• Басты
  • Атырау облысының дамуы: Эпидемиологиялық ахуал, инвестиция, ШОБ және тұрғын үй мәселелері

Атырау облысының дамуы: Эпидемиологиялық ахуал, инвестиция, ШОБ және тұрғын үй мәселелері

18 Маусым, 2021 11:52

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов аймақтың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру үшін қолға алынған шаралар туралы баян етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Облыстағы эпидемиологиялық жағдай

Аймақ әкiмi өңiрдегi эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенiн атап өттi. Оның айтуынша, 26 мамырдан бастап облыс "сары" аймақта.

«Инфекциялық төсектердiң жүктемесi 16%-ды құрайды. Ем алып жатқан науқастардың саны – 337. Облыс бойынша 12 стационарда 2 098 науқасқа инфекциялық төсек-орын жасақталған. Оның 81-i реанимациялық орын. Қосымша 750 резервтiк төсек дайындалды», - дедi Махамбет Досмұхамбетов.

11 мыңнан астам вакцина дозасы жеткiзiлген

Оның мәлiметiнше, ақпаннан берi өңiрге 111 200 доза вакцина жеткiзiлген. Атап айтқанда, оның 92 700 дозасы «Спутник-V», 2 000 дозасы «QazCovid-in», 9 500 дозасы «Hayat-Vax», 7000 дозасы «Corona Vac» вакцинасы.

«Облыс бойынша барлық талаптарға сай келетiн вакцина салатын 41 екпе пунктi ашылды. Бүгiнде 69 304 адам вакцинаның I компонентiн, 27 569 адам II компонентiн алды. Өңiрiмiзде қазiргi кезде 385 субъект «Ashyq» қосымшасын енгiзiп, QR-кодпен жұмыс iстеп жатыр», - дедi облыс басшысы.

Өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық даму көрсеткiштерi

Салықтар

Махамбет Досмұхамбетовтың дерегiнше, 2021 жылдың 5 айында мемлекеттiк бюджетке 559 млрд теңге, оның iшiнде, республикалық бюджетке 384 млрд. теңге салық аударылған. Бұның бөлек, Ұлттық қорға 357 млрд. теңге түскен.

Негiзгi капиталға инвестициялар

Сонымен қатар, облыс әкiмi жыл басынан берi негiзгi капиталға салынған инвестициялар 1 трлн 15 млрд теңгенi құрағанын, жалпы 2021 жылға болжам - 3,8 трлн. Теңге екенiн де тiлге тиек еттi.

Өнеркәсiп

Оның сөзiнше, 5 айда өнеркәсiп өнiмiнiң көлемi 3,2 трлн. теңгенi құраған.

«Облысымыздың республиканың өнеркәсiбiндегi үлес салмағы – 22,7% екенiн айта кетейiн. 19,5 млн. тонна мұнай және 10,2 млрд. текше метр iлеспе мұнай газы өндiрiлдi. 2020 жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда, тиiсiнше, 89,7% және 90,6%», - дедi ол.

Оның айтуынша, биыл Кәсiпкерлiктi қолдау картасы шеңберiнде 837 млрд. теңге болатын 5 жобаны жүзеге асырып, 560 жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қоршаған ортаны қорғау

«Өңiрiмiз үшiн өзектi мәселенiң бiрi экологиялық ахуал екенi өздерiңiзге де мәлiм. Жыл басынан берi космостық мониторингiлеу арқылы Атырау қаласы аумағынан 94 заңсыз қоқыс орны анықталды. Олардың 39-ы тазаланды, ал 42-сiнде тазалау жұмыстары жүргiзiлуде, ал қалған 13 қоқыс орнының иелерi анықталуда», - дедi облыс басшысы.

2020 жылы Атырау қаласында 484 тiркелмеген қоқыс орындары анықталып, барлығы жойылған болатын. 

Оның айтуынша, президенттiң 2025 жылға дейiн орман алқабында жаппай ағаш егу мен елдiмекендердi көгалдандыру тапсырмасы бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Биыл 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық ағаш көшеттерi отырғызылған. Алдағы бес жылда облыстың орман қоры жерлерiне 7 миллион көшет, ал елдiмекендерге – 540 мың ағаш отырғызылу қарастырылған.

«Өңiрдегi «Теңiзшевройл», NCOC, АМӨЗ және «Ембiмұнайгаз» сынды iрi мұнай-газ кәсiпорындарымен де көгалдандыру жұмыстарына қатысты меморандум жасалды. Олар осы күзде жұмыстарын бастайды», - дедi Махамбет Досмұхамбетов.

Облыс басшысының айтуынша, Атырау қаласы тұрғындары жиi көтеретiн мәселенiң бiрi - атмосфералық ауа сапасы. Оларды облыс орталығында ауада жағымсыз иiстiң таралуы алаңдатады. Бұл ондаған жылдар бойы тұрғын үйлер мен кәсiпорындардың кәрiздiк суларын тазарту қондырғыларының болмауынан туындаған мәселе.

«Облыс әкiмдiгi оны шешу үшiн 2021-2025 жылдарды қамтитын кешендi шаралар қабылдады. Соның iшiнде, биыл қаланың сол жақ бөлiгiндегi жаңа кәрiздiк-тазарту имаратын iске қосу жоспарлануда», - дедi облыс әкiмi.

Ауыл шаруашылығы

Оның айтуынша, өңiрдiң күрделi климаттық жағдайына қарамастан, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңiл бөлiнiп келедi. Бұл салада 26 млрд. теңгеге жуық өнiм өндiрiлген.

«Тұщы су тапшылығына қарамастан, iрi қара мал басы 4%-ға, жылқы 9,5%-ға, түйе 3%-ға, қой мен ешкi 2%-ға артты. Ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлердi де қаржылай қолдау үшiн жыл сайын қаражат бөлiнуде. Биыл осы мақсатқа 3,1 млрд теңге қарастырылды», - дедi Махамбет Досмұхамбетов.

Азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру шаралары

Облыс басшысының сөзiнше, әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тұрақты жұмыстар жасалуда. Өңiрде 1 млрд. 100 млн. теңгенiң үстiнде тауарлық-қаржылық тұрақтандыру қоры қалыптастырылды. Соның шеңберiнде 755 млн. теңге мөлшерiнде айналым қоры құрылып, өңiрдегi «Идеал» iрi сауда желiсiмен келiсiм жасалған. Соның арқасында аталған желiнiң 36 сауда нүктесiнде әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының 14 түрi нарықтан 10-15% төмен бағамен сатылуда.

«Сонымен қатар, әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын тұрақты ұстау үшiн кәсiпкерлер, тауар өндiрушiлер сондай-ақ iрi сауда орындары арасында 200-ден астам меморандум жасалды. Балық шаруашылығында өсiм бар. Өткен жылы осы уақытта 6,5 мың тонна балық ауланса, биыл 10 мың 150 тонна ауланды. Оның 90% өңделiп, өнiмнiң 80% экспортталды», - дедi облыс басшысы.

Тұрғын үй құрылысы

Облыс басшысының дерегiнше, ағымдағы жылдың 5 айында 291 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда 63%-ға жоғары.

«Бюджет қаражаты есебiнен 51 тұрғын үй салынуда. Олардың 25-iн жыл аяғына дейiн пайдалануға беру жоспарлануда. Ағымдағы жылы тұрғын үй құрылысы үшiн 2 747 жер учаскесiне ИКИ жүргiзу бойынша 27 жобаны асыруға ИКИ құрылысына 12,6 млрд. теңге бөлiндi», - дедi министр.

Әлеуметтiк нысандар құрылысы

Аймақ әкiмiнiң сөзiнше, әлеуметтiк нысандардың да құрылысы қарқынды жүргiзiлiп жатыр. Атап айтқанда, бiлiм беру саласында биыл 11 балабақшаның, 2022 жылы тағы да 3-уiнiң құрылысын аяқтау жоспарлануда. 5 224 орындық 10 мектеп салынып жатыр. Ағымдағы жылы сондай-ақ 1 410 орындық тағы 3 мектептiң құрылысын бастау жоспарланып отыр.

«Медициналық колледждiң 200 орындық жатақханасы салынуда. Биыл 25 орындық жастар үйi пайдалануға берiлдi. Сонымен бiрге, Атырау қаласында жанұялық үлгiдегi балалар ауылының құрылысы аяқталуда», - дедi ол.

Сонымен бiрге, денсаулық сақтау саласында 7 нысан салынып жатқанын, бұдан басқа 2 денсаулық сақтау нысаны құрылысы бастау жоспарланғанын да тiлге тиек еттi.

«Үш ауданда 4 ауылдық мәдениет үйiнiң құрылыс жұмыстары жүрiп жатыр. Салынып жатқан 6 спорт нысанының 5-уi биыл тапсырылады. Ал, Құлсары қаласындағы орталық стадионды 2022 жылы ашу жоспарланған», - дедi ол.

ШОБ

Оның мәлiметiнше, шағын және орта бизнес секторында 126 мыңнан астам адам еңбек етiп жатыр. Бұл облыстың жұмыс күшiнiң 38%-ын құрайды. 

«Былтыр пандемияға байланысты мемлекет шағын және орта бизнес субъектiлерiне айтарлықтай қолдау көрсеттi. Қазiр кәсiпкерлiк секторында жандану байқалады. Атап айтқанда, жұмыс iстеп тұрған субъектiлер саны 1,5% - ға артты. Жыл соңына дейiн тағы да 0,6% - ға өсiм күтiлуде», - дедi облыс басшысы.

2020 жылы өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерi 2,1 трлн. теңгеге өнiм өндiрiп, қызметтер көрсеткен. Ағымдағы жылы бұл көрсеткiш 2,3 трлн. теңге болады деп күтiлуде.

«Кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында «Бизнестiң жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаларға бөлiнген 8 млрд. тенгеден жыл басынан берi 4 млрд. теңге игерiлдi», - дедi ол.

Халықты әлеуметтiк қолдау

Облыс басшысының айтуынша, есептi кезеңде 12 473 жұмыс орны ашылып, оның 5 453 тұрақты жұмыс орны. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасын жүзеге асыру аясында 22 695 адамды қамту жоспарланса, жыл басынан берi 14 290 адам қамтылып, 1 млрд 253 млн. теңге игерiлген.

«2021 жылдың 1 маусымына дейiн Жұмыспен қамту орталықтарына 14 543 адам хабарласып, оның 12 739-ы жұмысқа орналастырылды. 1 тоқсан бойынша жұмыссыздық деңгейi - 4,9%», - дедi ол.

Инфрақұрылымды дамыту

Оның дерегiнше, 2021 жылы жол инфрақұрылымын жақсартуға 21,4 млрд. теңге бөлiнген, жергiлiктi маңызы бар 140 шақырымға жуық жолды жөндеу жоспарланған.

«Республикалық маңыздағы «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолы жаңғыртылуда. Облыс аумағындағы жұмыстардың жалпы көлемi 432 шақырымды құрайды. Қазiргi уақытта 47 шақырымында жұмыстар аяқталды, ағымдағы жылдың соңына дейiн тағы 168 шақырымы жаңғыртылады. Жұмыс 2022 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланған», - дедi облыс басшысы.

Бiлiм беру

Облыс басшысы биыл 28 ауылдық мектептi жаңғырту жұмыстары жоспарланғанын атап өттi. Сондай-ақ, ол өңiрдегi өзектi мәселенiң тағы бiрi бiлiктi мамандардың жетiспеушiлiгi екенiн тiлге тиек еттi. Оның сөзiнше, мәселенi шешу үшiн соңғы 4 жылда жергiлiктi бюджеттен мамандарды даярлауға 433 бiлiм гранты бөлiнген.

«Назарбаев Зияткерлiк мектебiмен бiрлесе отырып, саладағы өзектi проблема - бiлiм сапасын арттыру үшiн жан-жақты зерделеу жасалды. Нәтижесiнде, 2021-2023 жылдарға арналған «Жол картасы» әзiрленiп, жұмыстар жүргiзiлуде», - дедi облыс басшысы.

Барлық жаңалықтар