• Басты
  • Ауылды дамыту: Мәдениет, өнер және спорт саласындағы өзгерістер

Ауылды дамыту: Мәдениет, өнер және спорт саласындағы өзгерістер

20 Сәуір, 2021 13:07

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың ауылды жерлерде өмір сүру деңгейін арттыру мәселесі бойынша айтып, елдімекендердегі спорт, мәдениет және өнер салаларындағы елеулі өзгерістерге тоқталды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ақтоты Райымқұлова ауыл тұрғындары үшiн заманауи, жайлы әлеуметтiк-мәдени және спорттық орта құру, сондай-ақ ауылдық елдi мекендерде тұратын балалардың шығармашылық және спорттық әлеуетiн дамыту министрлiктiң басым мiндетi екенiн атап өттi.

Мәдениет және өнер саласы

Министрдiң мәлiметiнше, бүгiнде республиканың ауылдық жерлерiнде 6 мыңнан астам мәдениет ұйымдары жұмыс iстейдi, атап айтқанда, кiтапханалар – 3388, клубтар – 1626, мәдениет үйлерi – 1102, музейлер – 129.

Сонымен қоса, ол «Nur Otan» партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындау жөнiндегi жол картасы шеңберiнде 2025 жылға дейiн 748 инфрақұрылымдық жоба iске асырылатынын, оның iшiнде 180 мәдениет нысанының құрылыс және 568 нысанына жөндеу жүргiзiлетiнiн еске салды.

«Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесiгi» бағдарламалары, жергiлiктi бюджеттер, жеке инвестицияларды тарту және мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк тетiктерiн пайдалану есебiнен 36 мәдениет нысанының құрылысы және 112 нысанына жөндеу жүргiзiледi», - дедi министр.

Сонымен бiрге, инфрақұрылымдық жобаларды iске асыру нәтижесiнде ауылда мәдениет саласында 760 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, ауыл халқының мәдениет саласында көрсетiлген қызметтердiң сапасына қанағаттану деңгейi 72%-ға дейiн артпақ.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: iс-қимыл уақыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберiнде балалар мен жасөспiрiмдердiң шығармашылық әлеуетiн дамыту мақсатында Министрлiк «балалар үйiрмелерiнiң», қызметiн жаңарту бойынша, оның iшiнде ауылдық елдi мекендерде белсендi жұмыс жүргiзiп жатыр.

«Бүгiнгi таңда ауылдарда барлығы 12 000 шығармашылық үйiрме жұмыс iстейдi (республика бойынша – 22 000), оның iшiнде балалар мен жасөспiрiмдерге арналған 9 000 үйiрме, онда 115,2 мың бала шұғылдануда», - дедi ол.

Сондай-ақ, қосымша шығармашылық үйiрмелер ашу және балалар мен жасөспiрiмдердiң сапалы бос уақытын ұйымдастыру мақсатында, әсiресе ауылда 2021 жылы алғаш рет мемлекеттiк шығармашылық тапсырыс енгiзiлген. Оның шеңберiнде 4 жастан 18 жасқа дейiнгi балалар шығармашылық үйiрмелерге тегiн негiзде қатысады. 2025 жылға дейiн республика бойынша қосымша 1600 үйiрме ашылады. Ағымдағы жылдың соңына дейiн 500 үйiрме ашылады.

«Мемлекеттiк шығармашылық тапсырыс жергiлiктi бюджет арқылы жүзеге асырылатынын атап өткен жөн», - дедi Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қоса, ол әзiрленген заңға тәуелдi актiлердiң жобаларына сәйкес, 1 бала спорттық, шығармашылық және бiлiм беру тапсырыстары шеңберiнде 2-ден аспайтын тегiн үйiрмелер мен секцияларға қатысуға құқылы екенiн атап өттi. Нәтижесiнде қосымша 42 мың бала мемлекеттiк шығармашылық тапсырыспен қамтылады және балалар мен жасөспiрiмдерге арналған шығармашылық үйiрмелер саны 10 600 бiрлiкке жетедi.

Дене шынықтыру және спорт саласы

Министрлiктiң мәлiметiнше, спорт саласында бүгiнгi күнi ауылдық елдi мекендерде 24 мыңға жуық спорт ғимараттары жұмыс iстейдi. Атап айтқанда, жазық құрылыстар – 15 249, спорт залдары – 5104, атыс тирлерi – 905, спорт кешендерi – 217, стадиондар – 134, бассейндер – 80 және тағы басқалары.

«Спортпен шұғылданғысы келетiн азаматтардың өсiп келе жатқан қажеттiлiгi өңiрлердiң, әсiресе ауылдық жерлерде спорт объектiлерiмен қамтамасыз етiлу проблемаларын айқындап отыр», - дедi министр.

Бұл мәселенi шешу үшiн 2025 жылға дейiн 1719 инфрақұрылымдық жобаны iске асыру жоспарлануда, оның iшiнде «Жұмыспен қамту жол картасы», «Ауыл – ел бесiгi» бағдарламалары, жергiлiктi бюджеттер, жеке инвестициялар тарту және мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк тетiктерiн пайдалану есебiнен ауылдағы 881 спорт нысанын салу және 838 спорт нысанын жөндеу жүргiзiледi. Ағымдағы жылы елiмiздiң ауылдық елдi мекендерiнде 170 спорт объектiсiне, оның iшiнде Елбасының тапсырмасы бойынша салынып жатқан 55 дене шынықтыру-сауықтыру кешенiне (ДШСК) құрылыс жұмыстары, сондай-ақ 154 спорт нысанын жөндеу жұмыстары iске асырылады.

2021 жылы 55 ДШСК құрылысы жоспарлануда, оның iшiнде ауылда 30 нысан:

- «Ауыл-ел бесiгi» бағдарламасы аясында 16 ДШСК;

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 9 ДШСК;

- Жергiлiктi бюджет арқылы 30 ДШСК.

«Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырмасын iске асыру аясында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған Кешендi жоспары бекiтiлдi. Құжаттың негiзгi мiндетi дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың санын арттыру, сондай-ақ ауыл тұрғындарын қоса алғанда», - дедi министр.

Бүгiнгi күнi спортпен айналысатын азаматтардың үлесi 5,9 млн адамды немесе 31,6%-ды құрайды, оның iшiнде ауылдық жерлерде 2,3 млн адам, бұл 30,7%-ды құрайды.

«Бұл мақсатта 2021 жылдан бастап алғаш рет мемлекеттiк спорттық тапсырыс енгiзiлетiн болады. Нәтижесiнде 2025 жылы спорт секцияларының саны 128 100 бiрлiкке, оның iшiнде ауылда – 66,5 мың дейiн жеткiзiледi», - дедi Ақтоты Райымқұлова.

Сонымен қоса, министр спорт резервiн даярлау, жас атлеттердiң спорт шеберлiгiн арттыру мәселелерi де маңызды екенiн атап өттi. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн 2025 жылы балалар-жасөспiрiмдер спорт мектебi (БЖСМ) 270-ке, балалар-жасөспiрiмдер клубы (БЖК) 142-ге, балалар-жасөспiрiмдер дене шынықтыру даярлығы клубы (БЖКФҚ) 55-ке дейiн жеткiзiледi.

«Сонымен қатар, Министрлiк әрбiр ауылдық округтегi штаттық спорт нұсқаушыларының санын ұлғайту және олардың санын 2025 жылы 3 561 адамға дейiн жеткiзу бойынша шаралар қабылдайтын болады», - дедi ол.

Министрлiктiң мәлiметiнше, сектептерде спорт секцияларын ұйымдастыру және жүргiзу үшiн дене шынықтыру мұғалiмдерiне базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерiнде қосымша ақы белгiлеу көзделген. Сондай-ақ жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 2 есеге арттырылатын болады.

«Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесiнде 2025 жылы ауылдық елдi мекен тұрғындарының 42%-ын дене шынықтыру және спортпен қамту жоспарлануда», - дедi ол.

Министрдiң пайымынша, ауылдағы мәдениет және спорт ұйымдарының қызметтерiне тең қол жеткiзудi қамтамасыз ету ауыл халқы арасында мәдениет пен спорттың дамуына, сондай-ақ бұл шаралар ауылдың тартымдылығын арттыруға оң әсер етедi. Сондай-ақ, ол министрлiктiң аталған барлық шаралардың сапалы әрi уақтылы iске асырылуын қамтамасыз ететiнiн баса айтты.

Барлық жаңалықтар