• Басты
  • Қазақстан мектептері аралас форматта оқуды бастады

Қазақстан мектептері аралас форматта оқуды бастады

2 Наурыз, 2021 15:16

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова 1 наурыздан бастап Қазақстан мектептері аралас форматқа ауысқанын айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


2021 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы № 9 қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердегі 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып оқушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді.

«Өңірлердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі «Көркем еңбек» және «Музыка»  пәндерін  1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша кейбір ерекше жағдайларда, оқушылар ауырып қалса, науқастармен қарым-қатынас жааған болса, ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан форматында оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі.

Министрлік өкілі мектептерде санитарлық талаптардың сақталуына назар аударды.

«Білім беру процесінің барлық қатысушысы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтер жеке гигиена ережелерін және санитариялық қауіпсіздік шараларын сақтайды» - деді ол.

Ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны сақтауы және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіру өте маңызды.

Шолпан Каринова мектеп формаларын сатып алудың қажеттігі жоқтығын айтты.

«Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ», - деді ол.

Мұғалімдердің шешімі мен оқушылардың ата-аналарының келісімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат етілген. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқытуда қалып отырған 6-8, 10 сыныптарға қатысты. 

«Балалардың жекелеген санаттарының тамақтануы, тұруы, тасымалдануы өңірлердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерімен келісіліп қамтамасыз етіледі. Барлық қабылданған шешім ата-аналарға алдын-ала жеткізілуі керек», - деді вице-министр.

Аралас формат кезінде Қазақстандағы 34 инклюзивті мектепте білім беру қалай жүргізілетіні туралы да вице-министр айтты.

«Қазақстанда арнайы білім беру мекемелері және инклюзивті білім беру мекемелері бар. Бұл жерде денсаулығында кемістігі бар арнайы білімді қажет ететін балалар білім алады. Оларға әр жағдайда да ерекше жағдайлар қарастырылған. Олар барлық нормативтік-құжаттарда белгіленген. Сондықтан басқа балалар сияқты осы инклюзивті режимде оқитын, өзіне басқа білімді жағдайды қажет ететін балалардың да жағдайы ескеріледі», - деді ол.

Оның айтуынша, әр жағдайда ерекше қажеттіліктері бар балалардың жағдайларына байланысты психологиялық-медициналық консультациялар қабылдаған тиісті шешімдер білім мекемелерінде қолданылып, ұйымдастырылады.       

Вице-министр журнаистер сұрақтарына жауап беру барасында мұғалімдер сияқты өзі де коронавирусқа қарсы вакцина қабылдайтынын айтты. Ал қандай вакцинаны салдыратыны туралы әзірге шешім қабылдамапты.

Strategy2050.kz тілшісі келесі сауалды жолдады: ЖОО-ның ғылым саласындағы міндеттерін дұрыс атқару үшін бюрократиядан, артық есеп беруден, қағазбастылықтан арылу керек деген еді Білім министрі Аймағамбетов. Осы міндет қаншалықты іске асып жатыр? ЖОО-да цифрландыру жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатыр?

«Министрлік ЖОО-дағы білім сапасын жақсарту мақсатында жүйелі шаралар қолдануды бастаған. Соның бірі – сапасыз білім беретін университеттерді жабу. Биыл 8 университет лицензиядан айырылған. Қазіргі таңда осы бағытта университеттердегі білім сапасын тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деп жауап берді ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Айтпақшы, ЖОО студенттерінің дәстүрлі форматта оқуы туралы әлі шешім шықпаған. Алдағы уақытта эпидахуалға байланысты министрлік ҚР денсаулық сақтау министрлігімен біріге отырып шешім қабылдайды.

«Студенттердің қашан дәстүрлі оқу режімінде оқитынын құзіретті органдар шешеді. Бәрі де эпидемиологиялық жағдайға байланысты. Ал өз атымнан айтар болсам, Білім және ғылым министрлігі де, жоғары оқу орындары да дәстүрлі режімде оқуға дайын», - дейді Гүлзат Көбенова.

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, мектептердің алдымен аралас, одан кейін дәстүрлі оқу режиміне көшетіні, яғни бәрі кезең-кезеңімен болатыны алдын ала ескертілген.

«Мұндай жағдай еліміз бойынша да, әлем бойынша да бірінші рет орын алып отырғанына келісетін шығарсыздар. Сондықтан дәстүрлі режимде оқыту туралы шешім кезең-кезеңімен жүзеге асады. Әзірге тек 1-5 сынып оқушылары ғана аралас режимде оқитыны сияқты, барлық мекемеде де осылай кезең-кезеңімен шешім қабылданады. Біз бұл мәселені ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып шешеміз. Бұған қатысты нақты ереже жоқ, бәрі еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болмақ», - дейді ол.

Барлық жаңалықтар