Қазақстан Конституциясы қалай қабылданды

30 Тамыз, 2021 08:04

Қазақстан Республикасы Конституциясына биыл 26 жыл толып отыр. Еліміздің Ата Заңы - 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған бұл конституциясы орнықты тәуелсіз мемлекетті құрудың, еліміздің одан әрі тұрақты дамуы мен жаңа құқықтық кеңістікті қалыптастырудың берік нормативтік тұғырына айналды. Дәл осы құжатта біздің республикамыздың әрбір азаматының жеке бас бостандығы мен құқықтарының кепілдігі берілген. Осы орайда, бұған дейін бірнеше рет өзгеріске ұшыраған конституциямыз туралы Strategy2050.kz тілшісінің шолу материалынан оқи аласыз.


1926 жылғы Қазақ СССР Конституциясы

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда қабылданған болатын. Бұл конституцияда мемлекеттік құрылысты, заң басқару нысанын, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші органдары бекітілген. Сондай-ақ, сайлау құқығын, қаржылық құқықтық бастаулары белгіленген болатын.

1926 жылғы конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика болды.

Қазақ КСР 1937 жылғы Конституциясы

1937 жылдың 26 наурызында Бүкіл қазақ Кеңестерінің Х төтенше съезінде Қазақ КСР-нің Конституциясы қабылданды. Қазақ ССР Конституциясы 11 бөлім және 124 баптан құрылды. Онда: "СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады" деп жазылған.Сондай-ақ, 1937 жылғы Конституцияда экономикалық, саяси-қорғаныс, басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгертілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бекітілген, сондай-ақ жоғарғы республикалық және жергілікті өкімет органдарының, заңнамаларының орындалуын бақылау, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және азаматтардың құқықтарын қорғау, салық салу деген секілді мәселелер қарастырылған. 1937 жылғы Конституцияда азаматтардың негізгі міндеттері мен құқықтары анықталған: еңбектенуге құқылы болу (96 бап), демалысқа құқылы болу   (97 бап), кәрілікте, еңбекке жарамсыздық және ауруға шалдығу жағдайында материалдық қамсыздандыру (98 бап), денсаулықты қорғау, сөз бостандығы, баспасөз, жиналыс, митинг, көше шерулері және демонстрациялардың кепілдіктері, адамның жеке басына, баспанасына қол сұғылмаушылық, азаматтардың жат жазуына, шетелдік азаматтардың бас сауғалау құқығы.

Қазақ КСР-дің 1978 жылғы Конституциясы

Конституция ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылдың 20 сәуірінде қабылданған. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау мен 173 баптан тұрған. Жаңа Ата заңға сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының табына жататын халықта болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттік, кооперативтік-колхоздық және кәсіподақ және басқа да ұйымдардың меншігі деп жарияланды.

1978 жылғы Конституцияда республиканың ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылысы, жоғарғы және жергілікті билік пен басқару құзыреті, сайлау жүйесінің принциптері, халық депутаттарының құқықтық мәртебесі, экономикалық және әлеуметтік даму мемлекеттік жоспары институттары, мемлекеттік бюджет, сот тәртібі, төрелік соты, прокурорлық қадағалау секілді мәселелер қамтылған.

1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға өзгертулер енгізген бірқатар заң қабылданған. "Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы" 1990 жылғы 20 қарашадағы Заңға сәйкес Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже, министрлер кеңесі министрлер кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.

Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы              

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы Қазақстанның Жоғары Кеңесінің ІX сессиясында 1993 жылғы 28 қаңтардағы XІІ шақырылымында қабылданды. Қүрылымы кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұратын тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық норманы: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары - Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынды.

1995 жылғы Конституция

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілдігін кеңейтетін елеулі  өзгерістер енгізілген болатын.

Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер енгізілді. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы - жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген.  

Еліміздің Негізгі заңын қабылдау алдында республика халқының Конституция жобасын кеңінен талқылауы болды. Жалпы алғанда, жобаның 33 мыңға жуық ұжымдық талқылауы өтті, оған 3 миллионнан астам азамат қатысты. Талқылау барысында 30 мыңға жуық ұсыныстар мен ескертулер енгізілді. 55 бапқа 1100-ден астам түзетулер мен толықтырулар енгізілді.

Дауыс беруге 8091715 азамат немесе тізімге енгізілген адамдардың жалпы санының 90,58% қатысты. Конституцияға 7122773 адам дауыс берді, бұл дауыс бергендердің 89,14% құрады. Дауыс беру барысын шетелдік бақылаушылар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қадағалады.

Айта кетейік, 1995 жылғы Конституция 1993 жылғы Қазақстан Республикасының Конституциясына қарағанда мазмұны жағынан сапалық жағынан өзгеше болып табылады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады (1-бап). Мемлекеттің ең қымбат қазынасы-адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары туралы жазылған.

Жаңа Конституцияда алғаш рет азаматтың құқықтарына ғана емес, сонымен бірге туғаннан бастап әркімге тиесілі адам құқықтарына қатысты нормалар абсолютті деп танылады және ажыратылмайды (өмір сүру құқығы, ар-ождан бостандығы)

Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас (бөлінбейтін, басқа Федеративтік құрылымдардан тұрмайтын) мемлекет болып табылады (2-бап).

Біздің еліміздегі халық мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі болып табылады және оны тікелей республикалық референдум, еркін сайлау арқылы, сондай-ақ өз билігін мемлекеттік органдарға беру арқылы жүзеге асырады (3-бап).

Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің орталық тұлғасы болып табылады, билік тармақтарының үстінен көтеріледі, бұл президенттік басқару нысанындағы, тежемелік әрі тепе-теңдіктің нақты жүйесі бар мемлекетке сәйкес келеді (40-48-баптар).

Ең түбегейлі өзгерістерге Парламент туралы конституциялық бөлім ұшырады (49-63-баптар). 1995 жылғы Конституция бойынша елде екі палаталы заң шығарушы орган – Парламент, жоғарғы палата – Сенат және төменгі палата – мәжіліс жұмыс істейді (49-50-баптар).

Конституцияда барлығы 9 бөлім және 98 мақала бар. Қажет болған жағдайда Парламент өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.

Барлық жаңалықтар