• Басты
  • Ашық бюджеттердің интерактивті картасы қалай жұмыс істейді, мүмкіндіктері қандай
5 Қазан, 2020 13:00

Ашық бюджеттердің интерактивті картасы қалай жұмыс істейді, мүмкіндіктері қандай

ZOOM платформасында «Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зәуреш Батталованың қатысуымен «Қазақстан ТДМ 16.6. жету жолында «Нормативтік құқықтық актілердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауды және жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерін бақылауды үйрену» атты іс-шара өтті. Жиында қор басшысы «Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін тиімді алдын алу шаралары» жобасының жұмысы, ашық бюджеттердің интерактивті картасы туралы, жемқорлықпен күресу бағытында қоғамдық ұйымдардың орны, қызметі жөнінде айтып берді. Сонымен қоса болашақтағы жоспарларымен бөлісті. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Ашық бюджеттердің интерактивті картасы қалай жұмыс істейді, мүмкіндіктері қандай

Шара барысында қоғамдық қор президенті Зәуреш Батталова Қазақстанда жемқорлық мәселесі өте күрделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, жемқорлықпен күресуге тек мемлекеттік, не құқық қорғау органдары ғана емес, қоғамдық ұйымдар да қатысуы тиіс.

«2017 жылдан бері біз жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің мүшесі болғандықтан, біраз дүниені аңғардық. Мәселен, коррупциямен күресу жұмыстарына қоғам белсенділерінің қатысуы бірқатар проблеманы шешуге, жемқорлықтың түп-тамырын, яғни қайдан шыққанын анықтауға септігін тигізуде», - деді қор басшысы.

Оның айтуынша, азаматтық қоғамның қатысуын күшейту арқылы Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықты азайта аламыз. Ола үшін қоғамдық ұйымдардың төмендегідей іске қатысуына жағдай жасалмақ.

-        заң шығару процесіне

-        қоғамдық құқықтық мониторингте

-        қоғамдық бақылау


«Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін тиімді алдын алу шаралары» жобасының мақсаттары

-  Нормативтік құқықтық актілер мен заңнамалық ұсыныстардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюдың құқықтық тетіктерін жетілдіру

-  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдын алу тетіктерін құру кезінде мемлекеттік органдар сарапшыларының кәсіби әлеуетін арттыру

-  Азаматтық қоғамның заң шығару процесіне, қоғамдық құқықтық мониторингке, қоғамдық бақылауға қатысудағы кәсіби әлеуетін арттыру

Бұл мақстаттарды іске асыру барысында бірқатар нақты іс-шара жүзеге асты, яғни Зәуреш Батталованың айтуынша, нақты құралдар әзірленген.

1.    Антикоррупциялық сараптама өткізу әдістемесі.

2.    Антикоррупциялық сараптама өткізу әдістемесін іске асыру үшін интернетарқылы жұмыс істейтін арнайы бағдарлама дайындау

3.    Итерактивті карта. Бұл ашық бюджетпен жұмыс істеуге арналған.

«Біздің мақсатымыз қоғамдық ұйым өкілдерін, қоғам белсенділерін әдістемемен, интернет арқылы жұмыс істейтін бағдарламамен, сонымен интерактивті картамен таныстырып, қалай жұмыс істейтіні жөнінде бағдар беру арқылы олардың жемқорлықпен күресте белгілі бір дәрежеде өз әсерін тигізеді деген ойдамыз», - деді Зәуреш Батталова.

 

Антикоррупциялық сараптама жасау методологиясы

Методология бойынша Қазақстанның 19 қаласында 23 семинар өткен. Оның ішінде 4 семинар – Нұр-Сұлтанда, 2 семинар – Алматыда өтсе, қалғанының барлығы ірі қалаларда (Шымкент, Жезқазған) ұйымдастырылды. Семинардың нәтижесі бойынша, 1024 адам оқытылды. Зеуреш Батталованың сөзінше, оның ішінен үздіктері іріктеліп, сәуір айында 18 сараптама дайындалған.

«Мұғалім мәртебесін арттыруға, тұрғын-үй кодексі, мемлекеттік сатып алуға қатысты заңға, сонымен қоса тағы бірнеше заңға біз сараптама жасадық. Сол заңдардағы баптардың коррупциялық факторға жататынын қарастырып, дәлелдеп, оны семинар, дөңгелек үстел, түрлі кездесулер арқылы мемлекеттік органдарға, қоғамдық ұйымдарға жеткізудеміз. Жоғарыда оқытылған азаматтардың 153-і сарапшы болуға дайын, конкурсқа қатысуды жоспарлап отыр», - деді ол.

Оның дерегінше, мемлекеттік органдарға сараптама жасау үшін мемелкет тарапынан қаржы бөлінген және осы сараптама жасау туралы заң қабылданған.

Парламентте қаралатын барлық заң, үкімет және министрліктер дайындайтын барлық заң жобасы, әкімдіктер мен басқа да мемелкеттік мекемелер дайындайтын заңнамалардың барлығы сараптамадан өткізіледі. Оны мемлекеттік сарапшылар жасайды. Ал қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың осы қабылданған заңдарға сараптама жасауға мүмкіндігі бар.

Сараптаманы іске асыру үшін арнайы «Сараптама» деп аталатын бағдарлама әзірленген.

«Тәуелсіз сараптама жүргізуге мүмкіндік алдық. Екіншіден, интерактивті карта арқылы қоғамдық мониторинг өткізу, қоғамдық бақылау жүргізуге мүмкіндік алып отырмыз», - деді қоғамдық қор басшысы.

 

Интерактивті карта деген не

Интерактивті картаны пайдалану арқылы мемелкеттік және қоғамдық бақылау жасауға болады, яғни мемелкеттік бюджетті қалай пайдаланады, осыны бақылауға болады. PublicBudget.kz деген сөзді браузерге енгізгенде, интеркативті карта ашылады. Ол барлығына қолжетімді, яғни әлемнің қай бұрышында жүрсеңіз де интернет арқылы кіріп, ондағы бар мәліметті көріп, салыстырып, пайдалануға мүмкіндік бар.

«Мәселен, сіздің балаңыз баратын мектепке не балабақшаға, не болмаса сіз тіргелген емханаға мемелкет тарапынан қанша қаражат бөлінгенін, оны қалай пайдаланады, соның аясында қандай қызмет көрсете алатыны жөнінде интерактивті картадан көре алад», - деді ол.

Интерактивті картаның мүмкіндіктері

 -        Әр мекемеге мемлекет тарапынан қанша қаражат бөлінгенін қарауға

-        Бюжеттің көлемін, оның қандай қызметтерге жұмысалатынын көріп, документ ретінде жүктеп алуға

-        Бір категория бойынша балама ұйымдардың бюджетін салыстыруға

-        Бөлінген қаражатты тізім ретінде, не болмаса карта ретінде қарауға

-        Арызыңызды, ұсынысыңызды жазып қалдыруға мүмкіндік бар. Оны тиісті органдар тексереді

-        Таңдалған аймаққа бөлінген қаржының статистикасын көруге

-        Әр өңірдегі мемлекет қымбат бюджеттік нысандарды қаруға мүмкіндік бар

Қор президенті жоғарыда аталған жобаны пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында жүзеге асырылғанын атап өтті.

Жоба жетістіктері

-  2018 жылы Венада және Римдегі ЕҚЫҰ шеңберінде өткен халықаралық кеңістіктерде жоғары баға берілді

-  Президент Тоқаев деректердің ашықтығы және халықпен өзара әрекеттесу саласындағы Қазақстанның бренд-жобасы ретінде тағайындады - 2019 ж

-  Антикоррупция саласындағы үздік IT-жоба атанды

-  17 аймақтағы әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеу үшін келісім-шарттар жасалды

-  Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетілді

-  Коррупцияға қарсы күрес агенттігі тарыпан қолдау көрсетілді

-  Коррупцияға қарсы күрес агенттігі жанындағы Арнайы мониторинг тобының қолдауы

-  «Қазақстандағы парламентаризмнің дамуы» фондымен меморандум. Еліміздің 17 өңірінде 34 қызметкер жобаны таныстырып, жүзеге асыруға қолдау көрсетеді

«Бүгінге дейін бұл картаны 1 млн адам көрген. Сонымен қатар картада 8 трлн теңге көрсетілген. Бірақ бұл тек жергілікті бюджеттің сомасы. Министрліктердің бюджеті жоқ. Келер жылдың басынан бастап мемлекеттік органдардың да бюджетін картадан қарауға болады. Қазір дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қоса 600-ден астам арыз жазылған. Сондай-ақ картада 20 мың кабинет ашылды, әр мемлекеттік орган өз кбинетіне өздері туралы мәліметті енгізуде. Олар енгізуге міндеттелген. Егер олардың мәліметі толық болмаса, не шындыққа жанаспаса олар жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - деді Зәуреш Батталова.

Оның сөзінше, алдаңы аптада бұл карта мемлекеттік сатып алу жөніндегі сайтпен интеграцияланады. Сонымен қатар халыққа қолжетімді және ыңғайлы болуы үшін арнайы мобильді қосыша әзірленеді.

Қосымша қалай жұмыс істейді

«Сіз бір мемлекеттік мекеменің ауласына кірген бетте сізге ескерту мәліметі келеді. Онда сіздің қай ғимаратта тұрғаныныңыз, ол ғимарат туралы мәлімет, сонымен қоса бюджеттен қанша қаражат бөлінге бұл мекемеге, осы жөнінде ақпарат көріге болады осы қосымшаны пайдалану арқылы. Сол сияқты басқа да мекемелер жөнінде мәлімет алуға болады», - деді Зәуреш Батталова.

Бұдан бөлек ол «Қоғамдық бақылау» туралы заң жобасын дайындау жөнінде берілген мемлекет басшысының тапсырмасын еске салды. Бұл заң да оның сөзінше, қоғамдық ұйымдардың жұмысын кеңейтуге мүмкіндік бермек.

Барлық жаңалықтар