• Басты
  • Ауыл әкімдерін сайлау қалай өтіп жатыр

Ауыл әкімдерін сайлау қалай өтіп жатыр

25 Шілде, 2021 18:05

Бүгін елімізде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауы өтуде. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Ауыл әкімдерін сайлау қалай өтіп жатырғаны туралы Strategy2050.kz тілшісінің материалынан оқи аласыз.

Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы

Ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы бүгін яғни 2021 жылдың 25 шілдесінде кейбір әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын тағайындалған болатын. Сайлау 40 күн бұрын жарияланды.

Сайлау заңнамасына енгізілген түзетулерге сәйкес, жұмыс істеп тұрған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған жағдайда сайлау 40 күн бұрын жарияланады және жұмыс істеп тұрған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін 10 күн бұрын өтуі тиіс.

Ағымдағы жылдың 26 маусымынан бастап кандидаттарды ұсыну басталып, ол 9 шілдеге дейін созылды. Қазақстанның барлық өңірлерінде қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, ауылдық округтер әкімдерінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөнінде сайлау округтерін құрды, оларды даярлау жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларын бекітті.

Үміткерлерге қойылған талаптар

Орталық сайлау комиссиясының ережелері бойынша, ең алдымен ауыл әкімі қызметінен үміткерлер Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Олардың жасы 25-тен төмен болмауы ескеріледі. Әрі сотталмағандығы және мемлекеттік қызметте кемінде екі жыл жұмыс істеуі маңызды. Сонымен қатар, әкім боламын деушілердің сыбайлас жемқорлыққа байланысты жанжалдарға қатысы болмауы міндетті. Бұдан бөлек, саланушылардың жоғары білімі болуы – басты шарттардың бірі.

Сайлау науқанының өту барысы

Сонымен бүгін елорда уақытымен 7.00-де Қазақстанның барлық өңірлерінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау басталды.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметтері бойынша, әкімдерді сайлауда дауыс беруге 1 209 817 сайлаушы қатысады деп жоспалданған. Бұл Қазақстанның 14 облысы сайлаушыларының 13% - ын құрайды.

Дауыс беру қарқыны

10:00-дегі жағдай бойынша Алматы, СҚО және Қостанай облыстары сияқты кейбір өңірлерде 100 адамнан дауыс беруге үлгерген. Бірінші дауыс берушілерге естелік сыйлықтар берілген (дәптерлер, суреттер).

14.00-ге дейінгі дерек бойынша әкім сайлауындағы белсенділікті Жамбыл облысы көш бастаған. Мұнда сайлаушылардың 72,9%-ы дауыс беріп үлгерген. Ақмола обысында дауыс берушілердің 50%, Ақтөбе облысында – 52,8%, Алматы облысында – 53 %, Атырау облысында – 50,2%, Шығыс Қазақстан облысында – 66 %, Жамбыл облысында – 72,9%, Батыс Қазақстан облысында – 53%, Қарағанды облысында – 48,1%, Қостанай облысында – 63,7%, Қызылорда облысында – 49%, Маңғыстау облысында – 36,6%, Павлодар облысында – 55,3%, Солтүстік Қазақстан облысындаа – 61,2%, Түркістан облысында – 56,1% сайлаушылар сағат 14.00-ге дейін таңдау жасап үлгерген.

18.00-дегі жағдай бойынша белсенділік тізгіні Жамбыл облысынан Шығыс Қазақстан облысына өткен. Бұл өңірде сайлаушылардың 85,4 % дауыс беруге келген. Ақмола обысында дауыс берушілердің 63,5 %-ы, Ақтөбе облысында – 69,8 %, Алматы обылсында – 66,3 %, Атырау облысында – 71 %, Шығыс Қазақстан облысында – 85,4 %, Жамбыл облысында – 84,1 %, Батыс Қазақстан облысында – 69,2 %, Қарағанды облысында – 67,3 %, Қостанай облысында – 81 %, Қызылорда облысында – 71,7 %, Маңғыстау облысында – 64,2 %, Павлодар облысында – 70,9 %, Солтүстік Қазақстан облысындаа – 80,2 %, Түркістан облысында – 69,9 % сайлаушылар сағат 18.00-ге дейін дауыс берген.

Қанша учаскелік сайлау орындары бар

Бүгінгі сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді. Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметі бойынша, осы 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен.

Сайлауға 2297 кандидат қатысуда.

Саяси партиялардың кандидаттары 878 адам болды-38,2%;

Өзін-өзі ұсынушылар— 1 419 — 61,8%.

Үміткерлер арасында 458 әйел және 1839 ер адам бар.

Дауыс беру 14 облыста 1847 сайлау учаскесінде өтуде.

Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар. Осыны ескеретін болсақ, 2022 жылдың басында ауыл әкімдерінің құрамы үштен бірге жаңарады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл сайлауда тағы бір жаңалық бар — қазақстандықтар "барлығына қарсы" дауыс бере алады.

Сайлау заңнамасын бұзушылық анықталмаған

Cайлауды партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтың айтуынша, қазір ел бойынша 1845 сайлау учаскелерінде Партиялық емес байқау орталығының байқаушылары қамтылған екен.

«2 мыңнан астам байқаушы республиканың барлық облыстарында, ең шалғай сайлау учаскелерінде де жұмыс істеп жатыр. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өткім келеді. Біздің орталықтан және өңірлік штаттарда нақты уақыт режимінде ақпарат келетін ахуалдық орталықтар ашылатын болады», - деді ол.

Оның айтуынша,сайлаушылардың жартысынан көбі дауыс беріп үлгерген. Сондай-ақ, осы сайлау үрдісін заңнамалық, ашықтыққа кедергі жасайтын өрескел заңбұзушылықтар тіркелмеген. Кішігірім техникалық жағынан ғана бұзушылық болған және ескерту алынып, барлық бұзушылықтар жойылған.

ШҚО филиалының төрағасы Аяужан Әшімованың сөзінше, байқаушылар жергілікті тұрғындар арасынан тартылған.

«Олар бүгін байқаушы болғанымен, ертең сол ауылда қарапайым тұрғын ретінде өмір сүреді. Сондықтан сайлаудың бұрмалаусыз өтуіне мүдделі», - деді Аяужан Әшімова

Осы орталық атынан №726 сайлау учаскесіндегі жағдайды бақылаған Анархан Қаблетова халықтың белсенді атсалысып жатқанын айтады. «Дауыс беру жалғасып жатыр. Адамдар белсенділік танытып, өз таңдауын жасауда. Ешқандай құқық бұзушылық орын алған жоқ», - дейді Партиялық емес байқау орталығының өкілі.

Санитарлық режимнің сақталуы

"Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу кезінде COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуының алдын алу жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері орынбасарының №29 қаулысына сәйкес сайлау процесінің барлық қатысушылары:

1) бір реттік медициналық немесе қорғаныш маскаларын кию режимін сақтау (маска мұрынды, ауызды және иекті тығыз жабуы тиіс);

2) қолды дезинфекциялау үшін антисептикалық құралдар;

3) адамдар арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтау – бір-бірінен кемінде 1,5-2 метр қашықтықта болу;

4) қол алысудан немесе тікелей байланыстың басқа түрлерінен аулақ болу.

Сондай-ақ дауыс беру күні жергілікті атқарушы органдар:

1) КВИ ауруының белгілері бар азаматтарды анықтау үшін байланыссыз термометрлер арқылы температураны өлшеу үшін медицина қызметкерлерінің немесе еріктілердің кезекшілігін қамтамасыз ету;

2) сайлау процесіне қатысушыларда дене температурасының жоғарылауы (37°С жоғары) және КВИ ауруының өзге де белгілері анықталған жағдайда оларды медицина қызметкерінің қарауы немесе жедел жәрдем бригадасының келуін күту үшін сайлау учаскесіндегі жеке үй-жайға оқшаулауды қамтамасыз етуі тиіс.

Сайлаушы "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы"Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 41-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс көзделген үй-жайда дауыс беруге құқылы.

3) әлеуметтік қашықтықты ескере отырып, жиһаз бен техникалық жабдықты орналастыру. Сайлау комиссияларының мүшелері сайлау учаскесіне вакцинация паспорты болған кезде жіберіледі. 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттің теріс нәтижесі болған кезде жол беріледі. Сайлау учаскесінде комиссия мүшелерінің және дене қызуы жоғары (37°С жоғары) және КВИ ауруының өзге де симптомдары бар сайлау процесіне басқа да қатысушылардың, сондай-ақ үйде оқшаулау режимі қолданылатын адамдардың болуына жол берілмейтінін атап өткен жөн.

КВИ бойынша карантинде болуына немесе емделуіне байланысты үйде оқшаулау режиміндегі сайлаушыларға шығу кезінде дауыс беру пәтерге (үйге) кірмей-ақ ұйымдастырылуы міндеттелген.

Дауыс беруге арналған үй-жайдан тыс жерде дауыс беруді ұйымдастыру үшін шығуды жүзеге асыратын сайлау комиссиясының мүшелері жеке қорғаныш құралдарымен (бір рет қолданылатын халаттар, қорғаныш маскалар, бір рет қолданылатын қолғаптар, қолға арналған антисептикалық құралдар) қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, дауыстарды санау аяқталғаннан кейін дауыс беруге арналған үй-жайға толық дезинфекция жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ, сайлау учаскесінде қатысушыларға қойылатын талаптар бар, атап айтқанда, сенім білдірілген адамдар, байқаушылар және БАҚ өкілдері вакцина паспортын немесе берілген күнінен бастап 3 тәуліктен аспайтын уақыт өткен ПТР әдісімен COVID-19 тестінің теріс нәтижесін ұсынады.

Сайлау алдындағы іс-шараларды өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті және азаматтардың денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету жауапкершілігі іс-шараларды ұйымдастырушыларға жүктелген.

Сайлау қорытындысы қашан шығады

Дауыс беру қорытындысы сайлаудан кейін үш күн ішінде шығарылады, ал келесі жеті күн ішінде сайланған әкімді тіркеу жүргізіледі. Оның өкілеттігі тиісті аумақтық сайлау комиссиясы оны тіркеген кезден басталады.

Айта кетейік, бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2021 жылғы 15 қаңтардағы VII шақырылымдағы Парламенттiң бiрiншi сессиясында айтылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерiн тiкелей сайлауды ендiру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асқан еді.

«Алдағы сайлау саяси реформаларға жаңа серпін беріп, азаматтарды елді басқару мен шешім қабылдау үдерістеріне тарту үшін мүмкіндіктер ашатынына сенімдімін», - деп сенеді Мемлекет басшысы.

Барлық жаңалықтар