• Басты
  • Ауыл-ел бесігі: Биыл 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр

Ауыл-ел бесігі: Биыл 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр

6 Қараша, 2019 10:22

«Ауыл-ел бесігі» бағдарлмасы аясында іске асырылып жатқан іс-шаралар Үкімет отырысында талқыланды. Бағдарлама аясында атқарылған нақты істер мен алдағы мақсаттар сараланды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру барысы туралы айтып берді.

 «Қазіргі уақытта 6 443 ауылда 7,7 млн адам тұрады (ел халқының 42%). Бүгінгі күні ауылдық жерлерде бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Ауылдың жартысынан астамында көшелерді жөндеу қажет. Инженерлік желілер тозуының жоғары деңгейі байқалады.Көптеген ауылдарда, білім беру және денсаулық сақтау объектілері жөндеуді қажет етеді», - деді Р.Скляр.

Сондай-ақ, Р.Скляр   осыған байланысты ауылды дамыту үшін кешенді тәсіл қолдану ұсынылып отырғанын айтты.

 «Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы-2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады»,-деді Р.Скляр.

  Оған қоса, оның айтуынша, қазіргі уақытта даму әлеуеті бар 3 477  ауыл іріктеп алынды, оның ішінде – 1 150 тіректі және 200 шекара маңындағы ауылдар енгізілген  2 327 спутниктік ауылдар. 

 «Аталған ауылдарда 6,6 млн. адам немесе ауыл халқының 85% тұрады, оларды дамыту басымды түрде болады.2019 жылы 30 млрд теңге сомаға шамамен 700 мың адам тұратын 53 ауылда 452 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда. Жобаны іске асыру 7 жыл ішінде 7 млн. ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. 7 мың км астам кентішілік көшелер салынып, жөндеуден өткізіледі», - деді ол.

Премьер-Министрдің орынбасары айтқандай, барлық ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.

«Әлеуметтік объектілерді жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі.Жалпы, барлық шаралар кешені ауылдарды одан әрі серпінді дамытуды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде ел экономикасына оң әсерін тигізеді», - деді ол.

Өз кезегінде Премьер-Министр Асқар Мамин «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартатынын айтты.

«Жобаны іске асыру аясында 7 жыл ішінде ауыл инфрақұрылымын жақсарту, 7 мың шақырым жолдар мен инженерлік желілерді салу және жөндеу, 130 мың жаңа жұмыс орындарын құру арқылы шамамен 7 млн ауыл тұрғынының тұрмыс сапасын жақсарту күтілуде», - деді А.Мамин.

Сондай-ақ, 2019-2020 жылдары шашамен 300-ден астам әлеуеті жоғары ауылдарды толық жаңғырту жоспарланған.

«Жобаның қарқыны жақсы. Іске асыруды жалғасытру қажет. Қаржы министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі бірлесіп «Ауыл – ел бесігі» жобасын қаржыландыруды 2020-2026 жылдары 900 млрд теңгеге дейін ұлғайту үшін ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Жалпы, барлық бағдарлама бойынша 2 трлн теңге қарастырылған», - деді А.Мамин.

 Оған қоса, А.Мамин Үкіметке 2020-2026 жылға арналған жаңартылған «Ауыл-ел бесігі» жобасын енгізуді тапсырды.

 «Әкімдіктер 30 пайыз шамасында бірлесіп, қаржыландыру көздерін қарастыруы керек. Бұл ретте қалған 70 пайызы мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады. Сонымен қатар, жобаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен тыс қаражат тарту, қажетті құжаттаманы дайындау және әрбір тірек және спутниктік ауылдық елді мекен үшін Экономиканы дамыту жоспарларын әзірлеу қажет», - деді ол.

Аягөз Құрмаш

 

 

Барлық жаңалықтар