• Басты
  • Қазақстан бірқатар мемлекетке рейстер санын арттырмақ

Қазақстан бірқатар мемлекетке рейстер санын арттырмақ

25 Ақпан, 2021 11:25

Қазақстан Түркияға, Өзбекстанға, Қырғызстанға және Украинаға рейстер санын арттырады, деп хабарлады ҚР ИИДМ баспасөз қызметі. 

2021 жылы 24 ақпаннан бастап Қазақстан Түркістаннан Ыстамбұлға халықаралық рейстер ашады. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстандық әуе компаниялары ("Эйр Астана" және SCAT) бұл бағытта аптасына төрт рейс орындайды. Тиісті шешім эпидемиологиялық жағдайдың өзгеруіне және Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның шешіміне байланысты қабылданған.

Аталған шешімге сәйкес, Өзбекстан, Қырғызстан және Украинаға келесі бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайтуға рұқсат етілді:

Алматы-Ташкент-Алматы: аптасына 4-тен 8 рейске дейін ("Эйр Астана" мен Uzbekistan Airways 2 рейсі қосылады);

Алматы-Бішкек-Алматы: аптасына 3-тен 5 рейске дейін ("Эйр Астана" 2 рейсі қосылады);

Алматы-Киев-Алматы: аптасына 1-ден 2 рейске дейін ("Эйр Астана"1 рейсі қосылады).

Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компанияларының сайттарында жарияланған кестеге сәйкес орындалады.

Барлық жаңалықтар