• Басты
  • Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге 6 млрд теңге өтемақы төленді
24 Маусым, 2020 13:15

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге 6 млрд теңге өтемақы төленді

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге 6 млрд 261 млн теңге өтемақы төленді. Бұл туралы Арыс оқиғасының бір жылдығына орай өткен баспасөз мәжілісінде Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек айтты , деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге 6 млрд теңге өтемақы төленді

2019 жылдың 24 маусымы күні таңертең  №44859 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан жарылыс болғаны белгілі. Осы орайда қала басшысы оқиға орнына ел президенті Тоқаевтың келгенін атап өтті, мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырмаларға тоқталды.

"Сол күні қауіп-қатердің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп, эвокуациялық пункттерге орналасқан қала тұрғындарымен кездесіп, сабырға шақырды. Қаладағы төтенше жағдайдан зардап шеккен нысандарды аралады. Мемлекет Басшысы Арыс қаласын шұғыл қалпына келтіру жұмыстарын бақылауға алып, Үкімет Басшысы Асқар Ұзақбайұлы Маминге, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевке тапсырма берді. Осының нәтижесінде Үкімет Басшысы Асқар Ұзақбайұлы Мамин апта сайын келіп, қаланы қалпына келтіру жұмыстарын бақылап, нақты тапсырмалар беріп тұрды", - деді қала әкімі.


Сонымен қоса ол облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеев жұмыс кабинетін Арыс қаласына ауыстырып, құрылысшылармен, елмен етене араласып жүріп, күндіз-түні жұмыс істегенін тілге тиек етіп, нәтижесінде Арыс қаласы екі ай көлемінде толықтай қалпына келтірілгенін атап өтті. 

"Төтенше жағдайдан зардап шеккен Арыс қаласы және Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдық округтеріне қарасты 8 елдімекенде тұратын 62 610 азаматқа Үкімет Басшысы Асқар Ұзақбайұлы Маминнің 2019 жылғы 29 маусымда берген хаттамалық тапсырмасына сәйкес  6 млрд 261 млн теңге өтемақы төленді. Қала бойынша төтенше жағдай салдарынан  зардап шеккен кәсіпкерлік  нысандарының саны 467-ні құрады.  Оның ішінде 404 нысанның иелеріне «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры арқылы 3 млрд 69 млн теңге көлемінде кәсіпкерлік нысандарын калпына келтіру жұмыстары үшін  өтемақы төленді. 63 кәсіпкерлік  нысан иелеріне қорда қаржы болмауына байланысты төлем алдағы уақытта жүргізілетін болады", - деді Мұрат Қадырбек. 


Бұдан бөлек қала әкімі Арыс қаласы бойынша 17 секторға бөлініп, 17 штаб құрылып, әр облыспен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары,  Түркістан облысының барлық аудан әкімдері, Арыс қаласы әкімдігінің қызметкерлері тиісті аумаққа жауапты болып бекітілгенін айтып өтті.

"Арыс қаласы бойынша  8626 үй бар (жеке үй саны 8522, көпқабатты үй саны 104). Төтенше жағдай салдарынан  7635 үй  зардап шекті. Оның ішінде 480 үй (жеке үй - 477, көпқабатты үй - 3) жарамсыз деп танылып, құрылысы жаңадан салынып, пайдалануға берілді. Жөндеуді қажет ететін 7155 (жеке үй - 7055, көпқабатты үй - 100) үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халық игілігіне  ұсынылды. Бұдан бөлек, меценат, қоғам қайраткері Болат Өтемұратовтың қоры қала тұрғындарына қос пәтерлі 50 үйдің құрылысын салып, 100 отбасыны баспанамен қамтамасыз етті", - деді ол.


Сонымен қоса ол Арыс қаласында жалпы 66 әлеуметтік нысан зардап шеккенін, оның ішінде 4-еунің құрылыс жаңадан салынғанын атап өтіп, 62 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты.

"Аталған әлеуметтік нысандарға «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ  жауапты болып бекітіліп, құрылыс нысандарын мерзімінде тапсырды.  Қала өмірінде маңызды рөл атқаратын, әлеуметтік нысандарды дер кезінде пайдалануға берген «Самұрық Қазына» ҰӘҚ АҚ басшысы  Ахметжан Смағұлұлы Есімовке алғысымызды білдіреміз.  Арыс қаласы дамудың жаңа даңғылына түсті. Арыс қаласының бүгінгідей жетістікке жетуіне «Арыс біз біргеміз» деп байтақ Отанымыздың барлық аймағынан келіп еңбек еткен еріктілерге, күндіз-түні еңбек етіп, қаланы қалпына келтіруге қатысқан құрылысшыларға  Арыс қаласы тұрғындарының атынан алғыс айтамын", - деп түйіндеді. 

Барлық жаңалықтар