• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Ауыл - Ел бесігі» жобасы:Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту қалай жүзеге асырылады

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы:Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту қалай жүзеге асырылады

19 Қазан, 2021 11:01

Бүгін үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев жобаның іске асыру барысы туралы айтып берді. Оның дерегінше, алдағы 4 жылда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 3,5 мың ауылды дамытуға 670 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ, ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тәсіл 2025 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

«Ауыл - Ел бесігі» жобасы

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап «Ауыл - Ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатырғанын айтып өтті. Аталған жобаның мақсаты инфрақұрылымды жаңғырту есебінен, оны жаңа өңірлік стандарттар параметрлеріне жеткізе отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру. Оның айтуынша, алға қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауыл тұрғындары үшін әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ өмір сүруге жайлы орта құру болып табылады.

«Жобаның шеңберінде 3,5 мыңнан астам перспективалы ауыл айқындалды, онда еліміздегі ауыл халқының 90% - ға жуығы тұрады. Атап айтсақ,1 173 тірек және 2 388 спутниктік ауыл іріктелді », - деді ведомство басшысы.

Перспективалы ауылдарды іріктеу

Оның сөзінше, тірек ауыл көлік байланысы бар және әлеуметтік игіліктер мен қызметтер көрсететін,оның ішінде спутниктік ауылдардың тұрғындары үшін де дамыған инфрақұрылымы бар абаттандырылған елді мекен. Сонымен қатар, перспективалы ауылдарды іріктеу кезінде, 156 параметр негізінде статистикалық талдау жүргізілетінін жеткізді.Бұл ретте, ортақ пайдаланылатын инфрақұрылымды орналастыру мүмкіндіктері, экономикалық параметрлер, сондай-ақ геостратегиялық жағдай-ірі қалаларға, өзендерге, темір жолдар мен автомагистральдарға дейінгі қашықтық, яғни халықты қамтудың шынайы көрінісі ескерілген.

«Жобаны іске асыру мақсатында ауылдардың әлеуетін анықтау әдістемесі өзектендірілді.Жаңа әдістемеге сәйкес әлеуетті айқындау 4 блок бойынша анықталды: демография, инфрақұрылым, экономика және геокеңістіктік жағдай», - деді министр.

Ол жаңа әдіснама әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибені зерделей отыра, өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық алшақтықтары бар екенін жеткізді. Атап айтқанда, Канада тәжірибесі ескерілген. Сондай-ақ, ауылдық елді мекендерді дамыту үшін инфрақұрылымға инвестиция салу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сондай-ақ тұрғын үй салу мен жаңарту бойынша шаралар қабылданған.

«Канадада бұл шаралардың тиімділігін арттыру үшін кластерлік тәсіл қолданылды, онда жақын орналасқан ауылдар бірыңғай экономикалық жүйе ретінде қаралады», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның дерегінше, 2019-2020 жылдары қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде барлық көздер есебінен ауылдық жерлерде жалпы сомасы 618 миллиард теңгеге 12 мыңнан астам жоба іске асырылған. Соның ішінде, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 5,2 мың км инженерлік желілерді жаңғырту бойынша 1225 жоба іске асырылған.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту

Министр әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласында 2 218 жоба жүзеге асырылғанын айтты. Соның ішінде, 1 213 мектеп пен балабақша, 234 фельдшерлік пункт, амбулаториялар мен емханалар, 596 клуб, мәдениет үйлері мен кітапханалар, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары cалынып жөнделген.Сонымен қоса, көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша 8 580 жобаны іске асыру нәтижесінде 9 мың км кент ішіндегі жолдар жаңғыртылған.

«Ағымдағы жылы іске асырылып жатқан бағдарламалар шеңберінде 566 млрд теңге сомасына тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты,әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 6,5 мың жоба іске асырылуда», - деді министр.

Оның мәліметінше, нәтижесінде 2,5 мың км инженерлік желілер және 5 мың км кент ішіндегі жолдар жаңғыртылатын болады. Сондай-ақ, 632 мектептер пен балабақшалар, 70 денсаулық сақтау нысандары, 300 мәдениет үйлері, клубтар мен кітапханалар, 96 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары салынатын және жөнделетін болады.

«Ағымдағы жылы «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 480 ауылды дамытуға 106 млрд.теңге бөлінді. Ағымдағы жылдың 1 қазанына қаржыландыру жоспарына сәйкес игерілгені 96%», - деді Әсет Ерғалиев.

Ол қазіргі таңда кейбір өңірлерде аяқталған жобалардың үлгілері бар екенін айтып өтті. Мәселен, Қостанай облысының Ұзынкөл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынған. Сондай-ақ, Павлодар облысының Қызылжар ауылында ауысымына 100 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген. Қызылорда облысында Жалағаш ауылындағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жамбыл облысында Айша-бибі ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған.

Оның мәлімдеуінше, жалпы 2019-2021 жылдары Мемлекеттік бағдарламалар бойынша және жеке инвестициялар есебінен ауылдық аумақтарды дамытуға 1,2 трлн. теңге бағытталған. Келесі 4 жыл ішінде 1,3 трлн. теңге бөлінеді, оның ішінде «Ауыл-Ел бесігі» шеңберінде – 670 миллиард теңгені құрайды.

«2025 жылға дейін, даму әлеуеті бар 3,5 мың ауыл қамтылып, онда ауыл тұрғындарының 90% - дан астамы тұратын болады. Ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі кешенді тәсіл 2025 жылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ауыл халқын сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі», - деді министр.

Министрдің сөзінше, жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік барлық ауыл тұрғындары үшін қамтамасыз етіледі.Ауылдық жерлерде 24 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95% жақсы жағдайда болады. 12 мың шақырым инженерлік желілер салынатын және жаңғыртылады. 10 мың шақырым кент ішіндегі жолдар салынатын және жөндеумен қамтылатын болады.

Білім беру сапасы

Министрдің мәліметінше, білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру шеңберінде ауылдық жерлерде 5 мың мектепті жаңғырту және 315 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Сонымен қатар,Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 100% қамтылатын болады. Сондай-ақ, барлық ауыл мектептері білікті педагогтармен қамтамасыз етіледі.

«1 095 объектіні салу және жаңғырту ауылдық жерлерде денсаулық сақтау жүйесі қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Ауылда спортпен айналысу және шығармашылықты дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 1 719 спорт және 1,5 мың мәдениет объектілері салынып, жаңғыртылатын болады», - деді ол.

Ауыл шаруашылығы

Министр агроөнеркәсіптік кешен саласында 4,5 трлн теңге сомасына 934 инвестициялық жоба іске асырылатынын жеткізді. 600 мың гектар жаңа суармалы жерлерді айналымға тарту 70 мың отбасылық шаруашылық құруға мүмкіндік береді.

«Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады. Қайта өңделген өнімнің үлесін 70% - ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есеге артады», - деді министр.

Оның мәліметінше, 7 ірі жүйенің экожүйесін қалыптастыру есебінен 1 миллион ауыл тұрғындарының табысын тұрақты арттыру қамтамасыз етіледі.Сондай-ақ, 500 мың жұмыс орны құрылатынын жеткізді. Ол өз сөзінде «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ете отырып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа серпін беретінін жеткізді.

Барлық жаңалықтар