• Басты
  • Қазақстан экономикасын цифрландырудың жаңа міндеттері

Қазақстан экономикасын цифрландырудың жаңа міндеттері

9 Сәуір, 2021 16:22

2020 жылы басталған жаһандық пандемия экономика саласына айтарлықтай әсер етті. Қатаң карантин мемлекеттегі көптеген қызметті цифрландыруға бет бұрғызды. Осы үрдісті дер кезінде қолға алып, жаңа шақыруларға бейімделе білген үкімет пен бизнес, медицина мен білім саласы жаңа деңгейге көтерілді. Карантин кезінде барлық қызметтің сапасын жақсарту және адамдардың күнделікті өмірін жеңілдету үшін экономиканың және қоғамдық өмірге инновация енгізіліп жатыр. Көптеген алыс-жақын елдердегі сияқты Қазақстанда да цифрландырудың 2018-2022 жж. арналған бағдарламасы қабылданған еді. Былтырғы жылы мемлекеттік басқару, банк ісін, өнеркәсіп, медицина және қауіпсіздік саласында сынақтардан кейін бағдарлама жаңа мақсат-міндетпен толықты.

COVID-19 пандемиясы цифрлық технологиялардың рөлін нығайтып, соған қолжетімділіктің болмауынан бірқатар проблемалардың басын ашып берді. Пандемиядан бұрын да көптеген елдерде цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға және сенімді ақпаратпен алмасуға қажет инфрақұрылым жасалған. Мемлекеттік маңызды шешімдер туралы халықты интернет арқылы, атап айтқанда әлеуметтік желілер арқылы хабардар етудің де қажеттілігі артты. Цифрлық технологияны енгізудің арқасында цифрлық платформалар өмір сүру көздерін кеңейтті. COVID-19-бен күресуде кей елдерде 3D басып шығару, дезинфекциялық роботтар және интернет-дүкендер қолданылды. Дағдарыс кезінде интернетке қол жеткізу қоғамдық тауардың жаңа түріне айналды. Бірақ дәл былтырғы кезеңде жыл сайын өсіп келе жатқан цифрлық алшақтықты жою мәселесі алға шықты. Мәселен, дамыды деген Оңтүстік-Шығыс Азия халқының шамамен 55 пайызы интернетті пайдалана алмай отыр. Сингапурдағы интернет байланысының жылдамдығы Таиланд, Вьетнам және Малайзияға қарағанда төрт есе және Мьянмаға қарағанда 58 есе жоғары екен. Интернетке қосылу бағалары оны адамдар төлей алмайтын аймақтарда ең қымбат болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы 2030 жылға қарай Интернетке жалпыға бірдей, қауіпсіз, инклюзивті және арзан қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін АКТ инфрақұрылымына жедел инвестициялау картасын қабылдаған. 

Интернет-сауда компаниялары қауымдастығының (АКИТ) бағалауы бойынша, карантин e-commerce-ке үлкен серпіліс берді. Әрине, әр мемлекеттегі көрсеткіштер әрқилы болуы мүмкін. Айналамыздағы елдерді мысал ретінде қарастыратын болсақ, 2020 жылдың бірінші жартысында Ресейде интернет-сауда нарығының жалпы айналымы 1,7 трлн рубльді құраған, ал бөлшек саудадағы интернеттің үлесі 10,9%-ға жеткен. 2019 жылдың қорытындысы бойынша ол 6,1% пайыз болған еді. АКИТ болжамы бойынша, ресейлік e-commerce айналымы 2020 жылдың соңында екі есе артып, даму көрсеткішінде Қытаймен теңесуі мүмкін. Қытайдағы интернет-сауданың үлесі бөлшек сауданың үштен бірін құраса, АҚШ-та үлесі 13,9%-ды көрсеткен. 

2020 жылдың алғашқы жартысында Оңтүстік-шығыс Азия аймағы цифрлық төлем технологиясын енгізуден көшбасшы болды. Аймақтың Үкіметтері цифрлық экономика мен блокчейн технологияларына көшу стратегиясын қолдайды. Оңтүстік-Шығыс Азия төлем түрлерін енгізуден ең жылдам аймақтың бірі болып табылады. Соның есебінен 2025 жылы цифрлық төлем саны 1 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Әлемнің интернет-экономикасында қолма-қол ақшасыз төлем жасайтын 400 миллиондай адам болса, оның үштен екісі Оңтүстік-Шығыс Азияда тұрады екен. Сондықтан ОША елдерінің тәжірибесі Қазақстан үшін құнды болып саналады. COVID-19 пандемиясына қарамастан, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үкіметтері өз дамуын жеделдету және жаңа технологияларды енгізуге күш салып жатыр. Вирустың таралу кезеңінде физикалық байланысты азайтып, электрондық төлем жасаудың өзекті болғаны рас.


Интернеттегі сауданың маңыздылығы 

Сингапур үкіметі электронды төлемдермен жұмыс істейтін кәсіпорындардың санын көбейту үшін 364 миллион доллар бөлген. Малайзия мемлекеттік деңгейде электронды әмияндарды заңдастырды. Пандемияға дейін цифрлық төлемдер тек қолайлы дүние ретінде қарастырылса, қазір ол іс жүзінде қажетті төлем жүйесіне айналды. Сингапур блокчейн технологиясымен жұмыс істейтін компанияларды қолдайтынын жариялады. Қазіргі уақытта Оңтүстік-Шығыс Азия аймағы әлемдік экономиканың дамуында жоғары әлеуетке ие, өйткені елдердің үкіметтері биткоиндерді төлем ретінде заңдастырып жатыр. Осы бағыттағы жұмыс нығаятын болса, мемлекет халықаралық инвестор үшін неғұрлым тартымды, ашық және экономикалық табысты орта қалыптастырады. «Google» корпорациясы «Temasek» мемлекеттік сингапурлық инвестициялық қорымен бірлесіп дайындаған баяндамасында 2020 жылдың қорытындысы бойынша Вьетнамдағы цифрлық экономика көлемі 12 млрд доллардан асып, 2025 жылға қарай 43 млрд долларға дейін өседі делінген. COVID-19 трансшекаралық сауда мен тасымалдауды үзу арқылы жаһандық жеткізу жүйесінің осы сын-қатерге дайын еместігін көрсетті. Трансшекаралық жүк тасымалы жалғасты, бірақ көлік қатынасын шектеу, үйлестірудің жеткіліксіздігі және сауда-көлік саласындағы субаймақтық, ұлттық саясат туралы ақпарат алмасудың аздығынан барлығы зардап шекті. COVID-19 дағдарысы кезінде және одан кейін халықаралық тасымал жүйесінің икемді болуы үшін цифрлық технология маңызды. Елдерді жабдықтаудың цифрлық тізбектерін нығайту үшін бес бағыт бойынша цифрлық интеграция қажет:

1.                   цифрлық саудаға келетін кедергілерді азайту;

2.                   цифрлық сауда рәсімдерін оңайлату;

3.                   цифрлық сауданың нормативтік-құқықтық базасын және цифрлық салада сенімді нығайту жөнінде саяси шешім қабылдау;

4.                   цифрлық технологияларды дамыту және оларды кеңейту;

5.                   жабдықтау шеңберінде мемлекеттердің ішінде және олардың арасында институционалдық үйлестіру. Цифрлық сауда саласындағы интеграцияның негізгі аспектілерін қамтитын тұтас стандарттың мысалы ретінде АСЕАН-ның цифрлық интеграция жөніндегі іс-қимыл жоспарын келтіруге болады. 

ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 12 желтоқсандағы 827 қаулысымен бекітіліген "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы орта мерзімде ҚР экономикалық дамуын жеделдету және цифрлық технологиялар есебінен халықтың өмірін жақсарту, ұзақ мерзімде Қазақстанда цифрлық экономиканы құруға жағдай жасау болып табылады. Бағдарламаны іске асырудың «Экономика салаларын цифрландыру», «Цифрлық мемлекетке көшу», «Цифрлық Жібек жолын іске асыру»,  «Адами капиталды дамыту»,  «Инновациялық экожүйені құру» сияқты бағыттары бар. Бағдарламаны іске асыруға жоспар бойынша республикалық бюджеттен 109 млрд. теңге көлемінде қаржы, квазимемлекеттік сектордан 169 млрд. теңге тарту көзделді. 2022 жылға қарай цифрландыру есебінен 300 жұмыс орны құрылады. Қазақстандық интернет-сауда секторына назар аударсақ, 2020 жылдың тоғыз айында бөлшек электрондық коммерция нарығының көлемі 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 93%-ға өскен(198 млрд теңгеден 382 млрд теңгеге дейін). Сондай-ақ транзакциялар (онлайн тапсырыстар) санында 18%-ден 63%-ға өсім байқалды. «Цифрлық Қазақстан» қауымдастығының айтуы бойынша «Карантин электронды сауданың дамуына түрткі болды, өйткені шағын және орта бизнеске тауарларды сату каналдары қажет болды. PwC Kazakhstan компаниясымен бірлескен талдауға сәйкес, 2019 жылдың тоғыз айында электронды сату 198 млрд теңгені, ал 2020 жылдың тоғыз айында 382 млрд теңгені құрады». Пандемия электрондық сауда нарығын жеделдетіп, миллиондаған қазақстандықтар алғашқы рет онлайн сауда жасады және көптеген компаниялар сату аумағын кеңейтті.  Клиенттердің мінез-құлқы өзгерді, онлайн сатып алу жаңа сегменттерге енді. Азаматтар онлайн режимінде азық-түлік, тұрмыстық тауарлар ала бастады. 50 жастан асқан сатып алушылардың үлесі артып, шалғай елді-мекендерден тапсырыстар да көбейді. 


Интернет-дүкеннен тауар алу жолдары

ҚР Премьер-министрі А.Маминнің айтуынша, 2020 жылы елімізде IT-технологияларға жұмсалатын шығындар көлемі 3,9 трлн доллардан асты. Әлемде цифрландыру қарқыны біркелкі емес, бұл көптеген проблемалар туғызып отыр. Бірақ Қазақстан бұл сын-қатерді еңсеріп шықты. Біздің елімізде мемлекеттік қызметтердің онлайн форматта қолжетімділігі 93% және ол жақсы көрсеткіш. ҚР Үкіметі инновациялық технологиялар мүмкіндігін ұлғайтуды жоспарлап отыр. 

2021 жылы Қазақстанда цифрлық жобаларға 200 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарлануда. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ағымдағы жылы шамамен 222 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланғанын мәлімдеді. Оның ішінде IT-жобаларға, цифрлық майнингті дамытуға және дата-орталықтардың инфрақұрылымына, сондай-ақ телекоммуникация, аэроғарыш және электрондық өнеркәсіп саласына инвестиция салынады. «Цифрлық Қазақстан» бағадрламасы аясында 2021 жылы 33 іс-шара, республикалық бюджеттен 20,9 млрд теңге қаражат қарастырылған. 

Осылайша, интернетке қолжетімділік пен цифрлық сауаттылық қазір инвестицияны қажет ететін қоғамдық игіліктерге айналды. Үкіметтер цифрлық экономика үшін нормативтік-құқықтық база құрып, азаматтар мен кәсіпорындарға цифрлық форматта мемлекеттік қызметтер көрсету мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек. Бұл үкіметке деген сенімді нығайтуға және сол арқылы жаңа қоғамдық келісімнің негізін қалауға көмектеседі. Осы бағытта әрекет етпеген жағдайда цифрлық теңсіздік жалпы адамзат теңсіздігінің жаңа бөлігіне айналады. Мемлекеттік секторды, агроөнеркәсіптік кешенді, тамақ өнеркәсібін және азық-түлік саудасын одан әрі цифрландыру экономиканың дамуына ықпал етеді. FinTech, MedTech, EdTech және сәйкесінше қаржылық, медициналық және білім беру салаларының цифрлық сегменттері, киберқауіпсіздік саласындағы маман даярлау маңызды болмақ.

Барлық жаңалықтар