• Басты
  • Қазақстанға келетін авиажолаушыларға қандай талаптар қойылады

Қазақстанға келетін авиажолаушыларға қандай талаптар қойылады

27 Қазан, 2020 17:45

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов Қазақстанға халықаралық авиарейстермен келетін жолаушылардың ПТР тест анықтамасының міндеттілігі жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, бұдан былай ПРТ сертификаты жоқ шетелдіктер ұшаққа отырғызылмайды. Сонымен қатар ол шетелден келген қазақстандықтарға қойылатын талаптар жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

6 қазаннан бастап Қазақстанға келген әуе жолаушылары арасында коронавирус жұқтырған 39 жағдай тіркелген. Жалпы, 6 қазаннан бастап ПТР сертификаттарына шектеу шаралары енгізілгеннен бастап, халықаралық рейстермен 44 834 жолаушы келді Қазақстанға. Сертификаты бар азаматтардың 84 пайызы шетелден келгендер. 7540 жолаушыда сертификат болған жоқ, сондықтан карантиндік ауруханаларға ПТР анализі үшін екі күнге жатқызылды. Сол 7540 жолаушының ішіндегі 39 азаматтан коронавирус инфекциясы бары анықталған.

Оның сөзіне сүйенсек, жолаушылар екі күн бойына карантинге Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Оралда, Ақтөбеде, Қарағандыда, Атырауда және Ақтауда жатқызылады. Депортацияланған шетелдік азаматтарға келетін болсақ, 6 қазандағы қаулы талаптарын ескере отырып, ПТР сертификаты жоқ шетелдік азаматтардың ұшаққа мінуіне тыйым салынды.

«Осылайша, 31 шетелдік азамат елден шығарылды. Олардың арасында Ресей Федерациясы, Украина, Беларуссия, Ұлыбритания, Түркия, Германия азаматтары болған», - деді Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер.

Осы орайда, Сәдуақас Байғабылов ПТР сертификаты жоқ шетелдіктер неге депортацияланатынын, оларға неліктен сынама тапсыруға рұқсат берілмейтінін, сонымен қатар Қазақстанда неге карантинге жатқызылмайтынын атап өтті. Оның сөзінше, Қазақстанға келген шетелдіктерге ұшу әуежайынан тест тапсыру аса қиын емес. Өйткені, әуежайларда ПТР талдауын жүргізетін арнайы ұйымдар мен мекемелер жоқ. Егер шетелдік коронавирус жұқтырған болса, онда әуежайда 6-8 сағаттан артық уақыт нәтижені күтуі тиіс. Ал әуежайлар жолаушыларды үй-жаймен қамтамасыз етпейді. Сондықтан, Сәдуақас Байғабыловтың пікірінше, ұшаққа мінер алдында коронавирусқа тест тапсырып, теріс нәтижемен әуе кемесіне отыру керек.

Сонымен қатар ол бұған дейін экипаж мүшелері арасынан коронавирус жұқтырғандар анықталмағанын атап өтті. Оның айтуынша, экипаж мүшелері осы уақытқа дейін ПТР тест тапсырудан босатылған, себебі олар ауысым алдында контактісіз термометриядан өтеді.

Сондай-ақ оның сөзіне сүйенсек, олар тек артық температуралары болса ғана ПТР тест тапсырады.

«Қазіргі таңда 39 жаңадан тіркелген жағдайдың ішенде экипаж мүшелері жоқ», - деді ол.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің айтуынша, көбінесе демалыстан келген қазақстандықтардан коронавирус анықталуда. Мониторинг бойынша, екі күндік карантинге жатқызылған барлық жолаушы демалыстан келген. Мәселен, Түркия немесе БАӘ. Ал оның дерегіне сүйенсек, іссапардан келгендер мен студенттерде ПТР тестілеу сертификаты болады.

Еске салайық, Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша, биыл 26 ​​қазаннан бастап халықаралық әуе тасымалын жүзеге асыратын авиакомпанияларға ПТР сынақтарының нәтижелері туралы анықтамасы жоқ шетелдік жолаушыларды отырғызуға тыйым салынды.

Барлық жаңалықтар