен. Ал соңғы тәулікте елде коронавирустан 61 адам қайтыс болды, ал жалпы көз жұмғандар саны – 20 385. Ал өткен тәулікте 2 702 адам емделіп шықса, жалпы осы уақытқа дейін 945 920 адам жазылған.

Ресейлік вакцина

Роспотребнадзор жетекшісі Анна Попованың айтуынша, «Вектор» орталығында жасалған коронавирусқа қарсы вакцина туралы зерттеулер сәтті жүргізілуде. Бұған дейін вакцина салдырған еріктілерде жағымсыз реакциялар жоқ және 28-30 қыркүйекке дейін аяқталады.

«Вектор» мемлекеттік орталығының бас директоры Ринат Максютовтың сөзінше, вакцина үш жылға дейін жұмыс істеуі мүмкін деген болжам бар.

Оның айтуынша, балаларға арналған вакцина ересектерге арналған вакцинадан реактивтілігінің төмен болуымен ерекшеленеді. Ол алдымен 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдерге, содан кейін 10-14 жас аралығындағы балаларға, содан кейін жаңа туған нәрестелерге еріктілер жасының төмендеуімен кезең-кезеңімен салынып, зерттелетін болады.

Швеция

Швеция премьер-министрі Стефан Левен елдің әртүрлі аймағында тұрғындар әлеуметтік қашықтықты сақтау шараларын сақтамай отыр, салдыранан сол өңірлерде жұқтырғандар санында өсім бар. Ол елдегі коронавирустың жалпы жағдайын басқа елдермен салыстырғанда тұрақты екенін жеткізген, дегенмен оның айтуынша, жұқпалы аурулардың көбеюінің айқын белгілері бар.

Швецияда эпидемия басталғаннан бері 90 мыңнан астам адам коронавирусты жұқтырды, 6000-ға жуығы қайтыс болды. Бұл оның скандинавиялық көршілеріне қарағанда едәуір көп. Дегенмен, Швеция азаматтарды жеке жауапкершілікке, қорғану шараларын сақтауға шақырып, толықтай карантин енгізген жоқ.

Финляндия

Хельсинки әуежайында иттер тек қару-жарақ пен есірткіні іздеу үшін ғана емес, коронавирусты анықтау үшін де қолданыла бастады. Вантаа әуежайының залдарында өткен аптада вирустың иісін сезуге арнайы үйретілген иттер пайда болды. Оларды еріктілер үйретеді. Қазір бағдарлама тестілеуден өтіп жатыр, онда 15 ит бар. Бұл идеяны Хельсинки университетінің ғалымдарының ойлап тапқан.

Алайда, иттерге әлі толық сенім артылған жоқ. Иттердің иіс сынағынан өткен жолаушылар әлі де стандартты сынақтан өтуі тиіс.

Қазақстан

Елімізде өткен тәуліктегі дерек бойынша, ПТР тестi арқылы 52 адам корoнавирус жұқтырғaн анықталып отыр. Атап айтсақ, елордадан – 1, Алматы қаласы – 6, Ақмола облысы – 4, Ақтөбe oблысы – 2, Алматы облысы – 2, Атырaу oблысы – 4, Шығыс Қазaқстан облысы – 14, Жамбыл облысы – 1, Батыс Қазaқстан oблысы – 1, Қарағaнды oблысы – 4, Қостaнай oблысы – 2, Павлoдар облысы – 6, Сoлтүстік Қaзақстан oблысы – 5. Ал жалпы жұқтырғaндар сaны 107775-ке жетті.

Қазақстанда әлі күнге бірқатар карантин шарасы сақталған. Мәселен, демалыс күндері базар, үлкен ойын-сауда орталықтары жұмыс істемейді. Қоғамдық көліктің жүруіне де шектеу қойылған. Бірақ бұрын демалыс күндері толығымен жүрмейтін болса, қазіргі таңда қоғамдық көлік тек жексенбі күні ғана жүрмейді. Жуырда өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов жұқтырғандар саны қазіргіден азаймайынша, демалыстағы шектеулер сақталынатынын атап өткен еді.

Сонымен қатар ресми өкіл өткен жұмада өткен брифингте отандық вакцинаның әлі клиникалық сынақтан өтпегенін, яғни алғашқы кезеңінде екенін айтты. Оның сөзінше, вакцина әлі де зерттеуді қажет етеді.

Министрлік берген мәліметке сүйенсек, соңғы 6 айда 12 800 дәрігердің инфекция жұқтырғаны анықталып отыр. Ал жалпы медицина қызметкерлерінің жетпіс пайызына өтемақы төленген. Ресми өкілдің сөзіне сүйенсек, ҚР Денсаулық сақтау министрі халық қалаулыларымен жолығып, медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу мәселесін ақылдасатын болады.

Барлық жаңалықтар