• Басты
  • Ауыл әйелдерінің форумы: Жетістіктің құпиясы
30 Қыркүйек, 2019 11:07

Ауыл әйелдерінің форумы: Жетістіктің құпиясы

Қарағанды облысы Абай қаласында облыстың ауыл әйелдерінің форумы өтті.Форум ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтті. Форумның дәстүрлі ерекшелігі «Менің жетістігімнің тарихы» шеруіне қатысқан нәзік жандылардың жетістіктері туралы Strategy2050.kz әзірлеген материалдан оқи аласыздар.

 

Ауыл әйелдерінің форумы: Жетістіктің құпиясы

«Жасыл экономика және «G-Global» дамуы үшін коалиция» басқармасының төрағасы Салтанат Рахимбекова бүгінде мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі – ауылдарды тұрақты дамыту мен адамдардың өмір сүру сапасын арттыру екенін айтты.

 «Ауылдарды көтеру – Қазақстанның экономикалық саясатының жаңа басым бағыты. Қазақстандық ауылдардың басты проблемасы – ауыл тұрғындары табысының төмендігі. Осылай ауыл әйелдерінің басын қосу өте маңызды. Оның ішінде ауыл әкімдері, мектеп директорлары мен шаруа қожалықтарының басшылары бар. Олар бір-бірімен тәжірибе алмаса алады», - деді С.Рахимбекова.

 Мәселен, Нұра ауданынан келген   көп балалы ана Елнұр Мұхамедияр бүгінгі кездесу баршамызға оң әсерін тигізіп, жаңа серпін мен бастауларға қадам басуға себепкер болатынына сенімді екенін жеткізді.

«Менің есімім Елнұр Мұхамедияр. Жасым 35-те, Балхаш қаласының тумасымын. Нұра ауданына келін болып түскеніме 16 жылға басты. Жарымызбен 5 бала тәрбиелеп отырмыз. Кезінде Астанада корпорацияларда, шағын-кәсіпкерліктерде есепші, бас есепші, аудит тобының басқарушысы ретінде қызмет істеп, 4-ші баламмен «бала күтіміне арналған демалысқа шықтым», ауылымызға көшіп келдік. Кейіннен уақыт өте келе, өздеріңіз білетіндей, ауылда балапандарымызға заманға сай қосымша дамуы мен қызықты өмір сүрулеріне жағдай жоқтығына көзім толықтай жетті. Өзім көп-балалы ана болғандықтан, ауылдағы балаларға мүмкіндік жасаймын деп, 3 жылдан бері Нұра ауданында балаларды дамытуға арналған жеке-меншік шағын орталық ашамын деп армандаумен болдым. Мемлекет тарапынан жіберген кәсіпкерлік тренинг пен оқуларға қатысып, сертификаттар алдым. Жоба құрып 2 рет облыс әкімінің грантына, 2 рет аудан әкімінің гранттарына қатысып қолдау таппадым, сонда да берілмей, Еуроодақ ОО «ЭкоЦентр» арқылы жүзеге асырған гранттан қолдау таптым», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Еуроодақ ұсынған 1 млн 200 мың теңге грантының арқасында, осы жылдың 1-ші наурызында шағын дамыту орталығы аудан балаларына өз есігін ашқанын жеткізді.

  «Біздің орталықта 2-5 жас аралығындағы балалар сөйлеу қабілетін дамытуға арналған сабақтарға қатысса, 0-4 сынып оқушылары ұзартылған күн топтары мен қосымша білім сабақтарына қатысып жүр. Қазіргі таңда балалардың сөйлеу қабілетінің (дамуының) кеш шығуына байланысты, ауылды аймақтағы көп ата-аналар логопед пен қосымша дамыту сабақтарына зәру», - деді ол.

 Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушылары ұзартылған күн сабақтарында, білікті маманмен үй тапсырмасын орындап, түсінбеген тақырыптары болса түсіндіріп қосымша білім алуда.

 «Бұл да жұмыскер ата-аналарға үлкен көмек деп білемін. 6-шы сәуірден бастап балалармен қосымша логопед маманы жұмыс істеуге кірісті. Орталықта 3 адам жұмыспен қамтылған. Ата-аналардың айтар алғыстары шексіз. Қазіргі таңда Бастау-Бизнес оқуын оқып, сертификат алғалы жатырмын. Бар күшімді ауданымызды әрі қарай дамытуға үлесімді қосамын деген үмітімді әлі де үзбеймін. Менің балаларым-менің қолғанаттарым!!!! Олардың туған күндеріне тәтті, әрі әдемі торт пісіремін деп, шеберлік сабақтарына қатысып, торт пісіруді үйрендім. Алдымызда бар гранттарға қатысып аспаздық (кулинария) ашамын деп шештім. Осындай жобаларға қатысып, аяққа нық тұрғанша, үкімет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алып жүргеніміз көп-балалы отбасыларға үлкен қолдау деп білемін. Өзіміздің, әрі ұрпақтарымыздың жарқын болашағы үшін қолымыздан келгенше күш салысайық», - деді Е.Мұхамедияр.

 Ал Ақтоғай ауылынан келген жас кәсіпкер Гүлден Керімбай өз кәсібін бауырсақ пісіруден бастағанын айтты.

«Ақтоғай ауылында кондитерлік тағамдарды пісіріп, сататын арнайы орын болмағандықтан, өз ісімді одан әрі дамыту үшін аудан әкімінің грантын алуға құжаттар өткізіп, 2017 жылы грант иегері атандым. Сол кезден бастап мен дүкен ашып, жаңа піскен өнімді барынша қолайлы бағамен сатудамын. Қазіргі кезде тойларға да тапсырыстар алып, халыққа қызмет атқарудамын.Сонымен қатар, жастарды жұмысқа баулу мақсатында қыз балаларға торт, кекс, печенье тағы басқа тәтті өнімдерді пісіруді үйрету үшін «Жас кондитер» шеберлік сыныбын өткіземін.Жұмыссыз жастарды қолдау мақсатында 2 жұмыс орнын аштым.Өзім биыл тұрмысқа шығып, бір отбасының келіні атандым. Алдағы уақытта да өз кәсібімді одан әрі дамытып, алға қойған мақсаттарыма қол жеткізу үшін тиісті жұмыстарды жүзеге асыруым қажет.Қазіргі жастар «ауылда жұмыс жоқ»деп, қалаға кетуде. Менің көзқарасым олай емес. Өткені, қазір ауылды дамыту үшін барлық жағдайлар жасалған. Тек ерінбей еңбек ету керек», - деді Г.Керімбай.

Сондай-ақ, ол жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында аудан әкімі жыл сайын гранттар бөлетінін айтты.

«Жастар сол көмекті пайдаланып, ауылдық жерде де өз ісін ашып, ауылдың дамуына өз үлестерін қосады деген үміттемін», - деді ол.

Шет ауданының тумасы, «Арай» шаруа қожалығының жетекшісі Фарида Арыстанбекова 2005 жылдан бастап ауылымызда «Арай» атты шаруа қожалығын ұйымдастырып, бүгінге дейін сол қожалыққа жетекшілік етіп келе жатқанын айтты.

«Қазіргі уақытта шаруа қожалығымда 10 жылқы, 60 ірі қара мал мен 100 ге тарта ұсақ малдар бар. Сонымен бірге осы малдардың азығы ретінде 200 гектар жер шабындық, 100 гектар егіндік жерім бар. Қарамағымда 3 трактор қосалқы жабдықтарымен қамтамасыз етілген.Мемлекетіміз бүгінгі күні барлық шағын және орта бизнесті бастауға үлкен қолдау білдіріп келеді. Осыған орай, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында 1-ай оқып сертификат алдым. Алдағы уақытта Атамекен кәсіпкерлік палатасы арқылы 6% бен – 3 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, мал басын көбейтуді жоспарлаудамын.Қазақтың ұлттық тағамдарын халық арасында насихаттау барысында 2017 жылы еліміздің бас қаласында өткен «ЭКСПО – 2017» өзіміз өндірген өнімдерді апардым. Және де әр уақыттарда өткізіліп тұратын «Ауыл-Береке» жәрмеңкесі бойынша Нұр - Сұлтан - Карағанды қалаларында өтетін іс - шараларға аудан атынан осы өнімдерді тұрақты түрде апарып келемін. 2007 жылы Қызылқой ауылы және Жұмыскер ауылының Мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жасадық. Қайырымдылық шараларында назарымыздан тыс қалдырмай әр түрлі игі шараларға қол созғанды өзіме парыз санаймын. Осындай ірілі - ұқсақты істерді бүгінгі күнге дейін мүмкіндігімізге қарай жалғастырып келемін», - деді ол.

Өз кезегінде «Өркен-Сауле» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сауле Аманжолова 2012 жылы жүрегіме ота жасалып, мектепте жұмыс істеуге денсаулығым келмей қалды, 5 жыл жұмыссыз отырғанын айтты.

 « 2017 жылы жұмыспен қамту биржасы арқылы жұмыссыз ретінде тіркеліп, келісім шарт арқылы жұмыс істеуге кірісе бастадым. Осылайша еңбекке қайта бет бұрдым, ауылымды көркейтуге үлесімді қосқым келді. Ауылымның әрбір бұрышы мен үшін ыстық, әрбір адамы маған таныс, әрі олардың мәселесін шешуді өзіме мақсат етті. Менің өмірімдегі жаңа кезеңге бет бұру қажеттігін сезіндім. Кеңгір ауылы Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының ортасында орналасқанымен өзіндік тыныс тіршілігі бар ауыл. Ол кезде ауылымның аты Сирияға кеткен теріс діни ағымдағы азаматтардың бар екендігімен аты шығып тұрған еді. Осы мәселеге ана ретінде жүрегім ашыды, ауылдастарыма қалай көмек берсем екен деп алаңдадым. Теріс діни ағымға кеткен ауылдастарымның түзу жолға, дәстүрлі жолға келуіңе алдымен ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықтағы аналары көмек көрсеткені абзал деп қала әкімдігі кеңес беріп, осы жұмысты қолға алуыма мұрындық болды. Қала әкімдігі теолог мамандармен қамтыса, біз ауылдың үлкендерімен бірлесе жұмыс жасап, әрбір отбасымен жеке жұмыс жасадық. Осылайша менің қоғамдық жұмысқа алғашқы қадамым басталды», - деді С.Аманжолова.

 Сондай-ақ, кәсіпкер Кеңгір ауылының әжелерінен «Ақ жаулықты аналар» мектебін ашып, салт-дәстүрді, қазақи тәрбиені насихаттай бастағанын жеткізді.

 «2018 жылы «Өркен-Сауле» Қоғамдық бірлестігін аштым, әртүрлі әлеуметтік маңызды мемлекеттік тапсырысты орындай бастадым. Әрі отбасымды асырауға да, басқаға көмек беруге де мүмкіндігім келді. Бүгінгі күні мен екі үлкен орталықты ашып отырмын, оның бірі Жезқазған қаласының ішкі саясат бөлімі тапсырысымен әлеуметтік жоба - «Ұлағат» қыздар орталығы, екіншісі – Қарағанды қаласының «Экоорталық» ҚБ гранты арқылы - Кеңгір селосында балаларды дамыту орталығы. «Ұлағат» қыздар орталығында теріс діни ағым ықпалына түскендерді оңалту, қыздарымызды қазақи салт дәстүрге үйрету, кондитерлік тағамдарды пісіртуге уйрету әрі тігін тігуді үйрету, осылайша үйде отырып табыс табуға үйрету», - деді ол.

 Айта кетейік, өңірлерде өтіп жатқан ауыл әйелдерінің форумынан делегаттар таңдалып, 2019 жылы 7-8 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына қатысады.

 

   Аягөз Құрмаш 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды