• Басты
  • Ауыл әкімін сайлау – жергілікті басқарудың реформасы

Ауыл әкімін сайлау – жергілікті басқарудың реформасы

16 Шілде, 2021 19:14

2021 жылы 25 шілде күні Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Ауыл әкімдеріне сайлаудың үгіт-насихат жұмыстары 14 шілдеде басталып, 9 күнге созылады. Республика бойынша өз лауазымынан босайтын 730 әкімнің орнына саяси партиялар және өз-өзін кандидат ретінде ұсынушы азаматтар тіркеліп, азаматтар өз ауылдарының көркеюі мен дамуы үшін таңдауларын жасайды. Жалпы, ҚР Президенті Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Қазақстан тарихында алғаш рет аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы айтқан еді. Мемлекет басшысы алдағы сайлау біздің саяси жүйеміздің кемелденуінің белгісі ғана емес, сонымен бірге қоғамымыздың демократиялық дамуындағы елеулі қадам екенін атап өткен еді. Толығырақ Strategy2050.kz сарапшысының материалында.

Биыл еліміздің бірқатар өңірлерінде ауылдық округ әкімдерін сайлау күні белгіленді. Мәселен, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының шешімдерімен ағымдағы жылдың 25 шілдесіне ҚР аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің 730 әкімін сайлау бекітілді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сайлау алдындағы үгіт жұмыстары 2021 жылғы 14 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 18:00-де басталып, 2021 жылы 24 шілдеде жергілікті уақытпен сағат 00:00-де аяқталатынын хабарлады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты ел халқына Жолдауында 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берілді. Бұл бастама жергілікті өзін-өзі басқару институттарының жаппай практикасын енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға арналған саяси реформалар пакетін іске асыруды көздейді. Жергілікті және өзін-өзі басқаруды реформалау бірқатар стратегиялық міндеттерді шешуге бағытталған:

- біріншіден, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауды ашық мемлекеттік басқару қағидаты және "халық үніне құлақ асатын мемлекет"тұжырымдамасын іске асыруға бағыттау;

- екіншіден, азаматтардың ауыл-аймақтарды дамытуға және жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге қатысуын кеңейту;

- үшіншіден, атқарушылық және заңнама өкілеттіктерін төменгі сатыдағы мемлекеттік басқаруға кезең-кезеңімен беру;

- төртіншіден, ауыл әкімдерін тікелей сайлау кезінде партиялардың өкілеттіктерін кеңейту арқылы саяси бәсекелестікті дамыту.

ҚР Үкіметі жоғарыда көрсетілген Жолдауды іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспардың 139 және 140 – тармақтары шеңберінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жөніндегі заң жобаларын әзірледі. 2021 жылы 13 сәуірде ҚР Парламенті Мәжілісінде "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға түзетулер енгізілген конституциялық заң жобасы жарияланды. 2021 жылғы 24 мамырда Мемлекет басшысы ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу мәселелері жөніндегі заң жобасына қол қойды.

Маусым айының соңында Президент көмекшісі Е.Карин ауыл әкімдерін тікелей сайлау 25 шілдеде өтуі мүмкін деп мәлім еткен еді. Бұл саяси доданың басталғанына 2 күн ғана болса да, саяси партиялар атынан шыққан және өзін-өзі ұсынған үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарын қызу бастап кетті. Нақты деректер бойынша «республика бойынша сайлауға қатысу үшін барлығы 2582 адам өз кандидатураларын ұсынды, олардың 2297-сі немесе 88,9% - ы қажетті тіркеуден өтті. Саяси партиялардың кандидаттары 878 адам болды (38,2%). Айта кету керек, еліміздің барлық 6 саяси партиясы ауыл әкімдігіне өз кандидаттарын ұсынды. Сондай-ақ, үміткерлердің көпшілігі, тіркелгендердің жалпы санының 1419 немесе 61,8% - ы өзін-өзі ұсынған адамдар болып табылады». 

Сайлау алдындағы науқанның алғашқы сатыларының қорытындысына тоқталар болсақ, үміткерлерді ұсыну және тіркеу бойынша сайлаудың кезеңдері аяқталып, оның барысында үміткерлердің талаптарға сәйкестігін тексеру рәсімі өтті. Бірнеше әкімдікке үміткер сайлау аламанынан шығып қалды. Мысалы, «159 үміткер ұсынылған Алматы облысында ғана түрлі себептер бойынша 23 кандидат алынып тасталды, оның ішінде 16 - сы талаптарға сәйкес келмеуі себебінен, ал олардың 7-уі өз кандидатурасын алып тастау туралы өтініштер бойынша алынып тасталды». Қостанай облысында да осыған ұқсас жағдай болды. Онда 138 кандидаттың 10-ы түрлі себептермен сайлауалды жарыстан шығарылды, оның ішінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің талаптарына сәйкес келмеуі себебінен бес кандидаттың сайлау құжаттары кері қайтарылды, бір кандидат арнайы тексеруден өтпеді, сондай-ақ төрт кандидат өз қалауы бойынша кандидатураларын сайлау бәсекесінен алып тастады. Жергілікті тұрғындардың тікелей дауыс беруімен сайланатын әкімдердің ең көп саны Ақмола облысында (95), ал ең азы Атырау облысында (18) тіркелген. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, жыл соңына дейін тағы 45 әкім сайлануы керек, бұл осы лауазымды тұлғалардың өкілеттіліктерінің әртүрлі мерзімде аяқталуына байланысты болып отыр.

Сайлауалды бағдарламаның тәртібі бойынша ауылдық округ әкімдігінің әрбір кандидатына 220 мың теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаражат атап айтқанда, теле - және радиоэфирларда сөз сөйлеуге, сондай-ақ мерзімді басылымдарда мақалалар жариялауға 170 мың теңге қарастырылған. Сайлау алдындағы науқанға 17 мың теңге, көлік шығыстарына — 30 мың теңге, тұрғын үйді жалға алуға — 3 мың теңге бөлінді. Ауылдық округ әкімі қызметіне кандидатуралар аумақтық сайлау комиссиясының шешімі бойынша бюджеттен қаржыландырылады. Жалпы жыл соңына дейін республика бойынша сайлау процесін ұйымдастыруға 120 миллион 248 мың теңге қарастырылған.

ҚСЗИ директоры З. Шаукенованың пікірінше ауыл әкімдерін тікелей сайлау Қазақстандағы жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамыту жолындағы маңызды қадам болып саналады. Ұлттық экономика министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің кіріс көздерін ұлғайту үшін бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің қосымша 4 түрін беру ұсынылған. Бұл дегеніңіз – бірыңғай жер салығы, учаскелерді жалға алу, пайдалану немесе сату үшін төлемдер. Ауыл әкімдері осылайша жергілікті бюджетті бөлудің жекелеген мәселелері бойынша басқару ғана емес, қаржылық дербестікке де ие болады деп санайды эксперт. Оның ойынша, қаржылық дербестік пен өзін-өзі басқарудың тетіктері кеңейген соң, ол әкімдердің ауылды сумен жабдықтау, жолдарды күтіп ұстау, абаттандыру және т.б. сияқты тұрғындарға қажетті өмірлік маңызы бар мәселелерді шешу тиімділігін арттырады. Сонымен қоса халықтың дауысымен сайланған әкімдердің сайлаушылары алдындағы жауапкершілігі артып, олардың қызметінің тиімділігі де нығаюы ықтимал. ҚСЗИ директорының пікірінше, ауыл әкімдерін сайлаудың ашықтығына сайлау заңнамасы ықпал ететін болады, оған сәйкес сайлау құқығы республиканың 18 жасқа толған барлық азаматтарына олардың шығу тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан беріледі. "Қазақстандықтар, әсіресе ауылдық жерлердің тұрғындары, дауыс беру күнінің өзінде де, әдетте сайлау учаскелеріне жоғары келуін көрсете отырып, сондай-ақ сайлау науқанының барысында, кандидаттардың, олардың штабтарының сайлаушылармен кездесулеріне, түрлі акцияларға, іс-шараларға қатыса отырып, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтарды бақылап, әлеуметтік желілерде өздерінің сайлау құқығын белсенді пайдаланады. 

Заңгер–сарапшы М.Башимов өзінің фэйсбуктегі парақшасында алдағы сайлау туралы ой-пікірін тарқатып жазған екен. Оның ойынша, кандидат ретінде тіркелуші азаматтардың белсенділігі өте жоғары. Кейбір аймақтарда бір орынға 3-тен 10 адамға дейін үміткерлер құжаттарын тапсырған. Оның ішінде өзін-өзі ұсынып отырған, ауылдың әкімдігінен үмітті қазақстандықтардың қарасы көп. "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбектің Facebook-тегі жазбасына сәйкес, партияның атынан сайлауға 586 үміткер тіркелген екен. Партиядан қатысатын үміткерлердің 35%-дан астамы саяси алаңға жаңадан қосылған партия мүшелері, оның ішінде білім беру саласының өкілдері, кәсіпкерлер, фермерлер, сондай-ақ былтыр өткен партияішілік праймериздердің қатысушылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары жа бар. «Нұр Отан» үміткерлерінің орташа жасы – 46. Әйелдер үлесі – 11 пайыз болса, 14 пайызы – 35 жасқа дейінгі жастар. М.Башимовтың айтуынша, «Нұр Отаннан» басқа партиялардың сайлауға қатысу бағдарламасы мен ұстанымдары айқын емес. Партиялардың сайттарында анық, тұшымды ақпарат берілмегенін айтады. Эксперт Мәжіліс сайлауында "Ақжол" партиясы кең әлеуметтік бағыттағы үлкен бағдарламамен қатысып, кейін ол бизнеске ғана басымдық беріп, әлеуметтік және ауылдың мәселелерін ұмытып кеткенін айтады. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы алдағы додағы 104 кандидат ұсынған екен. "Ауыл" партиясы ұсынған 104 кандидаттың барлығы ауылдың тумасы екендігі көрсетілген. Орташа жасы 35-тен 45 жасқа дейін. Олар республиканың 13 өңірінде науқанға қатысады. "Ауыл" партиясынан кандидаттардың ең көп саны Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында (19 және 18 адам), сондай-ақ Ақтөбе және Жамбыл облыстарында (16 кандидаттан) ұсынылған. Журналист Н.Махмудовтың бақылауынша, «Нұр Отанның» өткен екі жылдағы электоралды жұмысы, яғни праймеризді өткізуі, 216 аймаққа дербес даму бағдарламаларын дайындауы, 234 қоғамдық қабылдау бөлімдерінде халықтың проблемасын тыңдап, әкімдерді мобилизациялауы үлкен тектоникалық қозғалыс деп санайды.

Осылайша, 2021 жылы 25 шілдеде ауыл-аймақта тұратын барлық кәмелетке толған қазақстандықтар қандай да бір кандидатты қолдап, өз құқығы арқылы әкімді сайлай алады. Алдағы сайлауды ұйымдастыруға Қазақстанның алдыңғы өткізген ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарына сайлау, партияішілік праймеризді өткізудегі жинақтаған тәжірибесі көмектесе алады. Қазақстанда Тәуелсіздік жылдары Президенттік және парламенттік сайлауға, сондай – ақ жергілікті өкілді органдар-мәслихаттарға сайлауға белсенді қатысу мәдениеті қалыптасты. Ауыл әкімдігіне кандидатқа дауыс берген халықтың кейін сайлауалды бағдарламаны қатаң бақылауына, ал халықтың дауысын жинаған әкімнің жауапты жұмыс істеп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, дер кезінде іс-қимыл жасауына жол ашады. Ол үшін сайлау ашық және әділ өтңп, қатаң бақылануы тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты принципі де сол деп есептейміз. 

Барлық жаңалықтар