• Басты
  • Қаржы министрлігі: Ұлттық қор трансферті, бюджеттің атқарылуы және шығыстар мен кірістер

Қаржы министрлігі: Ұлттық қор трансферті, бюджеттің атқарылуы және шығыстар мен кірістер

17 Маусым, 2021 11:42

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының пленарлық отырысында 2020 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баян етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Министр 2020 жылы республикалық бюджеттiң атқарылуы жаһандық дағдарысқа байланысты iскерлiк белсендiлiктiң айтарлықтай төмендеуi кезiнде жүзеге асты. Оның сөзiнше, жалпы iшкi өнiм нақты 2,6%-ға төмендеген. Бұл негiзiнен карантиндiк шаралардың енгiзiлуi салдарынан қызметтер көрсетудiң 5,4%-ға төмендеуiне байланысты болған.
«Дегенмен экономиканың нақты секторы 2%-ға өскенiн көрсеттi. Атап айтқанда, құрылыс – 11,2%-ға, ақпарат және байланыс – 8,7%-ға, ауыл шаруашылығы – 5,6%-ға, өңдеу өнеркәсiбi – 3,9%-ға артты», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Ал, негiзгi капиталға салынатын инвестициялар көлемi 3,4%-ға төмендедi.

Министрдiң мәлiметiнше, бюджеттiң басым бағыттары төтенше жағдай кезiнде азаматтарды және нақты секторды қолдауға арналған шығыстар болғанын атап өттi. Бұл - әлеуметтiк төлемдердi индекстеу, шағын және орта бизнес субъектiлерiне салық ауыртпалығын төмендету, «Жұмыспен қамту жол картасы», «Бизнес жол картасы», «Еңбек» және басқа да бағдарламалар.

Сонымен қоса, экономикалық өсiмдi қалпына келтiру бойынша Кешендi жоспар қабылданған. Зардап шеккен салалардан шамамен 700 мың кәсiпкер салықтық ынталандыру және жеңiлдiк шараларымен қамтылған. Шағын және орта бизнестiң 40 мыңға жуық жобалары арзандатылған мөлшерлемемен қаржыландырылған.

«Зардап шеккен салаларда қарыз алушылардың 80%-ы кредиттер бойынша төлемдерiн кейiнге қалдыру мүмкiндiгiн алды. Осы шаралар жұмыспен қамту мен iскерлiк белсендiлiктi сақтауға ықпал еттi. Жұмыссыздық 4,9% деңгейiнде сақталып қалды. Бюджет процесiнiң икемдiлiгi қамтамасыз етiлдi, мемлекеттiк сатып алудың арнайы тәртiбi енгiзiлдi», - дедi министр.

Осындай жағдайларда республикалық бюджеттiң атқарылуы мынадай көрсеткiштермен сипатталған.

«Бюджет түсiмдерi 100,3%-ке орындалып, 12 трлн. 49 млрд. теңгенi құрады. Шығыстар 98,3%-ке игерiлдi және 14 трлн. 234 млрд. теңгенi құрады. Әлеуметтiк шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 1,4 трлн. теңгеге ұлғайып, 6,6 трлн. теңгенi құрады. Бұл республикалық бюджеттiң жалпы көлемiнiң 47%-ы. Бюджет тапшылығы 2 трлн. 185 млрд. теңге немесе жалпы iшкi өнiмнiң 3,1%-i болды», - дедi министр.

Кiрiстер бойынша

Министрдiң мәлiметiнше, трансферттердi есепке алмағанда кiрiстер бойынша жоспар 22 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Бюджетке 6,6 трлн. теңге түстi. Ал, салық түсiмдерi 5 трлн. 576 млрд. теңгенi құрап, жоспар 100,3%-ға орындалған.

«Салықтар бойынша асыра орындаудың негiзгi сомасы корпоративтiк табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндiру салығы және шикi мұнайға салынатын экспорттық кедендiк бажға тиесiлi», - дедi Ерұлан Жамаубаев.

Сонымен қатар, оның сөзiнше, жоспар қосылған құн салығы бойынша 256 млрд. теңгеге атқарылмаған, бұл қосылған құн салығын қайтарудың өсуiне, тауар айналымының күрт азаюына және елдiң сыртқы саудасының төмендеуiне байланысты болған.

«Есептi талқылау кезiнде бюджеттiң мұнайдан түсетiн кiрiстерге тәуелдiлiгiнiң артуы туралы сұрақ көтерiлдi. Шын мәнiнде, коронавирус дағдарысы жағдайында Ұлттық қордан трансферттер тартудың артты, оның көлемi бюджет кiрiстерiнiң 45%-тiне жеттi. Қосымша соманы есепке алмағанда, бюджет кiрiстерiнiң құрамындағы трансферттердiң үлесi өткен жылдар деңгейiнде сақталады», - дедi ол.

Бұл ретте, министр өткен жылы Ұлттық қордың активтерi 744 млрд. теңгеге өскенiн атап өттi. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кiрiс 4,1 трлн. теңгенi құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп. 

«Кепiлдендiрген трансферт орта мерзiмдi кезеңде қысқаратын болады. Бюджет кодексiне енгiзiлген түзетулерге сәйкес кепiлдендiрiлген трансферт бойынша жаңа контрциклдық қағиданы қолдану жоспарланып отыр. Кепiлдендiрiлген трансферт мұнайдың консервативтiк бағасы (кесiмдi баға) кезiнде мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетiн түсiмдер көлемiнен аспайтын мөлшерде айқындалатын болады», - дедi ол.

Бұл, оның айтуынша, мұнайға тәуелсiз тапшылықты төмендетуге және Ұлттық қордың өсуiне ықпал етпек. Егер өткен жылы республикалық бюджетте мұнайға қатысты емес түсiмдердiң үлесi 55%-тi құраса, ағымдағы жылы оның үлесi 64%-ке дейiн жетедi. Алдағы кезеңде бұл үлестiң мөлшерi ұлғаятын болады. Осыған орай көлеңкелi экономиканы қысқарту, салықтық және кедендiк әкiмшiлендiрудi цифрландыру бойынша кешендi жұмыстар жүргiзiлiп жатқанын да тiлге тиек еттi министр.

Тауарларды қадағаланудың Ұлттық жүйесiн

Оның айтуынша, тауарларды қадағалаудың Ұлттық жүйесiн енгiзудiң нәтижесiнде салықтық және кедендiк тексерулердiң тиiмдiлiгi артқан. Соңғы 2 жыл iшiнде әкiмшiлендiру мен цифрландыруды жақсарту есебiнен бюджетке 1,7 трлн. теңгеге жуық қосымша салықтар түскен. Мемлекеттiң шекарасындағы жасырын сауда айналымына қарсы iс-қимылдың Кешендi жоспары дайындалған.


«Кедендiк инфрақұрылымды модернизациялау шеңберiнде кедендiк операцияларды автоматтандырылған бақылау үшiн негiзгi өткiзу пункттерiн қайта құру жоспарлануда. Шет елдермен ақпарат алмасу жұмысы онлайн-режимде жалғасатын болады», - дедi ол. 
Сондай-ақ, капиталдың шетелге кетуiн азайтуға, экономиканы деофшоризациялауға және салықтық түсiмдердi арттыруға бағытталған бiрқатар заңнамалық шаралар әзiрленiп жатқанын атап өттi.

Шығыстар бойынша

Оның мәлiметiнше, 2020 жылы бюджет шығыстары 351 бюджеттiк бағдарлама шеңберiнде 63 стратегиялық бағыт бойынша жұмсалған. Стратегиялық жоспарлардың 261 индикаторына қол жеткiзiлген. Қаражаттың едәуiр бөлiгi 13 мемлекеттiк бағдарламаны қаржыландыруға бағытталған.

«Атап айтқанда, «Нұрлы жол» мемлекеттiк бағдарламасы есебiнен транзиттiк жүк көлемi 2019 жылмен салыстырғанда 20%-тен астам өсiп, 23,5 млн. тоннаға жеттi. «Нұрлы жер» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша 15,3 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлдi. Агроөнеркәсiптiк кешен мемлекеттiк бағдарламасы бойынша мыңдаған жобалар инвестициялық субсидиялармен қамтылды», - дедi министр.

Банктерде және микроқаржы ұйымдарында тұтынушылық қарыздар бойынша халықтың әлеуметтiк осал санаттарының борыштық жүктемесiн төмендету бойынша шаралар қабылданып, 30 мыңнан астам қарыз өтелген. 

«Есеп комитетi мемлекеттiк жоспарлау жүйесiндегi, бюджет қаражатын пайдаланудың тиiмдiлiгi жөнiнде бiрқатар мәселенi атап өттi. Олар жұмыс топтарында да талқыланды», - дедi министр.

Осыған орай, ағымдағы жылдың ақпан айында Мемлекеттiк басқару тұжырымдамасы қабылданғанын атап өттi. Сөйтiп, жаңа тәсiлдер енгiзiледi. Стратегиялық және бюджеттiк жоспарлау кезiнде мемлекеттiк органдар қоғам мен бизнестiң қажеттiлiктерiн ескеруi тиiс екенiн еске салды.

«Сондай-ақ, нәтижеге қол жеткiзу үшiн жеке жауапкершiлiк күшейтiледi. Өткен жылы өңiрлерде басталған, бiрақ аяқталмаған объектiлерге түгендеу жүргiзiлдi. Ағымдағы жылы 454 млрд. теңге нысаналы даму трансферттерi ретiнде бұрын басталған жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Есеп комитетiнiң қортындысында бюджетаралық қатынастарды қалыптастыру механизмiнiң жетiлдiрiлмегендiгi туралы айтылды. Қазiр Үкiмет бұл мәселемен айналысуда», - дедi министр.

Оның айтуынша, жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды дамыту тұжырымдамасының жобасында да бұл мәселе белгiленген. Есеп комитетi қолданыстағы шығыстарды оларды iске асырудан алынатын әсер тұрғысынан қайта қарау ұсынылған. Бұған қатысты 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезiнде мемлекеттiк органдар алғаш рет бюджеттiк субсидиялар мен инвестициялық жобаларға мәлiмделген шығыстардан экономикалық қайтарымы туралы есептердi ұсынатынын атап өттi. Сөйтiп, бюджет тиiмдiлiгiн арттыру Үкiметтiң ерекше назарында екенiн де тiлге тиек еттi. Бизнеске қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары олардың қарсы мiндеттемелерiне байланысты көрсетiлетiн болады.

«Квазимемлекеттiк сектордың қызметi туралы бiраз сындар айтылды. Осы бағытта мемлекеттiң экономикаға тiкелей қатысуын қысқарту бойынша жұмыс жалғасады және жекешелендiру процесi күшейтiледi. Жыл сайынғы көтерiлетiн мәселе – ол квазимемлекеттiк сектор субъектiлерiнiң шоттарындағы қалдықтар. Бюджет заңнамасына қажеттi өзгертулер қабылданды», - министр.

Бұл қаражаттар субъектiлердiң тиiстi органдарының шешiмiмен белгiленген тәртiп бойынша жаңа жобаларға бағытталады немесе бюджетке қайтарылғанын атап өттi. Есептi қарау кезiнде мемлекеттiк борыштың өсуiне ерекше назар аударылған.

«Расында, дағдарысқа қарсы шараларды қаржыландыру үшiн 2020 жылы бiз бюджеттiң тапшылығын және қарыздарды ұлғайтуға мәжбүр болдық. Алдағы уақытта бiртiндеп бюджет тапшылығын төмендету жоспарлануда. Бұл жаңадан қарыз алу қарқынын да азайтады. Валюталық тәуекелдердi болдырмау және қарыз құралдарының жергiлiктi нарығын дамыту үшiн барынша iшкi нарықтың өтiмдiлiгi пайдаланылатын болады. Мемлекеттiк борыш қауiпсiз деңгейде сақталады және ол белгiленген лимиттен асып кетпейдi», - дедi ол.

Барлық жаңалықтар