• Басты
  • Айман Омарова Бас прокуратура академиясының оқытушылары мен түлектерін сынға алды
31 Қаңтар, 2020 17:14

Айман Омарова Бас прокуратура академиясының оқытушылары мен түлектерін сынға алды

Елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысы өтті. Жиынға қатысқан Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адвокат Айман Омарова Бас прокуратура академиясының оқытушылары мен түлектерін сынға алды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Айман Омарова Бас прокуратура академиясының оқытушылары мен түлектерін сынға алды

Ол өз сөзінде Бас прокуратура академиясының түлектерімен қызметтес болғанын атап өтті. Оның айтуынша, түлектердің көпшілігі өз жұмысын білмейді, демек, академияның оқытушылық құрамы сапалы мамандарды дайындауға қабілетсіз.

"Сыбайлас жемқорлық саласына қызметке келген тергеушілер не қызметкерлер бірінші жылы жұмыс істей алмайды. Өз тәжірибемнен айтып отырмын. Кейін мен олардың қай жерде білім алғандары қызықтырды. Сөйтсем, олар Бас прокуратураның академиясында оқыған. Демек, оларға сапалы білім берілмеген. Олардың тіпті істі тіркеуден де хабары жоқ. Сондай-ақ қылмыстық істі біріктіруді және бөлектеуді де білмейді. Сонда Бас прокуратураның академиясында кімдер сабақ беріп жүр? Олар оқуын бітіріп, сыбайлас жемқорлық саласына қызметке келеді. Алайда жұмыс істей алмайды. Кейін Бас прокуратура олардың жұмысты істей алмайтындарын айтып, сөгеді. Ал кім оқытты оларды? Бас прокуратураның академиясы. Демек, сіздер жауап берулеріңіз керек", - деді Айман Омарова.

Сонымен бірге ол жемқорлықпен күресу үшін ішкі де, сыртқы да ресурстарды пайдалану керектігін атап өтті.

"Сыртқы ресурс дегенде, біз халықаралық деңгейге көтерілуіміз керек. Біздің ондай мүмкіндіктеріміз бар. Мүмкін бағалау критеррийлері бойынша жұмыс істу керек шығар. Бізге еуропалық елдермен, АҚШ-пен осы саладағы мамандармен қарым-қатынасты реттеу қажет. Шетелдік сарапшылармен кеңесіп, тәжірибе алмасып, олардың қалай жұмыс істеп жатқандығына назар аудару керек. Себебі бізбен салыстырғанда оларда жемқорлық көрсеткіші төмен", - деді қорғаушы.

Бұдан басқа ол халықаралық БАҚ-пен де қарым-қатынасты ретке келтіру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дамыған мемлекеттердегі органдардың әлеуметтік желілердегі қызметі нақты жолға қойылған. Мәселен, оның сөзіне сүйенсек, елдегі Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттегі Фэйсбук желісінде бар, алайда Твиттерде жоқ. Ал шетелдік мұндай ұйымдардың барлығы әлеуметтік желіге тіркелген дейді ол.

Сондай-ақ Айман Омарова елшіліктермен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның айтуынша, мемлекеттен көлемді қаржы жымқырған азамат қалайша шетелде жайбарақат демалады. Оларды елшіліктің қара тізіміне енгізу керек деді ол.

"Бізге елшіліктермен тығыз жұмыс істеу керек. Қалайша қыруар ақша жымқырған азамат виза алып, шетелге барып демалады? Оған визаны неге береді? Ал қарапайым мемлекеттік қызметкер не шенеунік баласын шетелге оқуға жіберу үшін банктегі шотында ақша болуы керек. Ол азаматтарды қара тізімге енгізу керек", - деді ол.

Сонымен қатар ол шетел мемлекеттік департаменттерімен де қатынасты реттеу керектігін атап өтті. Мәселен, оның айтуынша, АҚШ-тағы мемлекеттік департаментте Орталық Азияға арналған бөлім бар. Аталмыш бөлімдегі дипломат мамандармен бірігіп жұмыс істеуді қолға алу қажеттігін айтты.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар
3.238.147.211, 192.168.88.100