• Басты
  • «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның қаржы нарығына әсері қандай
23 Қазан, 2020 09:38

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның қаржы нарығына әсері қандай

«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылған болатын. Қазір қаржы орталығы инвестиция мен халықаралық қаржы нарығындағы Қазақстанның өкілі ретінде көптеген шараларды атқаруда. Осы шаралар жөнінде толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалынан білуге болады.


«Астана» халықаралық қаржы орталығының Қазақстанның қаржы нарығына әсері қандай

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелерін көтерген еді. Мемлекет басшысы тікелей және портфелді инвестиция тарту жұмыстары кезінде өңірлік үйлестірудің маңызына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырған еді.

 «Астана» халықаралық қаржы орталығының тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтитыды, - деді Президент.

Қаржы орталығы ресми түрде 2018 жылы құрылған болатын. Осыекі жылда Орталыққа әлемнің 42 елінен 563 компания тіркелді. Олардың арасында актив көлемі бойынша әлемде екінші орындағы Қытай Құрылыс банкі, Қытай Даму банкі секілді қаржы институттары мен CITIC, Wood Co сияқты әлемдік ірі брокерлер және даму институттары бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алатынына сенім білдірген еді. Бүгінге дейін қаржы орталығына Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай, Италия, Финляндия, Сингапур, Малайзия Оңтүстік Корея, секілді әлемнің 42 елінен 563 компания келіп тіркелді. Бұл компаниялар еліміздің қаржы технологиялары, құрылыс, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібіне 444 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат салды.

Биылғы жылдың 9 айында пандемияға қарамастан Astana International Exchange (AIX) биржасының ресми тізіміне 68 құнды қағаз бен 45 түрлі эмитент енген. Биржаның сауда мүшелері саналатын 8 халықаралық және 18 қазақстандық брокер тіркелді. Қаржы орталығының биржасына тартылған акционерлік капиталдыың көлемі 291 млн АҚШ долларына теңесті. Бұл соңғы үш жылда Қазақстанға тартылған акционерлік капитал көлемінен 4 есе артық.

 Короновирус індеті тудырған экономикалық дағдарысына қарамастан 2020 жылдың үш тоқсанында «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушы компаниялары мемлекеттік бюджетке 5,678 млрд теңге салық пен міндетті төлем төледі. 2019 жылдың 12 айында көрсеткіш 6,99 млрд теңге болған еді. Демек, мемлекеттік бюджетке түсірген түсімі де ұлғайған.

 2023 жылға дейін өзін өзі ақтайтын деңгейге шығу туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, қаржы орталығы екінші жыл қатарынан бюджеттік өтінімді қысқартты. 2020 жылғы өтінім 13,074 млрд теңге болса, 2021 жылға 11,821 млрд теңгені құрады. Алдағы уақытта бюджеттік өтінім 2022 жылы 9,9 млрд теңгеге, ал 2023 жылы 9,1 млрд теңгеге азаймақ, делінген Қаржы орталығының ресми мәліметінде.

 Алайда, ҚР Мәжілісінің 21 қазандағы жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков 2020-2022 жылға жоспарланған бюджет қаржысында Қаржы министрлігі арқылы Астана қаржы орталығына, ары қарай Қазақстанның тікелей инвестициялар қорына екі айға 68,8 млрд теңге қаражат бөлінгенін айтты. Жамбыл Ахметбеков мұны депутаттық сауал ретінде жолдады. Сондай-ақ, депутат Астана халықаралық қаржы ортылығы қосымша бөлінетін 70 млрд теңгені бюджетке неше теңге қылып қайтаратынын және қандай мерзімде кіріс түсіретінін сұрады. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, Үкімет биылғы карантинді ескере отырып, ішкі туризмді дамыту керек деген шешімге келген. Осы себепті Астана қаржы орталығы екі ай ішінде бюджеттен 68,8 млрд теңге алып, оны біріншіден, 120 млрд теңге көлемінде қайтаруға, екіншіден, осы қаражатты түгелдей Каспий жағалауының инфрақұрылымын дамытуға жұмсайтынын айтты. Бұл қаражатқа Каспий теңізінің жағалауынан бірнеше бесжұлдызды қонақ үй салынады. 

 Қаржы орталығы шетелдік ірі компаниялар мен ұлттық компанияларға ғана емес, отандық шағын және орта бизнес үшін мүмкіндік орталығы болып отырғанын айта кету керек. 2020 жылдың шілде айында AIX биржасында Қазақстан мен Орта Азияның орта бизнес кәсіпорындарына акционерлік қаржыландыруға жақсырақ қолжетімділік ұсынуға бағытталған Өңірлік акциялар нарығының сегментін (REMS) іске қосты. Аталған сегмент аясында алғашқы эмитент болып «ЦентрКредит банкі» АҚ тіркелді.

 Короновирустың тарауын тоқтату үшін қабылданған карантин шараларынан шағын және орта бизнес үлкен зардап шекті. Әдетте, шағын және орта бизнесте экономикалық қиындықты еңсеру үшін жинаған қоры болмайды.

 АХҚО қиын кезде өңірдің ШОБ-ін қолдауға дайын және бұл жұмыстар бірнеше бағытта жүріп жатыр. Біріншіден, Халықаралық қаржы орталықтарының халықаралық қауымдастығы (WAIFC) аясында шағын және орта кәсіпкерлік үшін қолайлы орта құру жобасы көтерілді.

 «Коронодағдарыс» жобаның маңызын арттырды. Өйткені ШОБ дәл қазір дағдарыстан кейін қалпына келу үшін ресурсқа мұқтаж.

 Қазақстанда және «Астана» халықаралық қаржы орталығында 2025 жылға дейінгі исламдық қаржыландыруды дамыту бойынша жол картасы бар. Құжатқа сай, аталған уақытқа дейін исламдық банкинг, капитал нарығы, такафул және ретакафул (исламдық сақтандыру және қайта сақтандыру), исламдық банктік емес сектор, исламдық әлеуметтік сектор, исламдық қаржы технологиясы және халал индустрияны дамыту қарастырылған.

Астана халықаралық қаржы орталығы AIX биржасы арқылы капитал тарту, тәуелсіз сот пен төрелік орталық арқылы шаруашылық дауларды шешу бойынша ұтымды құралдар мен қаржы секторындағы компаниялар үшін халықаралық инвесторларға түсінікті ағылшын құқығы мен префенцияларды ұсынуда.

Нарықтың трансформациясы бірқатар бағыттар бойынша өрбуі мүмкін. Біріншісі – тасымал тізбегін қайта қарау. Қытайда короновирустыың таралуына қарсы қабылданған қатаң карантин шаралары кәсіпорындардың тоқтауына алып келді.

Енді көптеген компаниялардың тасымалды әртараптандыру немесе детальдар мен қосымшаларды негізгі өндіріске «жақын» жерлерде ұйымдастыру жағын ойластыра бастайтыны түсінікті.

Тағы бір тренд – цифрлы технологиялардың, соның ішінде қаржы технологиясының дамуы. Азаматтар мен бизнес қызметтің онлайн форматта көрсетілгені тиімді екенін түсінді. Бұл компаниялардың бизнес моделін қазірден өзгертіп жатыр.

Көп компаниялар қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Бұл өз тиімділігін де көрсетіп үлгерді. Сонымен қатар, компаниялардың көпшілігі өз жұмыстарында цифрлық бағыттарға басымдық беріп жатыр.

 

Барлық жаңалықтар
3.94.21.209, 192.168.88.100