• Басты
  • «Ashyq» мобильді қосымшасы: QR-код кімдерге беріледі, оны қайдан, қалай алуға болады

«Ashyq» мобильді қосымшасы: QR-код кімдерге беріледі, оны қайдан, қалай алуға болады

19 Сәуір, 2021 17:05

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «Ashyq» мобильді қосымшасы жөнінде баспасөз мәжілісі өтті. Жиынға қатысқандар жобаға қандай кәсіпкерлік нысандар қатыса алатыны, ақпарат алу үшін қайда хабарласу керегін, сонымен қоса QR кімдерге берілетінін және оны қалай алу болатыны туралы айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

230 мыңнан астам қолданушысы бар

ҚР Цифрлық даму, инновациялар​ және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов өз баянында министрліктің мүдделі мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясымен күресу үшін бірқатар шараны жүзеге асыруды қолға алғанын атап өтті. Оның айтуынша, карантиндік шектеулер енгізілген тұсат ведосмство бизнестің жұмысын жалғастыру үшін, жұқтырғандар санын азайтып, қауіпті жою мақсатында IT қауымдастықпен бірігіп жұмыс істеуге шешім қабылдаған. Осындай келіссөздердің нәтижесінде «Ashyq» мобильді қосымшасы әзірленді.

«Ashyq» мобильді қосымшасы пилоттық жоба ретінде енгізілген сәттен бастап өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Жалпы, бүгінде қосымшаны 230 мыңнан астам қолданушысы бар», - деді вице-министр.

Министрліктің мәліметінше, қазіргі таңда Ashyq пилоттық жобасының қатысушылары қатарында 522 кәсіпкерлік нысандар мен ұйымдар бар. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтанда - 123, Алматыда - 315, Қарағандыда ​​- 64, Ақтөбеде - 17, Таразда - 12, Талдықорғанда – 58 қатысушысы бар. Бұл - фитнес-клубтар, оның ішінде йога орталықтары, курорттар, сауналар, бассейндер, компьютерлік клубтар, соның ішінде PlayStation клубтары (16 жасқа дейінгі адамдарды қоспағанда), боулинг клубтары.

«Биыл 14 сәуірден бастап банкет залдарын қоспағанда, кинотеатрлар, театрлар мен филармониялар, қоғамдық тамақтану орындары, асханалар, фаст-фуд, көшеде сатылатын тағамдар сықылды кәсіпкерлік нысандар жобаға қосыла бастады», - деп толықтырды Әсет Тұрысов.

Вице-министрдің дерегінше, жоба іске қосылған сәттен бастап барлығы 560 вирус жұқтырған адам анықталған. Тек соңғы үш күнде 109 ауыратын адам тіркеліп, қоғамдық нысандарға кіргізілмеген. Осылайша, олардың қоғамдық орындарда мыңдаған азаматқа жұқтыру мүмкіндігіне тосқауыл қойылды.

«26 сәуірден бастап жоба барлық аймақтарға таралады. Ол үшін қосымшаның өнімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілді, бұл қосымшаның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді», - деді вице-министр.

Ақпарат алу үшін қайда хабарласады

Оның сөзіне сенсек, азаматтардың жеке деректерін қорғау үшін қосымша ақпараттық қауіпсіздік тестінен өтеді. Сонымен бірге, 1414 бірыңғай байланыс орталығы негізінде Ashyq туралы қолжетімді ақпарат беру үшін пайдаланушыларды техникалық қолдаудың желісі құрылды. Ал, бизнес өкілдері үшін «Атамекен» палатасы 1432 байланыс-орталығы арқылы қолдау көрсетуді жалғастырмақ.

«Айта кету керек, жақында қосымшаның жұмысында бірқатар қиындық туындады, Жалпы, болашақта қосымшаның жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар шараны қолға алмақпыз», - деді ол.

Осы күндердің бірінде ол арнайы QR-код іске қосылатынын атап өтті. Оның көмегімен кез-келген мекемеге бармас бұрын азаматтардың вирусты жұқтырып не жұқтырмағанын тексеруге мүмкіндік бар.

Ал, Атамекен ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева қазіргі кезде пилоттық жоба Қазақстанның 8 қаласында, нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Көкшетау, Ақтөбе, Тараз, Талдықорғанда жалғасып жатқанын тілге тиек етті. 26 сәуірде «Ashyq» жобасы пилоттық нұсқада жұмысын аяқтап, ел ауқымында таратылады.

«Жоба 17 қаңтарда Алматы, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында іске қосылды. Пилоттық жоба кезең-кезеңмен йога және спа-орталықтарын қоса алғанда фитнес-клубтар, сондай-ақ сауналар, бассейндер, компьютер және боулинг клубтарына қолжетімді болды», - деді ол.

Оның мәліметінше, 14 сәуірден бастап жобаға кинотеатрлар, театрлар және филармониялар, қоғамдық тамақтану нысандары (банкет залдары, асханалар, фаст-фуд және стрит фудтардан бөлек) қосылуда. Ал, 21 сәуірден бастап Ashyq жобасына облыс аралық және қалалық тұрақты емес (туристік) жолаушылар тасымалы, бильярд клубтары мен концерт залдары қосылады, ал 5 мамырдан бастап караоке және банкет залдары қамтылмақ.

«Бизнестің көп түрлері өз персоналы мен клиенттерін қорғау мақсатында ешбір жеңілдіксіз жобаға ерікті негізде қатысуды сұрайды. Мәселен, жоғары оқу орындары, банктер, өнеркәсіптік кәсіпорындар, жеке медициналық орталықтар», - деді ол.

qr-код кімге беріледі

Палата өкілінің айтуынша, QR код бизнес субъектілеріне ғана беріледі. Ол субъект атауы, оның орналасқан жері және басқа да сәйкестендіру деректерін көрсетумен электронды идентификаторды білдіреді. 1 нысанға кіреберісте және шыға берісте ең кемі 2 qr-код беріледі. Егер нысанда бірнеше кіріп-шығу жолы болса, онда әр кіреберіске жеке qr-код беріледі.

«Бастапқыда кәсіпкерлер қосымша және пилоттық жобаға күмәнмен қарады. Коронавирустың таралуына байланысты жағдай аталған жобаның қажеттігін дәлелдеді. Маңыздысы бизнес өз ұжымы мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Көп кәсіпкер нысандарының жұмыс кестесін ұзарта алды», - деді ол.

Кодты қайдан алуға болады

Кодты кәсіпорын орналасқан облыстағы Өңірлік кәсіпкерлер палатасынан алуға болады. Кәсіпкерлер өңір бойынша қандай нысандарға жұмыс істеуге рұқсат етілгенін санитар дәрігердің қаулысынан тексеріп алғаны жөн.

Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысына сәйкес, қосымшамен жұмыс істеуге qr-кодты алу ережелері өзгерген. Кәсіпкерлер qr-кодты алу үшін infokazakhstan.kz сайтында өтініш қалдырады. Жоба талаптарына (Экономикалық қызметтің жалпы жіктеуіші) сәйкестікті тексерген соң жеке кабинет код жолданады, аталған код арқылы қосымшаны қолдануды үйрену және сынақ режимінде 1 апта (7 күн) бойы жұмыс істеу мүмкіндігі беріледі.

«Қазіргі кезде infokazakhstan.kz платформасын әзірлеушілер жүйені пысықтау үстінде. Кәсіпкерлер өтініштерімен уақытша «Атамекен» өңірлік палаталарына жүгініп жатыр», - деді ол.

Қоғамдық тамақтану және кинотеатрлардың иелеріне өтінішті алдымен салалық қауымдастыққа беріп, кейін infokazakhstan.kz сайтынан qr-кодты алу қажет (егер кәсіпкерлік субъектісі салалық қауымдастықтың құрамында болмаса, оларға өңірлік кәсіпкерлер палатасына хабарласу керек).

Айта кетейік, «Ashyq» – қоғамдық орындарда келушілерді тіркеу қосымшасы. Қоғамдық орынға кіреберісте пайдаланушы арнайы qr-кодты сканерлеп, оны әкімшіге көрсетеді. Код келушінің статусын анықтайды. Келушілерге статус ПТР-зерттеулерінің бірыңғай интеграциялық порталы және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы covid-19-ті бақылау орталығы ақпараттық жүйелерін салыстыру негізінде тағайындалады.

Бүгінде qr-код қолдану практикасы Оңтүстік-Шығыс Азия елдері – Гонконг, Сингапур, Малайзияда кең қолданыс тапқан. Балама құралдар басқа елдерде де қолданылуда.

Барлық жаңалықтар