• Басты
  • Қаржы министрі ЕАЭО-ға қатысты: Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет
21 Мамыр, 2020 12:29

Қаржы министрі ЕАЭО-ға қатысты: Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет. Бұл жөнінде "2019 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң жобасы бойынша отырысқа қатысқан ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қаржы министрі ЕАЭО-ға қатысты: Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет

Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің 2019 жылдың 29 мамырында Нұр-Cұлтан қаласында өткен отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары келісімге қол қойған еді. 

"Келісімнің негізгі мақсаты - тауарлар айналымына тиімді бақылауды қамтамасыз ету, заңсыз айналымды анықтау, салық төлеуден жалтару жағдайларын болдырмау, бюджетке түсетін салық және кеден төлемдерін ұлғайтуды қамтамасыз ету болып табылады. Келісімнің ережелері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігін құру мерзімдері мен тәртібін регламенттейді", - деді қаржы министрі.


Сонымен қатар ол қадағалау импорттық тауарлар бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, қадағалауға жататын тауарлардың тізбесін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітетін болады.

"Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет, сондай-ақ салық төлеушілердің өздерінің ілеспе құжаттарын осы жүйеде ресімдеуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттар осы жүйеде ресімделмесе, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тасымалдауға тыйым салынатын болады", - деді Ерұлан Жамаубаев.


Қаржы министрінің сөзіне сүйенсек, келісімде Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. 

"Мұндай алмасу Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық платформасы арқылы тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады. Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Келісімді барлық мүше мемлекеттер бекіткеннен кейін, әрбір мемлекет 120 күнтізбелік күн ішінде қадағалау тетігін үйлестіруге және іске асыруға жауапты, мемлекеттік билік органдарын айқындауы тиіс", - деді министр.

 

 Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, келісім күшіне енген күнінен бастап 12 айдың ішінде пилоттық жоба іске қосылмақ.

"Пилоттық жобаның нәтижелері бойынша, қадағалау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне көшу туралы шешім қабылданатын болады. Келісімді іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап етпейді", - деді қаржы минситрі.
Барлық жаңалықтар
3.237.67.179, 192.168.88.100