29 Тамыз, 2020 15:48

Ата Заңымызға – 25 жыл

Биыл Ата заңымыз – Ел Конституциясына 25 жыл толып отыр. Конституция – ең жоғарғы заңдық күшке ие құжат. Мемлекеттегі саяси және экономикалық реформалар, тұрақтылық пен келісім, оның халықаралық жетістіктері Конституцияда бекітілген қағидаттармен тығыз байланысты. Қазақстанның ширек ғасырлық кезеңдегі әлемдік аренадағы бейбітсүйгіш, бітімгерлік, теңгерімді қарым-қатынасы, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену ұмтылысы Конституция баптарындағы құндылықтардың жемісі деп айтуымызға болады.

Ата Заңымызға – 25 жыл

Ата Заңның мақсаты – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстан Республикасының ең жоғарғы құндылықтарын қамтамасыз ету және қорғау (ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағы). Конституция – Қазақстан халқын біріктіруші үлкен күш. Өйткені, дәл осы Ата Заңның алғашқы сөйлемінде «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып» деген сөздер мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі - халық екенін көрсетеді. Бұл мемлекеттің азаматтарға қамқорлық жасаудан артық маңызды міндеті жоқ екенін көрсетеді. Бүгінгі таңда еліміздің әрбір тұрғыны Конституцияға маңызды және тиімді жұмыс істейтін құқықтық құжат ретінде жүгінеді. Конституцияға сәйкес, адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге туғанынан тиесілі, олар абсолютті деп танылады және ажыратылмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайды.

Құқықтар мен бостандықтарды абсолютті деп тану олардың республика азаматтығына қатыстылығына қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағындағы әрбір адамға таралуын білдіреді. Конституция "Қазақстан Республикасының азаматы", "әрқайсысы", "барлығы", "шетелдіктер" және "азаматтығы жоқ адамдар" терминдерін қолдана отырып, жеке тұлғаның құқықтық мәртебесін саралайды. Бұл ретте Конституцияның мәтінінде "әрқайсысы" және "барлығы" туралы айтылса, онда республика азаматтары да, республика азаматтығына ие емес адамдар да айтылатынын түсіну керек.

22d9291c-007e-464a-9a75-20c678544429.jpg

1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум барысында азаматтардың 89,14% Конституцияны қабылдауға дауыс беріп, Ата Заңымыз   шын мәнінде "Халықтық Конституция" деген атқа ие болды. Содан бері Конституция уақыттың талабы және мемлекеттің демократияландыру, 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіру жөніндегі міндеттеріне орай бірқатар толықтырулар мен түзетулерден өтті. Осы уақытқа дейін 1998 жылы Конституцияның 19 бабына, 2007 жылы депутаттарды сайлау туралы, 2011 жылы ҚР Президентінің өкілеттілігі туралы өзгертулер енгізілді. Соңғы 2017 жылғы конституциялық реформаға сәйкес, ҚР Президенті 45 өкілеттілігін Үкімет пен Парламент арасында бөліп, олардың саяси шешім қабылдау мүмкіндіктерін кеңейтті. Бұл саяси модернизация мемлекетіміз үшін тағдырлы мәселе және Төртінші өнеркәсіптік революцияға бейімделу мақсатында орындалған маңызды шара болып саналады. 2017 жылғы 10 наурыздағы Конституциялық реформа «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында қоғам мен мемлекетті дәйекті жан-жақты қайта құру жолындағы жаңа кезең болды. Реформаның бағыттары Тұңғыш Президент – Елбасының бастамасы бойынша өткізілген бүкілхалықтық талқылау қорытындылары бойынша айқындалды. Осы реформаға сәйкес тұтастай алғанда Парламенттің және Парламент палаталарының рөлі, атап айтқанда, республика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, сондай-ақ оның есептілігі мен Парламенттің бақылауындағы тетіктердің күшеюі байқалды.

58cfd24b-050e-4e84-bd4e-2d8ea9394444.jpg

Конституция қабылданғаннан бері оның нормаларының сақталуына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Конституциялық кеңестің орны үлкен. 2017 жылы жүргізілген конституциялық реформа Конституциялық Кеңестің өкілеттік аясын кеңейтті

- Республика Президенті Конституциялық Кеңестің шешіміне қарсылық енгізу жөніндегі өз құқығынан бас тартты (Конституцияның 73-бабының 4-тармағы алынып тасталды).

- Мемлекет басшысына Конституциялық Кеңеске күшіне енген заңның немесе өзге де құқықтық актінің Республика Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтініштер жіберу құқығын беру жолымен конституциялық бақылау күшейтілді (Конституцияның 44-бабының 10-1) тармақшасы). Мұндай құқық адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті, мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүдделерімен байланысты болады.

- Елдің Басты Заңына түзетулер енгізуде міндетті алдын ала конституциялық бақылау енгізілді (Конституцияның 91-бабының 3-тармағы). Түзетулер Конституциялық Кеңес оң қорытынды берген жағдайда ғана республикалық референдумға немесе республика Парламентінің қарауына шығарылуы мүмкін.

"Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" ҚР Конституциялық заңының 1-бабына сәйкес, Конституциялық кеңес Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік орган болып табылады. Конституцияның 72-бабына сәйкес Конституциялық Кеңес алдын ала және кейінгі конституциялық бақылау арқылы адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды жүзеге асырады. Алдын ала конституциялық бақылау кезінде Конституциялық Кеңес уәкілетті субъектілердің (Президент, Парламент Сенатының төрағасы, Мәжіліс Төрағасы, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігі, Премьер-Министр) өтініші бойынша Парламент қабылдаған заңдарды (оларға Президент қол қойғанға дейін) және Республиканың халықаралық шарттарын (оларды бекіткенге дейін) олардың Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қарайды. Демек, бұл заңнамалық актілер Конституциялық Кеңестің оң шешімі болған жағдайда ғана заңды күшіне енуі мүмкін.

Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі міндеті болып табылады - бұл Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 2-тармағынан келіп шығады, яғни, Конституцияның жоғары заңдық күші бар және республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады деп белгіленген. Осы принципті негізге алған азаматтар білім алып, еңбек етіп, отбасын құрып, жеке бизнеспен айналысып, өз құқықтары мен бостандықтарын талап етуіне толық мүмкіндігі бар. Ширек ғасырлық тарихы бар Ата Заңымыз – кез-келген құқықтық актіден жоғары тұратын басты Заң, ол ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, мемлекеттілік пен егемендіктің құқықтық негізі, заңдылық пен құқықтық тәртіп, барлық заңнама мен құқық қолдану практикасы негізделген іргелі құжат болып табылады.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар
66.249.70.66, 192.168.88.100