• Басты
  • Ассамблеяның атымтайлары қиын шақта қол ұшын берді
29 Сәуір, 2020 16:02

Ассамблеяның атымтайлары қиын шақта қол ұшын берді

1-мамыр - ел ішiндегі түрлi ұлт пен ұлыс өкiлдерiнiң бiр-бiріне деген сый-құрметiн арттырып,  татулықты, бiрлiкті, ортақ құндылықтарды  насихаттайтын күн. Жыл сайын азаматтар Oтанымыздың әр аймағында береке мен бiрлiкте, бейбiтшілік пен ынтымақтастықта өмір сүрiп жатқандығын атап өтеді. Алайда, биылғы мереке елде енгізілген төтенше жағдаймен тұспа-тұс келді. Өкінішке қарай, алдын-ала жоспарланған бірқатар іс-шараны өткізу тоқтатылды. Десек те, әр аймақтағы Қазақстан халқы ассамблеясы шараларды онлайн форматта өткізуді қолға алған. Осы орайда, Қарағанды облысында ұйымдастырылатын іс-шаралар легін білу мақсатында облыс әкімі аппаратының "Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметінің басшысы Индира Тоқмурзинаға хабарластық. Оның айтуынша, Ассамблея өкілдері осындай қиын кезеңде тек елдің көңіл-күйін көтеретін мерекелік шаралардан бөлек, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды қолға алған, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ассамблеяның атымтайлары қиын шақта қол ұшын берді

Индира Тоқмурзина қазіргідей төтенше жағдайда Ассамблея қызметінің маңызына тоқталды.

"1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұрын дәстүр бойынша көптеген мерекелік іс-шара ұйымдастырып, сән-салтанатпен, ән-күймен атап өтетін едік. Қазір елде жарияланған төтенше жағдайға байланысты бірқатар шараны өткізуге шектеу қойылды. Алайда, соған қарамастан, көңіл-күйді түсірмей, осынау қиын кезде халықпен, ел-жұртпен бірге екенімізді білдіру үшін ақпараттық тұрғыда насихаттауға тырысудамыз. Қазіргі жағдай халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне болсын, басқасына болсын, әсер етіп жатыр. Осындай сәтте Ассамблеяның рөлі аса маңызды", - деді ол. 

Ол облыстағы Ассамблея өкілдері төтенше жағдай басталғаннан бері көптеген қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, осы жарты айдың ішінде әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға, көпбалалы аналарға көмек көрсетілген.

"Біздің қайырымгерлер мен меценаттар клубы жарты айдың ішінде жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, үйінен айырылып қалған жас аналарға 15 млн теңге көлемінде көмек көрсетті. Бұл шара тек Қарағанды қаласын ғана емес, аудан, ауыл, қалаларды да қамтып жатыр. Атап айтсақ, әзербайжан этно-мәдени бірлестігі, татар-башқұрт, түрік, түркімен этно-мәдени бірлестіктері  тонна-тонна көкөніс, азық-түлік таратып, жәрдем етуде. Сонымен қатар олардың тарапынан әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қаржылай да көмек беріліп жатыр", - деді Индира Тоқмурзина.

photo_2020-04-29_16-00-47.jpg

Десе де, оның сөзінше, Ассамблеядағы әзербайжан-тәжік өкілдері жасаған жақсылықтарын жария еткісі келмейді. Алайда, ол басқаға үлгі болсын деген ниетпен жариялау қажеттігін атап өтті.

"Мәселен, әзербайжан ұлтының өкілі, "Намус" әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Гюлаға Рзаев деген азамат мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне жылына 6 рет барады. Бір барғанда елу-алпыс баланың киім-кешегін, кеңсе тауарын апарып береді. Ол кісіні балалардың барлығы танып алған, интернатқа кіре сала құшақтап, сүйіп, қаумалап алады. Тағы да айта кетейін, өткен апатада келеңесіз оқиға болып, бір жалғызбасты ананың үйі өртеніп кетті. Алғаш болып қол ұшын созғандардың бірі - Гүлаға", - деді ол.


Оның айтуынша, аналар кеңесінің мүшелері де карантинде уақытты бекер өткізбей, қолғабыс етіп жатыр.

Біздің аналар кеңесінің мүшелері өздері бетперде тігіп, еріктілердің көмегімен көлік жүргізушілеріне таратуда. Бұл бетперделерді тігу үшін кеңестің мүшелері өзінің жанынан қаржы жинақтап, іске асырып отыр. Сонымен қатар, аудандағы, қаладағы Ассамблеяның өкілдері үйлерінен тағам дайындап, блок-посттарды тұрған медицина, әскери қызметтегі азаматтарға апарып беруде. Әрине, сақтық шарасының барлығы сақталады", - деді баспасөз қызметінің басшысы. 

photo_2020-04-29_16-00-53.jpg

Бұдан бөлек, Индира Тоқмурзина Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ұйымдастырылатын бірқатар шараға тоқталып өтті. 

"Мерекеге байланысты тұрғын үй-жайлардағы балкондарда ҚР Мемлекеттік әнұранын, патриоттық әндерді, Абай шығармаларын, сондай-ақ этнос өкілдерінің белгілі халық шығармаларын орындау бойынша флешмобтарды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. 1-мамыр күні кешкі сағат 21.00 -де қала, облыс  тұрғындары балконға шығып, бір мезетте әнұранды шырқайды. Оған қоса, Қарағандының, Арқаның өнер иелері, тұлғалары елбасының сөзіне жазылған "Елім менің" әнін айтады. Сондай-ақ 30-сәуірде Жезқазған өңірінде виртуалды кітап көрмесі ұсынылады. Тағы бір атап өту керек дүние, әр ұлт өкілі Абайдың шығармаларын өз тіліне аударып, нақышына келтіріп оқуда. Ал Абай әндерін қазақ тілінде шырқап жатыр", - деді ол.  


Сонымен қатар оның айтуынша, тек қайырылымдылық пен мерекелік шаралар ғана емес, Ассамблеяның құрылу тарихын, ел бірлігін сақтау жөнінде де дәріс оқылатынын атап өтті.

"Бізде "Құлыншақ" деген балалар үйі бар. Ол мекеме біздің "Достық үйімен" және Ассамблеямен тығыз байланыста. Біздің шараларымызға, атап айтсам, көрме, мұражайларымызға балаларды әкеліп тұрады. Сол балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 30-мамырда сағат 12.00-де "Келісім және бейбітшілік" деген тақырыпта онлайн дәріс оқылады. Бұл "Зум" платформасы арқылы жүзеге асады. Облыстық Ассамблея төрағасының орынбасары Увайс Джанаев дәрісті орыс тілінде, ал мен қазақ тілінде өткіземін. Ассамблеяның құрылу тарихы, халқымыздың бірлігін насихаттап, презентациялар ұсынамыз", - деді Индира Тоқмурзина.

photo_2020-04-29_16-00-29.jpg

Бұдан басқа қаладағы жоғары оқу орындары жанынан құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясы кафедрасының жұмысы жөнінде айтты. Оның сөзінше, кафедрада жұмыс істейтін тарихшылар, сарапшылар мемлекет саясат нсихаттап, жоғарыда атап өткен "Зум" платформасында дәрістер оқиды.

"Қарағанды қаласындағы жоғары оқу орындарының жанынан ҚХА кафедралары ашылған еді. Бұл ұйымның мақсаты - студенттерге қоғамдағы тұрақтылықты, бірлікті, ежелден келе жатқан аналардың өсиетін насихаттап, патриотизмге баулу. Кафедрадағы сарапшылар, тарихшылар, қоғам белсендері төтенше жағдай кезінде "Зум" платформасында онлайн кездесу ұйымдастырып, студенттерге мемлекеттің саясатын түсіндіріп, бірлікке, ынтамақтастыққа шақырып жатыр", - деді ол.


Сонымен қатар оның сөзінше, сәуір айы бойына "Бірлік күні" қарсаңында Ассамблеяның өкілдері өзінің тілектерін жеткізіп, үйлерінен ұлттық тағамдарын дайындап, ұлттық бұйымдарын жасап бір-біріне жеткізушілер мен еріктілер арқылы жолдап, өздерінің бірге екендерін көрсетуде.

Бұдан бөлек Индира Тоқмурзинаның сөзінше, республика бойынша қазақ тілін үйрететін "Мәміле" сұхбат клубы алғаш рет Қарағандыда ашылғанын атап өтті. Бүгінде елдің көптеген аймағында жұмыс істейді. 

photo_2020-04-29_16-00-39.jpg

​"Қазақ тілін тарих пен қазақ халқының құндылықтарын насихаттау арқылы үйрену және жетілдіру үшін Қарағанды облысының Қазақстан халқы ассамблеясы ресурстық тіл орталығымен бірлесе отырып "Мәміле" сұхбат клубы жобасы іске асырылды. Онда ситуациялық қазақ тілі (Ситуативный казахский) методикасының авторы Канат Тәсібеков әдістемені пайдаланылды. Мәселен, басқа ұлт өкілдеріне септік жалғауларын үйрену өте қиын. Ал бұл методика арқылы оңай", - дейді баспасөз қызметінің басшысы.

Сонымен бірге Индира Тоқмурзина 1-мамырдың тек Ассамблеяның не түрлі ұлт өкілінің ғана емес, жалпыхалықтық мереке екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, күллі Қазақстан халқы ұлт пен ұлысқа бөлінбей атап өтуі тиіс.

Сұхбатыңызға рахмет!

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды