• Басты
  • Қайрат Мәми «Ата Заң» туралы жинақтар мен пошта маркаларын таныстырды

Қайрат Мәми «Ата Заң» туралы жинақтар мен пошта маркаларын таныстырды

25 Тамыз, 2020 12:58

30 тамыз - ҚР КОнституциясына 25 жыл. Заң апталығы аясында «Жыр арқауы – Ата Заң» шығармалар жинағының, «Бала өрген Ата Заң» балалар суреттері мен эсселер жинағының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық пошта маркасы таныстырылды, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

 

Іс-шараны Республиканың Конституциялық Кеңесімен, Білім және ғылым министрлігімен, Қазақстан Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалымен және «Қазпочта» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды.

 Шараға ҚР Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми модераторлық етті. Оның айтуынша, кез келген елдің Ата Заңы бір күнде пайда болмайды. Біздің бүгінгі қолданысымыздағы Ата Заң – Тәуке ханның жеті жарғысы, Қасым ханның қасқа жол, Есім ханның ескі жолының лайықты жалғасы.

Өлеңге жаны құмар жандардың өлеңдерін жинап, «Жыр арқауы – Ата Заң арқауы» жинағын жарыққа шығардық. Авторлар қатарында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтан бастап, қазіргі заманның белгілі ақындары Оразақын Асқар, Серік Ақсұңқарұлы, Нұрлан Мәукенұлы, Қадырбек Құныпияұлы, Әлия Дәулетбаева, Қалқаман Сарин және т.б. бар. Жыр жинағы екі бөлімнен тұрады: бірінші бөлім – «Ата Заңым – арым» деп аталады. Онда жердің тұтастығы, елдің бүтіндігі, елдің мұраты, ардың айнасы – Ата Заң туралы айтылады. Екінші бөлім – «Ұлы көшім Нұрлы жолға жалғасты» деген атпен қазіргі тәуелсіздік асқарына жету жолындағы айбарлы ата заңымыздың рөлін, ақиқаттың бұлжымайтын айнасы тура жолға бастайтынын суреттейді, - деді Қайрат Мәми.
«Бала өрген Ата Заң» балалар суреттерінің жинағына Конституциялық Кеңес пен Білім және ғылым министрлігі өткізген эссе байқауына және еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің оқушылары арасында Республиканың Конституциясына арналған қашықтықтан өткізілетін республикалық интернет-суреттер конкурсына қатысқан оқушылардың жеке қолжазбалары мен суреттері енгізілген.
Жинаққа енген суреттер мен жазбалардың қай-қайсысы да отансүйгіштігімен, шынайылығымен баурайды. Олар қазақстандықтарды береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа, ел болып үйісуге, жұрт болып жұмылуға шақырады. Жас ұрпақты қасиетті елімізді, ұлан-ғайыр жерімізді, тәуелсіздігімізді қорғауға үндейді, - деді Конституциялық Кеңестің Төрағасы.

Жинаққа енген шығармалардың авторлары талантты оқушылардың атынан Нұр-Сұлтан қаласының 6-сынып оқушысы Қуаныш Аягөз сезімдерімен бөлісті.

Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы ақындар атынан сөз сөйледі:

Конституцияның төл мерекесі – әр қазақ үшін айтулы күн. Өткені Конституция Тәуелсіздігіміздің төлқұжаты, мемлекеттілігіміздің алтын қазығы. Әрбір қазақстандықтың құқығы осы Ата Заңмен қорғалады. Тәуелсіздігіміздің Конституциясының 25 жылдығына ақындарымыздың үн қатпай қалуы ақылға сыймайды. Жамбыл атамыздан бастап бүгінгі ақындардың тіліндегі өлең тіркестері – бұл әрбір қазақстандықтың жүрегіндегі мемлекетке махаббат, ұлтқа деген айнымас сезім. Ата Заң ақын жандардың жүрегінен өлең болып өріліп жатса, бұл Тәуелсіздігіміздің нығаюына, көк байрағымыздың көк аспанда желбіреуіне әсер етеді. Бүгін жарыққа шығып жатқан өлеңдер жинағы – үлкен оқиға , - деді.
Жыр жинағына екі бірдей шығармасы енген ҚР Мәжіліс депутаты, ақын Бақытжан Смағұлов Әбіш Кекілбаевтың сөздерінен келтірді:

Конституция – бұл мемлекеттігіміздің бет-бейнесі, тәуелсіздігіміздің нышаны, ар-ұжданы, философиясы. Әбіш Кекілбаев айтқандай, қандай қиын түйінді де Әйтеке бауыздап, Қазыбек ұшалап, Төле мүшелеп берер еді. Қандай қиқар дәукесің де Әйтеке айтқанда – құлақ аспасқа, Қазыбек айтқанда – құптамасқа, Төле айтқанда – «төресі осы», – деп жығыла кетпеске жағдайы жоқты. Әйтеке жарып айтады. Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады деген де содан қалған. Міне, солай, Конституция түйткілді шешетін маңызды құжат. Ата-Заңымыздың қаншама жырға арқау болуы заңдылық, - деді Б. Смағұл.
«Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл» тақырыбында «Естелік және мерейтойлық даталар» сериялы пошта маркасын айналымға жіберу рәсімін «Қазпошта» АҚ Басқарма Төрағасы Алпысбаев Қанат пен Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми жаады.

Жиын соңында Қайрат Мәми: бұл жинқтар Ата Заңымызды қадірлейтін әрбір азаматтың кәдесіне жарап жатса біздің мақсатымыздың орындалғаны, - деп қорытындылады.

Жинақтар Конституциялық Кеңестің сайтында және еліміздің кітапханаларында қолжетімді болады.

Фото: ult.kz

Барлық жаңалықтар