• Басты
  • «Ауыл» партиясы балаларды бөліп жармай, бәріне бірдей 18 жасқа дейін әлеуметтік көмек беруді ұсынды
16 Қараша, 2020 17:29

«Ауыл» партиясы балаларды бөліп жармай, бәріне бірдей 18 жасқа дейін әлеуметтік көмек беруді ұсынды

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі Ауыл партиясының «Ел аманаты» жалпыұлттық сауалнамасының қорытындысы» тақырыбына арналды. Сауалнаманың қорытындысы мен "Ауыл" халықтық демократиялық патриоттық партиясының өкілдері ұсынған ұсыныстар Strategy2050.kz материалында.


«Ауыл» партиясы балаларды бөліп жармай, бәріне бірдей 18 жасқа дейін әлеуметтік көмек беруді ұсынды

«Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары Төлеутай Рақымбековтың айтуынша, сауалнамаға республика бойынша 212 658 қазақстандық қатысқан.

«Аманат» сөзінің түбірі тереңде. Ол орысшаға аударылмайды. "Аманат" ұғымының өзі қазақ үшін киелі мәнге ие, өйткені аманатты орындау – ар-намыстың ісі. Сауалнаманы өткізуге волонтерлер қатысты. Электронды және қағаздағы мәліметтер арқылы жауаптар алдық. Партиялық актив сауалнама негізінде 14 проблеманы анықтады. 7 проблема өте өзекті саналды: Қазақстан жерлерін шетел азаматтарына жалға беруге және сатуға тыйым салу, жаңа әлеуметтік саясат құру, әр балаға жәрдемақы беру, ауылды елдімекендерде оңтайландыру жылдарында жабылып қалған медициналық мекемелердің жұмысын жандандыру, бүкіл ауылды, оның ішіндегі шалғайдағы ауылдардың барлығын интернетпен қамтамасыз ету, шағын, орта бизнес өкілдері мен фермерлерге 2-4 пайызбен несие беру, сонымен қатар олардың коммуналдық шығындарын субсидиялау, шетелден келетін қандастардың Қазақстан Республикасының азаматтығын алуын жеңілдету, тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап қаражат жұмсауды тоқтату. Бұл проблемаларды сауалнамаға қатысқандардың 100 пайызы өзекті деп есептейді, - деді Төлеутай Рақымбеков.

Сондай-ақ, Рақымбеков бұл сауалнама нақты диагноз қоюға және алдағы кезеңге арналған іс-қимыл бағдарламасын анықтауға септігін тигізеді, яғни болашаққа бағдар береді деп есептейтінін жеткізді.

Сол бағдарды халық «Ауыл» партиясына сеніп тапсырды. Заманауи технологиялардың дамуын ескере отырып, қазақстандықтардың әлеуметтік желілер арқылы сауалнамаға электрондық, онлайн қатысуына мүмкіндік бердік. Алайда, көптеген қазақстандық ауылдардың интернетке қол жеткізе алмауына байланысты сауалнама қағаз жүзінде де жүргізілді. Бұл ретте бізге 700-ден астам жас ерікті көмектесті, олар тіпті партия мүшесі болмаса да, жүздеген шалғай ауылдарды тегін аралап, «есіктен есікке» қағидаты бойынша сауалнама ұйымдастырды. Бұл үшін ерікті көмекшілерімізге зор алғыс білдіруге рұқсат етіңіздер, - деп алғысын жеткізді.

17 854 бюллетеньде қосымша мәселелер көрсетілген. 1000-нан астам адам 10 проблемалық мәселені көрсеткен. Олар:

1. Ауыз су, газбен жабдықтау, интернет бойынша - 3 671 ұсыныс;

2. Ауыл шаруашылығы өндірушілерін мемлекеттік қолдауды жетілдіру, несиелер мен субсидиялардың қолжетімділігі, кооперация негізінде әділ бағалар бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және өткізу жүйесін құру – 2 787 ұсыныс;

3. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның өсуіне және құрамында ГМО бар өнімдерді сатуға жол бермеу;

4. Ипотеканы төлеуге мүмкіндік болмаған жағдайда тұрғын үйді кейін сатып алу мүмкіндігін қарастыра отырып жалға берілетін тұрғын үй санатына ауыстыру. 2 758 респондент осындай ұсыныс жасады;

5. 2 448 респондент жастар үшін жұмыс орындарын ашуды, оның ішінде зейнеткерлік жасты төмендету арқылы көбейтуді ұсынды.

6. Пандемияға байланысты қызметін ішінара немесе толық тоқтатқан кәсіпкерлерге 2 жылға дейін несиелік демалыс беру туралы 2 141 респондент ұсыныс жасады.

7. 1793 респондент тұрғын үй алу, шаруашылық жүргізу және кәсіпкерлік қызмет үшін несие бере отырып, жұмыс күші артылған оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тапшы солтүстік өңірлерге ішкі көші-қонды ынталандыру туралы айтқан.

8. Студенттер үшін автобустарда, пойыздарда және ұшақтарда жүру тарифтерін 30 пайыздан бастап 50 пайызға дейінгі жеңілдікті қалпына келтіру туралы 1974 респондент ұсыныс жасаған.

9. Спорт алаңдары мен стадиондар салу, әр ауылда Денсаулық сақтау және мәдениет мекемелерін қалпына келтіру бойынша – 1174 ұсыныс.

10. Суармалы және жайылымдық жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалану туралы 2 171 ұсыныс түсті.

Сауалнама жүргізу кезінде қоғам мен мемлекеттің ең өзекті проблемалары ретінде көрсетілген бұл ұсыныстар міндетті түрде партияның бағдарламасына енгізілетін болады. Сондай-ақ, партия өкілдері мен респонденттер шалғайдағы ауылдарға интернет тартуға, 2-4% бизнес несиелер беруге, шетелден келген отандастарымыз үшін азаматтық алу рәсімін жеңілдетуге ниет білдірді. Бұл ұсыныстар партияның сайлауалды бағдарламасына кіретін болды. Рейтингтегі соңғы талап: тиімсіз бағдарламаларға мемлекеттік бюджеттен миллиардтаған қаржы жұмсауды тоқтатып, оларды халықтың қажеттіліктеріне бағыттау.

Сауалнамаға еліміздің барлық 17 өңірінен – 14 облыстан, сондай-ақ Алматы, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларынан 212 658 қазақстандық қатысты. Қатысушылардың 65%-ы электрондық сауалнама арқылы өз пікірлерін білдірді. Қағаз жүзінде «Ауыл» партиясына 74 082 адам аманат берді.

Ақмола, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары белсенділік танытты. Түркістан облысы көш бастап тұр, бұл өңірде сауалнамаға 6 814 респондент қатысты.

Сауалнамаға Шығыс Қазақстан (2 175), Батыс Қазақстан (2 374) және Қостанай (2 176) облыстарының тұрғындары аз қатысты.

«Ауыл» ХДПП орталық аппаратының жетекшісі Сейтжанов Қуаныштың айтуынша, Ана мен балаға арналған жәрдемақының өзі 14 заңмен реттеледі екен. Сондықтан қарама-қайшылықтар көп.

Қазақстанда 766 000 адам әлеуметтік жәрдемақы алады. Соның 400 мыңнан астамы балаларға арналған. Біз балаларды жас кезінен біреуі әлеуметтік көмекке мұқтаж, ал біреуі мұқтаж емес деп бөліп-жарып қарап жүрміз. Бұл идеологиялық жағынан дұрыс емес. Бұл жайлы қазақ бір ауыз сөзбен «әр баланың өз несібесі бар» деп айтып кеткен. Қазақстанда әрбір балаға 18 жасқа дейін әлеуметтік көмек тағайыналу керек. Бізде дәл қазір балаларға әлеуметтік көмек беру «Асан мен Үсеннің» кейпін киіп жүр. Мұны «Ел аманаты» сауалнамасы да көрсетті. Көпбалалы үйдің баласы, мүгедек бала, сау бала, азбалалы отбасының баласы демей «Бала нәсібі» деген әлеуметтік көмек тағайындалу керек. Бұған ел бюджетінің қауқары әбден жетеді. Мұны аспаннан алған жоқпыз, бұл сарапшылардың белгілі бір сараптамасының нәтижесінде жасалып отырған ұсыныс. Қазіргі төлемдер сомасы АЕК-тің 70%-ын құрайтынын білдіңіз бе? Олай болса, болашақта Отан алдындағы борышын 100% орындауын қалай талап етпекпіз? Патриот болуды қалай талап етуге болады? Бұған моральдық құқығымыз бар ма?, - деді «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының орталық аппаратының жетекшісі Сейтжанов Қуаныш.
«Ауыл» партиясының өкілдері мемлекеттен қаржы алмайтынын, тек демеушілердің көмегі арқасында жұмыс жасап келе жатқанын айтты.

Біз Парламенттік партия емеспіз. Бірақ өңірлерде, елді-мекендердегі біздің партияның әлеуеті жоғары. Егер Парламентке өтіп жатсақ, «Ел аманатын» ұмытпаймыз. Әрине заң шеңберінде жұмыс істейміз. Аманат деген сөздің салмағын сезінеміз. Қазақта «аманатқа қиянат жасалмайды» деген тәмсіл бар. Қазір 38 депутатымыз облыстық, аудандық деңгейлерде мәслихатта, ал партия басшысы Әли Бектаев ҚР Парламенті Сенатында депутат. Біз осы тетіктерімізбен талай мәселені көтеріп отырмыз, - деді Қуаныш Сейтжанов.

«Ауыл» халықтық демократиялық партиясының мүшесі Анас Баққожаев жақтастарымен тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап қаражат бөлгізуді тоқтатуды көздейді. «Ел аманаты» сауалнамасының нәтижесінде ауылдағы халық ауыз су мәселесі мен жолдың сапасын өзекті проблема деп көрсетті.

Соған сәйкес «Ауыл» партиясы ауыл аймақтарды дамытудың моделін ұсынады. Сонымен бірге ауыл-аймақтарды дамыту бойынша стратегиялық құжат дайындаймыз. 2004-2010 жылдары «Ауыл-аймақтарды дамыту бағдарламасы» шеңберінде ауылдардың бәрін де құжаттап, не бар, не жоғы анықталған. Соңынан осы бағытта тіпті комитет құрылған еді. 2010 жылдан бері бағдарлама ұмытылып кетті. Комитет қазір жоқ. Осының бәріне қалпына келтіру керек деп ойлаймыз, - деді Анас Баққожаев.

Баққожаевтың пікірінше, бюджетте ақша жеткілікті. Тек тиімсіз, қоғамға пайда әкелмейтін бағдарлама өте көп.

Қазақстанның футболына соңғы 10 жылдың ішінде 300 млрд теңгеге дейін демеушілік көмек көрсетілген. Қаражат Үкімет тарапынан да ақша бөлініп жатыр. Футболға бөлінген қаржыға кем дегенде 500 ауылдың жағдайын жақсартуға болар еді. Сондықтан партия тиімсіз бағдарламаларды анықтап, үнемделген ақшаны тек ауылдың инфрақұрылымын түзеуді ұсынып отыр, - деді ол.

Журналистің алдағы парламенттік сайлауда қай партияны басты қарсылас санайсыз деген сұрағына партия өкілдері барлық 6 партияны бәсекелес санайтынын білдірді.

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//
213.180.203.33, 192.168.88.100