Автожолдың ахуалы қандай

23 Сәуір, 2021 13:50

Ел ішіндегі автомобиль жолдарының халықаралық транзиттік әлеуетке ғана емес, тұрғындардың талабына сәйкес келмейтін тұстары да баршылық. Мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат қарастырып, шет елдік инвесторлардан қарыз алып, барын салып жатқанымен, республикалық және жергілікті мән-маңызы бар, тіпті қала ішіндегі жолдардың сапасы сын көтермей, көрсетілген уақытынан кешіктіріліп, тиісті қызмет жасалмай жататыны жасырын емес. Мемлекет Басшысы осы аптада бірқатар Үкімет мүшелері мен ведомство басшыларын жеке қабылдап, Атырау облысын дамыту жөніндегі кеңесте және одан бөлек еліміздегі автомобиль жолдарын қатаң сынға алды.

Биылғы жылы наурызда Президент Қ.Тоқаев Алматы қаласын дамыту жөніндегі кеңесте қаланың және оның төңірегіндегі жол мәселесін жіті назарға алуды тапсырды. Соның ішінде Президент Алматы үлкен айналма күре жолын қаламен байланыстыратын жолдар, оны жөндеу үшін республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың жоспарлануы туралы пікірін айтты. Халық арасында жиі талқыланып, сынға алынатын «Алтын Орда» базарының жанындағы жол айрығының құрылысына тоқтала келіп: Бұл әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ» деген еді. Жиын соңында Мемлекет басшысы Премьер-министрге «Райымбек-Алматы» учаскесінің құрылысын Алматы және облыстың әкімдіктерімен бірлесе жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. 

Мемлекет Басшысы 9 сәуірде твиттердегі парақшасында елдегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына азаматтар шағымданатынын, жолдың сапасыз салынуы және мемлекет қаражатының тиімсіз жұмсалуынан жыл сайын жөндеуді талап ететінін жазды. Артынша Қ.Тоқаев Үкіметке, әкімдер мен құқық қорғау органдарына осы жағдайды түзету үшін жүйелі шешім қабылдап, есеп беруді тапсырды. Жол мәселесі 2021 жылы 22 сәуірде Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте жалғасты. Бейнеконференция форматындағы жиынға Үкіметтің барлық мүшесі, аймақтың әр саласына жауапты ведомстволар түгел жиналып, Президент алдында есеп берді. Аталған Кеңесте де Атырау облысының автожолдарын дамыту, жол апаттарының алдын алу мәселесі айтылды. Қ.Тоқаев облыста жол апатының жиілеп кеткенін, былтырдың өзінде 232 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 69 адам қайтыс болғанын, осы орайда «Орал-Атырау» тас жолына ерекше назар аудару керектігін айтты. «Үкімет пен облыс әкімдіктері 2025 жылға дейін жергілікті жерлердегі жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тиіс. 2019 жылдан бастап бүкіл еліміз бойынша осы мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінуде. Жол құрылысына және оны жөндеуге жергілікті бюджеттен де қаржы жұмсалады. Нәтиже жоқ деп айтуға болады. Жөнделген жолдың көбі бір жыл өтпей жарамсыз болып қалады. Мұны ашық айту керек» – деді Президент. Орайы келгенде Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстарының да әлі күнге аяқталмағанын айтты. Президент бұл жолды 2023 жылы пайдалануға беруді, жұмыс Үкімет пен әкімдердің бақылауында болуы керек екенін ескертті. 

Атырау облысының ахуалы айтылып жатқанда еліміздің бас қаласы мен оңтүстік мегаполисті жалғаған «Нұр-Сұлтан – Алматы» автожолын жөндеу жұмыстары, уақытынан кешіктірілуі тілге тиек болды. Қос қаланың арасындағы ғана емес, облыстар мен аймақтардың халқы дәл осы автожол арқылы жиі қатынайтыны белгілі. Сондықтан барыс-келіске қолайсыздық тудырып отырған бұл жолды Мемлекет Басшысы 2023 жылы пайдалануға беруді нақты тапсырды. Өйткені, қай деңгейде болмасын, Қазақстанның транзиттік әлеуеті, тасымалдан табатын пайдасы туралы жиі айтылады. Алайда іс жүзінде бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткізіп отырмыз. Республикалық, облысаралық қана емес, қала ішіндегі көлік қозғалысын тиімді басқарудың бірыңғай орталығын құру туралы да сөз болды.

2019 жылдың өзінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Батыс Қазақстан облысында жолдардың 71,3% жөндеуді қажет ететінін хабарлаған еді. Бұл еліміздің облыстары бойынша ең үлкен көрсеткіш. Яғни, БҚО-да жергілікті маңызы бар 5104 шақырым автомобиль жолы болса, оның 28,7%-ы ғана пайдалануға жарамды болған. Ал, министрлік хабарламасында ең жақсы жолдар Маңғыстау облысында деп көрсетілген. Маңғыстаудың облыстық және аудандық автомобиль жолдарының 90%-дан астамы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Бірақ, Маңғыстаудағы жалпы жолдың ұзындығы БҚО-дан төрт есе аз екенін ескеру қажет. Қазақстандағы жолдардың уақытын ерте бұзылып, іске жарамай қалуының басты себебі - ірі жүк көліктерінің қазғалысы екен. 2019 жылы елімізде 400 мыңнан астам жүк көлігі, оның ішінде 55 мың самосвал тіркелген.

Республика Президентінің орталық және жергілікті жолдарды салу және жөндеудің тиісті дәрежеде атқарылмауы, қаражаттың орнымен жұмсалмауы, жұмыстың уақытында орындалмауы жөніндегі қатаң ескертуі мен сынынан кейін жол-қатынастарына жауапты басшылардың бірқатары қызметінен босатылды. Атап айтқанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары әкімдерінің осыған жауапты орынбасарлары Т.Шәкімов, И.Турков және Н.Қалауовтар қызметінен кетті. «Қазавтожол» ҰК төрағасы болып ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы С.Бармақов тағайындалды. Жол құрылысындағы қаражаттың есепсіз жұмсалуы туарлы осыған дейін де айтылып келеді. 2018 жылы 17 қазанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында төменгі палатаның төрағасы Н.Нығматуллин республикалық бюджеттің тиімсіз жоспарлап және жұмсап отырған министрліктердің ішінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің жұмысын сынға алған еді. «Әсіресе автожолдарға қарызды алып-алып, міндеттемелерді мемлекетке жүктеп қойыңыздар. Ал бюджетте қарастырылған мемлекеттің қаржысын қысқартып отырсыздар» деп мемлекет қаржысын бей-берекет жұмсау туралы сөз қозғады. Мәжіліс Төрағасы қарыз ақшаны тиімді жұмсай алмаған жағдайда мемлекеттің бюджетіндегі қаражатқа жол жөндеу жұмыстарын өткізуді, бұл мәселені егжей-тегжейлі талқылауды ұсынған еді. 


Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2015 жылдан бастап елімізде ауқымды «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның бірінші бесжылдығының қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы республикалық автожолдың үлесі 88%-ға және жергілікті автожолдардың үлесі 71%-ға дейін артты. 2020 жылы Үкімет осы инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының келесі бесжылдығына кірісті. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Республикалық маңызы бар ақылы автомобиль жолдарының ұзындығын арттыру көзделген. Жолдың ақылы болуы оның сапасы мен қызмет көрсетуін күшейтуге ықпал ететіні рас. Сондықтан республикалық және жергілікті автомобиль жолдары еліміздің әр аймағында біртіндеп ақылы жүйеге көшіп келеді. 2024 жылға дейін инвесторлар ақылы жолдардың ұзындығын елімізде 11 мың шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің экс-төрағасы С.Бармақовтың мәліметіне сүйенсек, 2020 жылы республикада ұзындығы 682 км болатын 4 ақылы жол учаскесі жұмыс істейді, олар: Нұр-Сұлтан-Щучинск (211 км), Нұр-Сұлтан-Теміртау (134 км), Алматы-Қорғас (295 км) және Алматы-Қапшағай (42 км) бағыттары. Бірақ, автожолмен күнделікті қатынап жүрген кейбір тұрғындар үшін әртүрлі сұрақтар да туындауы мүмкін. Сондықтан қолданыстағы заңнамаға Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектерін және оларға теңестірілген адамдарға ақылы жолда жеңілдік беру туралы өзгерістер қарастырылуда. Ақылы жолға жақын тұратын аудан тұрғындарына жылдық төлем түрлері енгіділген. Сондай-ақ, барлық ақылы жолдарға бірыңғай абонемент енгізу мәселесі талқыланып келеді.    

ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы қаулысымен «2020 - 2025 жылдарға арналған "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі міндеттері – республикалық және жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жай-күйін 2025 жылға қарай 100% және 95%-ға дейін арттыру, автожолдарды ұлттық стандартқа сәйкес жол бойындағы сервис нысандарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ ыңғайлы және қауіпсіз қатынап тұру үшін жөндеу жұмыстарын жүргізу. 2020 жылы республикалық маңызы бар 4 мың шақырым автожолда жөндеу жұмыстары өтті. Олар – Қарағанды-Балқаш-Қапшағай, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен, Қалбатау-Майқапшағай, Көкшетау-Петропавл-Қорған, Ұзынағаш-Отар, Мерке-Бурылбайтал, Қостанай-Денисовка, Үшарал-Достық жолдары. Жыл қорытындысы бойынша жалпы ұзындығы 2,6 мың шақырым автожол учаскесінде жол қозғалысын ашу жоспарланды. 

Жергілікті жолдарды дамытуға 2020 жылы 236 млрд теңге бөлініп, оның ішінде облыстық және аудандық жолдарға – 181,2 млрд теңге, ал республикалық маңызы бар қалалардың көше-жолдарына – 47,8 млрд теңге қаражат жұмсалды. 4 мың шақырым жолда жөндеу жұмыстары өткізіліп, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесін 75%-ға дейін жеткізу жоспарланды. Республикалық маңызы бар автожолдардың 1,5 мың шақырымына жөндеу жасалды. Жалпы елімізде көлік инфрақұрылымын дамытуға мемлекеттік бюджеттен бөлек ЕҚҚДБ, АДБ, ХҚҚДБ және т.б. халықаралық қаржы институттарынан инвестиция тартылуда. 2015 жылы Елбасы қабылдаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 58 қадамында жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға және күтіп-ұстауға стратегиялық тұрғыда инвесторлар тарту міндеті көрсетілген.

Автомобиль жолдарын жөндеу мен салу қандай маңызды болса, оны күтіп ұстау мен қызмет көрсету де соншалықты өзекті мәселе болып отыр. Автожолдарды күтіп ұстауға қаражаттың тапшылығы соған қажетті техниканың жетіспеушілігіне әкеп соғады. Мәселен, 2020 жылы республикалық маңызы бар автожолдарды күтіп-ұстауға 26,6 млрд теңге немесе қажеттілік нормативінің 62%-ы (норматив 43 млрд теңге) көзделген екен. Әсіресе, автомобиль жолдарын күзгі-қысқы қатаң климаттық жағдайларға дайындау үлкен ресурстарды қажет етеді. Биылғы қыс мезгілінде қар құрсауында қалған, жолдың тайғақ болуынан апатқа ұшыраған автокөліктер көп болды. Сондай-ақ, жол бойындағы сервис объектілеріне де көптеген сын айтылады. Осы саладағы кәсіпкерлер жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келтіруге құлықсыз болып жатады. Сондықтан жауапты министрлік публикалық маңызы бар автожолдардың бойында санитарлық-гигиеналық тораптарды кезең-кезеңмен орнатып келеді. 2025 жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ел аумағында 297 санитарлық-гигиеналық торап орнату жоспарланған екен. 

Жалпы алғанда, автомобиль жолдары тоғыз жолдың торабында орналасқан Қазақстан үшін транзиттік тасымал, аймақтық сауда-экономикалық интеграция тұрғысынан және еліміздің облыстарының арасындағы байланыстың күретамыры болып саналады. Жол мен инфрақұрылым БҰҰ тұрақты даму мақсаттарында да көрсетілген, яғни, жол салмай мемлекеттің дамуын елестету қиынға соғады. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңінде бірқатар нәтижелерге қол жеткізілсе, келесі кезеңінде үлкен жұмыстар күтіп тұрғаны анық. Мемлекет Басшысы қатаң сынға алған жол құрылысындағы олқылықтар бақылаудың, жауапты саладағы тиімді басқарудың болмауы, қаражатты есепсіз қолдану, жемқорлық фактілерінің себебінен туындағанын байқаймыз.

Барлық жаңалықтар