• Басты
  • «Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясымен бірігуден бас тартты
9 Қыркүйек, 2020 14:05

«Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясымен бірігуден бас тартты

Бүгін ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл» Халықтық-демократиялық, патритоттық партиясының кезектен тыс XVII Съезі өтті. Күн тәртібіндегі басты тақырып «Ауыл» партиясы мен «Бірлік» партиясының қосылуы туралы ұсыныс еді. Алайда Съезд делегаттарының дауыс беру нәтижесінде «Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясымен бірігуден бас тартты, - деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


«Ауыл» партиясы «Бірлік» партиясымен бірігуден бас тартты

Съезд «Ауыл» партиясының Алматы қаласы филиалының басшысы белгілі ғалым, академик Сапаров Абдулла Сапарұлының мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты 1 минуттық үнсіздік жарияланудан басталды.

Елдегі короновирус індетіне байланысты съезге тек 31 делегат келіп қатысты. 50 делегат онлайн байланыс арқылы шықты. Съезге 81 делегат тіркелді, 7 делегат қатыса алмады.

«Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаевтың айтуынша, «Бірлік» партиясы бірігу туралы ұсынысты осы жылы жасаған. Ұсыныс келіп түскеннен кейін зерделеу, зерттеу жұмыстары басталған.

Партияның Саяси кеңес Президиумның шешімімен «Бірлік» партиясының қызметімен бағдарламалық құжаттарын саралау, мониторинг бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, «Бірлік» партиясы елдің саяси-қоғамдық өміріне белсенді араласпайтыны, партия құрамына мүшелік еткен азаматтардың аздығы анықталды, - деді Әли Бектаев.

Мониторинг жұмыстарының нәтижелерін бүгінгі шарада жұмыс тобының жетекшісі Қуаныш Сейітжанов айтты.

«Бірлік» партиясының құрылымдық бөлімшелеріндегі жұмыста нақтылық пен тұрақтылық жоқ. Сондай-ақ партияның Жарғысы мен бағдарламасы жылдар бойы өзгермеген. Соған орай бағдарламадағы бұрынғы мәселелер бүгінгі таңда саяси маңыздылығы мен өзектілігін жойған. Партияның орталық аппаратында негізгі жұмысынан босатылған бірде-бір қызметкер жоқ. Бұл партияның қаржылық жағдайының да төмендігін көрсетіп тұр. Бұл партия 2019 жылғы ҚР Президенті сайлауына кандидат ұсынған жоқ. Бұл өз кезегінде партияның электорат тарапынан қолдауы аз екендігінің көрсеткіші. «Бірлік» партиясының қосылуы «Ауыл» партиясына ешқандай саяси бедел әпермейді. Сонымен қатар партиялардың қосылу процесі, партия филиалдарын қайта тіркеу сияқты жұмыстар көп уақыт алады. Алдымызда электоралды кезең келе жатқанын ескерсек, мұндай процестер «Ауыл» партиясының негізгі жұмыстарына кедергі болады, - деді Қуаныш Сейітжанов.
C9F03511-780B-4666-A11B-0E2BA82A1E40.JPEG

Осы «Бірлік» партиясының жұмысын талдаудан соң қатысушылар даучқа салды. Съезд қатысушыларының ішінде 73 делегат партиялардың бірігуіне қарсылық танытты, 7 делегат қосылуға қарсы болмады, ал 1 делегат қалыс қалды.

Партиялардың бірігуін қолдаған партия мүшесі, съезд делегаты Ф. Ақбердиев өзінің қолдау себебін түсіндірді:

«Бірлік» партияы «Ауылға» қосылуға ұсыныс білдірген екінші партия. Бұған дейін естеріңізде болса, 2015 жылы Патриоттық партия қосылды. Бұл партияның бізге қосылуы тиімді болды. Саяси алаңда «Ауыл» партиясы беделінің жоғарлауына алып келді. Қазір біздің партия тек ауыл тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарына да танымал. Қазір халық алдында біздің мәртебеміз биік, ұстанымдарымыз айқын. «Ауыл» партиясы қазіргі таңда халықтың жағдайын жақсартуды мақсат еткен. Мен жұмыс тобында болдым ғой. «Бірлік» партиясы мен біздің партияның мақсаттарында ұқсастық барын байқадым. Олар да ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мен кәсіптік-техникалық білім беруді дамытуға бағытталған жоспар қойған. Бірліктіктер де қазақ халқының ұлттық құндылықтарын сақтауға атсалысады екен, - деп өзінің қарсылығы жоқтығын білдірді Ақбердиев Ф.

Алда үлкен саяси науқан сайлау келе жатыр. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлайды. Осы орайда партия төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев сайлауалды бағдарламасы жайлы Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Біздің мақсатымыз – ауылдың инфрақұрылымын дамыту. Ауылдың инфрақұрылымын дамыта отырып, біз ауыл азаматтарының жағдайын жақсарта аламыз. Сонда ауыл сақталады. Бізде 1,5 мыңнан астам ауыл бар. Жыл өткен сайын азайып барады. Өйткені ауыл азаматтары жақсы өмір үшін қалаға қоныс аударады. Әсіресе шекарада орналасқан ауылдарды сақтап қалу үшін, халықтың жағдайын жақсарту үшін бар күшімізді салуымыз керек. Ауыл жастарына жұмыс беру мәселесін де көтеріп жатырмыз, - деді депутат.
8925817E-22D3-48BF-AB6F-9E3439E4AE34.JPEG

Әли Бектаев ауыл шаруашылығындағы майда шаруа қожалықтарының қазіргі күйін проблемасын айтты.

Қазастан ауылдарында 240 мыңнан астам шаруа қожалықтары бар. Бірақ оларға қолдау болмағаннан кейін, тиісті қаржыландыру жоқ болған соң өнімдерін сақтай алма, қайта өндіре алмай отыр. Соның әсерінен майда шаруа қожалықтарының өнімдерінің сапасы жақсармай отыр. Көп жағдайда ауылдағы ағайынның өнімдерін егістің басынан делдалдар алып кетеді. Олардың қандай қаржыда сататынын шаруа қожалықтарына белгісіз. Майда шаруа қожалықтарын шаруа кооперациялары арқылы біріктіріп, соны дамытуды үлкен мақсат етіп отырмыз. Егер шаруашылық ірі болса, жер көлемі кең болса, жердің құнарлығы да сақталады. Ауыспалы егіс арқылы ауылшаруашылық жерлерін сақтап қалу бастамасын көтереміз. Ауыл шаруашылық кооперативтері - біздің негізгі мақсатымыз, - деп түйіндеді ол.

Ауыл» Халықтық-демократиялық, патритоттық партиясына соңғы 5 жылда 47 000 адам қосылды. Партия төрағасының айтуынша, бұл партияға тұрғындардың қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді. Партия басшылығында да бүгін өзгерістер болды. Саяси кеңестің шешімімен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ның басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов және еңбек және әлеуметтік қорғау экс вице-министрі Светлана Жакупова «Ауыл» Халықтық – демократиялық патриоттық партиясы төрағасының орынбасары болып сайланды.

Бектаевтың айтуынша, партия құрамына көптеген елге танымал саяси тұлғалар кірген. Олардың қатарында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі Ербол Есенеев, «Шопан-ата» Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмазбек Садырбаев және «Ауыл» ХДПП жастар қанатының өкілі Әйгерім Көкеева Партияның Саяси кеңес Президиумының құрамына енді.

Әли Бектаев «Бірлік» партиясының өкілдеріне ниет білдіргендері үшін ризашылық айтты.

Алда саяси додалар бар, өмір мұнымен тоқтап қалған жоқ. «Бірлік» партиясына саяси белсенділік пен жұмыстарының алға ілгерілеуін тілейміз. Бүгін айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, жаңа даму кезеңіне көшеді деп сенеміз», - деп қорытындылады Төраға.

Барлық жаңалықтар