• Басты
  • Ауғанстан: күн сайын өзгерген саяси ахуал жайлы

Ауғанстан: күн сайын өзгерген саяси ахуал жайлы

18 Тамыз, 2021 10:48

Соңғы уақытта Ауғанстан жеріндегі ахуал қайта ушығып, әлемдік саяси дүрбелеңнің ошағына айналды. Бұған АҚШ бастаған НАТО әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуы, сәйкесінше жергілікті биліктің әлеуетті Талибан күштеріне төтеп бере алмай, біртіндеп шегіну арқылы толықтай өз позициясынан айрылуы себеп. Қазіргі таңда БАҚ беттерін, түрлі әлеуметтік желілер мен телеграм арналарды Ауғанстан жеріндегі бей-берекет ағылған босқындар, тәліптердің елді мекендерді басып алған видеолары, халықаралық ұйымдар мен әлем елдерінің осы тақырыпқа қатысты талқылаулары мен мәлімделеріне тола бастады.

Геосаяси мүдделер тоғысындағы Ауғанстан

Жалпы, әлемдік өркениеттер тоғысында орналасқан Ауғанстан жері ежелгі замандардан бері түрлі кикілжіңдер мен қақтығыстардың ошағы саналады. Парсы, түркі, араб, моңғол және т.б. империялардың үстемдігі кезінде әр түрлі мемлекеттік құрылымдар билік еткен Ауғанстан жерінде парсы, түркі тектес халықтар мекен етеді. Аталған аймақтың тағы да үлкен бір геосаяси ойынның нысанына айналғаны ерте замандарды айтпағанда ХІХ ғасырдың ортасына тұспа тұс келеді. «Күн батпайтын империя» құрған Англия әлемнің үлкен бөлігін жаулап алып, Орталық Азияға дендеп ене бастады. Олардың ауған жерін жаулап, солтүстікке қарай жылжуды көздегенін байқап, Ресей империясы да Орталық Азияны жаулау әдісіне қызу кірісті. Осылайша қысқа уақытта Орталық Азияда Англия мен Ресей империясының шекарасы пайда болды.

Қазақстандық тарихшы-ғалым Сұлтан Әкімбеков «Ауғанстан тарихы» атты әйгілі еңбегінде «Бұл Орта Азиядағы және басқа да аумақтардағы Ресейдің отаршылдық жаулап алу саясаты экономикалық мүдделерсіз жүзеге асырылғанын көрсететін маңызды жағдай. Ресей саясаты дәл осы көрсеткішпен Үндістандағы британдықтардың отарлық басып алу саясатынан ерекшеленді. Тиісінше, 1860–1870-ші жылдардағы орыс әскерлерінің Орта Азияға белсенді жылжуы негізінен геосаяси мақсаттарға байланысты болды деп болжау орынды болып табылады, және оның басты мақсаты Үндістандағы ағылшын иеліктеріне жақындау мүмкіндігі және оларға шабуыл жасамаса да, ең құрмағанда, Лондонды күйзелісте ұстап тұру болды» деп жазады.

ХХ ғасырдың басында Ауғанстан ұзақ жылдар бойғы қарсыласудың нәтижесінде Англиядан тәуелсіздігін алды. ХХ ғасырдың өзінде тәуелсіз мемлекет атанғаннан кейін де бұл аймақта бірнеше билеушінің үстемдігі, таққа талас, әскери қақтығыстар үздіксіз орын алып отыр. ХХ ғасырдың соңында Ауғанстан жеріне Кеңес Одағының да әскері еніп, 1979-1989 жылдары он жылға жуық соғысқа араласқан болатын. Қисапсыз адам шығыны, қару-жарақ, оқ-дәрі, экономикалық қиындықтар, нәтижесіз ұрыс-керіс Кеңес әскерін соғысты тоқтатуға мәжбүрледі.

1996-2001 жылдары Ауғанстан Талибан ұйымының басқаруына көшті. Радикал ислам канондарын ұстанады деп саналатын тәліптер елді шариғат үкімдері бойынша басқаруға көшті.

Талибан қозғалысын алғаш рет Пәкістанның әскери барлау қызметі Кашмирдегі жағдайды тұрақсыздандыру мақсатында Үндістанға қарсы құрған және бұл ұйымның әлі күнге дейін Пәкістаннан бейресми қолдау тауып келе жатқаны айтылады. Қыз балалардың оқуына, әйелдердің жұмыс істеуіне, көшеде жабық киімсіз және күйеуінен бөлек жүруіне тыйым салу сынды канондар осы ұйымның негізгі ұстанымына айналған. Бұдан бөлек те теледидар көру, зайырлы даму жүйесіне қатысты өмір сүру салтына тыйым салынды.

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі егіз ғимаратқа, яғни Дүниежүзілік сауда ұйымының ғимаратына жасалған террористік шабуыл әлемдік деңгей үлкен өзгерістердің бастауына айналды. Осы сәттен бастап әлемдік терроризмге қарсы іс-қимыл үлкен қарқынмен ұйымдастырылды. АҚШ әскері осы шабуылды ұйымдастырды деген Әл-Каида ұйымы жасырынған Ауғанстанға басып кірді. Жергілікті тәліптер қысқа уақытта тас-талқан болып тықсырылып, ауған жерінде АҚШ бастаған халықаралық ұйымдардың қолдауымен жаңа үкімет пайда болды.


ХХІ ғасырдағы Ауғанстан

Жиырма жылға уақыт Ауғанстанда әскерін орналастырып, елдегі ахуалды бақылауында ұстаған АҚШ билігі 2020-2021 жылдардан бастап әскерін кері әкете бастады. Бұл әлсіз де болса астыртын күресін жалғастырған Талибан әскеріне үлкен мүмкіндік сыйлады. АҚШ әскерінің ауған жерінен кете бастауымен жергілікті биліктің 300 мыңға жуық әскери күші болғанына қарамастан 70-80 мыңдық Талибан әскеріне қарсы тұруға шыдас бермейтіні белгілі бола бастады. Әсіресе бұл соңғы бір аптада айқын көрініс тапты. Бұл Ауғанстанның өз әскері елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін деңгейге жетті деген ресми Вашингтонның сөзін жоққа шығарды

Ауғанстанның барлық елді мекендерін, ірі қалаларын шетінен әрі қысқа уақытта қарулы қақтығыссыз, қантөгіссіз қолына түсірген тәліптер Орталық Азиядағы геосаяси жағдайға үлкен өзгерістер енгізуде. Елдегі елді мекендерді басып алған тәліптер түрмедегі өз жақтастарын босатып, билікті өз қолдарына ала бастады. Беделді қолбасшылардың бірі Абдул-Рашид Достум тәліптерден бас сауғалап, Өзбекстан асты. Ал Ауғанстанның президенті Ашраф Гани билікті ұстап қала алмайтынын, Талибан әскеріне төтеп бере алмайтынын түсініп, Ауғанстан аумағынан ұшып кетті.

Бірнеше мемлекеттің елшілері, шетел азаматтары мен әскерилері тез арада Кабулды тастап, өз елдеріне аттанды. Елде хаос басталды. Кабулдан барлық халықаралық, бизнес әуе рейстері тоқтатылып, тек әскери ұшақтар ғана қатынай бастады. Тәліптерден қорыққан, НАТО әскеріне көмектескен және жеке қауіпсіздігін ойлаған қарапайым ауғандықтар Кабул әуежайына басып кіріп, кез келген рейспен шетел асуға асықты.

2021 жылғы 15 тамызда Талибан қозғалысы Ауғанстанның барлық аумағын толықтай бақылауына алғанын және алдағы уақытта Ауғанстан ислам әмірлігін жаңғыртатындығын жариялады. Осылайша АҚШ әскері Ауғанстаннан толық шықпай жатып тәліптер елді өз қарамағына алып үлгерді. Бұл тек Орталық Азияда ғана емес, әлемдік деңгейде үлкен саяси бетбұрысты оқиғаға айналды.

АҚШ президенті Джо Байден осы мәселеге қатысты жасаған өз мәлімдемесінде ел әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына өкінбейтінін, бұлай етпеген жағдайда қосымша әскери күш, қомақты қаржылық шығын жұмсалатындығын, алдағы уақытта Кабул әуежайынан адамдарды толық әкететіндігін, осылайша соғыстың аяқталатындығын хабарлады. Алайда АҚШ әскерінің қысқа уақытта елден кетуімен басталған осындай хаос көптеген әлемдік сарапшылар мен саяси лидерлердің Джо Байден басқаратын Америка билігіне қатысты сын-пікірлерін туғызуда. Олар әскердің елден кетуі елдегі жағдайды ушықтырмай, жергілікті лидерлердің билікті ұстап қалып, болашақта бұл мемлекеттегі жағдайды бақылауда ұстап қалатындай жағдайға жеткенде ғана орын алуы тиістігін алға тартады. Сондай-ақ, елдегі дүрбелеңнің тууына сәйкесінше АҚШ бастаған НАТО ұйымының кінәлі екендігі айтылуда. Дегенмен кейбір сарапшылар АҚШ президентін елдің мүддесіне сәйкес қимылдағанын, қосымша қомақты қаржы жұмсап, әскер ұстап тұрудың қажеттігі жоқ екендігін айтып, қолдау білдіруде.

АҚШ әскерінің ауған жерінен кетуі елге осындай дағдарыс алып келетіні алдын ала да байқалған болатын. Көптеген ауған азаматы жыл басынан бері өзге шет мемлекеттерге кетіп те жатты. Кейбір деректерге сәйкес 2021 жылдың мамыр айынан бүгінгі күнге дейін 390 000 ауғандық шетелге қоныс аударып үлгерген. Үлгермегендері дүрбелең басталған сәттен бастап шекара асуға ұмтылуда.

Джо Байденнің кейбір сынаушылары, сарапшылар АҚШ әскерінің Ауғанстаннан шығарылуын Вьетнамдағы сәтсіз соғыспен салыстыруда. Әсери операцияның сәтсіз аяқталуын айтпағанда Ауғанстандағы АҚШ дипломаттарының Вьетнамдағыдай елшілік ғимаратынан тікұшақпен қайтарылуы осындай сыни пайымға себеп болған символдық оқиға болды деуге де келеді.

Ауғанстан дағдарысының Орталық Азияға әсері

Ауғанстандағы саяси дағдарыс Орталық Азияның белді мүшесі ретінде Қазақстан да әсер етпей қоймайды. Өткен аптада түрлі ақпарат құралдарында Қазақстанға ауған босқындарын орналастырылатындығы туралы бейресми хабарламалар тарады. Яғни, АҚШ өкіметіне қызмет еткен жергілікті азаматтарды тәліптердің ықтимал ауыр жазасынан құтқару үшін кем дегенде 2000 ауғандықтың Қазақстанға көшіріліп, уақытша орналасатындығы, мұның АҚШ-тың Мемлекеттік Хатшысы Энтони Блинкен мен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді арасында телефон арқылы талқыланғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда Қазақстан Республикасы Сырты істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде бұл хабарламаның шындыққа жанаспайтындығы айтылды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінңң Баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми аккаутында «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады» деп мәлімдеді. Бұл ретте, ауған босқындарын Қазақстанда уақытша орналастыру мәселесі АҚШ бастаған елдер мен халықаралық ұйымдар тарапынан қайта көтерілуі мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Мысалы 17 тамыздан 18 тамызға қараған түні Тәжікстанның ауған босқындары орналасқан 3 ұшақ пен 2 тікұшақты қабылдағандығы туралы хабар жарияланды. Сондықтан мұндай ұсыныс шұғыл түрде біздің елге де түсуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды.

Ауғанстанда Талибан қозғалының билікке келуі Қазақстанның осы ұйымға қатысты ресми ұстанымына өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін. Өйткені Талибан қозғалысының қызметіне Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 15 наурыздағы шешіміне сәйкес ел аумағында тыйым салынған. Бұл тек Қазақстанға ғана емес, тәліптерге тыйым салған өзге елдерге де қатысты. Өйткені Ауғанстанды іс жүзінде өз бақылауына алған Талибан қозғалысымен ынтымақтасу, қарым-қатынас орнату күн тәртібіндегі мәселеге айналуы әбден мүмкін.

Күні кеше Ресей Федерациясының Ауғанстандағы елшісі Дмитрий Жирнов Талибанның өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, ол «Кабулдағы жағдай Ауғанстанның экс-президенті Ашраф Ганидің кезіне қарағанда Талибанның кезінде жақсырақ» екенін мәлімдеді. Бұл Ресейдің ресми ұстанымы қай бағытқа ауып бара жатқанын білдірсе керек.

Тағы да назар аударарлық жағдай Ауғанстандағы жағдайдың шиеленісуі Өзбекстанның халықаралық аренадағы, Орталық Азиядағы салмағын арттыруы мүмкін. Өйткені Өзбекстанның Ауғанстанмен шекаралас болуы, әскери лидерлердің бірі Абдул-Рашид Достумның Өзбекстанды паналауы, сондай-ақ АҚШ, Ресей бастаған алпауыт мемлекеттердің Ауғанстандағы жағдайды реттеу, босқындарды паналату, әскери қақтығыс жағдайында осы елдің әскери және территориялық әлеуетін пайдалануға тырысуы сынды мәселелер бұған себеп. Қазірге дейін әлемдік алпауыт елдердің басшылары, құзырлы өкілдері Өзбекстан басшылығымен жиі телефон арқылы байланысуда.

Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының толыққанды мүшесі ретінде болашақта Орталық Азияда орын алуы ықтимал әскери қақтығыстарға араласуын да жоққа шығаруға болмайды. Аталған ұйымның Бас хатшысы Стансилав Зась 2021 жылғы 16 тамызда алдағы жақын айларда Тәжікстанның Ауғанстанмен шекаралас аймақтарында ҰҚШҰ-ның әскери жаттығуы өтетіндігін хабарлады.

Кейбір азаматтар Ауғанстандағы этникалық қазақтарды елге көшіру мәселесін де көтеруде. Өйткені Сирияда Жусан операциясы арқылы шет мемлекеттен ел азаматтарын алдыру тәжірибесі бар. Алайда бұл жөнінде ресми биліктің ұстанымы әзірге белгісіз.

Қорыта келгенде, Ауғанстандағы ахуал өте күрделі және уақыт өткен сайын жаңа бетбұрыстар, күтпеген мәлімдемелер жариялануда. Ұзақ уақыт тұрақсыз болған Ауғанстан жері алдағы уақытта да тыншымайтын тәрізді. Бұл Орталық Азия өңірінің белді мүшесі ретінде Қазақстанды да алаңдатады. Күн сайын өзгерген геосаяси оқиғалар арасында өз мүддемізді қорғап қалу, соған сәйкес іс-қимыл жасау, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең басты қағида болса керек.

Барлық жаңалықтар