ҚР Президентінің Жолдауы

Жастар жылы: жоспар мен жаңа мүмкіндіктер

«Жастардың 51 пайызының кәсіпкерлікпен айналысуға құлқы жоқ... Елімізде туризмді дамытып, оған жастарды көптеп тарту қажет... Жоғары оқу орындарында туризм және қонақ үй факультеттері ашылуы тиіс... Еріктілер қозғалысын жандандырып, жастарды жергілікті жердегі жұмыстарға тарту керек...» Қасым-Жомарт Тоқаевтың баяндамасынан алынған маңызды тіркестер мұнымен шектелмейді. Сенат қабырғасында өткен дөңгелек үстелге қоғамдық даму, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар, денсаулық сақтау, ішкі істер министрліктерінің, Астана және Алматы қалаларының, бірқатар облыстардың басшылары мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.
Астана қаласы07 Ақпан , 20:57

Дөңгелек үстелдің маңызы мен мәні ерекше еді. Себебі, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін «осы билік не істер екен», «азаматтық қоғам тарапынан жанартаудан атқылаған лавадай лап еткен сынға не уәж айтады екен» деп тақымдарын қысып, тағатсыз күткені рас.

Дөңгелек үстелдің модераторы болған жоғарғы палатаның Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрайымы Бірғаным Сарықызы Әйтімова төрағадан бастап отырысқа келген барлық жастарға кезекпен сөз беріп шықты.

«Президентіміз жариялаған Жастар жылының ең басты мақсаты - өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау. Өйткені, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын. Қазақстан осындай арынды ұрпақтан кенде емес жас мемлекет. Әрбір екінші қазақстандықтың жасы 30 төмен болса, азаматтарымыздың орташа жасы 34 аспайды», - деп бастады өз сөзін Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сенат төрағасының баяндамасын зер салып тыңдаған адам сөз жоқ айтылғандардың бәріне иланары хақ. Иә, жастарға қолдау көрсету керек. Ол үшін елімізде мемлекеттік бағдарламалар қарастырыған. Жөн-ақ. Бірақ бар мәселенің түйіні – жоғарыдан ыстық ықыласпен әзірленген дүниелер төмендегі қара халыққа жеткенше суып үлгереді. Ақша жымқырылады немесе діттеген жеріне жұмсалмайды. Жастардың бастамалары бюрократиялық машинаның шынжыр табанына жаншылып, бір істі қайырлы қылуға ұмтылған ұрпақтың жігерін құм қылады. Бұл айтылғандардың бәрін біз аспаннан алып отырған жоқпыз. Бүгінгі дөңгелек үстелге қатысқан жастар ұйымдарының жетекшілері мен қоғам белсенділері Мұхтар Наурызбайұлы, Тоқтар Болысов, Динара Сәдуақасова, Мәди Абылайұлы, Данияр Сүндетбаев, Мейіржан Мылтықбайұлының сөздерінен аңғардық.

«Әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Біздің, парламентшілердің алдында тұрған міндет - осындай дарынды жастарға қажетті құқықтық жағдай жасау болып табылады. Жастар жылының мән-маңызы да осында», - дейді Сенат төрағасы.

Бұдан былай жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жас буынның 40 % жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын басынан өткерген.

«Алайда, қазіргі уақытта жастардың арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша, жастардың жұмыссыздық деңгейі 13% құрайды, ал кейбір елдерде 40% жетеді. БҰҰ деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктерін шағын және орта бизнес саласынан табуға болады. Біздің жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнестерін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен өз мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеуде. Өкінішке орай, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 % бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз», – деп ой қорытты Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасы заңын іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттер» деген ұзақ сонар атау берілген «дөңгелек үстелде»  ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев сөз сөйледі.

Құрылғанына көп уақыт бола қоймаған ведомстваның алдында тұрған міндеттер аса ауқымды. Қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту, денсаулықты сақтау және нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, жұмысқа орналасу және жұмыспен қамту үшін жағдай жасау, жастар арасында кәсіпкерлік қызметті дамыту үшін жағдай жасау, жас отбасылар үшін қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту, дарынды жастардың дамуына жәрдемдесу, тіпті, мәдени демалыс пен бос уақытты өткізу мәселесін де қамтыған.

Министрдің айтуынша, биыл «Жас Маман» (100/200) бағдарламасы әзірленіп, 200 мың қазақстандық 200 танымал білім беру мекемелерінің базасында 100 аса танымал мамандықтар бойынша дайындалады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мамандықтардың тізімі кеңейтіледі. Ауылға көшкен жас мамандарға 100 АЕК (252,500 теңге) көлемінде қаржылай көмек көрсетіледі. Студенттік еріктілерге арналған стипендиялар 30% өсіп, стартаптарды қолдау Қоры құрылады. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге бөлнетін гранттар көлемі екі есе ұлғаяды. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жас отбасыларға жалға берілетін тұрғын үйлер салынып, жыл сайын кем дегенде 1000 пәтер үлестіріледі. Қашықтықтан білім беру саласы кеңейтіліп, осы мақсатта «Open University» жобасы жұмысын бастамақ. Сонымен қатар, жас ғалымдардың қолданбалы ғылыми зерттеулерін қаржыландыруға жыл сайын 3 млрд. теңге бөлінеді.

Әрине, осы тізбектелгендердің ішінде жастар жағын көп алаңдататыны баспанамен қамту жайы. Дархан Аманұлының сөзіне сүйенсек, пәтерлер 29 жасқа толмаған азаматтарға беріледі. Және бір маңызды мәселе міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Қазіргі күні барлық сұрақтар тиісті министрліктермен бірлесе талқыланып, іске асыру механизмдері әзірлену үстінде.

Данияр Оралов




Яндекс.Метрика