• Басты
  • Ауылды дамыту: 2025 жылға дейін не өзгереді

Ауылды дамыту: 2025 жылға дейін не өзгереді

20 Сәуір, 2021 10:45

Бүгін үкімет отырысында ауылды дамыту, елдімекендердегі өмір сүру сапасын жақсару және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының қалай жүзеге асып жатқандығы сөз болды. Отырыста Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев алдағы 5 жылда ауылдардағы интернет, білім, денсаулық саласы, сондай-ақ тұрғын үй салалары бойынша қандай өзгерістер орын алатыны жөнінде айтып берді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Халық санының 41%-ы ауылда тұрады

Министр ауылды жерлердегi өмiр сүру деңгейiн арттыру мақсатында Ұлттық экономика министрлiгi ауылды аумақтарды дамыту бойынша белсендi жұмыстар жүргiзiлiп жатқанын атап өттi. Оның мәлiметiнше, бүгiнгi күнi ауыл халқының саны 7,7 млн адамды немесе елiмiз бойынша халқымыздың жалпы санының 41%-ын құрайды.

«Жұмыспен қамтылған ауыл халқының құрылымында ауыл шаруашылығы ең үлкен үлестi құрайды. Бұл - 28,2%», - дедi министр.

«Ауыл- ел бесiгi» қалай жүзеге асып жатыр

Оның дерегiнше, жалпы соңғы 5 жылда экономиканың негiзгi көрсеткiштерi бойынша оң динамика байқалып отыр. Ауылдарда өмiр сүру деңгейiн одан әрi арттыру үшiн министрлiк «Ауыл – Ел бесiгi» жобасын iске асыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргiзуде.

«Жобаның мақсаты инфрақұрылымдарды жаңғырту есебiнен және оны жаңа өңiрлiк стандарттар параметрлерiне дейiн жеткiзе отырып,ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсарту болып табылады», - дедi Әсет Ерғалиев.

Аталған мақсатқа жету, оның пайымынша, әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл тұрғындарының әлеуметтiк игiлiктерге қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету бойынша мiндеттердi iске асыру есебiнен, сондай-ақ қолайлы өмiр сүру ортасын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

Жалпы, 6 316 ауылдың iшiнен даму әлеуетi бар 3,5 мың ауыл iрiктелген, онда ауыл тұрғындарының 88%-ы тұрады. Аталған ауылдар демографиялық көрсеткiштерге, экономикалық белсендiлiкке, инфрақұрылымның жай-күйiне қарай iрiктелдi. Бұл ауылдарды дамыту «Ауыл-Ел бесiгi» жобасы шеңберiнде бiрiншi кезекте жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қоса, министр «Ауыл – Ел бесiгi» жобасы ауыл халқының өмiр сүру сапасына қалай әсер ететiнiне тоқталды. Оның сөзiнше, ауыл тұрғындарының өмiр сүру деңгейiн арттыру үшiн 2019 жылы инфрақұрылым мен әлеуметтiк игiлiктерге қолжетiмдiлiгi жөнiнде жаңа өңiрлiк стандарттар әзiрленiп, бекiтiлген. 

Оның мәлiметiнше, ауылды елдiмекендердiң нысандармен қамтамасыз етiлуi 2020 жылы республика бойынша 60,3%-ды құраған. Осы орайда, ең жоғарғы көрсеткiштер Павлодар, Маңғыстау, Солтүстiк Қазақстан облыстарында байқалады.

Бұдан бөлек, министр биыл «Ауыл – Ел бесiгi» жобасы шеңберiнде 1,3 млн адам тұратын 480 ауылдың дамуына 105 млрд теңге бағыттау жоспарланғанын атап өттi. Бұл өз кезегiнде көлiк және әлеуметтiк инфрақұрылым, сонымен қатар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытуға арналған 1 мыңнан астам жобаларды iске асыруға мүмкiндiк бермек.

«Ауылды жерлердегi инфрақұрылым мәселерiн шешу үшiн 5 жылдың iшiнде 800 млрд теңге бөлiнетiн болады. Бұл өз кезегiнде 3,5 мыңнан астам ауылдағы 7 млн. ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсартуға мүмкiндiк бередi», - дедi ол.

2025 жылға дейiн ауылды жерлерде не өзгередi

Жалпы, оның пайымынша, ауылдық жерлердi дамытудың кешендi тәсiлi 2025 жылға қарай ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын және әл-ауқатын айтарлықтай арттыруға мүмкiндiк бередi. Мәселен, ауыл халқының сумен қамту қызметi 100%-ға жететiн болады. Барлық ауыл тұрғынды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етiледi.

Жергiлiктi маңызға ие жолдардың 95%-ы жақсы жағдайға жеткiзiлетiн болады. 10 мың км ауыл iшiндегi жолдар жөнеделедi және салынады.

Ауылды жерлерде 24 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiледi. Сонымен қатар, 110 мың жер учаскелерi жеке тұрғын құрылысы үшiн қажеттi инфрақұрылыммен қамтылатын болады. Жалпы, 12 мың км инженерлiк желiлер салынады және жаңғыртылатын болады. Агроөнеркәсiп кешенiнде 845 инвестициялық жобаны iске асыру ауылдарда 500 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкiндiк бередi.

"Бiлiм берудiң сапасын және қолжетiмдiлiгiн арттыру шеңберiнде ауылдық жерлерде 5 мың мектептi жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарланғанын тiлге тиек еттi. Барлық ауыл мектебi бiлiктi педагогтармен қамтылатын болады. Сондай-ақ, 3 жастан 6 жасқа дейiнгi балалардың 100%-ы мектепке дейiнгi тәрбиемен және оқытумен қамтылады", - деді министр.

Сонымен қоса, ауылдарда спортпен айналысу және шығармашылық үйiрмелердi дамыту үшiн жағдай жасау мақсатында 1 719 спорт және 748 мәдениет нысаны салынып, жаңғыртылмақ.

Бұдан бөлек, министр денсаулық сақтау саласында 1 095 нысанды салу және жаңғырту ауылды жерлердегi денсаулық сақтау жүйесiнiң сапасын және қол жетiмдiлiгiн арттыруға мүмкiндiк беретiнiн атап өттi.

Оның пайымынша, барлық жоғарыда көрсетiлген iс-шаралар ауыл тұрғындарының өмiр сүру деңгейiн жақсартуға, табысын арттыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпiлiс бермек.

Ауыл шаруашылығы

Бұдан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрi Сапархан Омаров ауыл халқының өмiр сүру деңгейiн арттыру үшiн ведомствоның жоспарлап отырған шаралары жөнiнде айтып бердi.

Оның айтуынша, министрлiк Агроөнеркәсiп кешенiн дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзiрлеп жатқанын және онда бiрқатар әлеуметтiк-экономикалық мiндеттер қарастырылған.

Атап айтқанда:

·         тұрақты түрде 1 млн ауыл тұрғынының кiрiсiн арттыру;

·         70 мың отбасылық шаруашылық құру;

·         Ауыл шаруашылығы саласында 500 мыңға дейiнгi адамды жұмыспен қамту;

·         350 мың фермерлiк және үй шаруашылығын тарта отырып, 7 экожүйе құру.

«Осы мiндеттердi орындау үшiн ауылда жаңа инвестициялық жобалар iске асырылатын болады. Олар тұрақты жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкiндiк бередi», - дедi министр.

Жалпы, Сапархан Омаровтың дерегiнше, Ұлттық жобаны iске асыру нәтижесiнде бес жылда еңбек өнiмдiлiгiн 2,5 есеге арттыру, сондай-ақ қосымша 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету үшiн салаға 4,5 трлн теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған.

«5 жылда 4,5 трлн теңгеге 845 инвестициялық жобаны iске асыру жоспарланып отыр. Қазiргi уақытта жобалар өңiр әкiмдiктерiмен және инвесторлармен пысықталып, тиiстi жол карталарына қол қойылды. Бұл жобалар Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру және қайта өңдеу бойынша 7 iрi экожүйенi құру жөнiндегi тапсырмасына сәйкес iске асырылатын болады», - деп толықтырды министр.

Ведомство басшысының сөзiнше, ауылды қолдаудың қосымша шарасы ретiнде алдағы 5 жылда «Еңбек» бағдарламасы бойынша 250 млрд теңгенiң 50 мың шағын несиесiн беру жоспарланған. Сонымен қоса, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейiн еттi мал шаруашылығын дамытатын 2500 шаруашылыққа 175 млрд теңге жеңiлдетiлген несие берiлмек.

«Ал, қой шаруашылығында «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 11 мыңнан астам шаруашылыққа 117,2 млрд теңгенiң несиесiн беру жоспарланған. «Кең Дала» бағдарламасы бойынша жыл сайын көктемгi егiн егу және күздегi егiн жинау жұмыстарына 70 млрд теңге көлемiнде бюджеттiк несие бөлiнедi», - дедi Сапархан Омаров.

Оның айтуынша, агроөнеркәсiп кешенiн дамыту – көбiнесе ауылдық аумақтарды қолдау, ауылдағы әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымдарды дамыту бағдарламаларының табысты iске асырылуына байланысты. Бүгiнде үкiмет ауылдық елдi мекендерде тұрғын үй құрылысын дамыту бойынша нақты шаралар қабылдауда.

«Биыл ауылда тұрғын үй салудың жаңа механизмiн енгiзу жоспарланып отыр. Онда ауыл қызметкерлерi үшiн тұрғын үй салған жұмыс берушi шығындарының 50%-ы субсидияланады. Бұл – ауылды жерлерге жас мамандарды тартуға мүмкiндiк бередi», - дедi министр.

Сонымен қоса, агробизнес өкiлдерi бұл бастаманы бiрнеше рет көтерiп, үкiмет тарапынан қолдау тапқанын атап өттi.

Барлық жаңалықтар