• Басты
  • «Ashyq» қосымшасы қалай жұмыс істейді

«Ashyq» қосымшасы қалай жұмыс істейді

3 Наурыз, 2021 17:46

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов «Ashyq» қосымшасы туралы, оның жүзеге асу барысы жөнінде айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Төраға орынбасары Нариман Әбілшайықовтың сөзінше, пандемия экономикаға, шағын орта бизнеске әлі де әсер етіп жатыр, тіпті эпидемиологиялық жағдай біршама жақсарса да, көптеген кәсіпкер әлі жұмысын толыққанды бастаған жоқ.

Осы орайда, ол негізінен шектеу шараларының 4 түрі қолданылып жатқанын атап өтті.

1)    жұмыс уақыты және режимі

2)    нысан толымдылығы (%, саны)

3)    санитарлық нормалар

4)    жүріп-тұруды шектеу

Оның пікірінше, аталған шектеулердің төртеуі де бизнестің ахуалына тікелей әсер етуде.

«Халық пен бизнестің мүдделері мен тепе теңдігін сақтап, коронавирустың таралуына тосқауыл қою үшін кәсіпкерлік нысандарды қолдау масатында кәсіпкерлік нысандарда қаңтардың ортасынан бастап «Ashyq» қосымшасы пилоттық жоба енгізілді. Оны мемлекеттік органдармен бірлесіп, пилоттық кезеңмен жүзеге асырудамыз», - деді ол.

Оны жүзеге асыру үшін арнайы жобалық кеңсе құрылған. Оның айтуынша, алгоритмі қарапайым, нақтырақ айтқанда, Infokazakhstan.kz платформасымен интерграцияланған, қосымша арқылы қатысушы қатысу туралы өтініш білдіріп, QR код алады.

«Жалпы, тұрғындар қосымшаның жұмысын түсіне бастады, БАҚ-дағы кертартпа тұжырымдар тоқтап, қолданушылар мен блогерлер арасында оң пікірлер орын алып келеді», - деді төрағаның орынбасары.

Оның мәліметінше, пилоттық жобаның бірінші кезеңі 17 қаңтардан бастап Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында сәтті жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда жоба аясында «Ashyq» қосымшасы 17 850 рет жүктелген.

Жобалық кеңсемен (ҚР ЦДИАӨМ, ДМ, ҰКП) пилоттық жобаны 5 кезеңмен жүзеге асыру туралы келісім жасалған:

1 кезең: рұқсат етілген қызмет түрлері, барлық аймақтарында ресепшн қызметі орналасқан (фитнес-орталықтар, спа-орталықтар, бассейндер, сауналар);

2 кезең: компьютер клубтары және боулингтер;

3 кезең: кинотеатрлар, және онлайн брондау мүмкіндігі бар барлық нысандар;

4 кезең: қалған рұқсат етілмеген қызмет түрлері (оның ішінде фудкорттар, банкет залдары, караоке);

5 кезең: Ashyq жобасын барлық өңірлерге тарату.

ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2021 ж. 26 ақпандағы №7 қаулысы бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының кәсіпкерлік нысандарында «Ashyq» мобильдік қосымшасын енгізу бойынша пилоттық жобаны жүргізу туралы шешім қабылданды.

«Қазіргі кезде «Ashyq» пилоттық жобасына Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында 57 компьютер клубы мен 7 болулинг клубы қатысуға дайын», - деді Нариман Әбілшайықов.

Оның айтуынша, санитарлық дәрігерлермен келісім бойынша компьютер клубтары тек 18 жастан асқандарға ғана қызмет көрсетпек.    

Сонымен қатар, ол ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 26 ақпандағы №7 қаулысының 2 тарауы 2 тармақшасына сәйкес   Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының әкімдеріне, «Атамекен» ҰКП (келісім бойынша), Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларының СЭБК департаменттері басшыларына пилоттық жобаға қатысушы кәсіпкерлік нысандардың тізімін анықтауды қамтамасыз ету тапсырылғанын атап өтті. 

Барлық жаңалықтар