• Басты
  • Астанада қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова атындағы аллея ашылды
19 Қазан, 2020 16:42

Астанада қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова атындағы аллея ашылды

Ел астанасында Қазақстан Азаматтық Альянсының экс-президенті, қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Салтанат Рахымбекова атындағы аллеяның ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында 55 түп ағаш отырғызылды, сонымен қатар Салтанат Темірқұлқызының әріптестері мен достары қоғам қайраткері атындағы қоғамдық қордың құрылғанын атап өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Астанада қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекова атындағы аллея ашылды

Аталған шараға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев қатысып, қоғам қайраткері Салтанат Рахымбекованың еліміздің дамуына септігін тигізетін бірқатар жобаның басташасы, әрі жүзеге асырып, соңынан көптеген шәкірт тәрбилегенін тілге тиек етті.

«Жасыл» экономиканың негізін қалаған Салтанат Темірқұлқызы көптеген тиімді жобалардың бастамашысы болып, олардың дамуына көп үлес қосқан тұлға ретінде есте қалары анық. Ол әрдайым прогрестің қозғаушысы, әрі сарқылмас энергияның иесі болды. Салтанат Рахымбекова тек өзі ғана үлес қосқан жоқ, болашақта өз ісін жалғайтын көптеген білікті мамандарды тәрбиелеп шығарды. Осы орайда мен барлығыңызды оның жұмысын жалғастыруға шақырамын», - деді министр Мағзұм Мырзығалиев.

TEMA3839.jpg

Сонымен қоса министр Салтанат Темірқұлқызымен әртүрлі бағыттарда белсенді жұмыс істегенін еске алып, бірқатар естелігімен бөлісті.

«Ол кісіні бір-екі сөзбен сипаттау мүмкін емес. Ол өте көп қырлы, өте позитивті, жігерлі адам еді. Әрқашан әдім, жарқын өмірді үлгі етіп, түрлі идеяларды ортаға тастап, оны жүзеге асырғанда басы-қасында жүретін. Әрқашан біздің өмірімізді, қоғамды өзгерткісі келетін», - деп еске алды министр. 

Бұдан бөлек жиынға қатысқан «Жасыл экономика» және «G-Global дамыту коалициясының» атқарушы директоры Асхат Сүлейменов Салтанат Рахымбекованың қолға алған жобаларына тоқталды. Оның сөзінше, қоғам қайраткері Салатанат Темірқұлқызының қоршаған ортаны қорғау, ауылды, оның ішінде ауыл әйелдері арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі ұшан-теңіз.

TEMA3858.jpg

«Салтанат Темірқұлқызы өзі бар кезінде жүздеген әлеуметтік және білім беру жобаларын жүзеге асыра отырып, ол Қазақстандағы тұрақты даму мақсаттарын ілгерілетуге, «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қоса белсенді қоғам қайраткері ретінде ол қоршаған ортаға ғана емес, сонымен бірге ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға арналған көптеген жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізді», - деді ол. 

Сондай-ақ мекеменің атқарушы директоры Салтанат Рахымбекованың көптеген жобаны жүзеге асырып қоймай, өз ісін жалғастыратын шәкірт тәрбиелегенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, қоғам қайраткерінің өмір жолы парасатқа толы, әрі көпке үлгі.

«Ол жасыл экономика саласында мүдделес үлкен команда құрды. Біз оның әріптестері және шәкірттеріміз, сондықтан оның ғибратты ғұмыр жолы әрбір жанға үлгі-өнеге болсын деген мақсатпен Салтанат Рахымбекова атындағы қоғамдық қорды құрдық. Бүгінгі аллеяның ашылу салтанаты - қордың алғашқы іс-шарасы», - деді Асхат Сүлейменов.

Бұдан бөлек ол Салатанат Темірқұлқызының көшбасшы ретінде экология саласына, ауыл аймақтарды дамытуға, оның ішінде әйелдер мен жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлгенін еске салды. Оның айтуынша, қоғамдық қор жұмысының басты бағыттарының бірі осы арнада болмақ.

«Біз оның жасыл жолын жалғастыруға ниеттіміз. Салтанат Рахымбекова қоғамдық қоры ең алдымен ауыл тұрғындарына көмектесетін және елдің, азаматтық қоғамның тұрақты дамуына үлес қосатын жетекші қоғамдық ұйымдардың бірі болатынына сенімдімін. Салтанат Темірқұлқызының жұмысын жалғастырғысы келетіндер, біздің жасыл жолымызды қолдағысы келетіндердің барлығы аталған қор аясында бірігетін болады, - деді Асхат Сүлейменов.

TEMA3832.jpg

Сонымен бірге жиын барысында «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Соловьева Салтанат Рахымбекованың жасыл экономика мен экологиялық бастамаларды ілгерілетуге айрықша үлес қосқанын атап өтті.

«Салтанат Темірқұлқызының арқасында Қазақстанның жеті облысында жасыл технологиялар орталығының желісі ашылды. Сонымен қатар ол елдегі бірқатар озық қоғамдық ұйымдарды, ауылды жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту, жаңа жасыл технологияларға көшу және Қазақстандағы ауыл әйелдерінің әлеуетін арттыру жөніндегі жобаларды қолға алды және оларды басқарды. Ел өмірі үшін көптеген лайықты және маңызды іс-шаралардың бастамашысы және ұйымдастырушысы болды. Мәселен, жасыл экономика көшбасшыларының республикалық форумы, Қазақстандағы ауыл әйелдерінің форумы, БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары бойынша медиа байқауды атап өтуге болады», - деді Айгүл Соловьева.

Елордада ағаш отырғызып, Салтанат Рахымбекова аллеясының ашылуын оның әріптестері, достары мен серіктестері ұйымдастырды.

Айта кетейік, қоғам қайраткері, Азаматтық Альянстың экс-президенті 3 тамыс күні 55 жасында қайтыс болған еді.

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100