• Басты
  • Аятжан Ахметжанұлы: Қашықтан оқытудың ауыртпалығы ата-анаға түсіп отыр
29 Қыркүйек, 2020 18:22

Аятжан Ахметжанұлы: Қашықтан оқытудың ауыртпалығы ата-анаға түсіп отыр

Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының директоры, «QAZBILIM» қосымша блім беру орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында Қазақстанда қашықтан білім беру жүйесіндегі қателіктер мен қиындықтарды, тіпті артықшлықтарды жіктеп берді.


Аятжан Ахметжанұлы: Қашықтан оқытудың ауыртпалығы ата-анаға түсіп отыр

Аятжан Ахметжанұлы, пандемия Қазақстанның білім беру саласына өзгеріс әкелді. Қашықтан оқытуды міндеттеп қойды. Білім сапасы төмендеп кеткен жоқ па?

Балалар үйде отырып мектептің білімін алуға тырысып жатқанына, міне, екі тоқсан болды. Әрине дәстүрлі оқу форматымен салыстырғанда үйден шықпай алған білім оқушыны толық кемелдендіре алмайды. Олай дейтінім, мұғаліммен көзбе көз байланыс, дисциплина, мектептің өз атмосферасы баланың зейініне әсер етеді. Ал үйде отырғанда еркіндік басым. Қалада тұратын ата-аналар таңнан кешке дейін жұмыста жүреді. Олар балалардың онлайн сабаққа қатысуын қадағалай алмай қалып жатады. Әрине, білім сапасы, балалардың сауаты төмендейді. Оның зардабы әлі білінбеуі мүмкін. Меніңше, пандемиядан кейін тағы 10 жыл осы білім беру жүйесінің салдарын қалпына келтіруде біраз еңбек етуіміз керек болады.

Қашықтан білім беруде қандай қиыншылықтарға кездестіңіздер?

Кез келген ұстаз сыныптағы оқушылардың 100% сабаққа қатысқанын қалайды. Алайда, дәл қазіргі жағдайда интернеттің жылдамдығына, интернет байланыстың сапасына тәуелді болып қалдық. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар. Оларда ноутбук, смартфондар болмай қалып жатады. Осындай техникалық қиындықтарға тап болып жатырмыз. Интернет жылдамдығы баяу аймақтардағы балалар сабақты мессенджердің көмегімен оқиды. Мессенджермен сабақ оқу деген білім сапасын қатты әлсіретеді.

Мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік осал топтарға компьютер алуына ақша бөлінген еді ғой?

Иә, көпбалалы отбасыларға, жартылай толық емес отбасылар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға мектеп базасындағы компьютерлер 4 тоқсанда таратылды. Мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатқа алынған компьютерлер дәл қазір оқушыларға үлестіріліп жатыр. 51 мектепте 3000 оқушы бар. Олардың бәріне мемлекет компьютер сатып әпере алмайды. Ата-аналар балаларының білім алуына жағдай жасап, барлық техникамен қамтамасыз етіп жатыр. Компьютерден бөлек интернет трафик сатып алу деген мәселе де бар.

Онлайн білім беру Қазақстанның білім саласы үшін күтпеген жаңалық болды ма? Бұған дейін қашықтан білім беру практикасы мүлдем қолданылмаған ба?

Жалпы Қазақстанда бұл жүйе бар. Бірақ бизнес тренингтер, психологиялық курстар сияқты оқуды жүргізетін кәсіпкерлер ғана пайдаланатын. Ал міндетті жалпы білім беру саласында бұл бұрын-соңды болмаған жаңалық. Пандемия міндеттеп қойған күтпеген жерден келген оқу жүйесі.

Кез келген мектепте зейнет жасына жақындаған апайлар болады. Олардың жаңа ақпараттық технологиялардың тілін білуі қиындау болады. Сондай мұғалімдер қалай білім беріп жатыр?

Мен бұл тұжырыммен келісіңкіремеймін. Қазақстан мектептерінде 10 жылдам аса уақыт болды, мұғалімдердің жұмысы электронды құрылғыларға тәуелді. Сол электронды бағалау деген сияқты компьютердің жүйесін меңгерген ұстаздар үшін бұл жаңалыққа бейімделу аса қиындық туғызбады. Тек «зум» сияқты платформаларда қиындықтар болды. Ұстаздар Назарбаев зияткерлік мектеп жанындағы арнайы курстарда онлайн оқыту бойынша сабақ алды, бір-бірінен сұрап білді, әлеуметтік желіде тегін сабақтар болды. Ізденімпаз ұстаздар осындай мүмкіндіктердің кез келгенін пайдаланып, бәрін тез меңгеріп алып жатыр. Адамзат баласына білім беретін ұстаздар мұндай жаңа дүниелерге бейімделгіш келеді. Мұны мен өз тәжірибемнен білемін.

Білім беру платформаларына көңіліңіз тола ма?

Қазір білімлэнд, күнделік.кз, дарын онлайн сияқты платформалар бар. Төртінші тоқсанда оқыту кезінде біраз қателіктерге тап болдық. Оның ішінде осы білім платформаларының сапасы да бар. Біресе сервер көтермеді, аяқ астынан келген оқу форматы асығыс шикі дүниелерді жасатты. Ата-аналардың ақпараттық сауаттылығы жетпеді. Немесе ата-анасы жұмыста болып, балалар өз бетінше платформаларға тіркеле алмады. Жоғары сынып оқушылары өздерінше қоса алатын болар, ал бастауыш сынып оқушылары бағдарламаларды аша алмайды. Қайсыбір ата-ана таңнан кешке дейін балаға сабақ оқытып отырады? Ал жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында платформалардың сапасы біршама жақсарды. Неге десеңіз, жаз бойы дайындық жұмыстары жүргізілді. Уақыт пен мүмкіндік берілген соң сапа жақсарып келе жатыр.

Ал, «Балапан» мен «Ел Арна» арналарындағы телесабақтарды балалар көре ме?

Егер үй жағдайында үлкендер тарапынан қадағалау болса көреді. Түрлі себептермен теле сабақты өткізіп алса, оны youtube желісінен іздеп тауып беру үшін тағы үйдегі үлкендердің көмегі қажет. Үлкен сынып оқушылары өздері іздеп тауып алар, ал төменгі сынып оқушыларының ақпараттық сауаттылығы бұған жетпейді. Жалпы, қашықтан оқыту кезінде салмақтың бәрі ата-анаға түседі. Бұрын дәстүрлі оқу форматында ата-ана баласының білімі мен тәрбиесін толық мектепке артып қоятын еді. Енді қазіргі жағдайда ата-аналар балалармен бірге сабақ оқып, ізденіп, бұрын қолданбаған ақпараттық технологияны қолданып жатыр. Баласының оқуына бүгін бей-жай қараған ата-ана ертең баланың білімі төмендеп, сауатсыздық деңгейіне жеткенде, өкінуі мүмкін. Сондықтан, ата-аналарға айтарым, дәл қазір балалардың біліміне максимум уақыт жұмсау қажет. Ал мұғалімдерге түсетін салмақ одан екі есе. Олар үйде отырып, мектептегі балаларды оқытады, сонымен қоса үйдегі балаларының да оқуын қадағалайды.

Аятжан Ахметжанұлы, оқулықтар сапасы туралы не айтар едіңіз? "Әліппемен" сағынысып көрісетін күн қашан келеді?

Мектеп оқулықтары 4 жылда бір алмастырылып отырады. «Әліппені» биылғы оқу жылына кіргізу Заңмен белгіленген нормаға қайшы. Қазір әліппені жасап жатқан комиссиялық топ құрылып, жұмыс жасалып жатыр. 2021-2022 оқу жылында бірінші сынып оқушылары мектепті «Әліппемен» бастайды. Мектеп оқулықтарының сапасы туралы айтқым келмейді. Біріншіден, оқулық жазудың жүйесі өзгермей, оқулық сапалы шықпайды. Оқулық шығару құзыреттілігі арнайы оқулық шығару орталықтарында немесе Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының құзыретінде болу керек. Ал баспаның жұмысы – тек техникалық қызмет болу керек. Ал мазмұнымен Білім академиясы айналысса, оқулықтардың сапасы жақсарады. Жалпы білім саласында былық көп. Бірақ соңғы 1-2 жылда атқарылып жатқан жұмыстар менің көңілімнен шығады. Осы қарқынмен 5-6 жыл жұмыс жасалса, білім саласы біраз былықтан құтылады.

Кезекші сыныптардың жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Кезекші сыныптар сағатпен бөлініп оқиды, бір сыныпта 15 оқушыдан бар. 1-сынып мұғалімі 8.30-да алғашқы сыныпты қабылдап алады, 11.30- да келесі сыныбын қабылдайды. №51 мектепте 12 бірінші сынып бар. Екінші сыныптың 4 тобы бар. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің талаптарына сәйкес санитарлық ережелер сақталады. Балалар арнайы медициналық маскамен отырады. Сабақ бұрынғыдай 45 минут емес, 30 минуттан болады. Балалардың дене қызуы өлшеніп отырады. Бұрынғыдай бір партада екі оқушыдан отырмайды, бір оқушыдан отырады.

Сонда бір мұғалім бірнеше сыныпқа сабақ береді. Оның айлығы қалай төленіп жатыр?

«Кезекші сыныптар» деген арнайы тарификацияға сәйкес төленіп жатыр. Аптасына неше сағат сабақ береді, сонша сағатқа жалақы алады.

Жаңа оқу жылы басталғалы қандай да бір вирустық аурумен ауырып қалған бала болды ма?

Алла сақтасын, ешкім ауырған жоқ, ауырмасын деп тілеймін! Балалар ауырмау үшін барлық талапты орындап, қолдан келгенше сақтандыру амалдарын жасап жатырмыз.

Коронавирус індеті аяқталған соң Қазақстанның білім беру саласы қалай өзгереді деп ойлайсыз?

Жалпы пандемия әкелген зиян көп: қаншама адам ажал құшты, экономикалық дағдарыс болды, білім сапасы төмендеді. Балалардың білім деңгейінің қаншалықты төмендегенін дәстүрлі оқу форматы қайта келгенде көреміз. Ал жақсы жағы, ол – мектеп бағдарламасының видео нұсқасы пайда болды. Мен бұрыннан бұл мәселені көтеріп келе жатырмын. Бала ауырып, қалып немесе қандай да бір жағдайға байланысты сабаққа бара алмай қалған кезде, сыныптастарынан қалып қоймау үшін үйден көретін видео сабағы болу керек. Мұғалім бір бала үшін өткен тақырыпты қайта өткізе алмайды ғой. Егер 1-11 сыныптың толық сабағы youtube желісінде тұрса, кез келген сабақты бала ашып көре беретін еді. Қосымша мұғалім жалдамайды, математика сияқты пәннен бір тақырыпты түсінбей қалып, соның әсерінен кейінгі сабақтарға да ілесе алмай қалу деген проблема шешіледі. Ютубты пайдалануды балалардың бәрі өте жақсы біледі. Пандемия осы олқылықтың орнын біртіндеп толтырып жатыр. Өткен оқу жылында 4-тоқсанның видео сабақтары түгел ютубқа түсті. Енді 1-тоқсанның материалдары салынып жатыр, осылай төрт тоқсанның сабақтары толық ютубқа салынса, бала кейін де сабаққа қатыса алмаға кезде, өз бетімен сабақ оқи береді.

Сіз осы кезге дейін «QazBilim» қосымша білім беру орталығын басқарып келдіңіз. Қазір ол жақтың жұмысы қалай жүріп жатыр?

QazBilim-нің басшылығында орынбасарым қалды. Бұл орталық 2016 жылы ақпан айында құрылды. 4 жыл сонда басшы едім. Орталықтың үш бағыты бар: бірінші бағыт - бірінші сыныптан бастап магистратураға түсуге дайындық, Назарбаев зияткерлік мектебіне түсуге арналған емтиханға дайындық, Ұлттық бірыңғай тестке дайындық және оқу үлгерімі нашар балалардың үлгерімін жақсарту оқулары. Екінші бағыт – ақпараттандыру бағыты, мұнда арнайы сайт жұмыс істеді. Біз карантинге дейін сабақтардың видео нұсқасын тараттық. Сонымен қатар жаңа қабылданған Заңдарды түсіндіруге арналған видеонұсқаулықтар болды.Үшінші бағыт – тек қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдарын жасау. Төрт жылда 70-тен аса методикалық құралды басып шығардық. Қазақстанның 5 аймағында орталық филиалдары бар. Педагогикалық құрамы Қазақстан мектептерінің ең үздік мұғалімдері. Көбінесе жас мамандар. Қазіргі таңда 130-дан аса мұғалім бар. Басты мақсат – бәсекеге қабілетті қазақтілді, сапалы білім беру.

«Мұғалім мәртебесі» Заңы қабылданды. Не өзгерді? Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылды ма?

Заң бар, орындалу бар. Министрлік мектепке тікелей барып, оқу процессіне, мұғалімдердің жұмысына араласа алмайды. Көп жағдайда жергілікті басқару органдары мектептермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Заңның жүзеге асуын қамтамасыз ететін сол әкімдіктер ғой. Мемлекет қабылдаған Заңға шынайы құрметпен қарап, оның іске асырылуын жергілікті жерде қамтамасыз ететін әкімдіктер бар. Шаш ал десе бас алатындар да бар. Заңды жақсы біліп, өз құқықығын қорғай алатын ұстаздардың мәртебесі қашан да жоғары. «Құқықтық мемлекет» деген ҚР Конституцияның алғашқы бабы толығымен орындалып, Қазақстан біртұтас демократиялы мемлекет болып, онда қабылданған заңдар толық орындалған кезде білім саласындағы заңдар да өз деңгейінде орындалады. Бір саланы ғана құқықтық салаға айналдыра алу мүмкін емес. Бұрынғыға қарағанда, мұғалімнің мәртебесі өсті. Жалақы өсті, педагогикалық мамандықта оқитын студенттердің шәкіртақысы артты, министрдің өзі ашық диалог құрып жүр, мұғалімдердің мәселесі көтеріліп жүр. Мұның бәрі мұғалім мәртебесінің жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Жалпы, мұғалімнің мәртебесі – шәкіртінің жетістігі, сауатты тұлға болып қалыптасуы.

Ұстаздар күні келе жатыр. Мектептегі ұстаздар мерекесі қалай өтеді?

Пандемия жағдайында іс-шара ұйымдастыру мүмкін емес. Онлайн құттықтаулар жіберіп құттықтаймыз.

Сұхбаттасқаныңыз үшін рақмет! Сәттілік тілеймін!

Барлық жаңалықтар