• Басты
  • Ауылды елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту жөнінде мемлекеттік жоба дайындалмақ
18 Қараша, 2020 12:43

Ауылды елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту жөнінде мемлекеттік жоба дайындалмақ

Бүгін елордада «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс XVIII съезі өтіп жатыр. Бұған дейін барлық аймақта партияның конференциялары өткен еді. Жиынға жиналғандар ауылды көркейту, ауыл шаруашылығын дамыту секілді мәселелерді талқыға салды. Ауылды елдімекендердің проблемалары партия төрағасы Әли Бектаев өз баяндамасында бас айтып өтті. Оның айтуынша, ауылды елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту жөнінде мемлекеттік жоба дайындалмақ. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалдында.

Ауылды елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту жөнінде мемлекеттік жоба дайындалмақ

Бүгінгі өткен съездің күн тәртібіне үш мәселе көтерілді. Атап айтқанда, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды бағдарламасын қабылдау, ҚР парламенті мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну және партиялық тізімді бекіту және «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізу.

Жиында Мандат комиссиясының төрағасы аймақтардан келген құжаттар негізінде «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы филиалдарының конференциялары барлық облыс, өңір және республикалық маңызы бар қалаларда өткенін айтты. Сьезге қатысатын депутаттар партияның жарғысына сай іріктелген. Партияның кезектен тыс XVIII съезіне саяси кеңестің шешіміне сәйкес, барлық аймақтағы филиалдардан 109 адам таңдалған. Конференциялардың барлық хаттамасы бар.

«Сьезге қатысатын делегаттардың ішінде білікті мамандар жетерлік, атап айтсақ, олардың қатарында 12 ғылым докторы, 6 докторлыққа кандидат, академикатер, ҚР медальдарымен марапатталған мамандар бар», - деді ол.

Сонымен қоса съезде «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы, Парламент сенатының депутаты Әли Бектаев ауылдағы проблемаларды баса айтып өтті. Оның сөзінше, мемелкет тарапынан жүзеге асып жатқан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да ауылдағы проблемаларды шешіп жатқан жоқ, себебі мемлкеттік органдар арасында дұрыс байланыс жоқ.

«Ауыл - ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен бірлігіміздің бастауы. Ауылда өскен әрбір азамат туған жерін барынша қадірлеп, қастерлеуге міндетті. Ауыл – бүтін бір елдің асырушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Алайда, өкінішке орай, бүгін ауыл адамының жай-күйі жайлы деп айта алмаймыз. Қарқынды түрде өсіп келе жатқан урбанизация үдерісі осының айқын дәлелі. Мемлекет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» атты жоба соңғы екі жыл көлемінде іске асып келеді. Дегенмен бұл мемлекеттік бағдарламаның ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқары жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар арасында үйлесімді тірлік жоқ. Сонымен қоса, бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен», - деді сенат депутаты.

Сонымен қоса партия төрағасы ауылдағы ауыз су, жол мәселесіне тоқталып өтті. Оның пікірінше, ХХІ ғасырда ғұмыр кешіп жатсақ та, әлі күнге ауыл адамдарының базалық қажеттіліктері өтелмеген.

«Біз технология қарыштап дамыған дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Десе де, елдегі ауыз су мәселесі әлі де шешімін тапқан жоқ. ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та, әлі ауылдардың ішінде есек арбамен кезіп, бөшкелеп құтымен су тасып жүрміз. Ауыл баласының қақаған қыс пен ыстық жазда түске дейінгі уақыты су тасумен өтеді. Ал жолдың сапасы сын көтерер емес. Шалғайдағы елдімекендерді айтпағанның өзінде астана мен облыс орталығы маңындағы ауылдарда жолдармен баратын жеріңе жету қиын», - деді.

Әли Бектаев Ұлттық экономика министрлігі ауылды жерлердің қажеттілігін нақтылау үшін арнайы сараптама жүргізгенін атап өтті. Оның қорытындысы бойынша, ауылдағы әр бесінші мектеп пен балабақша, әр үшінші ауылдағы медициналық мекеме күрделі жөндеуді керек етіп отыр. Сонымен қоса, шенеуніктердің ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен медициналық мекемелерді жаба салуды әдетке айналдырғанын баса айтты.

«Ал әкімдер әмбебап оқытушы мен фельдшерді шақырып, тығырықтан шығудың орнына, керісінше, елдімекеннін болашағы жоқ деуге бейім. Баласына білім, өзіне медициналық көмек ала алмаған ата-ана ауылда тұрмайды. Осындай қарапайым дүниелерді түсінбейтін басшылар көбейді. Былтыр ауылдан қалаға жарты милиионға жуық адам қоныс аударған. 2014 жылдан бастап бала туу жөнінен көш басында ауыл емес, қала келе жатыр. Осының бәрін ескере отырып, «Ауыл» партиясы сайлауалды бағдарламасына ауылды елдімекендердің инфрақұрылымын дамыту жөнінде мемлекеттік жоба дайындау қажеттігін ұсынып отыр», - деді партия төрағасы.

Оның пайымынша, ауылдағы өмір сүру деңгейі қалаға толық жетпесе де, ауыл тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасау керегін алға тартты. Партияның күнделікті жұмысында осы мәселелерді бақылауға алып, көтеретінін атап өтті.

Ауыл шаруашылығы

Партия төрағысының айтуынша, ауылды дамытудағы көңіл бөліну керек бір сала болса, ол-ауыл шаруашылығы, сондықтан агроөнеркәсіп кешені мен ауылды бөліп қарауға болмайды.

«Мемлекет тарапынан қаржы жаман бөлініп жатқан жоқ. Жыл сайын ауыл шаруашылығын дамыту туралы бағдарлама бойынша 350-400 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Өкінішке орай, сол қаржының пайдалану тиімділігі төмен. Өнімнің негізгі бөлігін, яғни 60-65 пайызын өндіретін майда және ұсақ шаруашылықтар сол қаржының 5 пайызын ғана пайдаланады. Шаруаларды қолдау бағдарламалары жаңа министр келген ауысады. Агросаясатта тұрақтылық жоқ. Азық-түлік белдеулерін құру, ет экспорты сияқты бағдарламаларға қыруар қаржы бөлінсе де, бастау алған иядеялар соңына дейін жетпей қалады», - деді Әли Бектаев.

Оның мәліметінше, елімізде ауыл шаруашылығында өңделетін өнімдердің 40 пайызы ғана қайта өңделеді. Өкінішке орай, қалғанының барлығы шикізат түрінде шетелге сатылуда. Сонымен қоса, астық өндірісінде осыған дейін өмір сүріп келген өнім өндіретін кәсіпорындардың көпшілігі жабылғанын тілге тиек етті.

«Көшбасшылықты басқа мемлекеттерге қолдан бердік. Жүн мен тері өңделмей қоймаларда шіріп, далада өртеніп жатқанда мемлекет тарапынан бұл бағытта қозғалыс байқап отырғамыз жоқ», - деді партия төрағасы.

Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптің дәстүрлі бағыттары, соның ішінде қой шаруашылығы мен жылқы шаруашылығын тиісті деңгейде игере алмай келе жатқанын еске салды. Оның айтуынша, 180 млн гектар жайылымды жер бола тұра, ауыл шаруашылығы ауыл маңынан алыстар емес.

«ҚазАгро холдингі мен оның еншілес ұйымдары жыл сайын қомақты қаржы бөліп келе жатыр., алайда, шаруалар қажеттілігінің жартысы ғана өтеліп жатыр. Несие секілді субсидиялау бағдарламалары жасалса да, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына бетбұрысы нашар. Олар берілген қаражатты тек қана өз пайдасына пайдаланып отыр десек қателеспейміз», - деді ол.

Осы орайда ол ауыл шарушылығы тауар өндірушілеріне ұзақмерзімді жылдық өтемақысы 2 пайызды құрайтын несие беру жүйесін қалыптастыруды ұсынып отырғанын айтты. Осындай қолдау арқылы ауыл өндірісін көтеруге болады. Сонымен қоса өнімдерді қайта өңдеу саласына да көп көңіл бөлінбекші.

«Біздің мемлекетімізде аграрлы сектор экономиканы алға сүйрейтін локомотив болатынына біздің күмәніміз жоқ. Ауыл шаруашылығы болашақта мұнай мен газ сияқты жерасты байлықтарының орнын басатын, жердің үстіндегі алтын қазынаға айналары сөзсіз», - деді Әли Бектаев.

Бұдан бөлек, партия төрағасы қазақтың ұлттық идеологиясы құлдырағанын, соның салдарынан елімізде ажырасу, некесіз туған бала санының артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгіннен бастап жастар тәрбилеу керек, өйткені жас ұрпақты еңбексүйгіштікке, отанын сүюге тәрбиелегенде ғана елдің ертеңіне сенімді қарауға болады.

«Қазіргі қоғам қазақи тәрбиені естен шығарып, батыс тәлімін ту етіп, отанды сүюдің мән-мағынасынан алшақтап кеткен секілді. Адам арасынан әділдік пен адалдық, ар мен ұятты өмірдің басты қағидасы деп танитындарды табу қиындап бара жатыр. Осының бәрі қазақ халқы үшін ерекше өзіндік ұлттық идеологияның құлдырауынан туындап отыр. Жемқорлықты түп тасырымен жою үшін сананы жаңарту керек. Ол тек өсіп келе жатқан ұрпақ бойына еңбексүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыру арқылы ғана жүзеге аспақ. Сондықтан да тал бесіктен берілетін тәрбиені жөндеу керек», - деді партия төрағасы.

Сонымен қоса, партия төрағасы статистикалық деректерге сәйкес, Қазақстанда неке құрған әр үш отбасының біреуі ажырасатынын еске салды. Оның айтуынша, соңғы жылдардағы көрсеткіш бойынша қалалық жерлердегі ажырасу деңгейі 40 пайызға, ал ауылдағы ажырсу деңгейі 27 пайызға жеткен. Бұл, оның пайымынша, еліміздің болашағы үшін қауіпті көрсеткіш.

Барлық жаңалықтар
178.89.168.239, 192.168.88.100