• Басты
  • Қазақстан Қарулы күштеріне 28 жыл
7 Мамыр, 2020 10:28

Қазақстан Қарулы күштеріне 28 жыл

Биыл 7 мамырда ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 28 жыл толады. Бұл күн қазақстандықтардың ерлік дәстүрін, отанға деген сүйіспеншілігі мен қалтқысыз қызмет ету, оны қорғау мен тәуелсіздігін сақтау абыройлы міндетін көрсетеді.
Қазақстан Қарулы күштеріне 28 жыл

Қарулы күштері мен қорғанысының тарихы мыңжылдықтарға тереңдейтін қазақ халқының әскери салаға деген құрметі ерекше. Өйткені, халықтың тарихи жадында аңыз-әфсана, жыр-термелер арқылы ел қорғаған батырлар, дала шайқасының озық үлгісін көрсеткен қолбасшылардың тұлғасы мен бейнесі сақталып қалған. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, кейінгі «қара қазан, сары бала қамы үшін» жоңғар-қалмақпен шайқасқан Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай батырлар, 20 ғасырдың басындағы Кейкі мерген, Ұзақ Саурықұлы, Жәмеңке Мәмбетұлы, Бекболат Әшекеевтер патша үкіметінің жазалау отрядтарымен асқан ерлікпен айқасты. Тіпті, жаңадан құрылған Алашорда үкіметінің де өз әскерін құруға ұмтылғанын білеміз. Заманауи қорғаныс күштерінің стандарты мен тың технологияларына қарамастан, әр халықтың географиялық орналасуы мен шаруашылығына байланысты өзінің қару-жарағы, әскери тактикасы, барлау қызметі, әскердің құрылымдық жүйесі қалыптасқан. Тарихи деректерден ерте ғасырдағы көшпелі сақ, ғұн, ортағасырдағы Түрік, Қыпшақ мемлекеттерінің, Алтын Орда, Қазақ хандығы жауынгерлерінің Еуразия жазығындағы табиғи-климаттық жағдайға, жазықты-қыратты жерлеріне бейімділігі, партизандық соғыс, шайқасу ғана емес, стратегиялық басқару әдістерін де меңгергендігін көруге болады.

Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті» мен «Ұлы Даладағы ежелгі металлургия» бөлімдері Қыпшақ даласында қорғаныс саласының кемшін болмағандығын көрсетеді. Өйткені, атқа міну мәдениеті тек мал шаруашылығына қажеттіліктен емес, сол жайылымдар мен алып территорияны қорғау мақсатынан дамып отырды. Мақалада айтылғандай, атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Ат үстінде жүргенде ыңғайлы болуы үшін бабаларымыз алғаш рет киімді үстіңгі және астыңғы деп екіге бөлді. Осылайша кәдімгі шалбардың алғашқы нұсқасы пайда болды

 Атты әскердің қылышты қолданып, найзаны ат үстінде нық ұстауы, садақ тартуы үшін саптама етіктің, өкшелі аяқ-киімнің болуы қажет еді. Осылайша қазақ жауынгерінің формасы, ат-әбзелдері, қару-жарақтары қалыптасты. Металлургия мен қолөнердің дамуы дала жағдайында да айбалта, қылыш, қанжар, ысқырма жебе, шоқпар, найза және тағы басқа керек-жарақты шығарып жатты. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әскери жетістіктерінде осындай тарихи бастаулары маңызды орын алып келеді. Әсіресе, жас жауынгерлер мен азаматтарды патриоттық рухта тәрбиелеуде өзекті болмақ.

1941-1945 жж. дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн. 200-400 мың адам аттанған. 600 мыңға жуық отандасымыз соғыстан оралмаған. Ресейлік деректерде 126 мыңға жауық қазақ жауынгері қаза тапқан делінеді. Майдандағы ерлігі үшін 499 қазақстандыққа Кеңес Одағының батыры атағы берілген, оның 99-ы – этникалық қазақтар. Қан майданда ерекше ерлік пен жанкештілік көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсеновтер жауынгерлік рухтың жалғасын көрсетті. Сондықтан Қазақстан қарулы күштерінің тарихи негізі мен ерлік дәстүрі терең деп айтамыз.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен дербес қорғаныс күштері құрылды. Осы жарлық бойынша Қазақстан аумағындағы қарулы күштер мен олардың мүлкі елдің юрисдикциясына өткізілді. Дәл осы күні ҚР Мемлекеттік қорғаныс комитеті «ҚР Қорғаныс министрлігі» болып ауыстырылып, генерал-полковник С.Нұрмағамбетов тұңғыш министр болып тағайындалды. ҚР қорғанысы және қарулы күштері туралы заңына сәйкес, ҚР Президентi ҚР Күштерiнің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады. Сонымен қоса, ҚР Əскери доктринасын, Қарулы Күштердің, басқа да əскерлер мен əскери құрылымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасын, сондай-ақ əскери қауіпсіздік жəне қорғаныс мəселелері жөніндегі тұжырымдамаларды бекiтеді.  1992-1998 жылдары қарулы күштерде құрылымдық өзгерістер болса, 1999 жылдан бастап толыққанды реформа басталды. КСРО-ның ыдырауы нәтижесінде офицерлердің 40-45 пайызы ғана жұмыс орнында қалды, мемлекет алдында маман-кадрларды сақтап қалу, жауынгерлік дайындықты реттеу, әскери бөлімдер мен қызметшілердің әлеуметтік жағдайы, әскери институттардың жұмысын қалпына келтіру міндеттері тұрды. Сол уақыттан бері елімізде он рет Қорғаныс министрлігінің басшылығы ауысып, аталған сала нормативтік-құқықтық, материалдық-базалық даму кезеңдерінен өтті.

ҚР Президенті, Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы Қ.Тоқаев бүгінде еліміздің қарулы күштерін уақыт талабына сәйкес реформалау міндеттерін қойды. Әсіресе, 2019 жылғы Түркістан облысының Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан кейін ел әскерінің ахуалы мен перспективалары жіті қадағаланып отыр. Құрлықтағы, әуе қорғанысы және әскери-теңіз күштерінің заманауи жабдықталуы, қауіп-қатерге жедел жауап бере білуі, жауынгерлер мен басшылықтың сапалық құрамын нығайту – уақыт талабы. Ұлттық армияны эффективті және заманауи қару-жарақпен жабдықтау, әскери білімнің сапасын арттыру, халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты нығайту, оқ-дәрі қоймаларының инфрақұрылымын жетілдіру туралы Президент тарапынан жиі айтылады. Қ.Тоқаевпен кездесуде Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев министрліктің, бас штабтың, әскери басқарманың жергілікті органдарының 300-ден аса штаттық бірлігін оңтайландыру нәтижесінде, 2020 жылдан бастап жыл сайынғы бюджеттен 450 млн теңге қаражат үнемделетінін айтқан еді. Сарапшылардың дерегінше, Қазақстанда 132 мыңнан астам әскерилер қызмет етеді. Әлемдік Global Firepower әскери қуат ретингісінде Қазақстан 62 орын алады. Жалпы, Қазақстан әскери құрылысы жөнінен Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттердің бірі.

Әскери салаға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау тұрақты түрде көрсетілуде. Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша 2020-2022 жылдардағы қорғаныс бюджеті 961 миллиард теңге екен. Оның ішінде 2020 жылы 331,9 миллиард теңге осы салаға бөлініп, 313,6 миллиард теңге Қорғаныс күштерін қамтамасыз етуге, ал 18,3 миллиард теңге – кадрлық потенциал мен медициналық қамтуға жұмсалады.

Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің халықаралық ынтымақтастық аясы кең. ҚР Қорғаныс министрлігі мен басшылық құрамы ТМД, ҰҚШҰ, ШЫҰ бойынша ықпалдастығын дамытып келеді. Оның мақсаты – әскери коалиция құрып, қандайда бір ұйымға немесе мемлекетке қарсы бірлескен әскери шабуыл жүргізу емес, халықаралық ұйым кеңістігінде тұрақтылық пен шекара мызғымастығын, экстремистік-радикалды күштердің таралмауын қамтамасыз ету. Соның бірі – ТМД-ға мүше-мемлекеттердің қорғаныс министрлерінің кеңесі 1992 жылы 14 ақпанда ТМД мемлекет басшыларының шешімімен құрылды. Осы шешімге Қазақстан, Армения, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары қол қойды. 1993 жылы 22 қаңтарда оған Қырғызстан қосылды. Кеңестің негізгі міндеттері:

-                 ТМД мүше-мемлекеттерінің әскери ынтымақтастығын үйлестіру;

-                 Мүше елдердің әскери саясаты мен әскери құрылысқа қатысты концептуалдық ұстанымдарын қарастыру;

-                 Әскери қақтығыстардың алдын-алу бойынша ТМД елдеріне ұсынымдар дайындау. Кеңестің қарамағында әртүрлі шағын кеңестер мен комитеттер жұмыс істейді. Қазақстан тарапы кеңестің консультативтік, ұжымдық бастамаларына өз үлесін қосып келеді.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты 1992 жылы 15 мамырда Ташкентте бекітілді. Оған Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары қол қойды. Кейін 1993 жылы Әзірбайжан, Белоруссия және Грузия қосылды. Осы Шарттың 4 бабында «Егер қатысушы мемлекеттердің біріне басқа мемлекет немесе мемлекеттер тобы жағынан агрессия жасалатын болса, онда ол Шартқа мүше-елдердің барлығына жасалған агрессия ретінде қарастырылады» деп жазылған. Яғни, кез-келген мүше-мемлекетке агрессия жасалатын болса, басқа мүше елдер оған қажетті әскери және гуманитарлық көмек көрсетеді. 2002 жылы 14 мамырда Ұжымдық қауіпсіздік Кеңесі Ұжымдық қауіпсіздік Шартына халықаралық аймақтық ұйым мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Аталған ұйым аясында Қорғаныс министрлерінің кеңесі жұмыс істеп келеді. Ұйым шеңберіндегі әскери ынтымақтастық мүше-елдердің ұжымдық және ұлттық қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге арналған. ҰҚШҰ әскери потенциалына Жедел іс-қимыл ұжымдық күштері, аймақтық қарулы күштердің топтары, Ұжымдық авиациялық және бітімгерлік күштері жатады.

2001 жылы Орталық Азия аумағындағы жедел іс-қимыл жүргізу ұжымдық күштері құрылды. ҰҚШҰ Бітімгерлік күштерінің құрамында мүше-елдердің 3000 әскери қызметкері мен 600 ішкі істер органдарының қызметкерлері бар. Кеңес аясында мүше-елдер әскери-техникалық, әскери-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі. Осы жұмыстарға ҚР ҚМ белсенді қатысып келеді. (https://odkb-csto.org/25years/) Дегенмен, Қазақстанның бітімгерлік миссиясы тек осы ұйымдардың шеңберінде емес, БҰҰ аясында да осындай операцияларға қатысып келеді. Қорғаныс министрлігінің бітімгерлік миссия мүшелері 2003-2018 жж. аралығында бірқатар Таяу Шығыс және Африка елдерінде болды.

 


Миссияның атауы

Қамтыған кезеңі

Елдің атауы

Әскердің саны

1

Ирактағы бітімгершілік миссиясы

2003 - 2009 жж.

Ирак

300 адамға дейін

2

Батыс Сахарадағы референдум өткізу бойынша БҰҰ бітімгершілік миссиясы

2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін

Батыс Сахара

20 адам (6 адам миссияда)

3

Кот-д’Ивуардағы БҰҰ операциясы (миссия аяқталды)

2014 - 2016 жж.

Кот-д’Ивуаре

3 адам

4

Ливандағы БҰҰ уақытша күштерінің миссиясы

2018 жылдан қазіргі уақытқа дейін

Ливан

240 адамнан жоғары (123 адам миссияда)


ҚР Қорғаныс күштерінің бітімгерлік қызметі / https://data.egov.kz/datasets/view?index=kazakstan_respublikasy_karuly_2

 

ШЫҰ Қорғаныс министрлерінің кеңесі 2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясының 4 және 8 бабына сәйкес, осы ұйымның органы болып саналады. Кеңестің негізгі мақсаты мен міндеттері – әскери салада сенімді байланыс орнату, бейбітшілікті, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті орнатуға ықпалдасу, ШЫҰ шеңберінде аймақтық жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимылды үйлестіру. Жұмыс бағыттары – терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы іс-шараларға қатысу, ШЫҰ аймақтық терроризмге қарсы құрылымымен ықпалдасу, БҰҰ аясында әскери контингентті дайындау және қолдану бойынша тәжірибе алмасу, басқа да халықаралық ұйымдармен бірлескен әскери оқу-жаттығулар өткізу.(http://rus.sectsco.org/structure/20190715/564877.html) Қазақстан бастамашысы болған ШЫҰ жыл өткен сайын халықаралық беделі артып, оның қорғаныс бағытының оқу-жаттығу, тәжірибе алмасу жұмыстары нығайып келеді.

  принт2.jpg 

ШЫҰ Қорғаныс министрлерінің Кеңесі 30.04.2019 / https://odkb-csto.org

Еліміздің Қарулы күштері – өзінің тікелей міндетінен бөлек, жастарды отаншылдық рухта, мемлекетшілдік санада тәрбиелеудің үлкен ортасы. Қазақстандағы әскери мектептер мен жоғары оқу орындарында салауатты өмір салтын ұстанатын, әскери тәртіпті меңгерген, білімді және жаңа технологияны игеретін курсанттар мен офицерлер дайындалуда. Қазір Қарулы күштердің даму перспективасына сай әскери кадрларды дайындаудың ұлттық жүйесі қалыптасты. Жыл сайын 3 мыңнан астам азамат әскери оқу орындары мен кадет корпусына оқуға құжат тапсырады. Уақыт сұранысына сәйкес 2018 жылы алғаш рет «Аударма және аударма ісі», «Геоақпараттық картография», «Желілер және ғарыштық кешендердің байланыс жүйесі» және «Киберқауіпсіздік» мамандықтары бойынша оқу орындарына әйел азаматтар қабылданды. Сонымен қоса, барлық ЖОО жанында әскери кафедралар алғашқы әскери дайындықтың, Отан алдындағы борышын өтеудің міндетін жастардың санасына сіңіріп келеді. Қорғаныс министрлігі мен қалалық қорғаныс департаменттері, әскери бөлімшелер оқу орындары, қоғамық ұйымдармен бірлесіп жыл сайынғы «Жас сарбаз» әскери-патриоттық іс-шараларын, «Айбын» жастар патриоттық жиынын, «Ақ найза» спорттық ойындар жарысы, өнер фестивальдерін тұрақты түрде өткізеді. Рухани тәрбие беру мақсатында Отан соғысы, Ауған соғысы ардагерлері және үздік әскери қызметшілер жастармен кездесу ұйымдастырып тұратынын білеміз.

   

 

Іс-шараның атауы

Қатысушылар

Қатысушы саны

Өту орны мен уақыты

1

ҚР Қорғаныс министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және «Жас Сарбаз» қозғалысы арасындағы азаматтардың әскери-патриоттық тәрбие саласындағы ынтымақтастық және өзара іс-қимыл меморандумның қол қоюы

ҚР Қорғаныс министрінің, Нұр-Сұлтан қ. әкімінің қатысуы

300

1 ақпан, ҚР ҚК ҰӘПО

2

«Айбын» жастар әскери-патриоттық жастар жиыны

ҚР Президенті-ҚК Жоғарғы Бас Қолбасшы Қ.К. Тоқаев

570

17-22 маусым

3

«Жас сарбаз» балалар студиясының тәрбиеленушілерінің «Жас Сарбаз» тәрбиеленушілерің қатарына кіру рәсімі

ҚР ҚК Бас штабы бастығы орынбасарының қатысуы

170

2 қараша, ҚР ҚК ҰӘПО

4

«Ел тірегі» республикалық акция

ҚР ҚК Бас штабы бастығы орынбасарының қатысуы

1600

2 қараша - (Көкшетау қ.), 13 қараша - (Аягөз қ.), 17 қараша - (Сарыөзек қүа.), 18 қараша - (Талдықорған қ.)

5

«Жас Сарбаз» әскери-патриоттық әндер фестивалі

ҚР ҚК Бас штабы бастығының қатысуы

300

26-28 қараша, ҚР ҚК ҰӘПО

6

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Кубогы үшін қоян-қолтық және армия жекпе-жегінен V халықаралық турнирі

ҚР Қорғаныс министрінің, ҚР ҚК Бас штабы бастығының, ҚР ҚК Бас штабы бастығы орынбасарының қатысуы

300

28-30 қараша, "Жекпе-жек" спорт сарайы, Нұр-Сұлтна қ.


ҚР Қорғаныс министрлігі жыл сайын өткізетін патриоттық іс-шаралар / https://data.egov.kz/datasets/govagencies?govAgencyId=AVHtCsLDNUjQC95Q0foB

 

28 жылдық дамудан өткен еліміздің Қарулы Күш­тері жау­ынгерлік даярлықтың жоғары дәрежесімен, сапалы жұмылдыру резерві, әс­ке­ри оқу орындары жүйе­сі және тиісті мате­риал­дық-техни­калық базасымен ерекшеленеді. Отандық әскери қызметкерлер жоғары кәсіби дайындық, икемділік және жедел жауын­гер­лік қызмет үлгісін көрсетіп келеді. Әрине, осы аралықта басшылықтың өз лауазымын асыра пайдалануы, жемқорлық фактілері, әскери борышын өтеп жүрген жас сарбаздардың өлімі, ұшақтардың құлауы, Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасының жарылуы сынды қатерлі жағдайларды атамау мүмкін емес. Бастысы, жауапты ведомство олқылықтың орнын толтыру үшін дер кезінде тиісті шешімдер қабылдап отыр. 2020 жылғы Covid-19 пандемиясымен күресте еліміздің әскері және әскери-медициналық қызметкерлер ел қауіпсіздігін сақтау, тазалық жұмыстарын жүргізу, түрлі апаттың салдарымен күресте алдыңғы шепте тұрады. Тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштері материалдық-техникалық базасы жасақталған, ықшам әрі мобильді, халықаралық ықпалдастыққа ашық, қоғамдық жауапкершілігі де жоғары заманауи құрылым деуге толық негіз бар.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды