Қазақстан экономикасының даму динамикасы

22 Мамыр, 2021 12:17

Пандемияның салдары планетаның барлық елдерінің экономикасы мен ЖІӨ-не тікелей әсер етіп, жаһандық іскерлік белсенділік пен халықаралық сауда көлемінің бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді. Covid-19 пандемиясының салдары соңғы онжылдықтардағы қаржы-экономикалық дағдарыстармен салыстырғанда Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер еткен. Оның төмендеуіне әсер еткен негізгі факторлар – ішкі санитарлық шектеулер, сыртқы сұраныстың төмендеуі, инвестициялық белсенділіктің азаюы, мұнай бағасының төмендеуі, сондай-ақ ОПЕК+келісімдері аясында мұнай өндіру қарқынының төмендеуі болды. Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) Қазақстан экономикасының тұрақтылығы мен ЖІӨ өсіміне қатысты оң болжам жасаған.

Биылғы жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы 2,8 пайыздан 3,1 пайызға дейін артып отыр. Ол туралы 2021 жылы 20 сәуірде өткен Үкіметтің отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсер Иргалиев мәлімдеген еді. Осы жиында еліміздің макроэкономикалық даму көрсеткіштерінің болжамы нақтыланып, республикалық бюджеттің жобасы қаралды. Қазақстан экономикасының өсім болжамы Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне негізделген, ол бойынша жаһандық экономика өсімі вакциналаудың ұйымдастырылуына байланысты 1,6 пайыздан 5 пайызға дейін артады. Ұлттық экономика министрі Ә.Иргалиевтің айтуынша ЖІӨ өсу қарқыны алғашқы тоқсанда минус 4,5 пайыздан минус 1,6 пайызға дейін оңалған. Ал болжамдарға сүйенсек мұнайдың бағасы барреліне 50 долларға дейін жетеді, алдыңғы кезеңдерде ол барреліне 35 доллар болған еді. Ұлттық валютаның курсы 1 долларға 425 теңге болады деп болжанып отыр.

Сыртқы сұраныстың жалпы қалпына келуі және металлургиядағы өндірістің ұлғаюына байланысты өңдеу өнеркәсібіндегі болжамды көрсеткіштер 4,1 пайыздан 5,2 пайызға дейін жақсарды. Жоспарланған 17 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгеннен кейін құрылыс саласындағы болжам 2,5 пайыздан 5 пайызға дейін өсті.  Ұлттық банктің есептеуі бойынша экспорт $10,8 млрд-тан $52,2 млрд-қа дейін ұлғаюы ықтимал. Инфляция алдыңғы кезеңде белгіленгендей 4,0-6,0 пайыз аралығында болады. Қайта қаралған макроэкономикалық болжамның негізінде 2021 жылға арналған Ұлттық бюджет жаңадан бекітілді. Бюджет шығыстарының негізгі бағыттары «Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын және Мемлекет Басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға жұмсалады.

Сонымен қоса, денсаулық сақтау саласын дамытуға және модернизациялауға, экономиканың нақты секторын ынталандыруға қаражат бөлінеді. Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2021-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы қаулының жобасы Қазақстан Республикасының Парламентіне жолданған.   


2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына енгізілген өзгерістердің түсіндірме жазбасында оның нақты көрсеткіштері егжей-тегжейлі жазылған. Әлемдік экономикадағы ағымдағы жағдайды ескере отырып, Қазақстан Республикасының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы шеңберінде еліміздің 2021 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы нақтыланды (Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2020 жылғы 25 тамыздағы № 29 хаттамасында көрсетілген).

Оны нақтылауға негіз болған факторлар:

1. Қазақстан Республикасы экономикасының осы жылдың басынан өсімі бойынша жиналған жедел деректер;

2. Әлемдік экономиканың 2021 жылға арналған өсімінің болжамдары;

3. әлемдік тауар нарықтарындағы оң үрдістер.

Дүниежүзілік банк 2021 жылғы әлемдік экономиканың өсімін 1,6%-5,0% шегінде болады деп болжап отыр, өйткені коронавирусты жұқтырушылар санының көбеюі сауда-саттықтың, кәсіпкерліктің, жалпы іскерлік белсенділікті тежеп отырады. Осыған қарамастан базалық сценарий бойынша экономиканың өсімі 4,0 пайыз деңгейін болады делінеді. Сондай-ақ әлемдік тауарлар нарығында оң үрдістер байқалады. Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері Brent мұнайының бір баррелі 50-70 доллар аралығында сақталып, бір баррелге орташа есеппен 61,3 долларды құрады. Бұл ретте халықаралық қаржы ұйымдары ағымдағы жылы мұнайдың бағасын барреліне 44 доллардан 67 долларға дейін болады деп отыр. Осыған орай, мұнайдың әлемдегі бағасы жөніндегі болжам да барреліне 35 доллардан 50 долларға дейін өсті.

2021 жылдың 1 тоқсанындағы қорытынды бойынша әртүрлі деңгейдегі шектеу шараларын сақтаған жағдайда экономиканы қалпына келтірудің оң серпіні қамтамасыз етіледі. ЖІӨ өсу қарқыны қаңтар-ақпанда минус 2,9%-дан ағымдағы жылғы қаңтар-наурызда минус 1,6% - ға дейін жақсарды. Жалпы алғанда Қазақстанның экономикасы қайта қалпына келіп жатыр. Экономикалық өсімнің оң траекториясына биыл мамыр айында шығып,  кейін төртінші тоқсанда 2019 жылғы «дағдарысқа дейінгі» 2,7% даму деңгейіне шығу жоспарланған. Жалпы алғанда, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ-нің мақсатты өсімін 3,1% деңгейінде ұстау жоспарланған (алдында 2,8% деп болжанған). 2021 жылы номиналды ЖІӨ көлемі 77 869 млрд.теңге деп болжанса, бұл бекітілген болжамнан 1 207 млрд. теңгеге артық болып шығады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 9 655 мың АҚШ долларын құрайды.

Экономика салалары бойынша өнеркәсіп секторында 2,8% - ға дейін өсім болады деп күтілуде, бұл бұрын бекітілген көрсеткіштен жоғары. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі 5,2% болатын жоғары өсімге де байланысты. Ал, кен өндіру өнеркәсібіндегі өсім 100,7%-ға жетіп, мұнай өндіру көлемі бұрын мақұлданған 86 млн. тонна деңгейінде сақталады. Құрылыстың қарқыны 105,0% деңгейінде болмақ. Экономикалық белсенділіктің артуын және тауарларға әлемдік бағаның тұрақталуын ескере отырып, Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт көлемі де  10,8 млрд. долларға өсіп 52,2 млрд. долларға дейін жетеді, импорт 0,7 млрд. долларға артып, 37,1 млрд.долларға барады. Инфляцияның деңгейі бұрын бекітілген 4,0–6,0% аралығында сақталады. Макроэкономикалық болжам және экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары негізінде 2021 жылға арналған бюджет параметрлері нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 2021 жылы 7 204 млрд.теңге көлемінде деп болған, бұл алдыңғы бекітілген көрсеткіштен 279 млрд. теңгеге артық. Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт өзгермейді және 2 700 млрд.теңге мөлшерінде сақталады.

Еуразиялық Даму Банкінің талдау жұмысы жөніндегі дирекциясы дайындаған макроэкономикалық шолуға қарайтын болсақ, ағымдағы жылы экономиканың қарқыны 2,5%-ға төмендегеннен кейін 2021-2022 жылдары ЖІӨ жылына орта есеппен 4,7% - ға өсетін болады. Дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар ЖІӨ-ге келетін теріс ықпалды азайтады. ЕАДБ сарапшыларының пікірінше, Қазақстанда экономикалық белсенділікті қалпына келтіру шарасы 2020 жылдың екінші жартысындағы карантин шектеулерін жеңілдету, биліктің ынталандырушы монетарлық және фискалдық саясатынан көрінді. Сонымен қатар, мемлекеттің дағдарысқа қарсы шаралары пандемияның экономикаға кері әсері жеңілдетіп отыр. Осыған орай, сарапшылар 2021-2022 жылдары Қазақстанның ЖІӨ жылына орта есеппен 4,7% - ға өседі деген тұжырымға келді. «2020 жылы тамыздың екінші жартысы мен қыркүйектің басында өңірлік қаржы нарығындағы геосаяси тәуекелдің ұлғаюына байланысты тұрақсыздық күшейіп, ұлттық валютаны нығайтуға толық мүмкіндік бермеді. ЕАДБ коронавирустың қарқыны азайып, геосаяси жағдайдың қалыпқа келген соң 2021 жылы курс қалыпты деңгейге түседі деп болжап отыр.

Шағын және орта бизнесті қайта жандандыру үшін елімізде сенімді «қауіпсіздік көпшігі» дайындалған екен. 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Алтын-валюта резерві мен Ұлттық қордың активтерінің жалпы сомасы 91,1 миллиард доллар деп есептелген. Премьер-министрдің айтуынша, сауда саласындағы белсенділік 2,7%-ға, байланыс саласында - 1,3%-ға, көлік және қоймада - 1,2%-ға өскені байқалады. Одан басқа, қызмет көрсету секторының белсенділігі шағын және орта бизнестің жанданғанын білдіреді. «Бұл жаңа жұмыс орындары және біздің азаматтарымыздың әл-ауқатының нығаюы» - деп атап өтті Үкімет басшысы. Мұндай көрсеткіштердің тұрақты өсу үрдісі жалпы алғанда экономиканың қалпына келуінің көрсеткіші болып табылады.    


CFO Summit 2021 қаржы секторы көшбасшыларының жыл сайынғы VIII саммиті барысында ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Т.Жақсылықов пандемия жағдайындағы Қазақстан экономикасының дамуы, сондай-ақ, дағдарыстан туындаған жаһандық трендтер туралы айтып берді. Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды қалыпқа келтіру және мемлекеттік қолдаудың ауқымды шаралары аясында ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында экономиканың өсімі өткен жылдың наурыз айынан бастап алғаш рет оң қалыпқа шығып, 0,7%-ды құрады. «Зардап шеккен салалардағы 700 мың кәсіпкер 1,2 трлн теңге болатын салық жеңілдігін алды, кәсіпкерлердің 40 мың жобасы жеңілдетілген несие алды. Аталған жобалардың кредиттік қоржыны 2 трлн теңгеден асты. Жұмыспен қамту жұмыстарымен 1,4 млн қазақстандық қамтылды, бұл еңбек нарығындағы тұрақтылыққа және жұмыссыздықты ұстап тұруға мүмкіндік берді» - деді Т.Жақсылықов.

ХВҚ-ның сәуір айындағы шолуында Қазақстанның ЖІӨ өсімінің болжамы 2021 жылы 3%-дан 3,2%-ға дейін жақсарған. Moody 's, Fitch және Standard & Poor' s жетекші рейтингтік агенттіктері де пандемияға дейінгі рейтингтерді растап, Қазақстан экономикасының дамуына оң болжам берді. Вице-министр өткен жылы барлық оқушылардың 90%-дан астамы алғаш рет онлайн оқуға мәжбүр болғанын, ол білім сапасына айтарлықтай әсер еткенін айтты. Кейбір зерттеу бойынша мектептердің жабылуына байланысты шығындар құны Азияның дамушы елдері үшін шамамен 1,25 трлн доллар болады, бұл 2020 жылы аймақтың ЖІӨ-нің 5,4% - ына тең еді. 

Ұзақ уақытқа созылған пандемияға және жаһандық қаржы нарығындағы өзгермелі жағдай, тұрақсыздыққа байланысты түрлі елдердегі экономиканың қалпына келу қарқыны әртүрлі. Сондай-ақ, қазба отынына деген жаһандық сұраныстың әлсіздігі, инвестиция тартудағы өңірлік бәсекелестіктің жоғарылығы, қаржы секторындағы тұрақсыздықтың тәуекелі және қоғамдағы есеп беретін, ашық басқаруға деген үлкен сұраныстың бар екені рас. Қазақстан экономикасының қалпына келуін қолдау үшін қосымша реформаларды қажет етеді. Билік тиісті заң-нормаларды қабылдап, реформаларды мемлекет енгізуге күш салып отыр. Президент өзінің қыркүйек айындағы жыл сайынғы Жолдауында «жаңа жағдайға» бейімделу үшін саяси реформалар қажет екенін атап өтіп, бірқатар қадам жасады. Саяси реформалар пакеті мен дағдарысқа қарсы шаралар біртіндеп өз жемісін беріп келеді.

Барлық жаңалықтар