• Басты
  • Қашықтан оқытудың әлемдегі қарқыны

Қашықтан оқытудың әлемдегі қарқыны

29 Сәуір, 2021 11:10

COVID-19 дағдарысы білім саласында дәстүрлі оқыту формасына балама ретінде қашықтан, онлайн оқыту жолдарын қарастыруға мәжбүрледі. Соның нәтижесінде әлемнің әр түкпірінде онлайн-оқыту жүйесі білім беру саласына ендіріліп, бір жылдың ішінде ауқымы әлдеқайда кеңейіп кетті. Тікелей білім беру үрдісін соған жауапты мекемелер ұйымдастырады, дегенмен онлайн-қашықтан оқу ата-аналардың баламен және мектеппен байланысын, жаңа цифрлық, тәрбиелік дағдыларды қажет етеді.

Қазіргі уақытта жетекші дамыған мемлекеттердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаны сынақтан өткізіп, халыққа екпе салу жұмысын жүргізіп жатқанымен, «қызыл аймақтан» шықпаған, қатаң карантин мен локдаун қайта енгізіліп жатқан мемлекеттер де аз емес. Дәстүрлі форматта оқушыларды бетпе-бет оқыту мүмкін болмаған уақытта онлайн-оқытудың тиімділігін барынша пайдалану қажет болады. Бірақ онлайн-оқыту да сапалы болу үшін материалдық-техникалық, бағдарламаның базасы мен мұғалімдерге қолдау, ата-аналарға салынатын жүктеменің көбейетінін білдіреді. Осы тұрғыда онлайн оқытумен қатар әлеуметтік, психологиялық, әдістемелік жұмыстардың осы үрдіс айналасында ұштасып жатқанын көреміз. Алдағы уақытта барлық жағдайға дайын болу үшін қоғамдағы ең өзекті және жүйелі жұмысты талап қылатын оқыту саласы мән-маңызын жоғалтпайды.

COVID-19 дағдарысы алғащ басталғаннан әлемнің көптеген мемлекеттері қауіпті вирустың таралуын шектеу үшін мектептер, колледждер мен университеттердің жұмысын тоқтатты. ЮНЕСКО-ның деректері бойынша, 2020 жылдың сәуір айының басы оқу орындарының ең көп жабылған уақыты. Дәл осы аралықта 194 мемлекетте тұратын 1,6 млрд оқушы, яғни барлық оқушының 90 пайызы оқуларын үйде жалғастырды. Мектептер жұмысын аяқасты тоқтатқан соң, білім беру саласының жетекшілері, мектеп директорлары мен мұғалімдер балалардың білім алу құқығын қамтамасыз ету үшін дәстүрлі оқудың орнын алмастыратын жаңа форматты ұйымдастыруы қажет болды. Көптеген білім беру мекемелері кең таралған қашықтан оқыту материалдарын, теледидар және радио арқылы оқыту жолдарын пайдаланды. Вирусты түбегейлі тоқтатып, азаматтар вакцинаны қабылдап болмайынша, оқыту үрдісі карантин шараларына байланысты үзіліп қала беретіні рас. COVID-19 жұқпалы дертінің таралуын шектеп, азаматтардың, білім алушылардың денсаулығын сақтау үшін уақытша болса да мектептердің жабылып, қашықтан оқытуға өтуі, аз уақыттан кейін қайтадан үйреншікті оқу әдісіне көшіп отыруы да мүмкін.

Дәстүрлі оқу форматына көшкенімен, кейбір балалардан жұқпалы вирус анықталса онымен байланысқандарға екі апта оқшаулану қажет болады. Осындай кезеңде сыныптағы және қашықтан оқитын оқушылармен қатар аралас модельде жұмыс істейтін мұғалімдердің жүктемесі көбейеді. Еуропа мемлекеттерінде және елімізде де 2021 жылы сәуір айында оқушылар мектепке бара бастаған соң, аздаған уақыттан кейін қалалар «қызыл аймаққа» еніп, қайтадан қашықтан оқу форматына көшті. Ал, ауыл-аймақтардағы мектептер техникалық және интернет байланысының әлісіздігінен дәстүрлі оқыту әдісін жүргізгені туралы мысалдар көп.

Әлемдік онлайн-оқытудың нарығы 

Оқушылардың оқудағы көзқарасы мен бейімділігіне олардың отбасы мен мұғалімдерінен алатын қолдауы, сондай-ақ олардың үлгі ретінде қабылдайтын ортасы мен тұлғаларына да байланысты. Отбасы мүшелері мен мұғалімдер тарапынан берілетін түрлі қолдау, оның ішінде ата-аналар эмоциялық, рухани-моральдік қолдауы, мұғалімдердің құлшынысы, оқуға жақсы қарым-қатынас қалыптастыруда үлкен орын алады да, оқушылардың сондай қатынастан туған дағдылары мен жеке қабілеттерін онлайн-оқытуда пайдалануға болады. Алайда, кейбір отбасылар мен мұғалімдер мұндай қолдауды, әсіресе COVID-19 дағдарысы кезінде уақыттың жетіспеушілігіне, цифрлық дағдылардың болмауына немесе оқыту әдістемесінің әлсіздігіне байланысты балаға бере алмауы мүмкін.

Оқуға деген ынтаны дамыту студенттерге онлайн режимінде алдынан шығатын кейбір қиындықтарды жеңуге көмектеседі, мысалы, онлайн сабақтар кезінде зейінді толығымен сабаққа бұру немесе мотивацияны сақтап отыру маңызды. Сондай-ақ, ол ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (АКТ) және оқу үрдісінде жаңа технологияларды тиімді пайдаланатын студенттерді қолдауда қажет болады. Оқуға деген позитивті ұстаным, өз тәртібін реттеу және оқуға деген ішкі ынта жалпы мектептегі үлгерімді арттыруда маңызды рөл атқарады, ал онлайн оқыту жағдайында оның маңыздылығы екі есе арта түседі.

Сондықтан білім беру жүйесі ата-аналарға балаларын оқытудың тиімді практикасы бойынша ақпарат пен ұсыныстарды жеткізіп, мектептер мен ата-аналар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталуы тиіс. Сонымен бірге, технологияны өздерінің практикасы мен оқыту әдістемесіне ендіру, студенттерді жаңа оқу формасына бейімдеп, қиындықтарды жеңу жағынан мұғалімдер де қолдауды қажет етеді. Педагогикалық практикада цифрлық ресурстарды пайдалану бойынша мұғалімдерді даярлау және ары қарайғы қолдау, осы контекстке бейімделген оқыту тәжірибесін ынталандыру АКТ-ны тиімді пайдаланудың кілті болып саналады. 

2021 жылы сәуірде Экономиканы және қоғамды дамыту жөніндегі сәуір халықаралық конференциясында Ресей Жоғарғы Экономика мектебінің басшысы Я. Кузьминов цифрды білім саласына енгізу қымбат шешім екенін атап өтті. Оның айтуынша, интернетте оқытылатын магистрлік бағдарламалар дәстүрлі офлайн бағдарламалармен бірдей тұрады немесе оған қарағанда әлдеқайда қымбат. Ол сонымен қатар онлайн білім мен цифрлық білім беруді шатастырмау керек екенін ескертті. Онлайн дегеніміз – бұл классикалық профессордың сабақтарды қашықтан жүргізуі, мұндай сабақтар жақсы және жаман да болуы мүмкін. Ал цифрлық білім беру – дәстүрлі қарым-қатынасты да қамтитын оқытудың анағұрлым кең спектрі. Цифрлық білім беру әлемнің жетекші университеттерінің үздік профессорларын шақыруға мүмкіндік береді. «Цифрлық білім беру бұқаралық өнім болып саналмайды. Тек жетекші университеттер эксперимент жасап, өз өнімдерін ұсынады». 

Зерттеулер отбасының да, мұғалімдердің де әдеттегі уақытта, мектептердің жабылуы кезінде де оқушылардың оқуы мен ынтасын қолдаудағы маңыздылығын көрсетеді. Сондықтан үкіметтің, білім басқармаларының осы ықпалдастықты ұйымдастыруы аса қажет. Жұмыс істейтін ата-аналар өз жұмысын орындап, сабақ уақытында балаларға көңіл бөлуіне жағдай жасау үкіметтердің алдында тұрған міндет. ЭЫДҰ елдерінің көпшілігі, бүгінде отбасы жағдайына байланысты демалыс беріп, баламен жұмыс істеуге көбірек мүмкіндік беріп жатыр. Словенияда жұмыс пен отбасының міндеттерін қатар ала алмайтын ата-аналар жалақысының 80% мөлшерінде үш айға дейін ақылы демалыс алуға құқы бар. Сол сияқты, Германияда 12 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар алты апталық ақылы еңбек демалысын алады, айына айлығының 67%-нан 2016 евроға дейін жалақы төленеді. Америка Құрама Штаттарында, отбасылық коронавируспен күрес туралы Заңға сәйкес, мектебі жабылған 18 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар 12 аптаға дейін төленетін отбасылық демалыс ала алады, айына жалақысының үштен екісі, күніне 200 АҚШ доллары және бүкіл мерзімге 12000 АҚШ долларына дейін ақша төленеді. Басқа елдер де осындай  ереже енгізді – мысалы, Канада, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания және т.б. елдер мектептер жабық болған кезде осы норманы қолданды. Мұндай шаралар ата-аналардың жұмыс орындарын сақтай отырып, балаларының оқуы мен тәрбиесіне қатысуы үшін өте маңызды. 

2020 жылы білім беру мекемелерін жаңа жағдайдағы жұмысқа дайындау, ұйымдастыру мақсатында ҚР БҒМ А.Аймағамбетовтің «COVID-19 короновирустық инфекция кезеңінде қашықтықтан білім беру технологияларына көшіру кезінде білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы» және «COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемия кезеңінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсыныстар» атты бұйрықтары қабылданды.   Сондай-ақ 2020 жылы 13 сәуірде «Қашықтықтан білім беру технологиялар бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 137 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» бұйрығы шықты. Қашықтан оқытудың әдістемесі, ақпараттық технологияны пайдаланудың нұсқаулықтары білім беру мекемелеріне таратылды.

Білім саласына жауапты министр А.Аймағамбетов 2020 оқу жылына дайындық туралы үкімет сағатында «интернет платформалар мен теледидарды пайдалана отырып, қашықтан оқыту форматында 2,6 млн оқушы (79%), кезекші сыныптарда 530 мың бала (17%), штаттық түрде ауылдарда 157 мыңнан астам оқушы (4%) білім алады деп күтілуде» деп мәлімдеген еді. Сонымен қоса, шалғайдағы шағын мектептер оқуды дәстүрлі режимде бастайнын және республика бойынша 185 мың білім алушының компьютері жоқ екенін айтты. Тапшылық көп балалы, аз қамтылған отбасыларда байқалған. 

Еліміздегі ең ірі электрондық білім беру платформасын басқарған Р.Кенжеханұлының пікірінше, BilimLand және OnlineMektep платформаларын қазір күнделікті 2 миллион адам пайдаланады. Биылғы оқу жылында аталған ресурстарда жалпы 150 миллиондай сабақ өтіп, 5 млрд-тан астам тапсырма орындалған. Маманның айтуынша, бір жыл бойы 500-ден аса мұғалім мен маман қашықтан оқыту жүйесін дайындап шыққан. Атап айтқанда 42 пән және 11 сынып бойынша екі тілде 26 600 цифрлы сабақ жасалды. Білім беру процесі автоматтандырылып, мұғалімдер мен оқушыларда жаңа дағдылар қалыптасты. 

Электронды оқыту білім деңгейін арттыруда тиімді және жоғары бағаланады. Алайда, білімді кеңейтуге ғана емес, әлеуметтік дағдыларға да назар аудару керек. Электрондық оқыту тек мазмұнды ұсынуға ғана емес, сонымен бірге студенттердің материалдармен жұмыс істеуге және кері байланыс алуға мүмкіндігі болуы керек. Интернеттегі оқытуды оқу бағдарламасына сәтті енгізу жақсы ойластырылған стратегия мен белсенді тәсілді қажет етеді.

Қазіргі COVID-19 дағдарысы білім беру жүйесіндегі күндізгі оқыту немесе жалпы дәстүрлі оқытудың альтернативасын іздеуге итермеледі. Көптеген елдердегі білім беру саласы мектептер мен жоғары оқу орындарының жабылуына қарамастан оқу процесін жалғастыру үшін күнделікті оқыту іс-шараларын қашықтан және онлайн режиміне ауыстырды. Мектептегі білімнен басқа балаларды оқытудың формасы болмағандықтан қатаң карантин шаралары кезінде онлайн оқыту оқушылармен жұмыс істеп, олардың дағдыларын дамытудың маңызды құралына айналды. Алайда, онлайн режимінде оқыту күндізгі оқытудың тиімсіз баламасы болуы да мүмкін, себебі әр мемлекет пен оның аймақтарында цифрлық инфрақұрылым, ақпарттық-коммуникациялық құралдарға қолжетімділік әртүрлі деңгейде немесе тіпті жоқ, ал оқушылар, студенттер және мұғалімдер, ЖОО оқытушылары аяқ асты дайындықсыз келді.

Барлық жаңалықтар