• Басты
  • Ауыл әкімдерін сайлауда аудан әкімінің емес, жергілікті халықтың ықпалы басым болу керек – Айбек Қалиев

Ауыл әкімдерін сайлауда аудан әкімінің емес, жергілікті халықтың ықпалы басым болу керек – Айбек Қалиев

15 Қаңтар, 2021 13:02

Айтыскер ақын, Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев Strategy2050.kz тілшісіне білдірген пікірінде Қ.Тоқаевтың Мәжіліс депутаттарының алдында айтқан сөздеріне қолдау білдірді.



«Ел Президенті бүгін негізгі мәселелерді атап көрсетті. Өркениетті елдерде сайлау өткеннен кейін халық арасында наразылықтың болуы қалыпты жағдай. Президент кешегі сайлаудан кейінгі халықтың наразылығын білетінін және түсінетінін білдірді. Бұл наразылықтар бұрынғы сайлаулардан кейін болатын наразылықтарға қарағанда басымырақ екенін әлеуметтік желіден де, халық арасынан да көрдік», - деді ақын.

Айбек Қалиев партияішілік наразылықтар туралы да ашық айтты.

«Мен осы сайлауда кандидат болып көрген азамат ретінде тағы бір наразылықтар мен келіспеушіліктерді айта аламын. Ол – партиялардың арасындағы емес, партия ішінде болған жайттар. «Нұр Отан» партиясы өткізген партияішілік іріктеу Праймеризде болған әділетсіздіктерді айта кету керек. Әсіресе, жергілікті әкімдіктерде орын алған қитұрқы әрекеттер ескерілсе деген үміт бар. Праймериз елде тұңғыш рет өткізілді. Осы жолы болған шикіліктер мен қателіктер есепке алынып, келесі сайлауда қайталанбаса, «Әділетті мемлекет» қағидасына жақындай түсер едік», - деді ол.

Ол сонымен қатар ауыл әкімдерін тағайындаула аудан әкімдерінің ықпалы азаятынын айта кетті.

«Президент айтқан басым бағыттардың ішіндегі маған ұнағаны – 3500 ауылды жаңғырту және оларға баратын жолдарды жаңарту. Ауыл әкімдерін, одан кейін аудан әкімдерінің сайлануы да құптарлық басымдық. Ауыл аймақта бар мәселе әкімге келіп тіреледі. Мен Арқалық қаласы мәслихатының алтыншы шақырылымдағы депутаты болдым. Менің байқағаным ауыл әкімдерін сайлауға аудан әкімдерінің ықпалы басымырақ болады. Депутаттар әкімнің сөзінен аса алмай, әкім ұсынған кандидатураға ғана дауыс беріп жатады. Ал ауыл халқы ұсынған кандидаттар өтпей қалып жатады", - деді ол.

Оның пікірінше, бұл мәселе заңдастырылуы тиіс.
"Президенттің мұны назарда ұстап отырғаны қуантады. Ауыл әкімдерін сайлаудағы аудан әкімінің ықпалы азайса жақсы болар еді. Аудан әкімін сайлауда да дәл осы схемаға сәйкес облыс әкімінің тікелей араласу тенденциясы басталуы мүмкін. Ауыл әкімін де, аудан әкімін де жергілікті халық сайлау керек деген Президент айтқан басымдықты қолдаймын. Ескі ережемен кете берсек, аудан әкімдерін облыстық мәслихаттың депутаттары сайлайды. Ал облыстық мәслихат депутттарына облыс әкімі ықпал етеді. Бұл әділдікке жатпайды. Аудан әкімі партиялар сияқты ауданды көркейтуге арналған бағдарламасын әзірлеп, оны жергілікті халыққа түсіндірсе, халық үшін пайдалы болар еді», - деді ол.

Қалиев Президент айтқан жастар саясаты мен балаларды қорғау мәселесіне қатысты ойын білдірді.

«Президент жастар мәселесіне назар аударды. Бала құқығы мен қауіпсіздігіне дер кезінде назар аударып отыр деп ойлаймын. Жасөспірімдер арасында суицид жасаудан Қазақстан әлем бойынша алдыңғы қатарға шыққаны алаңдатады. Президент бұған кезек күттірмейтін мәселе ретінде қарап, мемлекет болып балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ететінімізді айтты», - деді сарапшы.

Ақынның пікірінше, Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңадан сайланған депутаттарға міндеттерін айқындап түсіндіріп берді.

«Халық арасында тараған сөз бар, «депутаттар 5 жыл бір орында ұйықтайды» деген. Президент айтқандай, жаңа шақырылымның депутаттары қоғамда дау туғызған мәселелерді көтеріп, шешу жолдарын қарастырады деп ойлаймын. Халық депутаттарға емес, партияларға дауыс берді. Сондықтан партиялар тарапынан өз депутаттарына бақылау болу керек деп есептеймін. Депутаттар арасында бізді халық емес, партия сайлады деген түсінік болуы мүмкін. Партиялардан сайланған әр депутат халық алдында үлкен жауапкершілік алды. Арқалық қаласынан орталыққа сайланған алдыңғы шақырылымдағы депутаттарды жергілікті халық танымайды. Олардың бас көтеріп, сөз сөйлегені естілмеді. Жаңа шақырылым осы олқылықтарды қайталамайды деп сенемін», - деп қорытты Айбек Қалиев.


Барлық жаңалықтар