• Басты
  • АШ: Отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арттырылады

АШ: Отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігі арттырылады

4 Наурыз, 2021 11:02

Бүгін сенат отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заң жобасы қабылданды. Аталған құжаттың мүмкіндіктері мен ерекшеліктері туралы Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров баян етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министр Сапархан Омаровтың мәліметінше, «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңының 11-бабына сәйкес әзірленген. Келісім мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу тәртібін реттейді және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығы нарығын дамытуға, сондай-ақ өзара саудадағы кедергілерді жоюға бағытталған.

Сонымен қоса, министр келісімді әзірлеу жұмысы 2014 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмысы шеңберінде жүргізілгенін, жұмыс тобының ескертулерін ескере отырып, пысықталғанын атап өтті. Оның сөзінше, келісім асыл тұқымды мал шаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ұлттық заңнаманың мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келеді.

«Келісімнің ұғымдық аппаратында «асыл тұқымдық өнім», «асыл тұқымдық құндылық», «асыл тұқымдық жануар», «селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс» және «ауыл шаруашылығы жануары» сияқты терминдер біріздендірілген және нақтыланған», - деді министр.

Сонымен қоса, оның айтуынша, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу кезінде мүше мемлекеттерде асыл тұқымдық өнім өндіру саласындағы бірыңғай талаптарды қолдану мақсатында аталған келісімде бірқатар мәселені біріздендіру көзделген.

Атап айтқанда:

1. Асыл тұқымды жануарлардың тұқымын (тұқымдығын) анықтау тәртібі (бұл ретте жаңа тұқым шығаруда туыстас тұқымдар тізбесі келісіледі)

2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығы жануарларының шығарылған жаңа типтерін, желілері (тұқымдары) мен кростарын байқаудан өткізу тәртібі (жаңа тұқым шығарудағы жұмыстарды біркелкілік ету қамтамасыз етіледі)

3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің асыл тұқымды өніміне молекулалық генетикалық сараптама жүргізу ережесі (ДНК зерттеулерін жүргізу біріздендіріледі)

4. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібі (асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы үйлесімділік және талдамалық қамтамасыз ету реттелінеді)

5. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында және үшінші елдерден әкелу кезінде алмастыруға жататын асыл тұқымды жануарлар мен селекциялық жетістіктер туралы мәліметтер құрамы

6. Жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалау әдістемелері

«Асыл тұқымды мал шаруашылығында, мүше мемлекеттерде инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны әзірлеу және енгізу мақсатында келісімде асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай тәртіпті белгілеу көзделеді. Селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіруді мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары жүзеге асырады, талдамалық қамтамасыз ету ғылыми-зерттеу ұйымдарына бекітілетін беріледі», - деді Сапархан Омаров.

Сондай-ақ, ол келісімде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің асыл тұқымды мал және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтермен алмасуы көзделетінін тілге тиек етті. Сонымен бірге, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті берген ғылыми құқықтық сараптама қорытындысына сәйкес, келісім заңды, уақытына сай және негізделген халықаралық құжат болып табылады және адам құқықтары мен бостандығын және Қазақстан Республикасының егеменді құқықтарын бұзбайтынын атап өтті.   

«Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басқалары, яғни Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы өздерінің ішкі мемлекеттік іс-шараларын жүргізіп қойды, яғни Келісімді ратификациялау бойынша тиісті заңдарды қабылдап қойды», - деді министр.

Оның сөзінше, келісімді ратификациялау бірқатар мәселені шешуге мүмкіндік береді.

- Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді оңтайландыруға

- мал шаруашылығындағы селекция мен асыл тұқымдық жұмыстың дамуын қамтамасыз етуге

- отандық асыл тұқымды өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұхтар Жұмағазиев Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы Келісім осы Одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу мақсатында келісілген агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға бағытталғанын атап өтті. Оның мәліметінше, келісім асыл тұқымды мал шаруашылығы саласын жетілдіруге, оның инновациялық дамуы үшін құқықтық негіз қалауға, сондай-ақ геномдық реттеуді қолдану арқылы мал шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруымен ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ, келісім Одақ шеңберінде асыл тұқымды малдарды және селекциялық жетістіктер туралы мәліметтермен алмасу, замануи технологияларды енгізу, оның ішінде молекулалық генетикалық сараптама жүргізу сияқты жұмыстарды іске асыру тәртібін реттейтінін тілге тиек етті.

«Бұл ретте, Одақ аумағында өсірілген ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдары, желілері, кростары туралы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің хабардар болуы асыл тұқымды өнімді тікелей сатып алуға, жалпы мал шаруашылығы саласында өндіріс көлемін өсіруге ықпал етеді», - деді ол.  
Бұдан бөлек, сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев соңғы жылдары «Етті мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында елімізге 153 мыңнан астам асыл тұқымды малдың басын жаппай әкелу жүзеге асырылғанын, оны сатып алуға (мемлекеттік субсидияларды қоса алғанда) 500 млн АҚШ долларынан астам қаражат жұмсалғанын атап өтті.

Сондай-ақ, ол ғалымдардың зерттеуіне сәйкес, бұрын елімізде болмаған, бізде тіркелмей жатқан Шмалленберг ауруы, инфекциялық ринотрахеит, вирустық диарея, моракселлез сияқты қауіпті экзотикалық жұқпалы аурулар сырттан әкелінгенін тілге тиек етіп, бұл мәселе отандық ветеринария жүйесінің қазіргі ауыр жағдайын одан сайын тығырыққа тірегенін баса айтты.

«Біздің қоғам осы импортталған малдың қаншасы бейімделе алғанын, қаншасы өлгенін, жалпы жобаның алдына қойған мақсаттары қалай орындалғаны туралы нақты білмейді. Ал оны халық білуге құқылы, себебі аталған мал басы тек жеке инвестициялар есебінен ғана емес, салық төлеушінің ақшасына сатып алынған», - деді депутат.

Сондай-ақ, ол министрліктердің қоғамдық аудитті тарта отырып, дамыған елдердегі сияқты осындай қымбат жобаларға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдаланудың тиімділігі туралы халық алдында есеп беруге үйренуі керегін айтты.

«Асыл тұқымды малға келетін болсақ, қазір сол ауыл шаруашылығы жануарларының популяциясын сақтап қалу және жақсарту өте маңызды. Аграрлық саланың ардагерлері кеңестік кезеңде Қазақстанға Еуропадан жүздеген мың асыл тұқымды ірі қара малдың әкелінгенін және уақыт өте келе олар өздерінің асыл тұқымдық қасиеттерін жоғалтып, із-түссіз жойылып кеткенін жақсы біледі», - деді сенат депутаты.

«Селекцияның заманауи әдістерін қолдану қажет»

Оарды күтіп-бағу үшін тиісті жағдайлар жасаумен ғана емес, ең бастысы, жүйелі селекциялық жұмысты қалыптастыру керегін еске салды. Ол үшін селекцияның заманауи әдістерін қолдану қажет.

«Бұл тұрғыда асыл тұқымды мал шаруашылығы саласында инновациялық технологияларды, оның ішінде геномдық селекцияны енгізу мақсатында селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру ерекше маңызды. Себебі жануардың тек молекулалық-генетикалық талдауы оның асыл тұқымдық құндылығын алдын-ала болжауға мүмкіндік береді және селекцияның тиімділігін қамтамасыз етеді», - деді Ақылбек Күрішбаев.

Бүгінде, оның айтуынша, барлық дамыған елдерде асыл тұқымды өнімді жақсарту қазіргі заманғы биотехнологиялық зерттеу әдістеріне, оның ішінде геномдық селекцияға негізделген. Өкінішке орай, Қазақстанда кейбір компанияларды қоспағанда, селекциялық-асыл тұқымды жұмыста геномдық сараптама жүйелі түрде пайдаланылмайды, бұл мал шаруашылығы саласының тұрақты дамуы мәселелерінде елеулі тежегіш болып отыр.

«Сондықтан ауыл шаруашылығы жануарларының отандық гендік қорын қалыптастыруға қатысты бұл мәселені мемлекеттік деңгейде шешу қажет. Ол үшін өзіміздің фермерлерімізге көмек ретінде ғылыми зертханалардың базасында ұлттық генетикалық зерттеу орталықтарын ұйымдастыру қажет. Бұл біздің жағдайымызға бейімделмеген асыл тұқымды малды шетелден әкелуге қарағанда, ақылға қонымды, әлдеқайда арзан және эпизотия тұрғысынан қауіпсіз жоба болар еді», - деді ол.

Оның пайымынша, малдың асыл тұқымдық қасиеттері мен өнімділігін арттырудың маңызды әдісі - оның жасанды ұрықтандыру. Бұл мәселе ауыл халқы үшін өте маңызды. Өйткені, олардың күн көрісі сол малдың өнімділігіне байланысты.

Депутаттың дерегінше, мамандардың мәліметтері бойынша, қазір сүт бағытындағы ірі қара малдың қолдан ұрықтандыру үлесі Белоруссияда - 95%, Украинада - 90%, Ресейде - кем дегенде 70%, Өзбекстанда - 55% болса, Қазақстанда 15%-дан аспайды, яғни 4-6 есе аз.

«Бұл мысалдан біздің сауда серіктестерімізден селекциялық жұмыста қаншалықты артта қалғанымыз айқын көрінеді. Сонымен қатар, бізде заманауи фермалар, сапалы жем-шөп базасы жетіспейді. Салыстыратын болсақ, Қазақстанда сүт бағытындағы 2,7 миллионға жуық сиыр бар, ал Беларусь Республикасында 1,5 млн бас, әғни 1,8 есе аз», - деді депутат.

Алайда, ол Беларусь Еуразиялық  экономикалық одағына кіретін елдердің көпшілігіне сүт және сүт өнімдерін экспорттайтынын, ал Қазақстанның өз халқын толық қамтамасыз ете алмай отырғанын айтты. 

Барлық жаңалықтар