• Басты
  • Армениядан әкелген көлікті тіркеу жеңілдетілді
16 Маусым, 2020 18:35

Армениядан әкелген көлікті тіркеу жеңілдетілді

Армения мемлекеті Еуразиялық экономикалық одақтың құрамына кірген 2014 жылдан бастап армениялық көліктер Қазақстанға еркін өткізуге болатын тауар ретінде келе бастады. Көлік бағасы екі есе арзан болғандықтан, әрі бір жыл тіркеусіз қонақ ретінде жүре алатындықтан отандастарымыз үшін бұл тиімді еді. Алайда таяқтың екі ұшы бар. Тіркелмеген көліктер қоғамдық қауіпсіздікке әсер етіп, салықтық келеңсіздіктер тудыра бастағаны мәлім. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ИСМ, ҚР ІІМ өкілдері көліктерді тіркеу процестері туралы мәлімет берді.

 

Армениядан әкелген көлікті тіркеу жеңілдетілді


Жоғарыда аталған келеңсіздіктерді жою және алдын алу мақсатында Ішкі істер министрлігі 2020 жылдың 1 маусымынан Қазақстанда Армения Республикасынан әкелген көлік құралдарын тіркеу бойынша жұмыстарын бастап кеткен болатын. Осы уақытқа дейін, яғни, екі апта ішінде 2 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Қазақстан бойынша барлық тіркеудің жартысына жуығы  Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарына тиесілі.

Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу процессі қалай жүреді?

ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов тіркеу рәсімі өте қарапайым, тіркеушілердің көп уақыты кетпейтінін алға тартты.

«Көлікке қойылатын талаптар мен тіркеу шарттары жеңіл әрі қарапайым. Ол үшін тіркелетін көлік Арменияның тиісті органдарында Қазақстан азаматтарының атына тіркелген болуы тиіс. Сонымен қатар елімізге 2020 жылғы 1 ақпанына дейін кіргізілген болуы керек. Армения Республикасында берілген техқұжатта көрсетілген тұлға бойынша тіркеу жүзеге асырылады. Сенімхат немесе сақтандыру полисі негізінде басқаратын адамдарға көліктерді тіркеу жүргізілмейді, өйткені заңды түрде олар көлік иесі емес. Алайда, сақтандыру полисінің негізінде басқа тұлғалардың мұндай көліктерді басқаруға құқығы бар. Автокөлікті тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды, оның ішінде тіркеу жарнасы - 695 тенге (0,25 МРП), төлқұжат үшін төлем - 3 473 тенге (1,25 МРП), МТНБ үшін - 7 778 тенге (2,8 МРП)», - деді ҚР ІІМ өкілі.

Көліктерге Қазақстанда тіркелген кезде сары түсті нөмірлер беріледі, өйткені олар басқа мемлекетте тұрақты тіркеуде тұр. Дегенмен, нөмірлер автокөлік иесінің нақты тұрғылықты жері бойынша өңірдің кодымен («01» өңірден бастап «17» дейін) беріледі.

Қандай көліктер тіркелмейді?

Оң рульді автокөліктерді біздің елге әкелуге 2009 жылдан бастап тыйым салынғандықтан, олар тіркелмейді. Ол туралы тыйым «Жол жүрісі туралы» заңмен және Кеден одағының «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттерінде көрсетілген. Оң рулді көліктер алғашқыда сол жақ жүріспен жүретін Жапония, Ұлыбритания сияқты елдерде пайдалануға арналғанын ескерте кетейік.

Ішкі істер министрлігі өкілдері мұндай көліктерді оң жүріспен жүретін жолдарда пайдалану кезінде, көру бұрышы шектеулі болғандықтан, жүргізушілерге басып озу маневрлерін, солға бұрылуды және т.б. қауіпсіз жүргізу қиынға соғатынын алға тартады.

Көлігімді қайда барып тіркеймін?

Бұл процесс мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүзеге асырылады. Тіркелушілерге ыңғайлы болу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы жексенбі күні түскі бірге дейін де жұмыс істейтін болады.

Тіркелген автокөліктерді пайдалану мерзімі шектеусіз. Тұлғалар көлікті пайдалану мерзімін өзі шешуге құқығы бар. Егер азамат өз көлігін тіркеуден алғысы келсе, ағымдағы кезеңге көлік салығын төлеу керек. Содан кейін «Қазақстандық» нөмірлері мен тіркеу куәлігін тапсыруға міндетті. Сонымен бірге МХҚКО-дан армян нөмірлерін және техникалық төлқұжатты қайтадан алу керек болады.

Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда қайда хабарласамын?

Қазақстандықтардың кез-келген сұрақтары бойынша Полиция департаменттерінің Call-орталықтарына хабарласуына немесе Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы полиция қызметкерлеріне жүгінуіне болады.

Осы жылдың қаңтар айында Арменияда автокөлікті тіркеуден шығарып, оны Қазақстанда әдеттегі тіркеуден өткізуді міндеттейтін Үкімет қаулысы шыққан болатын. Қазір тіркеу процесінен өткендер 2021 жылы қайта өңдеу төлемін төлемейді.

ҚР ИСМ Көліктік реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Құсайнов Серік Қуанышұлы сенімхатпен немесе сақтандыру полистерімен басқаратын адамдарға автокөлікті тіркеу неге болмайтынын түсіндірді.

«Алдымен, Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шарттарында мұндай автокөліктерді иеліктен шығару үшін елдеріміз арасындағы кедендік баж салығы бойынша айырмашылық төленгенге дейін тыйым бар. Сонымен қатар, бір автокөлік екі елде әртүрлі азаматтардың атына тіркелу заңға қайшы болып саналады. Армения мемлекетінде берілген тіркеу куәлігінде автокөлікті иеліктен шығаруға бірқатар шектеулер қарастырылған», - деді Серік Қуанышұлы.

Қазақстандықтар арасында Ресей мен Қырғызстанның оң рулді көліктеріне еркін жүрсе, Армениядан келген оң рульді автокөліктерге неге олай жүре алмайды деген сұрақтар туындайтын көрінеді. Оның себебін мамандар ешқандай елдік бөлінушілік жоқ екендігін, тек Ресей мен Қырғызстаннан келген автокөліктер сол елдердің азаматтарына тіркеліп, халықаралық қозғалысқа қатысушылар санатына енетінін алға тартты.

Армениядан әкелінген автокөліктер Қазақстанда «Жол жүрісі туралы» Заңына орай, оң жақ рульді автокөліктерді қоспағанда тіркелуге жатады. Себебі Қазақстанда 2009 жылдан бастап оң рөлді көліктер тіркелмейді. Мамандар иесі көлікті өз атына тіркеп, көлікті басқа тұлғаға берген жағдайда жол жүру қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлды кім төлейтіні туралы да айтты. Олардың пікірінше, осындай келеңсіздік, яғни құқық бұзушылық туындаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық жасалған кезде көлікті нақты жүргізген адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады екен. Көлікті басқару фактісі автокөлік иесінің айғақтарымен, сақтандыру полисінің деректерімен және де құқық бұзушылық туралы жазбамен анықталады.

Армениядан әкелінген көлікті елден шығаратын кезде Қазақстанның есебінен алып тастау

Мамандардың сөзінше, бұған арнайы талаптар қарастырылмаған. Жоғарыда мәселе туындаған жағдайда көлік иесі көлікті қолданған кезең үшін салық төлеп, қазақстандық нөмірлерді және тіркеу куәлігін ХҚКО-ға тапсырып, Арменияда берілген тех құжат пен нөмірлерді кері қайтарып алу міндетті.

Көлікті тіркеуді кейінге қалдыру негізсіз

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов кейбір қазақстандықтардың азаматтар уақытты күтіп, тамыз айында тіркелгісі келетіні негізсіз екенін атап өтті. Өйткені, егер азамат көлікті сенімхат немесе «сақтандыру» арқылы басқаратын болса, құжаттарды жинауға немесе көлік иесінің мүдделерін білдіретін сенімхат алуға жеткілікті уақыт болмай қалады. Сонымен қатар, мамандардың сөзінше соңғы айда Халыққа қызмет көрсету орталығына жаппай жүгіну артатындықтан ХҚКО қызметкерлерінің жүктемесі артып, эпидемия кезінде тәуекелдер туындатуы мүмкін екен.

Осы орайда Ішкі істер министрлігі азаматтарды автокөлік сатып алу кезінде мәмілелерді заңды түрде бекітіп алуға шақырып, сақтандыру полисімен немесе автокөлік жүргізуге берілетін сенімхатпен көлік жүргізу осы көліктердің заңды иесі етпейтіндігін айтты. Мамандар осындай кезеңде әлеуметтік желілерде Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген автокөліктерді ақыға заңдастыруға уәде берген алаяқтардың шыққанын, ондай тұлғаларға алданып қалу мүмкіндігі барын мәлімдеді. Баспасөз конференциясы соңында ҚР ІІМ өкілі әлеуметтік желідегі алаяқ топтарға емес, полиция департаменттерінің Call-орталықтарына хабарласып немесе Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығындағы полиция қызметкерлеріне жүгінуді сұрады.

Айдана Абдрахманова

Барлық жаңалықтар