Археология: қажырлы еңбек және мол мүмкіндіктер

13 Тамыз, 2020 11:37

Тарихын білмегеннің болашағы бұлыңғыр деген бар. Осы орайда тарих ғылымының ұрпақ тәрбиесінде, мемлекетшілдік мәселеде орны айрықша. Тарихы неғұрлым тереңге кеткен өркениеттердің іргесі берік, болашағы жарқын. Бұл ретте, «Рухани жаңғыруды» басты бағдар етіп алған Қазақстан үшін де мұның маңызы зор. Олай болса, бүгінгі мақаламызда тарих ғылымы саласындағы айрықша іргелі бағыт – археология ғылымы және оның тарихи сананы қалыптастыру жолындағы қызметі жайлы жазбақпыз.

Археология ғылымына қысқаша шолу

Археология – тарих ғылымының ең маңызды салаларының бірі. Бұл ғылым арқылы халықтың ерте замандардағы өткен тарихын, ежелгі өркениеттер, олардың эволюциялық даму үдерістері, мемлекеттер мен өркениеттер арасындағы қарым-қатынас, тау-кен өндірісі, мал және егін шаруашылығының жағдайы, сенім-нанымдары, халықтың мәдени даму ерекшелігі, ақша айналымы, мәдени қабаттардың арақатынасы және өзге де осы сияқты өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, анықтауға болады.

Адамзат баласы тарихының 99 пайыздан астамы жазба деректер пайда болмаған ауқымды уақыт кеңістігін алып жатыр. Сондықтан аталған кезеңдегі даму тарихымызды зерделеу жолында археология ғылымының маңызы айрықша.

Археология ғылым ретінде қалыптаспай тұрып, адамзат баласының тарихы 3000 жылдан бері жалғасып келе жатыр деген түсінік қалыптасқан болатын. Өйткені бұл пікір дерек ретінде тек ауызша және жазбаша мәліметтерге, шежірелер мен аңыз-әңгімелерге негізделген болатын.

Археология ғылым ретінде пайда болып, нақты ғылыми қазба жұмыстары басталғаннан бастап тарих ғылымында үлкен төңкеріс орын алды. Бұл жөнінде ағылшын ғалымы Вир Чайлд Гордон «Телескоп астрономияның мүмкіндігін, ой-өрісін қаншалықты ашса археология да тарих ғылымының таным кеңістігін соншалықты кеңейтті. Егер микроскоп ірі ағзалардың ішіндегі ұсақ жасушаларды көру мүмкіндігін қалай берсе, археология да өткеніміздің түп негізіне жан-жақты көз жүгіртуге жол ашты» деп баға берген болатын.

Археолог ғалымдардың Африка құрлығындағы өркениеттерде жүргізген зерттеулері адамзат баласының тарихын төрт миллион жылға дейін ұзартып тастады. Енді күллі әлем жұрты антикалық Грекия мен ежелгі Римдегі, перғауындар дәуіріндегі Мысырды, Тигр мен Евфрат өзендері арасындағы ежелгі өркениеттерді, Скиф пен Сақтар мәдениеті, Ұлы Жібек Жолы бойындағы қалалар туралы білді (1).

Археология тек күрекпен жер қазу емес, қазба жұмыстары арқылы анықталған тарихи жәдігерлерді физика, химия, әдебиет сынды көптеген өзге ғылымдармен салыстыра отырып зерттеу, әр түрлі дереккөздер арқылы талдауды талап етеді. Сондықтан археолог тек тарих ғылымын меңгерумен шектелмейді.

«Археология» термині гректің екі сөзінен тұрады: архайос – көне және логос – ғылым. Бұл сөз ежелгі грек тарихында кездеседі. Мысалы Платон ерте дәуірлерді археология сөзімен атаған. Ал нақты ғылым ретінде жаңа заман тарихында қалыптасып, дами бастады.

Есімі әлемге беллігі археологтар, археологиялық қазба жұмыстары алғаш рет Еуропа елдерінде пайда болып, дами бастады. Археолог ғалымдардың арасында ақсүйек отбасынан шыққан, ғылымға ден қойған адамдар аз болған жоқ.

 

Қазақстан археологиясының дамуы.

Қазақстанда да археология ғылымының дамуы ХХ ғасырдың басында басталды. Қазақ археологиясының сапалық деңгейде биікке шығуына Әлкей Марғұлан, Кемал Ақышев, Әбдіманап Оразбаев, Xасан Алпысбаев, Мир Қадырбаев, Сержан Ақынжанов сынды ғалымдардың қосқан үлесі айрықша. Бұл ғалымдар қазақ жеріндегі тарихи ескерткіштер, қорымдар, мәдени қабаттарды зерттеп, отандық тарихтың хронологиясын ерте замандарға дейін соза білді.

Қазақстан археологиясының шарықтау шегіндегі шешуші оқиға – 1991 жылы Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының құрылуы болды (ҚазКСР Министрлер кабинетінің 1991 жылы 28-тамыздағы № 496 «Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының құрылуы туралы» Жарғысы). Институт Тәуелсіз Қазақстанның құрдасы бола отырып, Республикадағы археология ғылымын басты үйлестіруші ретінде өзінің жиырма жылдық шығармашылық және жасампаз жолын лайықты жүріп өтті.Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты бірден құрылған жоқ. Оның қалыптасуы кеңестік уақытта, 1946 ж. ұйымдастырылған Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамындағы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология и этнография институты қабырғасында басталды (2).

Кеңестік заманда Қазақстан археологиясы үлкен жұмыс жасады. Білікті археолог ғалымдардан құралған экспедициялардың кешенді зерттеуі нәтижесінде Есік қорғанынан табылған Алтын адам, Отырар қалашығының орны, Тамғалы петроглифтері, Берел қорғандары, Беғазы-Дәндібай мәдениеті, Ботай ескерткіштері, Ақыртас кешені т.б. тек Қазақстанның емес әлемдік деңгейдегі аса құнды археологиялық мұралардың қатарына енді.

Жасыратыны жоқ, тарих ғылымы кей кездері саяси идеологияның ықпалын сезініп жатады. Бұл ретте, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Кеңес Одағы ыдырап, еліміз өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін отандық тарихты қайта қарастыру, коммунистік идеология таңған бағыттарды, яғни өткен тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын қайта зерделеу мәселесі күн тәртібіне шықты.

Тәуелсіздік жылдары жаңа археологиялық қазба жұмыстары қарқын алып, кеңестік кезеңде берілген тарихи пайымдарды жаңаша көзқараспен қайта бағамдау ісі жолға қойылды. Автохтонды қазақ халқының күні кеше пайда болмағанын, оның әлем өркениетіне қосқан үлесі, ежелгі тарихтағы орны т.б. туралы концептуалды ғылыми негіздемелер жариялана бастады.

Тәуелсіздік жылдары отандық археологтар палеолит дәуіріне жататын құнды жәдігерлерді, шеберхана өнімдерін ғылыми айналымға енгізіп, Қазақстан жеріндегі адамдардың өмір сүру тарихын шамамен 1 миллион жылға дейін ұзартты. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде бүгінгі Қазақстан жерінде көшпелілердің мал және егін шаруашылығының өркен жайғаны дәлелденіп, ғылыми айналымға енгізілді. Ұлы Жібек Жолы бойындағы қалашықтар тарихы зерделеніп, Қазақстанның әлемдік тарихтағы тарихи орны айқындалды.

Әлі күнге дейін қазақ халқының көшпелі болғандығы, әлемдік мәдениетке негізінен отырықшы халықтардың қосқан үлесі зор екендігі жөнінде көзқарас жалғасып келеді. Қазақстандық археологтардың палеолит, неолит, мезолит және орта ғасырлық кезеңдерге қатысты тыңғылықты зерттеу жұмыстары қазақ даласында мал шаруашылығымен қатар егіншілік, қолөнер, тігін, сауда-саттық, әскери сала және сәулет өнерінің өркен жайғанын, Ұлы Жібек Жолы бойындағы қалалар батыс пен шығысты байланыстырған маңызды орталық болғанын дәлелдеді.

Қазіргі таңда қолда бар құнды деректерді ғылыми айналымға енгізу, анықталған және зерттелмеген тарихи орындарды мемлекеттік деңгейде қатаң қорғау мәселесі аса өзекті. Осы мақсатта, 2019 жылғы 26 желтоқсанда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының № 288-VІ ҚРЗ Заңы қабылданды. Аталған заңның 4 бабы, 1-тармағында «Анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары алдын ала есепке алу тізіміне енгізеді және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады» деп жазылған. Яғни, тарихи орындар, ескерткіштер мемлекеттік деңгейде қорғалуы тиіс.

Айта кетерлік жайт, Қазақстанда тарихымызда айрықша орны бар көптеген археологиялық ескерткіштер аз емес. Бұл ретте, аталған ескерткіштерді мемлекеттік деңгейде қорғау ісі өз деңгейінде деуге келмейді. Мысалы, әйгілі Алтын Орданың маңызды сауда орталықтарының бірі, Қасым ханның тұсында Қазақ хандығының астанасы болған, жеті хан жерленген, кезінде өркениеттің гүлденген ошағы болған Сарайшық қаласы Атырау қаласынан небәрі 50 шақырым қашықтықта орналасқан.

Сарайшық қалашығының орнында ауқымды археологиялық қазба жұмыстары 1937 жылы жүргізілген. Ал 1950 жылы Қазақ археологиясының атасы Әлкей Марғұлан көне шаһарды зерттеп, құнды деректер қалдырады. 1989 жылы Алтын орда дәуірінде салынған қалашықта қазба жұмыстары қайта жанданып, арасындағы үзілістермен 2009 жылға дейін Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен жүргізіледі. Кейін бұл жұмыстар тоқтап қалады. 

Айта кетерлігі, Жайық өзенінің асау толқындары ұзақ жылдар бойы Сарайшық қаласының едәуір бөлігін шайып кетті. Бұл жөнінде БАҚ беттерінде дүркін-дүркін көтерілгені де шындық. Алайда осынау құнды тарихи ескерткішті сақтап қалу, Жайық өзенінің қалашық бетіндегі жағасына бөгеттер қою мәселесі ұзақ жылдар бойы шешілмей келді. Бұл да болса тарихи ескерткіштерге деген «қамқорлық» пен көзқарастың бірі болса керек.

Тағы бір маңызды жайт – жол салу, әр түрлі ғимараттар құрылысы кезінде тарихи-мәдени ескерткіштерді барынша қорғап қалу мәселесіне қатысты. Қазіргі таңда әлі зерттеу жүргізілмеген, бірақ тарихи маңызы зор орындар баршылық. Егер салғырттықпен мәдени құндылықтарымыздан көз жазып қалсақ, оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес.

Археологиялық жәдігерлерді сақтау, зерттеу, ғылыми айналымға енгізу және көпшілікке таныту туристік бағытта да маңызға ие. Отырар, Сарайшық қалашықтары, Есік қорғаны сияқты археологиялық орындар тарихқа қызығушы туристер үшін ерекше орындар. Аталған орындардың туристік әлеуетін көтеру (инфрақұрылым, логистика, қызмет көрсету, жарнама т.б.) арқылы тек отандық емес шет мемлекеттерден келетін қонақтар санын арттыруға мүмкіндік береді. Шет елдерді аралайтын туристер жыл сайын тек бір мемлекетті, бір орынды ғана аралай бермейді. Оларды жаңа орындар, жаңа мемлекеттер қызықтырады. Осы тұрғыдан атқаратын жұмыстар аз емес. Бұл ел экономикасының дамуына да оң ықпал етіп, тарихи және мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге септігін тигізетін болады.

Қорытындылай келгенде, археология ғылымында қазақстандық ғалымдардың атқарған еңбегі зор. Сонымен қатар, ғалымдарымызды әлі де көптеген маңызды жұмыстар күтіп тұр. Бұл ретте, мемлекеттік деңгейде осы бағыттағы ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдау, тарихи орындарды барынша қорғау саясаты қарқынды жалғасқаны жөн. Сондай-ақ, тарихи орындарды ішкі және сыртқы туризмнің ошағына айналдыра алсақ, бұл экономикалық тұрғыдан да, идеялық-имидждік тұрғыдан да берері көп іс болмақ.


Пайданылған әдебиеттер тізімі:

1. Байпаков К.М., Таймагамбетов Ж.К. «Археология Казахстана: Учебное пособие для студентов вузов», — Алматы: Қазақ университеті, 2006.— 355 с. 5-бет.

2. «Тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан археологиясы: қорытындылары мен келешегі» Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және ҚРБҒМ ҒК Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының 20 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми конференция материалдары, Алматы: 2011. Т. I, 9-бет.

Барлық жаңалықтар