Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады

24 Қараша, 2021 15:42

23 қарашада «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға қатысқан ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 30 жылдың ішінде еліміз маңызды  саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жолынан өткенін атап өтті. Қазақстан әлемдік  қоғамдастықтың толыққанды мүшесі болып, халықаралық аренада жоғары беделге қол жеткізгенін де тілге тиек етті. Премьер-министрдің пікірінше, биыл үкімет еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз еткен. Толығырақ Strategy2050.kz порталында.

ЖІӨ 3,5 пайызға артты

«10 айдың қорытындысы бойынша, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны 3,5 пайызға дейін жетті. Нақты сектор ұлттық экономиканың негізгі өсу драйвері мен орнықты дамуының факторы болып отыр. Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 5,3 пайызға өсті, бұл өңделген тауарлар экспортын 25,5 пайызға өсіруге мүмкіндік берді. Құрылыс секторында жоғары өсу қарқыны сақталуда. Жыл басынан бері 11,6 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 7,6 пайызға жоғары», - деді Асқар Мамин.

Оның айтуынша, қабылданып жатқан жүйелі шаралар кен өндірумен айналыспайтын салалардағы жоғары инвестициялық белсенділікті қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, 10 айдың қорытындысы бойынша, инвестициялардың өсуі 14 пайызды құрағанын да атап өтті.

«Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 11,1 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда 30,4 пайызға жоғары», - деді ол.

Оның сөзінше, халықаралық қаржылық және рейтингтік ұйымдар қазақстандық экономиканы орнықты деп танығанын атап өтті.

8 млн-ға жуық адам толықтай вакцина алды

Бұдан бөлек, Асқар Мамин жаппай вакцинациялаудың арқасында елімізде тұрақты эпидемиологиялық жағдай сақталғанын атап өтті.

«Бүгінгі күні бірінші компонентті 8,7 млн адам алды, бұл 18 жастан асқан тұрғындардың 76%-ы, екінші компонентті шамамен 8 млн адам алды, бұл халықтың 70%-ға жуығы», - деді ол.

Санақ тұңғыш рет электронды форматта ұйымдастырылды

Сонымен қатар, премьер-министр биыл жалпыұлттық халық санағы ойдағыдай өткенін, елімізде санақ тұңғыш рет электронды форматта ұйымдастырылғанын еске салды.

«Санақ нәтижелері елді одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша алға қойылған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді», - деді Асқар Мамин.

30 жылдағы жетістіктер

Бұдан басқа, ол еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда маңызды істер атқарылғанын, Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасағанын атап өтті. Осылайша, дамудың ең маңызды кезеңдеріне тоқталды.

Олар:   

-        1991 жылы әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы ұзақ күткен тарихи шешім қабылданды.

-        Қазақстан әлемдік ядроға қарсы қозғалыстың көшбасшысына айналды.

-        1992 жылғы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының толыққанды мүшесі болды.

-        1993 жылғы қарашада еліміздің өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді.

«Дәл сол жылы «Болашақ» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында шамамен 12 мың жастар шетелді білім алып, еліміздің игілігі үшін еңбек етіп жатыр», - деді Асқар Мамин.

-        1995 жылы жаңа Конституция қабылданды.

-        1997 жылы «Қазақстан-2030» даму стратегиясы қабылданды, ол Қазақстанның ұзақ мерзімді перспективадағы нақты даму бағдарын айқындады.

-        2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы болды

-        2005 жылы Мемлекеттік шекараны заң жүзінде рәсімдеу толық аяқталды.

-        2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясының қабылдануымен әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру туралы асқақ мақсат межеленді .

-        2014 жылғы мамырда Еуразиялық экономикалық одақ құрылды.

-        2015 жылы Бес институционалдық реформаны іске асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бекітілді.  

-        Қазақстанның сол жылы қарашада Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі болды.

Оның пікірінше, тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген нәтижелер елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының елеулі көрсеткіштерін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.  

«30 жылдың ішінде жалпы ішкі өнім 17 есе өсті. Сыртқы сауда айналым көлемі 100 млрд долларға дейін өсті. Жалпы елдің халықаралық резервтері 90,9 млрд долларға дейін өсті. Елге 400 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Қазақстан Тәуелсіздің мемлекеттер достастығы елдері арасында жан басына шаққанда шетелдік инвестицияларды тарту бойынша бірінші орында», - деді Асқар Мамин.

Оның мәліметінше, жеке бастамаларды қолдау мен дамыту 2021 жылы экономикадағы шағын және орта бизнес үлесін жалпы ішкі өнімнің 33 пайызына дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бұл сектордағы жұмыспен қамту 3,4 млн адамға дейін ұлғайды. Ал, өңдеу өнеркәсібін дамыту аясында 500 астам жаңа өнім түрін шығару жолға қойылды.

«Елімізде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды салу бойынша жоблардың жүзеге асу қарқыны жоғары. Жалпы, тәуелсіздік жылдары еліміз орнықты саяси институттары мен бәсекеге қабілетті қуатты экономикасы бар демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Сонымен қатар, ішкі саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық қамтамасыз етілді. Дүниежүзілік сауда-экономикалық жүйеге толық еніп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті. Орталық Азия аймағының экономикалық көшбасшысы ретінде қалыптасты», - деп толықтырды Асқар Мамин.

Оның пікірінше, Қазақстан халықаралық аренада көпвекторлы және тең сыртқы саяси бағыты бар беделді және тұрақты мемлекет ретінде нығайды.

Барлық жаңалықтар