• Басты
  • Қазақстан дәрігерлері: науқастардың көптігінен күйзелген кездер артта қалды
28 Шілде, 2020 08:53

Қазақстан дәрігерлері: науқастардың көптігінен күйзелген кездер артта қалды

Атышулы коронавирус індеті бүкіл әлемнің қос өкпесінен қысып жатыр. Аурумен күресте дәрігерлердің еңбегі орасан. Бүгінде Қазақстанда барлығы 83 мыңнан көп адам ауруға шалдығып, оның 52 571-і COVID-19-дан емделіп шықты. Бұл әрине күндіз-түні аурумен бетпе-бет келіп, өмірін қатерге тіккен медицина қызметкерлерінің еңбегінің арқасы. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі коронавируспен ауырған науқастарды емдеген дәрігерлермен Strategy2050.kz тілшісі сұхбаттасты.

Қазақстан дәрігерлері: науқастардың көптігінен күйзелген кездер артта қалды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде: «Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт. Дегенмен, біз індетке шалдыққан адамдарға барлық көмекті көрсетеміз. Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгінің батырлары», деген болатын. Қазақстан бойынша қызыл аймақта жүрген дәрігерлерге қоңырау шалып, бірнеше сұраққа жауап берулерін өтіндім. Дәрігерлердің көпшілігі телефонға жауап бере алмады. Себебі түсінікті. Қауырт жұмыс! Тұтқаны көтерген дәрігерлер арнайы қорғаныш киімімен дұрыс сөйлесе алмады. Сол себепті олармен уақыты сәл босағанда whatsupp мессенджері арқылы хат алмасамыз деп келістік.

 Су ішіп алуға уақытымыз болмады – реаниматолог-анестезиолог

Түркістан облысы Созақ аудандық аурухананың реаниматолог-анестезиологы Назарова Жансая - С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің 2011 жылғы түлегі. Оның айтуынша, індет басталғалы бері жұмыстары 3-4 есеге көбейген.
«Біздің Созақ аудандық ауруханада екі реаниматолог дәрігер ғана қалдық. Қалған реаниматолог әріптестерім өзге аудандарға, облыстық ауруханаға жұмыс ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені дәрігерлердің, әсіресе реанимация бөліміндегі дәрігерлердің көбі ауырып, жұмысқа шыға алмай жатты. Өте ауыр күндер мен түндерді бастан кешірдік. Маусымның соңы мен шілденің бастапқы 10 күнінде Созақ ауданында провизорлық стационарға науқастар күндіз-түні ағылып түсіп жатты. Бәріңізге белгілі, реанимацияда халі ауыр науқастар жатады. Шынымды айтсам, осыншама ауыр жағдайдағы науқастың көптігін көрмеппін. Біздің арасында су ішіп алуға, дәретханаға баруға да уақытымыз болмады. Әр минутымызға адамның өмірі байланып тұрғанын түсіндік. Сондықтан шаршауды, ас ішу мен ұйқыны ұмытып, тек науқастарға қызмет еткен күндеріміз болды.

1.jpg

Тыныс ала алмай жатқан адамдардың жаны қиналғанын көру қиын. Біздің жұмыс науқас қабылдау бөліміне түскеннен бастап, оның тыныс жолдарын құтқарудан, ауру белгілеріне баға беруден тұрады. Қабылдау бөлімінде науқастың жағдайы анықталып, реанимацияға немесе провизорлық бөлімшеге жіберіледі. Науқастардың көбі алыс сапарға, өзге облыстарға тойға, құранға барып, ауырып қалғандарын айтып жатады. Ауру белгілері білінсе де, үйде жата бергендер асқындырып алып келіп жатты. Өкінішке орай, көз алдымда қайтыс болып кеткен науқастар көп болды. Дәрігер болып, кеудесінен жаны шығып бара жатқан науқасты құтқара алмағаныма налыған күндер болды. Өлімнің көп жағдайдағы себебі тыныс жетіспеушілігінің ауыр дәрежесінен, тромбтан (ТЭЛА) болды. Кейбір науқастардың қосымша созылмалы аурулары бар. Олардың көбі сол себепті жан тапсырып жатты. Көз алдымда қариялар кетіп жатыр. Қариялар өмірден өтіп бара жатқанда өмірдің тәттілігін айтып, шүкір етіп, мұсылман болған соң тілдерін кәлимаға келтіріп кете барды. Тек қарттар емес, жастау кісілер де ажал құшты. Италиядағы жағдайды теледидардан көріп, таң қалған едік. Соған ұқсас жағдай басымызға түскенде, қандай қиын кезеңде екенімізді түсіндім. Қазір Созақ ауданында жағдай тұрақтылық деңгейіне өтті. Провизорлық стационарларда науқас азайғанымен, реанимацияда жатқан халі нашар науқастар әлі де көп. Қабылдау бөлімі мен жедел-жәрдемдегі әріптестерімнің айтуынша, қазір күніне түсетін науқастардың саны 60%-ға азайған. Бұрын күніне 60 – тан көп адам келетін болса, қазір тәулігіне 20-дан аса адам келеді екен. Әрине, бұған біз ерекше қуанамыз. Созақ ауданында оттегі консентраторлары жеткілікті болды. Науқастардың барлығы дер кезінде өкпенің жедел тыныс беру аппаратына (ИВЛ) қосылды. Бірақ одан да көп болғанда ғой деп оқталып қалған күндеріміздің болғанын жасырмаймын. Өйткені ауыр науқастардың саны күрт артқан кезде бәрі осы аппараттарға зәру болды. Аурухана бір орталықтан оттегімен қамтамасыз ететін болғандықтан, сол бір нүктеден әр палатаға 2-3 Баброва аппараттары арқылы жіберіліп отырды. Ғаламторда дәрі-дәрмектің тапшылығы туралы көп жазылды ғой. Бірақ біздің ауданда антибиотиктер де, антикоагулянттар да жіткілікті болды. Бірде бір науқасқа дәрінің атын жазып беріп, іздеп тауып кел деп жіберіп көрген жоқпыз. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету толығымен аурухана тарапынан болды. Мен осыған қатты қуандым», - деп ағынан жарылды Созақ аудандық ауруханасының реаниматолог-анестизиолог дәрігер.

 Тұрғындар үшін емхана кез келген уақытта ашық – Нұр-Сұлтан қаласы 11 емхананың бөлім меңгерушісі

Айдана Аязбек – Астана медициналық университетінің 2015 жылғы түлегі. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан қалалық 11 емханада жалпы тәжірибелі дәрігерлер бөлімшесінің меңгерушісі. Оның айтуынша, емхана қызметкерлері демалыссыз науқастармен жұмыс істеп жатыр.

айд.jpg

«Осы жылдың наурыз айынан бастап жұмысым күрт өзгерді. Онлайн консультация беру бұрын-соңды болғанымен, індет кезіндегідей қолданылмады. Біз-дәрігерлер жеке өмір дегенді ұмыттық. Әрине бәрі уақытша. Қазір бәрінен маңыздысы – ұлт саулығы. Таңертең ерте жұмысқа келіп, ғаламтор байланысымен тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп отырмыз. Біз азбыз, кеңес алушылар көп. Бәрінің жағдайына дер кезінде көңіл бөлуіміз қажет. Онлайн қызметтен бөлек, қабылдау бөлімі мен науқастардың үйлеріне шығу да қатар жүреді. Бұдан басқа шартты түрдегі жұмыстарымыз бар: мүгедек жандардың анықтамалары, оларды қабылдау, қант диабеті ауруларымен ауыратын науқастарымызды бақылауда ұстау, т.б. Кейде алдымызға өкпесі қабынып, ауруын асқындырып алған науқастар келеді. Біз осындай кезде бәрін тастап, халі ауыр науқасқа қатысты жылдам шешім қабылдауымыз керек. Жедел-жәрдемді емханаға шақырып, сол жерден инфекциялық ауруханаға жіберетін жағдайлар болды. Бір қуанатыным, мен бетпе-бет келген пневмония және коронавируспен ауырған науқастардың бәрі емделіп шығып, үйлеріне оралды. Олардың ішінде өкпе қабынуы 75-85%-ға дейін кеткен өте ауыр науқастар да бар еді. Әріптестерімнің бәріне алғысым шексіз. Ештеңеден қорықпай, халыққа қызмет етіп жатыр. Біз онлайн кеңес беруден гөрі үйлерге көп шығамыз. Күн сайын жас медбикелер, үлкен профессорлар қайтыс болып жатқанын естідік. Әрине, өміріміз үшін алаңдадық, бірақ таңдаған мамандығымызға адалдық бәрінен биік деп ойлаймын. Өзім дене қызуым көтеріліп, аллергия алқымымнан алып тұрса да, жұмыста жүрдім. Өйткені, дәрігерлер жеткіліксіз. Біз күн сайын дүйсенбіден жексенбіге дейін сағат таңғы 8-ден кешкі 8-ге дейін жұмыс жасаймыз. Провизорлы стационарда мобильді топта жұмыс жасап жатырмын. Видеобайланыс арқылы науқаспен тілдесіп, егер ентікпесін байқасақ, дереу үйіне барып, сынама алып, әрекетке көшеміз. Соңғы екі аптада пневмония ауруына шалдыққандар азайып келеді. Өткен айда күніне 70 науқастан пневмония анықталатын еді. Қазір күніне 16-17 науқас түсіп жатыр. Біздің стационарда дәрі-дәрмек те, өкпе желдету аппараттары да жеткілікті. Амбулаториялық емдеу кезінде барлық дәрі-дәрмек науқастарға тегін беріледі. Жалғызбасты жандарға біздің медбикелер дәрі апарып беріп жатыр. Мен қазақ халқына ризашылығымды білдіргім келеді. Біз осы індет кезінде елдің ыстық ықыласын сезініп, қарттардың ақ батасын күн сайын алып жатырмыз. Сәл ауырсынып тұрған халыққа айтарым, емханалар кез келген уақытты жұмыс істейді. Қазір басшылық байланыстың барлық түрін іске қосқан. Whatsupp арқылы жазуға да болады. Біз, дәрігерлер, әрқашан байланыста екенімізді жеткізгім келеді. Тек ауруды асқындырып, үйден өз бетінше ем жасап, уақыт өткізіп алмаңыздаршы», - деп үндеу жасады қалалық емхананың бөлім меңгерушісі.

 Жағдай жақсарып келеді – инфекционист дәрігер

Ходжаназарова Жадырасын – Астана медециналық университетінің түлегі, Жұқпалы аурулар бойынша резидентура оқыған. Қазір 3 қалалаық балалар ауруханасында инфекционист дәрігер.

жад.jpg

«Дәрігерлерде қазір бәрі бұрынғыдай емес. Жұмыс тым қауырт болып кетті. Мен өзімнің кішкентай баламды үш айдан бері көрмедім. Қызылорда облысында тұратын әжесі алып кетті. Менің қазіргі бар жұмысым, ол – коронавирус жұқпалы дертімен күресу. Науқастармен әр түрлі жағдайларды бастан өткіздік. Бастапқыда науқастардың клиникалық жағдайы жеңіл кезінде кейбір тым эмоционалды адамдар бұл диагнозды қабылдай алмай, өздерін науқас деп есептеуден бас тартып, айқай-шу шығаратын. Оқшауланудың, шектеу шараларының маңыздылығын көбі түсінбеді. Басында осындай жағдайларға байланысты дәрігерлерге психологялық жағынан ауыр болды. Бірте-бірте науқастардың клиникалық жағдайлары күрделене түсті. Бір күнде 100 науқасқа дейін қабылдап, стационарға жатқызған кезіміз болды. Ару ушыққан кезде науқастар бәрін түсініп, дәрігерлерді тыңдайтын болды. Адамдар орташа ауырлықпен келіп, 1 сағаттың ішінде ентігіп, ауа жетпей қиналып жататын. Ауру өкпеге түссе, тез дамиды. Дәрігерлердің осы кезде әр әрекеті мен секунды маңызды. Алғаш рет науқас көз алдымда жүріп кеткенде, қатты күйзелдім. Бірнеше аптаға дейін нәр татпадым, қайтыс болған науқас көз алдымнан кетпеді. Қазір сол қиын күндер бірте-бірте артта қалып келе жатқан сияқты. Себебі, жағдай тұрақталып келеді. Бізге түсетін науқастар біршама азайды. Осылай мына індеттен толық құтыламыз деген сенімдемін», - деді дәрігер инфекционист.

 Бір оттегі баллоны – бір адамның өмірі – ерікті волонтер

Мира Есниязова, Атырау облысы ауруханасында ерікті волонтер болып жүр. Волонтерлердің басты жұмысы – оттегі баллонын жеткізу. Оның айтуынша, қиналып жатқан науқастарды көргенде қатты күйзелген. Ол өзінің facebook желісіндегі парақшасында волонтерлік күнделігін жазып жүр.

44ee367ad25c8fce03a2cdda5da207d4-576x1024.jpg

 «Иә, қазіргі уақытта пневмония немесе коронавируспен ауырып жатқан науқастардың көздеріне кислород толтырылған баллон өмір сыйлайтын періштедей көрініп тұрғаны айтпаса да хақ. Тіпті кейбір науқастар бір баллонның өзіне қанағат тұтпай, іштей аласұрып жатқан кезде, ішіндегі ауасы бітіп қалса келесісі бола ма, жоқ па деп уайым шекпес үшін кейбіреулерге тіпті қосымша тағы бір баллонды көзіне көрініп көңілі тыншысын деп қасына қойып жатқан кезде, қасында жатқан 2-3 науқас: "Айналайындар, менің де ентігіп демалуым қиындап бара жатыр" дегенін естіген бойда, әлгі 2 баллонды иемденген науқастың түрі бірден бозарып, оларға білдіртпей қолын сілтелеп "Менікіне тиіспеңдерші, иәә?!", - деп сыбырлай жалына қараған жанарына қарап шыбын жанның қаншалықты тәтті, бір жұтым ауаның қаншалықты қадірлі екенін сезінеді екенсің. Біз уақыт тығыз екенін білеміз, бір оттегі баллоны – бір адамның өмірі», - деп жазған ерікті Мира Есниязова.

   Фото: кейіпкерлер ұсынды

Барлық жаңалықтар