• Басты
  • Ауыл шаруашылығында цифрлы технологияларды енгізу қалай жүріп жатыр

Ауыл шаруашылығында цифрлы технологияларды енгізу қалай жүріп жатыр

2 Желтоқсан, 2020 12:46

Бүгін үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы саласында цифрлы технологияларды енгізу қалай жүріп жатырғаны жөнінде баяндады. Оның сөзіне сенсек, мемлекеттік қызметтердің 94%-ы автоматтандырылған, өткен жылмен салыстырғанда халыққа электронды форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 34%-ға артқан, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Жалпы министрдің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы цифрландырудың негізгі міндеті – өнім өндіруге жұмсалатын шығындарды азайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Бұған дейін мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында халыққа түрлі қызмет түрлерін көрсету кезінде электронды форматқа көшу қажеттігін атап өткенін еске салды.

«Тапсырманы іске асыру үшін Министрлік халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді, салалық бизнес-процестерді автоматтандырды және оңтайландырды. Мәселен, бүгінгі күні көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 94% автоматтандырылды. Өткен жылмен салыстырғанда халыққа электрондық форматта көрсетілген қызметтердің үлесі 34%-ға өсті», - деді Сапархан Омаров.

Салалық ақпараттық жүйелерді жаңғырту

Сонымен қоса, Қазақстан «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіне деректер енгізіле отырып, ауыл шаруашылығы жануарларын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдаланатын Еуразиялық экономикалық одақтағы алғашқы ел екенін атап өтті.

«Жүйеде 35 млн астам ауыл шаруашылығы жануары тіркелген, онда 4,5 мыңға жуық ветеринария маманы жұмыс істейді. Профилактикалық ветеринариялық іс-шараларды қоса алғанда, жануарлардың толық тіршілік циклын бақылауға арналған жүйені түрлендіру жұмысы үнемі жүргізіледі», - деді ол.

Plem.kz ақпараттық талдау жүйесі 

Сондай-ақ, ол Plem.kz ақпараттық талдау жүйесінде жүргізілетін мал шаруашылығындағы селекциялық және асыл тұқымды есепке алу жұмысы бөлек цифрландырылғанын тілге тиек етті. Осы орайда, 35 мыңға жуық пайдаланушы шығу тегін растау, селекциялық жұмыстар жүргізу және зоотехникалық оқиғаларды электронды форматта регламенттеу мүмкіндігіне ие болған.

«E-Agriculture»

Бұдан бөлек, «E-Agriculture» бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесінің функционалы есебінен бизнес-процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған рәсімдер едәуір жеңілдетілді.

«Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ішкі және сыртқы саудадағы басқа да қатысушылардың мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, электрондық ілеспе құжаттарды алуға мүмкіндігі бар. Өсімдік шаруашылығында барлық 11 рұқсат беру құжаты цифрландырылды», - деді Сапархан Омаров.

Оның дерегінше, ауыл шаруашылығы техникасын тіркеу, дайындаушы ұйымдарды аккредиттеу процесі және микрокредиттерді кепілдендіру жөніндегі комиссияның жұмысы 100% автоматтандырылған.

Бүгінде барлық 16 бағыт бойынша, оның ішінде өсімдік шаруашылығында 7 бағыт, мал шаруашылығы бағытында 4 бағыт және қаржы құралдары саласында 5 бағыт бойынша субсидиялау 100% автоматтандырылған.

«Өсімдік және мал шаруашылығы бағытында заманауи смарт-жүйелерді пайдалану оң нәтиже алуға мүмкіндік берді. Мәселен, нақты егіншілік бойынша пилоттық нысандарда агрономияның жаңа технологияларын қолдану арқылы өнімді 20%-ға артық алуға мүмкіндік туды, бұл ретте фермер шығындары 15%-дан астам қысқарды. Сондай-ақ, заманауи жабдықтарды қолдану сауылатын сүт көлемінің 20%-дан астам артуына әсер етті, туылған бұзау саны 25%-ға өсті», - деді министр.

Агроөнеркәсіптік кешендегі процестердің 5 жыл ішінде толықтай цифрландырылуы қосымша нәтиже бермек:

- жалпы түсім 20%-ға ұлғаяды

- еңбек өнімділігі 50%-ға артады

Миниыстрдің мәліметінше, бүгінде жерді цифрландыру мәселелері бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қоса, оның айтуынша, ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу шеңберінде цифрлық ауыл шаруашылығы карталарымен бүкіл көлемді қамту жоспарланған.

«Мемлекет басшысының жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту жөніндегі тапсырмасы шеңберінде Жерді қашықтықтан зондтау арқылы ауыл шаруашылығы жерлерінің пайдаланылуына мемлекеттік бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін ғарыштық мониторингтеу жөніндегі пилоттық жоба жүргізіліп жатыр», - деді ол.

2020 жылы пилоттық өңірлер ретінде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары айқындалған. Мәселен, пилоттық өңірлерді ғарыштық мониторингтеудің бірінші кезеңінің деректері бойынша, 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталды, оның ішінде 2,6 млн га жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды, 5,7 млн га жер иелеріне бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жіберілді. Осы жобаны жүргізу барысында министрлік жерді ұтымсыз пайдалануды айқындау әдіснамасын одан әрі жетілдіру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп пилотқа және оның нәтижелеріне талдау жүргізуде.

Барлық жаңалықтар