• Басты
  • Қаржы саласы: Бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру және цифрландыру шаралары

Қаржы саласы: Бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру және цифрландыру шаралары

16 Маусым, 2021 10:41

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев халыққа есеп беру кездесуінде министрліктің 2021 жылдағы жұмысының негізгі бағыттарын атап өтті. Оның айтуынша, биыл министрлік қызметі стратегиялық бастамаларды, Мемлекет басшысының тапсырмаларын және «Nur Otan» партиясы сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыруға бағытталады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жалпы, жоспарланған жұмысты 5 негізгі блок бойынша топтастыруға болады:

Біріншісі – бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету мен оңтайландыру.

Екіншісі – салық және кеден әкімшілендіруін цифрландыру және «көлеңкелі экономика» деңгейін төмендету.

Үшіншісі – мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру.

Төртіншісі – мемлекеттік сатып алуларды ары қарай жетілдіру.

Бесіншісі – мемлекеттік аудиттің сапасын арттыру.


1.Бюджеттік жоспарлау саласындағы міндеттер

Министрдің айтуынша, өткен жылы Бюджет кодексіне түзетулер енгізілді. Олар стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды үйлестіру бөлігінде бюджетті қалыптастыру бойынша жаңа тәсілдерді және бюджет қаражатын барынша қайтарыммен пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктерді көздейді.

«Түзетулерге сәйкес стратегиялық міндеттерге баса назар аудара отырып, мемлекеттік органдармен бірлесіп экономиканың түрлі салаларында ұлттық жобаларды дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біздің міндет-әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған теңгерімді бюджет қалыптастыру», - деді министр.

Оның мәліметінше, бюджет процесінің маңызды құрамдас бөлігі Ұлттық қор болып табылады. Оның активтері ағымдағы жылдың 1 маусымында 27,6 трлн. теңге, оның ішінде валюталық портфель-58,5 млрд долларды құраған.

Сонымен қатар министр, 2020 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қор 744 млрд.теңгеге өскенін еске салды.

«Министрлік жүйелі негізде оның жинақтау функциясын күшейтуге бағытталған жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, Бюджет кодексіне Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін кезең-кезеңімен қысқарту бойынша түзетулер енгізілді», - деді ол.

Оның айтуынша, бұл шаралар Ұлттық қор активтерінің жиналуына және шикізаттық емес тапшылықтың біртіндеп төмендеуіне ықпал етеді.

 

2.Бюджет процесін цифрландыру

Министрдің сөзінше, 2020 жылы "мемлекеттік жоспарлау жүйесін дамыту" жобасын іске асырудың 1-кезеңі аяқталды. Бұл 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті электронды түрге ауыстыруға мүмкіндік берді.

Жүйеге 1 125 мемлекеттік мекеме және 4 мың пайдаланушы қосылған. Жоба бюджетті жоспарлаумен байланысты уақытша және үстеме шығыстарды оңтайландыруға, сондай-ақ оның ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік қолдаудың бөлінетін шараларының тиімділігіне мониторинг жүргізу жүйесі іске асырылған. Тиісті әдістеме мен ақпараттық жүйе әзірленіп, бағалау тиімділігінің 3 көрсеткіші бойынша жүргізілген. Олар: бюджеттік, қаржылық-экономикалық және әлеуметтік-экономикалық. Ағымдағы жылы тиімділікті бағалаумен қаржылық қолдаудың барлық шаралары қамтылатын болады, олардың нәтижелері кейіннен республикалық бюджетті жоспарлау сапасын арттыру үшін пайдаланылады.

«Мемлекеттік қолдаудың 76 шарасы бойынша жүйе жұмысының алдын ала қорытындылары бар. Бюджет ашықтығы индексі бойынша кемінде 59 балл жинау жоспарда бар. Ол үшін біз бюджет бойынша халықаралық серіктестіктің ұсынымдарын талдап, ескердік»,- деді Жамаубаев.

 

Салық және кеден әкімшілендіруін цифрландыру және «көлеңкелі экономика» деңгейін төмендету

Министр өз сөзінде, басым міндет-көлеңкелі экономиканы ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін төмендету екенін жеткізді. Бұл жалпы ішкі өнімнің 15%-ын құрайды. Қазір көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарын барлық салалар бойынша жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

«Біз бюджетті тұрақты кіріс көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін салықтық-кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша күшейтілген жұмыс жүргізіп жатырмыз. Тек соңғы 3 жылдың ішінде қабылданған шаралар бюджетке 2 трлн теңгеден астам мөлшерде қосымша кірістерін қамтамасыз етті», - деді министр.

Оның айтуынша, көлеңкелі экономиканың төмендеуіне халықтың табысын жалпыға бірдей декларациялау да ықпал етеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей салықтық декларациялаудың бірінші кезеңі басталған.

Оның мақсаты-жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін бақылаудың тиімді жүйесін құру.

«Бұл сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықты азайтуға және бюджеттің қосымша кірістерін көбейтуге мүмкіндік береді.Декларация мемлекеттік қызметшілерге кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, содан кейін барлық азаматтарға ауысады», - деді Жамаубаев.

"Азаматтарға арналған үкімет"

Министрдің сөзінше, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының инфрақұрылымын кеңейту бойынша уақтылы шаралар қабылданған. Ол халыққа ыңғайлы болу үшін декларацияларды тапсыру бойынша электрондық сервистер: салық төлеушінің кабинеті, «Электрондық үкімет» веб-порталы және "Е-Salyq Azamat"мобильдік қосымшасы арқылы іске асырылды.

«Бүгінгі таңда декларациялаудың бірінші кезеңі аясында 462 мыңнан астам адам салық есептілігін табыс етті. Бұл ағымдағы жылдың жоспарланған көрсеткішінің 97% құрайды. Жалпыға бірдей декларациялауды түпкілікті енгізгенге дейін кең ауқымды түсіндіру жұмысы жалғасатын болады», - деді министр.

Сондай-ақ, министр цифрландырудың алдағы дамуына және әкімшілендіруді жақсарту жөніндегі шараларға жеке тоқталып өтті. Мақсат-тиімді фискалдық жүйе мен сапалы сервисті қамтамасыз ету арқылы бизнес пен халық үшін қолайлы жағдай жасау. Бұл үшін интеграцияланған деректер базасы мен салықтық әкімшілендіру жүйесі жаңғыртылатын болады. Осы мақсатта азаматтарыдың шетелдік қаржылық шоттары бойынша ЭЫДҰ елдерімен мәліметтер алмасу жолға қойылған.

«Биылдан бастап "Е-Salyq – Azamat" мобильді қосымшасы іске қосылды, ол көптеген деректемелерді толтырмай салық төлеуге, қате төлемдерді болдырмауға, 2 минут ішінде онлайн толтыруды жүргізуге мүмкіндік береді. Жеке кәсіпкерлер үшін "E-Salyq Business"қосымшасы әзірленуде», - деді ол.


3.Мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар шеңберінде жекешелендіру жалғасады.

Мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 733 объектісін іске асыру көзделіп отыр.

Жекешелендіру жоспарын іске асыру негізінде мыналар күтіледі:

·       мемлекеттің экономикаға қатысуын 14%-ға дейін қысқарту;

·       стратегиялық инвесторларды тарту және еңбек өнімділігін арттыру; ШОБ-тың жекешелендірілетін компаниялардың қызметтеріне кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету;

·       квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру және оның ықшамдылығын қамтамасыз ету.

 

4.Мемлекеттік сатып алуларды ары қарай жетілдіру

Министрдің айтуынша, міндеттердің маңызды блогы – мемлекеттік сатып алуды одан әрі жетілдіру. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген мемлекеттік сатып алулар бойынша заң жобасы Парламент қарауында болады.

«Заң жобасында мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілімен өткізудің 53-тен 49-ға дейінгі негіздемесін қысқарту көзделген. Бұл тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден сатып алудың барлық көлемінің шамамен 50% - ын құрайды», - деді Жамаубаев.

Сондай-ақ заң жобасында тауарларды 1 күнде бәсекелестік негізде сатып алуға мүмкіндік беретін электрондық дүкенді іске қосу жоспарланған. Конкурстық рәсімдерді өткізу мерзімдерін 5 жұмыс күніне дейін қысқартуға бағытталған негіздемелік келісімдер жасасу мүмкіндігі көзделуде.

«Заң жобасы бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Оны қабылдау сатып алу рәсімін оңайлатуға, бәсекелестіктің өсуін және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді», - деді министр.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы биыл 8 маусымда «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Заңға қол қойған. Заңда квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуын, оның ішінде «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуын реттеу ұсынылады. Ол келесі тәсілдерді қарастырады:

·       Заңның қолданылу аясына, қағидаттарға, шектеулерге, тәсілдерге, бақылауға және шағымдануға қатысты базалық ережелер барлық квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін бірыңғай болатын заң деңгейінде бекітілген;

·       «Самұрық-Қазына» қорының Сатып алу ережелерін бекіту Қордың құзырында сақталған. Бұл Қор қызметінің ерекшелігіне және IPO жүргізу кезінде инвестициялық тартымдылықты сақтау қажеттілігіне, сонымен қатар жекешелендірудің өзге де нысандарына байланысты. Жалпы, заңнаманы және мемлекеттік сатып алу веб-порталын жетілдіру бойынша жұмыстар жүйелі негізде жүргізілуде.

 

5.Мемлекеттік аудит сапасын арттыру

Министрдің мәліметінше, 2020 жылы аудиторлық қызмет туралы Заңға түзетулер қабылданған. Бұл инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде «Аудит және есептілік стандарттарын жетілдіру» көрсеткішінің өсуіне бағытталған.

Оның айтуынша, аудиторлық қызмет бойынша кәсіби кеңес құру көзделген. Бұл Қазақстандағы аудит саласындағы сапаны бақылау және біліктілік емтихандары мәселелерін үйлестіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында аудиторлық компаниялардың тізбесін айқындау үшін біліктілік талаптары әзірленді.

«Осы шаралардың барлығы жеке секторларда да, сондай-ақ мемлекеттік секторларда да аудиттің ашықтығы мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді министр.

 

«Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның қызметі

 

Электрондық қаржы орталығы мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алу бойынша Бірыңғай операторы және бюджет процесінің интеграторы болып табылады.

Есепті кезеңде Электрондық қаржы орталығы мынадай іс-шараларды орындады:

·       мемлекеттік сатып алудың бүкіл процесі автоматтандырылды;

·       бюджеттік жоспарлау мерзімі 2 есеге қысқартылды;

·       салық төлеуші кабинеті жұмысының жылдамдығы 8 есеге артты;

·       Байланыс орталығы тәулік бойына, 24/7 режиміне ауыстырылды.

Нәтижесінде, 2020 жылы 915 млн. теңге таза пайда алынды, оның 700 млн. теңгесі дивиденд ретінде республикалық бюджетке аударылды.

«Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ қызметінің негізгі функциялары:

- мемлекеттік меншікті есепке алу;

- жекешелендіру нәтижелерін ұйымдастыру;

- бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызмет көрсету;

- қаржылық есептілік депозитарийін жүргізу;

- астық қолхаттарын ұстаушылардың тізілімін жүргізу болып табылады.

Министрдің сөзінше, орталықтың цифрлық платформаларының 400 мыңдай пайдаланушылары бар. Сондай-ақ, 2020 жылдан бастап көмірсутектерге жер қойнауын пайдалану құқықтарын іске асыру бойынша аукциондар үшін электрондық сервис енгізілген.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға цифрлық мониторинг пен бақылауды енгізу жөніндегі IT-жоба Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық байқауында 150 қатысушының ішінен 2-орынды иеленіп, үздіктердің бірі болып танылды. Бұның барлығы біз үшін үлкен жетістік», - деп толықтырды министр.

Барлық жаңалықтар