• Басты
  • Қазақстанға келген шетел азаматтарына пандемияға байланысты қандай жеңілдік қарастырылды

Қазақстанға келген шетел азаматтарына пандемияға байланысты қандай жеңілдік қарастырылды

18 Қаңтар, 2021 12:36

Қазақстанға келетін шетелдіктердің елде қалу мерзімі ұзартылды. Мұның басты себебі – коронавирус пандемиясы, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.



Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің кезекті брифингінде Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары Сабыржан Сейітжанов көші-қондағы өзгерістер туралы айтты.

Ішкі істер министрлігі еліміздің көші-қон ахуалына мониторинг жүргізуді тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Бұл саладағы басты мақсат - шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтауын және рұқсат етілген мерзімде құжаттарына сәйкес елден шығарылуын қамтамасыз ету. Коронавирус пандемиясы Қазақстанға келетін шетел азаматтарының өмірі мен жоспарына түзетулер енгізді. Авиабилеттер құнының өсуі, транзиттік жол жүру үшін кейбір шекаралардың жабық болуы, басқа да көлік қатынастарының болмауы көптеген шетелдіктердің Қазақстаннан уақытында шығып кетуіне мүмкіндік бермей отыр. Осы жағдай ескеріліп шетел азаматтары үшін қолайлы жағдай жасалды.

«Қазақстанға келген шетелдік жолаушылардың «жол жүру құжаты, ықтиярхаты мен визаларының мерзімі өтіп кеткен жағдайда оларға айыппұл салынбайды немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Уақытша берілген құжаттардың жарамдылық мерзімі 2021 жылғы 5 маусымға дейін  аяқталса, шетелдіктер әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Оларға айыппұл төлемей-ақ елден шығуға рұқсат берілді», – деді Сабыржан Сейтжанов.

Мұның себебін Сейтжанов пандемияға байланысты тоқтаған ұшақтар қозғалысы мен шекаралардың жабылуымен байланыстырды.

«Коронавирус инфекциясына байланысты әуе рейстері біресе ұшып, біресе тоқтап қалып жатыр. Транзиттік жол жүру мен шекаралардың жабылуы да жолаушыларға қиындық туғызған. Мұндай мәселелер көптеген шетелдіктің Қазақстаннан арнайы мерзімде шығуына мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан елімізде инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермес үшін ведомствоаралық комиссия осындай шешім қабылдады. Бұл шара елімізде уақытша болатын шетелдіктердің мәртебесін заңдастыруға және Қазақстанда заңнаманы бұзуға жол бермеуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Жеңілдікте акцент арнайы азаматтар тобына берілген. Мәселен, отбасымен қосылуға келген шетел азаматтары, құжаттарының мерзімі аяқталған және жұмыс істеу үшін келген шетел азаматтары бұл жеңілдіктерді қолдана алады.

Комиссияның шешіміне сәйкес, жұмыс істеуге  рұқсаты бар немесе өздігінен жұмысқа тұруға арналған тиісті біліктілігі туралы жергілікті атқарушы орган берген анықтамасы бар азаматтарға виза, уақытша тұруға рұқсат қағазы елге келу мақсатын көрсетпей-ақ беріледі. ҚР аумағында отбасымен қосылу мақсатында жүрген және құжаттарды азаматтығының елінен ұсына алмайтындарға виза шетелдіктің және азаматтығы жоқ адамдардың елге кіруіне рұқсат етіледі. Егер құжаттардың мерзімі біткен жағдайда Қазақстан Республикасындағы шетелдік азаматтар құқықтық мәртебесін уақытылы реттестіру үшін көші-қон қызметіне жүгінуі керек.

Брифинг барысында ҚР ІІМ баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз аптаның негізгі жаңалықтарымен таныстырды.

- 15 қаңтарда Ақтау қаласы Полиция басқармасының “Жалын-1” жаяу патрульдік жасағының қызметкері Төребек Мамбетов белгіленген аймақты патрульдеу кезінде жол жиегінде бұзылған автокөлікті байқап, көмек көрсеткен. Патрульдік полицейлер көлікті жөндеуге қажетті құралдарды алдырып, орын алған келеңсіз жағдайды дер кезінде шешуге көмектесті. Көлікті қайта жүруге жарамды еткен полицейлерге риза болған автокөлік иесі оларға өз алғысын білдірді. Сонымен қоса, жүргізуші “Instagram” әлеуметтік желісіндегі Департаменттің парақшасына да алғысын жолдады.

- Нұр-Сұлтан қаласында ұрлық жасады деген күдікпен бұрын сотты болған 37 жастағы ер адам ұсталды. Қаскүнем елордадағы сауда үйлерінің біріндегі бутиктен бағасы 38 мың теңге тұратын төсек жапқышты жымқырып, кейін оны бейтаныс адамға сатып жіберген. Қазіргі таңда бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

- 2020 жылы ақмолалық полицейлер балаларды қорғауға арналған құрылғысы жоқ болса да балаларды тасымалдағаны үшін 1000-нан астам жүргізушіні жауапқа тартты. 2020 жылы облыс аумағында балалардың қатысуымен 109 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 144 бала түрлі дене жарақаттарын алғанын айта кету керек. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері азаматтардың автокөлік құралдарының салонында балаларды тасымалдау ережелерін сақтауын қадағалау бойынша іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді.

- Көкшетау қаласы тергеу изоляторының қызметкерлері аялдамаға дейінгі жолды қардан тазалап, жергілікті тұрғындарға көмек көрсетті. Қалың қар мен қарлы бораннан кейін қала шетінде орналасқан Ақмола облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторына жету мүмкіндігі азайған. Қаланың барлық коммуналдық қызметтері мен арнайы техника облыс орталығының бас көшелерін қардан тазартты.


Барлық жаңалықтар