• Басты
  • Қазақстан архивтеріндегі өзекті мәселелер

Қазақстан архивтеріндегі өзекті мәселелер

9 Тамыз, 2021 10:57

2018 жылғы 21 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада қазақ халқының тарихындағы үздік тұстарға тұқталып, оны бүгінгі заманның құндылықтарына айналдыру, оларды жаңа деңгейге шығарып, зерттеп-зерделеу туралы ұсынымдар жазылды.

Әсіресе арнайы «Архив – 2025» жеті жылдық бағдарламасын әзірлеп, оны іске асыру туралы ойлар, еліміз бен шет мемлекеттердің архивтерінде сақталған төл тарихымызға қатысты құнды деректерді жинақтау, оларды ғылыми айналымға енгізу және оны ұлттық идеяны қалыптастыру ісінде пайдалану сынды ойлар бүгінгі заманның көкейкесті мәселесі деуге болады. Осы орайда, еліміздегі білікті маман тарихшылар, деректанушы ғалымдар және мәдениет саласының білгірлерін жинап, Қазақстан тарихына қатысты деректер жинақталған шетел архивтеріне жіберу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру бағдарламаның бір бағыты болса, екінші бағытта отандық архивтердің жұмысын жандандыру, құжаттарды цифрлық форматқа көшіру сияқты жұмыстар көделген.

Осы орайда, 2019 жылғы 20 желтоқсанда «Архив – 2025» жобасын іске асыру жөніндегі 2020 – 2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 953 қаулысы бекітілді. Жоспар жалпы 68 тармақ тұрады. Бекітілген іс-шаралар жоспарында келтірілген деректерге сүйенсек орталық және жергілікті деңгейде атқарылуы тиіс іс-шараларға республикалық бюджеттен 3 964,2 миллион, жергілікті бюджеттен 10 147,2 миллион, барлығы 14 111,4 миллион теңге қаражат жұмсау қарастырылған.

Жоспарда архивші, тарихшы және мәдениеттанушылар қатарынан ғылыми-іздестіру топтарын құру, отандық және шетелдік архивтерден, музейлерден, кітапханалардан және ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдардың көшірмелерін анықтау және сатып алу бойынша ғылыми іздеу-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, оларды ғылыми айналымға енгізу, тарихи құжаттарға негізделген ғылыми, танымдық зерттеулер, жинақтар, фотоальбомдарды басып шығару, конференциялар, семинарлар, көрмелер өткізу, әр түрлі тарихи тақырыптарда шығармашылық байқаулар ұйымдастыру, деректі фильмдер түсіру, архивтік құжаттарды цифрландыру, әр түрлі форматтағы құжаттарды цифрландыруға қажетті сканерлік аппараттар (А2+, А3, А4, А2, А0+ және т.б.) сатып алу, «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесінің шеңберінде зерттеушілерге архивтік құжаттарға кең қолжетімділік үшін веб-порталды іске қосу, архив құжаттарының заманауи талаптарға сәйкес келетін орынжайларда сақталуын қамтамасыз ету, қажет болған жағдайда жаңа ғимараттар салу немесе қолда бар ғимараттарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, құжаттардың қауіпсіздігі үшін сақтандыру қорын қалыптастыру, IT-технологияларды, архив ісінің экономикасын, оны басқаруды және менеджментін ескере отырып, архив ісі саласында жаңа форматтағы мамандар даярлауды жүзеге асыратын ЖОО-лардағы пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру, Үкіметтік деңгейде архив ісі саласындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімдер, меморандумдар, шарттар жасасу сияқты негізгі басым бағыттар айқын жазылған.

Архивтен елдің дамуына қатысты мол тарихи мәлімет алуға болады. Бірақ аталған деректердің қауіпсіздігі, уақыт өте келу тозып, жарамсыз күйге түспеуі үнемі күтім, желдету, қажетті температураны сақтау, өрт қауіпсіздігі сияқты шаралар қажет. Сонымен қатар соңғы жылдары «Цирфлы Қазақстан» және «Архив – 2025» мемлекеттік бағдарламалары аясында ел көлемінде жаппай қолға алынған архив құжаттарын цифрлық форматқа көшіру, құжаттармен жұмыс істеушілерге олардың электрондық нұсқасын ұсыну, генеологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу, архивті тек байырғы құжаттар сақталатын, ешкім бармайтын орынға емес, тарихи танымдық шаралар өтетін, туризм арқылы табыс тауыл ел қазынасына қаржы түсіретін орынға айналдыру бастамалары қолға алынуда.

Тарихи құжаттарды цифрландыру, архив ғимараттарын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету ең бірінші Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві, Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде қарқынды түрде басталса, өңірлік архивтерде әрбір жергілікті атқарушы органның қолдауына сәйкес түрлі деңгейде жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, мақаламызда атап өткеніміздей архив жұмысын жандандыру, генеологиялық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ ақылы қызмет көрсету арқылы архив қызметкерлерінің жалақысын көтеру, осы арқылы білікті мамандардың архивтерде тұрақты түрде жұмыс атқаруына мүмкіндік жасауға жол ашылуда. Бұған Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің осы салада қол жеткізген табыстарын мысал ретінде атап өтуге болады. Аталған мекеменің ресми сайтына өту арқылы ақылы қызмет түрлерін, бағаларын байқауға болады және бұл өзінің оң нәтижесін беріп келе жатқаны көңіл қуантады. Нарық экономикасы жағдайында ең консервативті деген архивтердің өзі мемлекеттік бюджеттен тыс қосымша қаражат тауып, оны қызметкерлерді көтермелеуге, жалпы архивтің дамуына жұмсағаны құптарлық үрдіс.

Сондай-ақ, елдегі архив ісі дамытуда әлі күнге шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселе бар. Енді осы проблемаларға қысқаша тоқтала кетейік.

Біріншіден, Қазақстанда көптеген архив құжаттары қорларының ғылыми айналымға енгізуде ұзақ жылдар бойы жабық, құпия күйінде сақталып, әлі күнге зерттеушілердің қолына берілмей келе жатқаны жиі көтеріліп келеді. Бұл әсіресе ХХ ғасырдың бірінші жартысында орын алған аштық, репрессия жылдарына қатысты материалдар деуге болады. Көп материалдың жабық болуы сол кездегі тарихи оқиғаларға объективті баға беру, нақты әрі толыққанды ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге едәуір кедергі келтіруде. Мәселен, саяси қуғын-сүргінге тап болған талай арыстарымыздың өткен өмірін, олардың шынайы тағдырын, сол кездері мемлекетте орын алған саяси-әлеуметтік картинаны жазуға сол кезге тән тарихи құжаттардың жабық болуы кері әсерін тигізіп отыр.

Тарихшы Алмас Жүнісбайдың бұл мәселе жөнінде мынадай пікірі бар: Осыдан 100 жыл бұрын кеңестік негіздегі тұңғыш Қазақ Республикасы бой көтерген соң құрыла бастаған отандық архив қызметі мен архив мекемелері 1991 жылға дейін кеңес билігі қылмыстарының құпиясын сақтауға өз септігін тигізді. «Құпия» грифтері бар құжаттарға ғана емес, әлеуетті ведомстволардың (ЧК-ГПУ-ОГПУ-НКВД-КГБ, прокуратура, сот, әскери органдар) архивтеріне, орталық және өңірлік архивтердегі арнайы қызмет органдарының тұтас қорларына, жоғары мемлекеттік билік орындарының және жекелеген салалық органдардың, түрлі мемлекеттік және үкіметтік комиссиялардың жүздеген тізбелері мен мыңдаған архив істеріне құлып салынды.

Сондықтан арнайы архивтердегі құжаттарға сараптама жүргізіп, оларды ғылыми айналымға енгізу бойынша нақты қадамдар жасалуы тиіс. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасымен 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия құрылды. Биыл Мемлекет басшысы биыл 31 мамыр Саяси қуған-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде жасаған үндеуінде «Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деген болатын.  Ал бұл комиссияның толыққанды жұмыс істеуі үшін аталған архив құжаттарының маман-зерттеушілер үшін ашық болғаны жөн.

Екіншіден, Қазақстанның қазіргі архивтерінің басым көпшілігі құжаттарға толы. Яғни, жаңа материалдарды топтастырып, архивке жинақтау әрбір өңірдің үлкен проблемасына айналып отыр. Өйткені қосымша құжаттарды қабылдайтын, сақтайтын орын тапшы. Бұл мемлекеттік бюджеттен қыруар қаржы бөлу арқылы әр өңірде толымдылығы жоғары ірі архив ғимараттарын салуды қажет етеді.

Сондай-ақ, қазіргі қолда бар архивтердің көпшілігінде жағдай сын көтермейді, құжаттардың көпшілігі тез тозып, жарамсыз күйге түсу қаупі бар. Сондықтан заманауни талаптарға сай келетін жаңа ғимараттардың көптеп бой көтергені абзал. Аталған ғимараттарда заманауи түрдегі көшірме, реставрация жасау құрылғылары, цифрлық форматқа көшірілген құжаттарды сақтайтын сыйымдылығы жоғары, яғни бірнеше террабайт материалды сыйғызатын аппараттары болғаны маңызды.

Үшіншіден, архивте жұмыс істейтін білікті мамандардың жалақысын көтеру, сапалы кадрлардың тез ауысып кетуінің алдын алу ең өзекті мәселенің бірі. Әлеуметтік қамсыздандыру, жалақы мәселесі толық шешілмей архивтерде жақсы мамандардың тұрақтап жұмыс істеуі қиын. Сондықтан барлық архивте ақылы қызмет түрлерін енгізіп, мемлекеттік бюджеттен де архив қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға (жалақы, баспана, бала бақшаға орналастыру және т.б.) көңіл бөлінгені абзал.

Төртіншіден, архив құжаттарымен жұмыс істейтін кәсіи мамандар дайындау, тарихи құжаттарды ғылыми айналымға енгізу мәселесі өзекті. Ол үшін құжаттарды толық цифрландырып, олардың ізденушілерге қолжетімді болуына жағдай жасау қажет. Сондай-ақ, архивте жұмыс істеуге берілетін рұқсаттаманы алу жолын оңтайландыру, архив ғимараттарында жұмыс істеуге жағдай жасау, архивтер мен тарихшы мамандар дайындайтын оқу орындары арасында ортақ әріптестік жібін қалыптастыру, өлкетанулық зерттеу жұмыстарын жандандыру сияқты әрекеттер тарихи құжаттардың жандануына, ғылыми әлеуетті дамытуға мүмкіндік береді.

Қорыта келгенде, ұзақ жылдар бойы архивтерге ерекше көңіл бөлінбегендіктен осы салада қордаланған мәселелер жеткілікті. Маман тарихшылар мен архившілердің пікірін ескере отырып, архив саласын жандандыру жұмыстары соңғы 4-5 жылда жаңаша қарқын алуда. Бұрын Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі құрамында болып келген Архив ісі департаменті биыл жыл басында аталған министрлік құрамындағы Комитетке айналды. Игі бастамалар жемісін беріп, архив саласы жанданатын күн алыс емес деп сенеміз.

Барлық жаңалықтар