• Басты
  • Аятжан Ахметжанұлы: ҰБТ әділетсіз өтсе, біліксіз маман саны артады
24 Маусым, 2020 10:18

Аятжан Ахметжанұлы: ҰБТ әділетсіз өтсе, біліксіз маман саны артады

2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестті өткізу мен ұйымдастыруда бірқатар ерекшеліктер мен өзгешеліктер бар. Осы туралы республикалық Kazbilim орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлымен сөйлескен едік. 

Аятжан Ахметжанұлы: ҰБТ әділетсіз өтсе, біліксіз маман саны артады

– Биыл пандемияға байланысты оқушылар сабақты онлайн оқыды. Бірден онлайн оқуға үйренісіп кету де оңай болмаған шығар. 2020 жылғы ҰБТ-ның талаптары қатаң. Бұл түлектерді күйзеліске түсірмей ме?

– Иә, талаптар баршылық. Соңғы бес жылда көптеген мектеп түлектері ҰБТ-ға телефонмен кіріп, телефон арқылы тапсырып 11 жыл тер төгіп оқыған балалардан жоғары балл жинап, грантқа түсіп кетіп жатыр. Егер Ұлттық бірыңғай тест әділ өтпесе, біз ешқандай сапалы, білімді маман қосынын қалыптастыра алмаймыз. Соңғы 5-6 жылдан бері көтеріліп жүрген бастама еді. Биыл осы мәселенің шешімі шықты деп айтуға болады. Қоғам стресті қолдан жасайды. Баланың ойына қорқыныш дәнін өздері ойлап тауып, себеді. Егер бала аудиторияға телефон алып кірмесе, аудиторияға рұқсат етілген заттармен ғана кірсе, ол бала неге стреске түседі. Стреске түсетін кім? Ол ұрлық істеп кірген бала. Ұрының арты қуыс деген секілді өзі ұрлық, қулық істеп отырған адам ғана стреске түседі. Ереже бұзғандығым ашылып қала ма деп уайымға салынады, күйзеліске түседі. Алдын-ала айтылды, жазылды. Алайда кейбір түлектер оған бағынбай ұсталуы мүмкін. Бірақ, қоғам біртіндеп тәртіпке үйренеді. Сөйтіп дені сау қоғамды құруға мүмкіндігіміз бар.Министрлік заңсыз, әділетсіз жазалап жатқан жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі болашақ мамандарды қазірден бастап тәртіпке салғаны – дұрыс. Қатаң талап айтылып, ескерілмеген заң бұзғандар бар. Заң, ереже бұзған адам белгілі бір дәрежеде жауапкершілік атқаруы тиіс. Бұл жағдайды елемеген балаларды – өзіне өзі қастандық жасап отырғаны деп түсінемін. Бұл жағдайда әрине, бұл жерде кінәлі тікелей түлектің өзі деп айта алмаймын. Баланы телефон алуға рұқсат бергендер – ата-ана, соның мағайындағы адамдар. Олар түсіндіру керек еді. Ата-ана баланы заң бұзбауға емес, бұзуға итермелейді. Мұғалім жалдап беріп, «телефоның алып кір, саған мұғалім жауап береді» деген оймен ата-аналар балаларын әділетсіздікке итермелеп, олар баладан бұрын жүгіреді ондай мәселеде.

 – Алайда кейбір мектептердегі мұғалімдер шәкірттеріне шпаргалка, телефон қолдануды үйретеді ғой.

– Бұл енді біздегі – трагедия. Баланы шпаргалка, телефон қолдануға, өз білімін тексеріп өзі тапсыруға емес, әділетсіздік танытуға үйрету – баланы қылмысқа тікелей тәрбиелеу деп айтуға болады. Ғылым мен білім, техника-технологиясы дамыған мемлекеттермен соның ішінде Финляндия, Жапония, Сингапурмен салыстырғанда біздің бұл тәртіп – тәртіптің жеңіл түрі, бұл бер жағы.

– Осыған дейін заңсыздықты ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі бақылаушы еді. Биыл ҚР Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де қосылды. Бұндай қосымша шаралар не үшін жасалды?

Бұның себебі бізде ұлттық тестілеу ұйымдастырылуы барысында ҰБТ ассистенттері, Ұлттық тестілеу өткен жергілікті жердегі комиссиялар, ұйымдастырушылар өте көп заңсыздықтар, былықтар жасайды. Олар белгілі бір деңгейдегі біреулердің телефон кіргізіп көшіруіне мүмкіндік береді, жауап парағын сканерлегенде бүлдіреді. Әртүрлі ашық жемқорлықтың әрекеттеріне барады. Сондықтан жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі де жұмылдырылып отыр. Алайда, екеуінің функциясы екі басқа ҚР ҰҰҚ сұрақтардың сыртқа шықпауы, ереже бұзбауды бақыласа, ҚР ЖҚКА жемқорлықты ң алдын алады, жемқорлық фактілерінің болған, болмағанын тексереді.

- Биыл оқушылар онлайн оқыды ғой. Сабақ та толық өтілмеген шығар. Осыны ескеріп, түлектерге жеңілдік жасала ма?

- Төртінші тоқсан ғана онлайн оқылды. Осы жағдайды ҚР Білім және ғылым министрлігі назардан тыс қалдырған жоқ. Төртінші тоқсанның сұрақтары тесттен алынып тасталды. Онлайн болған сабақтың бүкіл сұрақтары алынып тасталды. Жеңілдіктерге келетін болсақ, ол жасалды. Биыл тұңғыш рет оқушыларға калькулятор қолдануға рұқсат берді.

- Сонда оқушылар калькуляторды өздері алып кіре ала ма?

- Жоқ, сол жерде әрбір тест тапсырушыға жеке калькулятор беріледі. Әрбір оқушыға, әрбір столға сол аудитория калькулятор бекітілген. Соны қолдануға болады.

- Балалары телефон, шпаргалка қолданып ҰБТ-дан шеттетілген оқушылардың ата-аналары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне хабарласып, митинг ұйымдастырып жүр. Бұл наразылық ҚР БҒМ шешімін өзгерте ала ма?

- Балалары тесттен шығарылды. Митингке шығып, журналист шақырып қарсылық көрсеткенмен ештеңе өзгермейді. Бала тесттен шеттетілгенімен, енді ол келесі жылы қайта тапсыра алады немесе қыс мезгілінде тапсырып, балы жетсе ақылы бөлімге түсе алады. Егер біз тәртіпке бағынбай, тәртіп бұзғандарға рұқсат бере берсек, онда қылмыс жасағанға да рұқсатымызды берейік. Сәл қателесті, әркім қателесуге бейім дейтін болсақ, қылмысқа да рұқсат берейік онда. Бірақ ата-ана ретінде мынаны айтыңызшы кейін бір дәрігерге баруға қорқып отырмайсыз ба? Оның білімі, білігі жете ме екен деп уайымдайсыз ба? Атын жаза алмайтын адам дәрігерлікке оқуға түсіп кетеді. Оны көзіміз көрді. Шыны керек, қазіргі қоғамдағы ең үлкен проблеманың бірі – ол біліксіздік. Біліксіз маман қайдан шығады, егер мектептен кейінгі Ұлттық бірыңғай тестілеуіміздің өзі әділетсіз өтетін болса.

Биыл не үшін жазда екінші рет тапсыру мүмкіндігі алынып тасталды?

Егер сіз заң бұзбасаңыз, осы жылы екінші рет тапсыруға мүмкіндік береді. Тамыз айында тесттен өте алмағандар биыл да қайта тапсыра алады. Олар аудиториядан шығып қалғандар емес.

 

Барлық жаңалықтар
66.249.70.94, 192.168.88.100