• Басты
  • «Ашық» жобасының iске асырылуы

«Ашық» жобасының iске асырылуы

24 Мамыр, 2021 15:20

Бүгiн елордада «Ашық» жобасының iске асырылуына қатысты баспасөз конференциясы өттi, деп хабарлады Strategy2050.kz тiлшiсi.

ҚР сауда және интеграция вице-министрi Ержан Қазанбаев тұтынушылардың құқықтарын қорғау тұрғысынан «Ashyq» қосымшасын пандемия кезiнде қазақстандықтардың өмiрi мен денсаулығын қауiпсiздендiру және қорғауға көмектесетiн қажеттiлiк ретiнде қарастырылатынын атап өттi. Бұл қосымша, оның айтуынша, COVID-19-бен күресте қосымша сақтық шарасы, себебi цифрлық құрал елдегi эпидемиологиялық жағдай туралы деректердi бақылауға және мониторингiлеуге қабiлеттi.

«Аталған құралдың болуы көптеген бизнес объектiлерiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк бередi. Ал бұл өте маңызды – өткен жылғы локдаун көптеген кәсiпкерлер мен олардың жұмыскерлерiнiң табыстарына терiс әсер еткенiн өздерiңiз бiлесiздер», - дедi вице-министр.

Сонымен қоса, Ержан Қазанбаев «Ashyq» бизнеске өз қызметiн жалғастыруға және сонымен бiрге өз объектiлерiнде - spa орталықтарында, фитнес-орталықтарда, кинотеатрларда, дәмханалар мен мейрамханаларда қауiпсiздiктiң жоғары кепiлдiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiнiн тiлге тиек еттi. Бұдан бөлек, ол «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрi – Заң) 7 және 24-баптарына сәйкес тұтынушының қауiпсiз тауарды, жұмысты және көрсетiлетiн қызметтердi сатып алуға құқығы бар екенiн еске салды. Сатушының мiндетi – осы тауарлардың, жұмыстардың және көрсетiлетiн қызметтердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету.

«Осыған байланысты, «Ashyq» қосымшасы тұтынушылардың құқықтарын бұза алмайды, керiсiнше қауiпсiз қызметтердi алуға көмектеседi деп санаймыз», - дедi вице-министр.

ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментiнiң директоры Бейбiт Есенбаев Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес мемлекет адам өмiрi мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етiп қоятынын (31-бап), ал Қазақстан Республикасының азаматтары денсаулықты қорғауға құқылы екенiн атап өттi (29-бап). Департамент директорының айтуынша, «Ашық» жобасын iске асыру жұқтырған немесе байланысқан адамдардың қоғамдық орындарға баруының алдын алу, жұқтырған азаматтардың санын азайтып, шағын және орта бизнестiң жұмысын қалпына келтiруге мүмкiндiк бередi.

«Осы ретте 21-22 мамырда ғана әуежайларда 14 адам оң ПТР (қызыл) нәтижемен, 32 адам жұқтырған адаммен байланыста (сары) болғаны анықталған. Соның iшiнде Нұр-Сұлтан әуежайында қызыл түс - 2, сары түс – 4, ал Алматы әуежайында қызыл – 2 адамнан анықталды», - дедi ол.

Оның мәлiметiнше, жобаның iске қосылуынан бастап (12 сәуiр) оң ПТР-мен 2 631 келушi анықталса, 2 074 адамның жұқтырған адаммен байланысқа түскенi белгiлi болған.

«Бiр науқас 4-тен 6 адамға дейiн жұқтыруы мүмкiн екендiгiн ескерсек, «Ашық» жобасын жүзеге асыру арқылы 10000 адамға дейiн азаматтарды инфекциядан қорғауға мүмкiндiк бердi», - дедi Бейбiт Есенбаев.

Сонымен қоса, департамент директоры Бас мемлекеттiк санитарлық дәрiгердiң 2021 жылғы 22 наурыздағы 4-қосымшасында «Ашық» жобасына қатысатын нысандардың қызметiн шектеудiң нақты өлшемдерi бар екенiн атап өттi. Мұнда қызыл, сары және жасыл аймақтардың айырмашылықтарын көруге болады.

Сондай-ақ, Ashyq мобильдi қосымшасын «Вакциналау» модулiмен вакцина алған азаматтар туралы мәлiметтердi 2021 жылдың 1 шiлдесiне дейiн қосу жоспарланып отырғанын тiлге тиек еттi.

«Ashyq» қосымшасының жұмысы

Карантиндiк шаралар кезеңiнде қызметi шектеулi бизнес объектiлерiне (spa-орталықтар, фитнес орталықтар, кинотеатрлар) бару үшiн арнайы QR-кодты сканерлеп, кiреберiсте көрсету қажет.

«Ashyq» қосымшасы өз кезегiнде, қызыл, сары, көк және жасыл түстерге бөлiнетiн тәуекел рейтингiн көрсетедi.

Қызыл түс қозғалысты шектеудi, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшiн үйде оқшауланудың қатаң режимiн сақтауды бiлдiредi.

Сары – қозғалысты iшiнара шектеу – пайдаланушы ПТР дерекқорында байланысқан ретiнде көрсетiлген: пациент үйде оқшаулану режимiн сақтайтын жерден 500 метрден аспайтын азық-түлiк және шаруашылық дүкендерге, дәрiханаларға баруға рұқсат етiледi.

Көк – бұл түс үшiн ПТР мiндеттi болатын жерлерден басқа (мысалы, әуежайда) қозғалысқа ешқандай шектеулер жоқ.

Жасыл түс қозғалыста ешқандай шектеулер жоқ екенiн бiлдiредi және бұл пайдаланушы дерекқорда COVID-19 терiс нәтижесi бар ПТР-тестiлеуден өткен адам ретiнде көрсетiлген.

Аталған түстердiң көрсетiлуi бизнеске өз қызметiн жалғастыруға және келушiлерге қауiп төндiрмеуге мүмкiндiк бередi. Келушiлерде смартфон болмаған жағдайда қосымшада үй-жайға кiрудi бақылайтын қызметкерлерге арналған функция бар, олар келушiнiң түсiн ЖСН немесе жеке куәлiкте орналасқан штрих-кодты сканерлеу арқылы тексере алады.

Өткiзiлген пилот қоғамдық орындарға (Сауда және ойын-сауық орталықтары, дүкендер, мейрамханалар, дәмханалар, вокзалдар, әуежайлар және т.б.) кiру үшiн Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы бойынша «Ashyq» мобильдi қосымшасын тираждау мерзiмдерiн анықтауға мүмкiндiк бередi. Қазiргi уақытта «Ashyq» мобильдi қосымшасын App Store мен Play Market-тен жүктеуге болады.

Барлық жаңалықтар