• Басты
  • Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, елге жаңа серпін әкелді - Н .Жүсіп
19 Наурыз, 2020 09:28

Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, елге жаңа серпін әкелді - Н .Жүсіп

Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығын қамтамасыз ете білді. Эволюциялық дамуды жалғастыра отырып, елге жаңа серпін әкелді. Қоғаммен ашық диалогқа ден қойды. Пікірлер саналуандығына негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағытын қалыптастыруға күш салды. Мұндай пікірді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.



Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, елге жаңа серпін әкелді - Н .Жүсіп

«Тәуелсіздік тұрақтылық пен тыныштыққа арқай сүйейді. Еліміздің дамуы осы екі тетікке тікелей байланысты. Тура бір жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы республикалық телеарналарда тікелей эфир арқылы xалыққа өте маңызды үндеу жасап, 30 жылдық басқару қызметін қорытындылады», - деді сенатор. 

Осы ретте Нұртөре Жүсіп ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді. Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды. Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді. Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік. Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық», - деген сөзіне назар аудартады.

 «Елбасы ең қиын шақта ел дамуын айқындап, стратегиялық тұрғыда өте дұрыс таңдау жасады. Елге сырттағы қандастарымызды шақырып, оларға үлкен қолдау көрсетті. Сарырқаның төсінен жаңа қала тұрғызды. Елордасы мен ел шекарасын мықтап, Тәуелсіздікке қорған болар барлық қажетті шараны жасады. Түрлі сын-қатер, қауіптің алдын алуға ұмтылды. Ең бастысы - Елбасы елмен бірге болды. Жаңа бастамаларға жетеледі. Елбасы Қазақстанның даму жолын дер кезінде айқындады. Бұл – демократия мен нарық жолы болатын. Соның арқасында елімізде бірқатар экономикалық-әлеуметтік реформалар жедел жүзеге асырылды. Экономикада 15 есе, ал халықтың табысы 9 есе (доллармен есептегенде) артты. Кедейшілік деңгейі 10 есеге жуық қысқарды. Бұл оңайлыққа түскен жоқ. Елдегі өзгерістердің бәрі көз алдымызда жүріп жатыр. Дүкен сөрелері жылан жалағандай бос қалған кезді де көргенбіз. «Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады» - деген еді Елбасы.


 Қазақстандағы билік ауысу үрдісі заң шеңберінде өтті. Мемлекет басшысының уақытша міндетін атқару Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді. Бүкілхалықтық сайлауда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев басым дауыспен Президент болып сайланды», - деді ол. Сенатор «Нұр Отан» партиясының сьезінде Елбасы Тоқаевқа үлкен сенім артатынын мәлімдегенін, «Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін», деген сөзін еске салады.

 «Қасым-Жомарт Тоқаев билік сабақтастығын қамтамасыз ете білді. Эволюциялық дамуды жалғастыра отырып, елге жаңа серпін әкелді. Қоғаммен ашық диалогқа ден қойды. Пікірлер саналуандығына негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағытын қалыптастыруға күш салды. «Әр алуан пікір - біртұтас ұлт», «Күшті Президент - ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» деген жаңа бағдар қолға алынды», - деді Нұртөре Жүсіп. Оның пайымынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа қызметінде өзін табанды саясаткер екенін көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде ашықтық саясатын ұстанды. Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы бола отырып, елімізде болған кез келген өзекті оқиғаға жедел баға берді. Түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерімен бетпе-бет кездесіп, өзекті мәселелерді ашық талқылап келеді.

 «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын жариялады. Бұл Мемлекет басшысына деген елдің сенімі мен құрметін оятты. Елде өрши түскен жыныстық зорлық-зомбылық, мал ұрлығы, есірткі тарату, мас күйде көлік жүргізу, браконьерлік және қорықшылардың өміріне қол сұғушылық сияқты өткір мәселелер үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін шаралардың тұтас кешенін белгіледі. Халық бұл шешімдерді қолдады. Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құруы да маңызды қадам болды. Билік сабақтастығы сындарлы сипат алды. Мемлекеттің тұрақтылығы сақталды. Бұл – ел дамуындағы ерекше мәселе», - деп түйіндеді сөзін Сенат депутаты.



 

Барлық жаңалықтар
3.237.67.179, 192.168.88.100